КИЕЛІ ЖЕРЛЕР: НҰР-СҰЛТАНДА БІРНЕШЕ ЕЛДІҢ ӨЛКЕТАНУШЫЛАРЫ БАС ҚОСТЫ

Уақыты: 07.10.2019
Оқылды: 1408
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Ұлттық музейінің жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлының басшылығымен жүйелі жұмысқа кірісіп, Қазақстанның киелі нысандарын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Алғашқы қадамы сәтті басталған жоба нәтижесінде бір жыл тынымсыз еңбектену арқылы ел аумағындағы көптеген қасиетті мекендер анықталып, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты қос томдық жұртқа ұсынылды. Оған жергілікті өлкетанушылар мен тарихшылар үлкен үлес қосты. Соған орай, Нұр-Сұлтан қаласында өлкетанушылардың республикалық І форумы ұйымдастырылып, бірқатар ізденушілер «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» төсбелгісімен марапатталды. Осы шара Атырау облысында да жалғасып, республиканың жер-жерінен келген өлкетанушылар ортақ ой бөлісіп, алдағы жоспарларын бекемдеп қайтқан еді. Міне, енді, аталған орталық Нұр-Сұлтан қаласында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірігіп, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Тарихи-мәдени мұраны зерттеу және көпшілікке тарату саласында халықаралық тәжірибе алмасуды мақсат еткен шараға әлемнің және еліміздің танымал өлкетанушылары мен тархшылары жиналды. Атап айтсақ, Қырғыз Республикасы «Айгине» мәдени зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Айтпаева, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті Е.Ларина және мәдениеттану ғылымының докторы Д.Замятин, Түркия Акдениз университетінің профессоры, PhD докторы Абдолла Карачах, Украина В.Каразин атындағы Харьков ұлттық университетінің археология мұражайының директоры И.Шрамко, Венгрия этнографиялық мұражайдың директоры Лайос Кемечи, Оман Сұлтанатының Ұлттық мұражайының бас директоры Джамаль аль-Моосави арнайы шақырылып, тақырып бойынша баяндама оқыды.

Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Батырхан Қасымов, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды. Бүгінде еліміздің барлық мемлекеттік органдары, мәдениет, білім беру ұйымдары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері осы жобаға белсене қатысып, өз үлесін қосып келеді. «Қасиетті Қазақстан» орталығының ұйымдастыруымен ел өңірлеріне экспедициялар жүргізіліп, түрлі еңбек жазылып, киелі жерлердің виртуалды және интерактивті карталарын әзірлеу сияқты жобалар атқарылды. Ендігі кезекте киелі жерлер туралы жаңалықтарды, мәліметтерді ғылыми айналымға енгізіп, болашақта ғылыми зерттеулерге негіз етіп алып, оқулықтарға енгізуге ықпал ету көзделуде.

Конференция барысында осындай маңызды міндеттерді атқаруда белсенділілік танытып жүрген біраз адам марапатталды. Сол қатарда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына белсене атсалысқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі археология бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Ержігітова, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұра, музей және кітапхана бөлімінің басшысы Жанар Нұржақыпова Алғыс хат алды.

Шара барысында киелі жерлер географиясының теориялық-әдістемелік негіздері, Қазақстанның рухани қасиетті орындарын зерттеу, сақтау және көпшілікке тарату бойынша практикалық ұсыныстар, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын музей кеңістігінде қайта таныстыру мәселелері талқыланды.

Аталған шараға Жетісу өлкесінен Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов, М.Тынышпаев атындағы облыстық музей директоры Рысжан Аязбаева және "Жетісу" газетінің тілшісі, өлкетанушы Қажет Андас қатысып қайтты. Конференцияның секциялық бөлімінде Қажет Андас «Жетісудың ежелгі қалалары» атты жаңа зерттеу еңбегін таныстырып, жұрттың ықыласына бөленді. Ең қуанарлығы, жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандарды анықтап, оны тізімге енгізуде жетісулықтар көш бастап тұр. Бүгінде өңіріміздегі 56 нысан жоғарыда аталған тізімге еніп, картада белгіленген. Енді олар аймағымыздың туризм саласын дамыту үшін қызмет ететін болады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Нұр-Сұлтан қаласы