МӘСКЕУДЕН ЖАҢА ДЕРЕКТЕР ТАБЫЛДЫ: ІЛИЯСТАНУШЫЛАР САПАРЫ

Уақыты: 19.09.2019
Оқылды: 1907
Бөлім: ТҮПСАНА

Ілияс Жансүгіров ақталғалы 60 жылдан аса уақыт өтіпті. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби білімі бар журналистің еңбегін  зерттеп, шетелде қалған мұраларын тауып, зерделеу үшін арнайы экспедиция құрылып, терістіктегі Ресейді бетке алдық. Маңызы зор танымдық сапарға облыс әкімі Амандық Баталов қолдау білдірді. Ұйымдастыру шараларын облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жүзеге асырды. Еске сала кететін жайт, Ілияс Жансүгіров 1925-1928 жылдары Мәскеудегі мемлекеттік журналистика институтында оқыған. Азаматтардың рухани құндылықтарды қастерлеуі, Алаш ардақтыларының өнегесін үлгі етуге қамқорлық танытуы жұмыс істеуге барған ғылыми топтың тынысын ашты. Соңымызда қазақ деген ел-жұрттың үмітін үкілеп тұрғанын сезген сайын жауапкершілік жүгі ауырлай түсті. Барды тауып, алып қайтамыз деп тістенген қалпымызда жұмысқа кірістік.

Бұдан бір ай бұрын Ассамблеяның ұйымдастыруымен қаламгерлер мен ғалымдар ақынның туған жері Ойтоғанға барып, Құлагер ақынды дүниеге әкелген топыраққа зиярат етіп қайтқан едік. Ол жайлы «Жетісу» газетіне мақала жарияланғындықтан бірден Ресейге аттанған керуенннің бастан өткергендерін қаз-қалпында баяндауды жөн санадым.

Ұшақ іші кең-ақ екен. Үш адамға арналған орыннан бірнеше қатар. Билеттегі реттік сан бойынша орнымды тапқанда жолсеріктерім үндістандық жігіттер екенін білдім. Олар да үшінші адамды тосып отыр екен. Жайғасып жатқанымда қасымдағы терезе жақтағының құлағына сыбырлады. Бет әлпетінен жақсы сөз айтпағанын байқадым. Мүмкін, ер адам болмағанына ма, әлде қалжыңдасып отыратын бойжеткен бұйырмағанына ма, әйтеуір қуанбады. Ортадағы кісі басын қиқаңдатып, өз тілінде дауысын шығарып ән айтып, есер мінезін байқатты. Еркінмін деп сес көрсеткісі келетіндей ме?! Әр адамның алдында сенсорлы теледидар. Тетіктері бармақ арқылы басқарылады. Компьютерді жұмыстағы бағдарламашы Санаттың арқасында тәп-тәуір меңгеріп алып едім, сол абырой болды. Әйтпесе, қасымдағы есердің алдында  бір саты төмендеп қалар едім. Махаббат жайлы түрік фильмін тездетіп қосып алдым да, шәниіп отыра қалдым. Еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай деген ұлттың ұрпағымыз. Ешкімге есе бермеймін деген ұстанымды мен де байқаттым. Ұшақ портынан жерден көтерілетініміз, қауіпсіздік белдігін тағуымыз керектігі жайлы хабарланғанда көңілім пәс тартты. Қазақ тілінде сөйледі дегені болмаса, не айтып тұрғаны түсініксіз. Дайын мәтінді оқыған қазақ емес. Болса да тіл білмейді. Бірақ тілдің бұл жерде мәні жоқ сияқты. Не де болса ұшақтың заңына көнуге тура келді.

Аспанға көтерілгеніміз сол еді, қасымдағы үнді жігіт мен жақтағы аяғының үстіне екінші аяғын қойып тағы бір «өнерін» көрсеткісі келді. Табаны маған қарап тұр. Қаным басыма тепті. Ортақ тілде сөйлей алмасам да, сұқ саусағыммен тобық тұсын көрсетіп: «Ей», – дедім. Дауысым жұмыстағы Санатқа компьютердің бұзылғанына кінәлап, қалжыңдап сөйлейтін мәнерде шығып кетті. Ол аяғын тез тартып ала қойды да, демін ішіне терең тартып, күрсінді. «Мына қытымыр бәле барғанша қозғалтпайтын болды», – деген ойын осылай байқатты. Мейлі, рухымды көтеріп алдым.

Алып әуе кемесі Мәскеуге келіп қонғанда бізді қонақүйге апаратын такси күтіп тұрды. Жолсапарды ұйымдастырушылар «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай барлық жағдайды жасапты. Такси жүргізушісі қала жайлы біраз мәліметті жайып салды. Тұрғындарының саны – 12 615 279. Мәскеуде 6 әуежай, 9 теміржол стансысы бар екен. Қаланы Кеңес одағы кезіндегі қалпында қалдырыпты. Мүлде ештеңені жаңартпаған десе де болады. Құрылыс материалдары сапалы. Опырылып, тесіліп жатқан жоқ. Құлаған, сынған, қисайған дүние көрінбейді. Есік, терезесі ағаштан. Жаңалауды бюджеті көтермейді емес. Бірақ Кеңес одағының кіндігі болғандығын айқындап тұруды мақсат еткен сияқты. Әлде сол кезді аңсайды. Бұл жағы белгісіз.

Қонақүйге барғанда байқағанымыз үнемшіл екен. Біздікіндей әр адамға тісжуғыш паста, тәпішке қойылмаған. Сұрасаң ғана әкеліп береді. Қонақүйдегі ұсақ-түйек шаруаларды негізінен сырт елден келген жалдамалы жұмысшылар атқаратын көрінеді.

Таңертең Қызыл алаңды бетке алдық. Өйткені, «Ілияс ізімен» экспедициясы қаламгердің соқпағын сол жақтан іздеуді жөн көрді. Қызыл алаңның жан-жағы кітапхана. Бізде тойхана көп болса, оларда мұрағат пен мұражай аттаған сайын менмұндалайды. Жақсылыққа жаны құмар Ілекең мәдени орындарға бармауы мүмкін емес. Біз орталыққа барғанда Мәскеу қаласының 875 жылдық тойы тойланып жатыр екен. Әр адым сайын қауіпсіздік қызметі тексеріс жүргізеді. Абыройлы ел ретінде бізге ешкім күдік, күмәнмен қараған жоқ. Ұлтымызды, қай Республикадан екенімізді білісімен жолымызды ашты. Қазақ болғанымыз үшін тәубемізді айтып келеміз. Кейбіреулердің сөмкесін ақтарып-төңкеріп, шетке алып кетіп жатты. Біз алшаңдай басып Қызыл алаңға келдік. Сол сәтте қасиетті қара шаңырақ – «Жетісу» газетіндегі Мәулен Әнербайдың туған күні екені есіме түсті. Журналистік кең жайлау көңіліммен әлгі жерде тұра қалып, ғаламтор арқылы Мәуленді дүние есігін ашқан күнімен құттықтадым. Бір іс тындырғандай қуаныштымын.

Тар көшенің бойына түскенде Ілекең табанының ізін басып келе жатқандай күй кештім. «Мына жолмен бір кезде Ілекеңнің өлең оқып бара жатуы мүмкін ғой. Алаш ардақтысы осы жерде ой толғаған шығар», – деген ойымды дауыстап айтып жібергенімді қасымда келе жатқан Сәуле Әлханқызы естіп: «Мамандығыңыздың фанаты екенсіз ғой», – деді.

Содан екі адым аттағанда жаяу жүргіншілер жолының шетіндегі кішкене ғана есіктің сыртындағы «Ресей мемлекеттік кітапханасының Шығыс әдебиеті орталығы» деген жазуы бар есікке тірелдік. Жолбасшымыз Ғабекең тұтқаны тартып көріп еді есік ашық. Алдымыздан шыққан кітапхана күзетшісі, әйел полицей біздің қазақ жерінен келген зерттеу тобы екенімізді білісімен арғы жақтан мекеме басшысын шақырды. Ол мақсатымызды түсінген соң қазақ кітаптарының қоры бар екенін айтып, жол бастады.

Бірінші залға кірдік. Ол басқа ұлттарға арналған екен. Есіл-дертім – келесі залға өту. Бірақ кітапханашының айтуынша, бәріміз бірге жүруіміз керек. Қазақтың маңдайына сыймай кеткен небір марқасқаларының жәдігерлері бәрі осында сыр бүгіп жатқандай көрінді. Келесі залға кіргенде «Казахские книги» деген қабырға шкафына көзіміз түсті. Бәріміз бір-бір кітаптан алып, ақтарып жатырмыз. Қолыма іліккені «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» атты кітабы. Қазақ жері, оқу орындары жайлы жалпы мәліметке көзім түсті. Онда: «Жетісу облысында – 1891 жылы 64 мектеп, медресе болып, оларда 1251 бала оқыған, 1888 жылы 12 мектеп, медресе және 9086 оқушы, 1897  жылы 17 мектеп, медресе, 900 оқушы болған», – деген жерін телефонның фотоаппаратына түсіріп ала қойдым. Келесі кітап «Алдаспан» деп аталады. Көне қазақ поэзиясының антологиясы екен. «Қазақ совет балалар әдебиеті» де осында. Өзімізде де бар кітаптар ғой. Бірақ Мәскеудің төрінен көрген басқашалау әсер етеді екен. Біздің кітап екі шкаф.

Шығыстану орталығындағы  картотеканы ақтарғанда  мемлекттік кітапханада Ілиястың бірнеше кітабы бар екендігі жайлы деректі оқыдық. Қазынаға жақындап қалғанымызды сезінгенде жүрек дүрсілдеп, қашан қолымызға ұстайды екенбіз деген ой дегбірімізді қашырды. Ғылыми топ бірден сонда «ұштық». Сенбіде барғандықтан ол күні тек оқу билетін жасатып үлгердік. Әр жердің салты басқа, иті қара қасқа. Бұл жақта білім, ғылыммен айналысушыларға қай жақтан келсең де есік ашық. Жеке парақшама журналист екенімді жазып жатқанымды көрген әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай: «Журналистігіңіз бен «Жетісуыңызды» қоя тұрыңыз. Тілшілердің сенсацияға құмар екенін біледі. Көрген-білгенін әсірелеп жариялап жібереді деп сізге мәлімет беруден бас тартуы мүмкін. Құжатты филология ғылымының кандидаты деп толтырғаныңыз жөн», – деп кеңес берді. Жұмыс орны деген бағанадағы «КФН-ді»  оқысымен, олар басқа көзбен қарай бастады. Ғылым, білімді ерекше  қадірлейтін ел екен.

Сонымен, кітапханаға кіруге рұқсат қағазымызды алып, анау-мынау емес, кезінде 15 ұлтты басқарған мемлекеттің кітап қорын көруге  бір адым қалғанымызға көңіліміз өрекпіп шықты. Бір-бірімізге қарап: «Бастамасы жаман емес. Е, Алла, қолдай гөр!» деп бас шұлғысып қоямыз. Ғабит Тұрсынбай бастаған топ бізді кітапхананың сыртында күтіп тұрды. Оқырман билетін алғанымызды айтып, алақайлап шықтық. Бірақ дүйсенбіге дейін іздеген затымызды көре алмайды екенбіз. Сол бетімізбен Мәскеу күніне Алматы облысынан арнайы келген делегацияны іздеп, халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) жол тарттық. Көп жерді жаяу араладық. Жол бастаушымыз – Елдос Тоқтарбай. Қазақстандағы бүгінгі жастардың ең білімдісі десек артық айтпаймыз. Білмейтіні жеті қат жер астында. Кез-келген тақырып қозғалса тосылмайды. Жол бастап келе жатып, екі қолын қанатша жайып жіберіп, жан-жағына теңселіп, ұшақ болып ойнайды. Бірде дана, бірде бала.

Көрмеде облыс тіккен қазақ үйге жақындадық. Қала тұрғындары жан-жағын қаумалап алыпты. Қолөнер шебері Дәулет Дәркембайұлы біріне білезік, біріне сақина жасап беріп жатыр. Қамшы, торсықты қызықтаушылардың тарқайтын түрі жоқ. Кезек күткен адамның қарасы көп. Көрменің ұйымдастырушысы – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев. Нөпір халықты итере-митере қоршалған көрме алаңына өтіп кеттік. Өзіміздікі деп «есікті теуіп» кірген түріміз. Мәрлен де аң-таң. Бір орыс әйелі  маған келіп: «Қияр мен қызанақ сатыңызшы. Қазақстанның асы экологиялық таза, нәрлі. Ет әкелмедіңіздер ме, сіздерде ет дәмді дейді ғой», – деп жат та келіп жабыспасы бар емес пе?! Мәрлен Қапашұлына мына адамды жалындырмай, қиярдың бір келісін сата салайықшы десем көнбейді. Ақыры Мәскеуде естелікке бергенге керек болар деп «Тойбастар» дүкенінен сатып алған 12 ойыншық домбыраның біреуін сыйлап құтылдым. Көрмені тамашалауға келген халықтың қарасы қалың.

Ұшқан құс, жүгірген аңға керегі – тамақтың тоқтығы. Ас ішуге кірген асханамыздан шығып бара жатқанда киімілгіштегі ресейлік маржамен сөйлесудің қисыны келді. «Сендер, қазақтар, мықтысыңдар! Қадірлейміз! Қазақ десе, берекелі, дәулетті, білімді азаматтар көз алдыға келеді. Бекзаттықтарың байқалып тұрады. Жүріс-тұрыстарың қандай! Елдеріңде тыныштық. Береке-бірлік бар. Бұл жаққа келген әр қазақтың еңсесі биік. Кейбір халықты мұнда қызметке жолатпайды. Тіркеуге де қоймайды. Өз елінің тыныштығын сақтай алмағандар біздің көсегемізді қалай көгертпек? Ал қазақтар аз, саз келеді», – деп мерейімізді өсіріп тастады ағынан жарылған ол. Қызметкер, саясаткер емес, ойын бақай есепсіз айтады. Алдыңғы кітапханаларға барғанымызда:  «Қазақстаннан келген экспедиция едік, ақынымыздан қалған жәдігерді іздеп жүрміз», – дегенде құшақ жая қарсы алғанынан-ақ жігерленгенбіз. Бұл да мерей өсірді!

8 қыркүйек. Демалыс. Таңертең облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай мен Достық үйінің директоры Тәңірберген Қасымберкебаев бастап, қазақтың өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген, Ілияс Жансүгіровтің рухани досы Александр Затаевичтің зиратына барып, гүл қоюды мақсат еттік. Бардық, көрдік, мүсіннің кеуде тұсында домбыра ұстап отырған қазақ жігітінің бейнесі сомдалыпты. Бәріміз мынау Ілекең ғой деп ақынның көзін көргендей шұрқырасып жатырмыз. Бет әлпеті мен мұрны келеді. Гүл қоятын жер жоқ. Арам шөп басып кетіпті. Жүрегіміз ауырды. Қазақ әнін нотаға түсіріп, жоғалудан аман алып қалған арыс зиратының қоқыстың арасында қалғаны қынжылтты.

– Тазалайық, – деді профессор Мұратбек Иманғазинов.

– Бастайық,– деді  Тәңірберген Қасымберкебаев.

Сөзге келмей шөпті, қалақайды қос қолдап жұла бастадық. Бәріміз ауылдан шыққанбыз, алақандай жердің шөбі сөз болып па? Елдос  тырма, қолғап алып келгенде, біз шаруамыздың нәтижесін көріп, риза болып тұрғанбыз. Гүл шоқтарын қойған соң Алаш партиясын құрушы Әлихан Бөкейхановтың қызы Елизавета (Зейнеп) апамыздың зиратына зиярат еттік. Елдос барлық Алаш ардақтыларының атын атап, ескерусіз қалған мұсылман бауырларымызға арнап, құран бағыштады. Аруақ разы болмай, тірі байымайды. Жеңілдеп қалдық. Ілекеңмен пікірлес жазушы Максим Горькийдің музей үйіне тіке тарттық. Екі қабатты үйде жазушының жеке өмірі, шығармашылығы, ұстаған заттары қойылған екен. Талай марқасқа бас сұққан киелі шаңырақтан өзімізге керек мағлұматты алып, ары қарай жол тарттық.

9 қыркүйек. Дүйсенбі. Таңертең бізді асханада Ғабит Тұрсынбай күтіп алды. Кітапханаға баратынымызды ойлап, ерте ояныпты. Сыртқа дейін шығарып салып, қолымызды қысып, сәттілік тілеп аттандырды. Нағыз ізденіс осы сәттен басталды. Қиын да қызық жолдар. Елдос бұл қалаға зерттеу жұмысымен 10-шы рет келіпті. Жолды жақсы біледі. Бағытымыз Мәскеудің сыртындағы Химки қалашығы. Бір қызығы және қызығарлығы Мәскеу мұрағат сақтауға, күтіп ұстауға, ғылымға пайдалануға ерекше көңіл бөледі. Естуімізше, сирек қорды қаланың сыртында, ескерусіз жерде сақтайды. Қалаға қауіп төне қалғанда қорды аман алып қалудың амал-тәсілдерін ойластырған. Қалай риза болмайсың?! Тарихқа, ғылымға деген құрмет!

Химкиге тоғайды жаяу өтіп бардық. Жарты жолды жаяу жүріп өтуге тура келді. Кітапханашы біздің Қазақстаннан келгенімізді естісімен газеттерді тауып беруге білек сыбана кірісті. «Казахские» деген ұяшықтарды таласа-тармаса ақтарып жатырмыз. Бізден жарық көрген, қазір де шығып жатқан басылымның барлығы бар. Есіл-дертім «Тілші» газетінде. Ілияс Жансүгіров 1928 жылы өзі туралы жазған «Өмірбаяным» деген қолжазбасында: «1923 жылдың басынан «Тілші» газетінің бір жазушысы болдым. Менің қалам қызметіне айналысқаным осы 1923 жылдан, «Тілшіде» мақала, оқшау өлең жаза бастадым. Сол «Тілшіге» күні бүгінге шейін жазып тұрам», –  деп басылымның белсенді тілшісі болғандығын қадай айтқан.

«Тілші» бүгінгі өзім қызмет ететін «Жетісу» газетінің бұрынғы аты. Ендеше, «Тілшінің» алдыма келген әр санын сүйіспіншілікпен ақтарып, қызушылық танытуым заңдылық. Газеттің біраз бетін суретке түсіріп алдым. Сол кезде алдымызға сіздерге өтірік, бізге шын Ілекеңнің бірнеше кітабын алып келді. Бөтен елде жүргенімізді ұмытып, айқай салып, бір-бірімізді құшақтап, алақайлап жатырмыз. Жанарымызды жас баурады. Ақынның өзін көргендей күйдеміз. Үңіліп тұрып оқимыз. «Жаңқа», «Беташар», «Құл», «Сықақ», «Жаңа жыр». Өзімізде бар «Дала», «Жорық», «Жаңа туған», «Жастарға», «Күйші» де осында екен. Құп-құрғақ, тап-таза. Бірі – латын графикасында, екіншісі – төте жазуда. Университетте қашып-пысып жүріп араб тілінен дәріс алған едім. Ежіктеп оқуға жарайды. «Тілші» газетінің әр бетін парақтаймын.

Түс мезгілінде кітаптың электронды нұсқасы дайын болғанша қасындағы асханаға барғанбыз. Тәжіктер жаңадан ашып жатқан дәмхана екен. Алғашқы қонақтарымыз қазақтар деп қуанды. «Астанадан келдіңіздер ме, ой, кешіріңіздер, Нұр-Сұлтан деп аталады ғой»,– деп сый-құрмет білдіріп жатты. Бізге құрмет ретінде бір табақ күрішті ортамызға тегін әкеліп қойды. Мұнан да көңіліміз өсіп, кітапханаға қайта бардық. Сөз арасында Елдос оларға бір күн бұрын Александр Затаевичтің зиратына барып, гүл қойғанымызды айтты. Олар таңырқағанын жасыра алмады. Жас ғалымымыз олардың күмәнін сейілту үшін Затаевичтің зиратына барып, жан-жағын тазалаған бейнеқорды көрсетті. Олар: «Сіздер қазақсыздар ғой? Ал ол орыс. Неге сонша құрмет көрсетіп жүрсіздер? Біз білмейміз мысалы Затаевичтің зиратының қай жерде екенін» – деп таң-тамаша болып сұрады.

– Композитор қазақтың мәдениеті мен өнеріне мол еңбек сіңірген. Біз, қазақтар, өзімізге жақсылық жасаған адамды төбемізге көтереміз. Атын да, затын да, еңбегін де ұмытпаймыз, – дедік. Олардың қуанышында шек жоқ.

– Сіздер сыйласа да, қуана да алатын, күлсе ағынан жарылып шын күлетін халықсыздар, – деп ағынан жарылды олар. Мақаланың басында болған жайтты қаз-қалпында баяндаймын деп сөз бергенмін оқырманыма. Шынымен де: «Шын күле алатын», – деді. Риза болғандары сондай, сатайын деп тұрған кітаптың электронды нұсқасының құнын екі есеге төмендетті. Аруақтың разылығы ма, орыстардың «какой привет, такой ответі» ме, әйтеуір шаттанып шықтық. Олар бізге естелік заттар беріп, біз оларға әлгі 12 домбыраның бірнешеуін сыйлап, мәре-сәре болып жатырмыз. Мен де: «Мы как родные стали», – деп ілтипат білдірдім. Құшақтасып қоштастық. Кеш бата кітапханадан шықтық. Ертеңінде Ресейдің мемлекеттік архивіне бармақшымыз. Алла жар бола гөр! (Жалғасы бар).

Гүлжан ТҰРСЫН

Мәскеу қаласы

Ресей Федерациясы