ТЫҢ ДЕРЕК: ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ КІНДІК ҚАНЫ ТАМҒАН ЖЕР АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 04.07.2019
Оқылды: 2928
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларындағы тапсырмаларды орындау мақсатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ұлттық бірегейліктің негізі - Қазақстанның киелі жерлері» атты экспедиция ұйымдастырып, Ақсу, Сарқан аудандарындағы бірқатар тарихи орын мен Ілияс Жансүгіровтің өміріне қатысты елді мекендерді аралап шықты. Нәтижесінде, ел жадындағы көне нысандар жайлы ақпарат жинақталып, оны тарихи орындар санатына қосуға жол ашылды.

Экспедиция алғашқы қадамын Ақсу ауданының Қарашілік ауылдық округінің аумағында жатқан «Қос батыр» кесенесінен бастады. Қазақ-жоңғар соғысынан сыр шертетін кесене туған жерге деген терең сүйіспеншіліктің белгісіндей бүгінге дейін қалпын бұзбай сақталып келді. Мұнда қазақ даласын шапқыншылықтан қорғау үшін атқа қонып, Абылай хан мен Қаракерей Қабанбайдың қатарынан табылған атақты Шонай батырдың екі ұлы Назар мен Нартайлақ жерленген. Аңырақай шайқасында ерен ерлік танытып, құрбан болған қос ұлының денесін бірнеше күн сақтап, туған жеріне әкеліп жерлеген Шонай батырдың көрегендігіне тәнті болдық. Ұрпағынан қапыда айырылып, жүрегін кек кернеген Шонай батыр жоңғар қолын қазақ даласынан қуып шыққанша аттан түспей, сан жорыққа қатысты. Қос батыр қайтыс болғалы да үш жүз жылдан астам уақыт өтті. Айта берсек, талай ерлік істер ұмытылып, сансыз батырдың қабірі Кеңес одағының тұсында бүліншілікке ұшыраса да қос батыр жерленген жер сақталып қалды. Мұны қасиеттіліктің белгісі, бауырмалдықтың үлгісі демегенде не дейміз?!

Тәуелсіздіктен кейін ақын Жамау Бұқарбаев қос батырдың жатқан жерін анықтап, оларға арнап көлемді еңбек жазып, кесенесін тұрғызып азаматтық танытты. Өкінішке қарай, бұл нысан әлі де мемлекет тарапынан қорғалатын нысандар тізіміне енбей келеді. Экспедиция мүшелері алдымен кесене басына Құран оқып, перзенттік борышын өтеді. Сосын ауылдастары жайған ақ дастарқан басында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайлы сөз болды. Өз кезегінде топ жетекшісі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай: «Қос батыр кесенесін мемлекет тарапынан қорғалатын қасиетті нысандар тізіміне енгізіп, тірлігінде жұбы жазылмай, қайтыс болғаннан кейін де бір төбеде жатқан бауырмалдығын жұртқа жеткізу керек», – деген ойын білдірді. Айта кетерлігі, кесене күрежолдан сәл қиыс жатқандықтан оған баратын жолдың жағдайы сын көтермейді. Бұл жергілікті биліктің назарына ілінсе, құба-құп болар еді.

Келесі кезекте Ақсу ауданы орталығы Жансүгіров кентінің орталық алаңдағы «Батырлар» аллеясына орнатылған Социалистік Еңбек Ері Құрманбай Жанбаевтың бюстіне тоқтадық. Мұның да өзіндік мәні бар еді, Ілияс Жансүгіров түрлі қызметтің тізгінін ұстап жүрген кезінде уақыт тауып, ауылына соққанда Жанбай ақсақалдың отбасына жолықпай кетпейді екен. Бала жасынан Ілиястың ағалық, азаматтық тұлғасын көріп өскен Құрманбай еңбегімен дараланып, үлкен биіктерге жеткені мәлім. Сондықтан, бұл бюсттің Ілияс өмірінде алар орны ерекше болғандықтан экспедиция мүшелері арнайы ат басын бұрды.

Келесі кездесу Қараағаштағы Мамания жәдит мектебінің көне жұртында болды. Қазақ даласына, Жетісу өңіріне алғашқы білім нәрін сепкен осы мекеннің Ілиястың тұлғалық болмысына да тигізген әсері аз болған жоқ. Көпшілік ежелгі білім ордасының көне жұртына аялдап, ол туралы тарихи әңгімелерге қанықты. Осы тұста өлкетанушы Жемісбек Толымбеков мектептің орнын көрсетіп, ондағы сәулетті құрылыстарды сипаттап берді. Білім ордасында оқытылған пәндер, ұстаздар, Маман ұрпақтарының қазақ мәдениетіне қосқан үлесін тілге тиек етті. Сонымен қатар, мектеп орналасқан аумақтағы бұлаққа аялдап, Біләл Сүлеев, Шәмей Шынасылов, Мәкей Еркінбеков, Мейірман Ермектасов сияқты қазақтың талай талантты ұлының шөлін қандырған мөлдір бұлақ суынан дәм татты. Осы тұста топ мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Оралбек Жақиянов ағамыз осы маңдағы бірнеше бұлақтың біріне «Ілияс бұлағы» деп атау беру туралы ұсыныс көтерді. Расында, «Ілиястың Ілияс атануына таза да мөлдір, суы шипалы, аумағы ырысты осы бұлақтардың да себі болған шығар» деген ой келді бізге. Көпшілік қолдаса, бұл ұсыныстың да жүзеге асар уақыты келер.

Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай облыс, аудан әкімдіктерінің қолдауымен үлкен жұмыстар атқарылуда. Қазір Ақсу ауданының ораталығы Жансүгіров кентінің орталық саябағын және ақын тойы өтетін Ойтоған ауылын абаттандыру жұмысы қызу жүріп жатыр. Аудан орталығына ақынның сәулетті ескерткішін қою, Ойтоған ауылының кіреберісіне бюстін орнату жоспарланған. Сол қатарда ақынның 100 жылдық мерейтойына орай Ойтоған ауылына баратын жол бойындағы Бұрған өзенінің жағалауына орнатылған биік гранит тасқа ақын мүсіні ойылып, арнау өлең жазылған ескерткішті абаттандыру жұмысы да бар. Бұл ескерткіш басында Жаңалықтың өкпе тұсына қойылыпты. Кейін ол жер ары-бері өтетін жолдан алыстау болғандықтан ел қалауы бойынша бүгінгі Ойтоған ауылына кіреберіс жолдың бұрылысына көшіріліпті. Осы нысанға аялдаған көпшілік аудан әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаевтың ескерткішті абаттандыруға қатысты жоспарын тыңдап, Ілиястың кіндік қаны тамған жерге қарай бет алды.

Осыған дейін Ілияс Жансүгіровтің кіндік қаны тамған жерін анықтауға қатысты әртүрлі пікір жазылып келді. Бұл экспедицияның бір олжасы, ақынның кіндік қаны тамған жері нақтыланды. Алдағы уақытта бұл жерге белгі орнатылмақшы.

Сапар барысында бірқатар толғақты сұрақтарға жауап тапқан экспедиция үлкен табыспен оралды. Ендігі кезекте сол тапқан жауаптарды ел назарына ұсыну үшін жұмыс жүргізбек.

Қажет АНДАС

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Ақсу, Сарқан аудандары