Александр ЗАТАЕВИЧ-150: ҚАЗАҚ ӘНІН ҚАҒАЗҒА ТҮСІРГЕН

Уақыты: 03.06.2019
Оқылды: 1771
Бөлім: ТҮПСАНА

«Қазақтану» жобасына орай «Асыл қазына – домбыра» облыстық форумы аясында Талдықорған қаласындағы Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінде сазгер, этнограф Александр Затаевичтің 150 жылдығына арналған шара өтті.

Оны аталмыш білім ошағы, С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасы, «Полония» поляк мәдени-ағарту қоғамы бірлесе ұйымдастырды. Алғашқы кезекте жиналған көпшілік Александр Затаевичтің өмір жолын арқау еткен деректі фильмге назар аударды. Одан соң колледждің оқытушысы, музыкатанушы Ольга Трутнева қазақтың екі мыңға жуық ән-күйін зерттеп, қағазға түсірген  Александр Затаевичтің жанкешті еңбегіне жан-жақты талдау жасады.

Келесі кезекте сөз алған С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасының қызметкері  Әсем Ишамбаева осы шараның өтуіне мүмкіндік жасаған колледж басшылығына алғысын жеткізіп, кітапханаға құнды кітаптар табыс етті. Кітапханашы Құралай Алтымбекова кітап көрмесіне шолу жасады. Онда А.Затаевичтің 1958 жылы Алматыда басылған «Исследование, воспоминание, письма и документы» атты еңбегін көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, ұлттық кәсіби музыканың негізін салушылардың бірі ретінде А.Затаевич 1920 жылдардың бас кезінде «Қазақ музыкасы» атты фортепианолық шығарма, 1925-27 жылдары фортепианолық пъесалар циклін жазғанын, Ертіс, Орал, Қарқаралы, Қызылорда, Орынбор, Жетісу жерлерін аралап, қазақ ән-күйлерін нотаға түсіргендігін атап өтті.

Ары қарай шара колледж оқытушысы Айбол Құдайбергеновтің дайындауымен қойылған концерттік бағдарламаға ұласты. Кешті қорытындылаған коледж директоры Әділхан Адырбаев:

– Қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан музыка зерттеушісі Александр Затаевичтің еңбегі ешқашан өлмек емес. Оған бүгінгі кеште шырқалған қазақ халық ән-күйлері мен сазгердің шығармалары дәлел. Оны жалғастыратын жүрегі өнер деп соққан, ән-күйді шалқытқан жастар. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жалғайтын ұрпақ барда өнер мәңгі жасай бермек, – деді.

Кеш соңында «Полония» поляк мәдени-ағарту қоғамының төрайымы Елена Порсева шараға атсалысқан колледж оқытушыларына Алғыс хат табыс етті.

Алма ЕСЕНБАЕВА