ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ - 125: АҚЫН ТОЙЫ АҚСУДАН БАСТАЛДЫ

Уақыты: 11.10.2019
Оқылды: 2391
Бөлім: ТҮПСАНА

Жетісу жерінде қазақтың үш бәйтерегінің бірі, Алаш арысы, еліміздің тұңғыш кәсіби журналисі Ілияс ЖАНСҮГІРОВТІҢ 125 жылдық мерейтойы басталды. Дүбірлі шараға алыс-жақын өңірден көрнекті ғалымдар, жазушылар, журналистер, түрлі саладағы қоғам қайраткерлері мен ақындар шақырылып, ұлтым деген ұлы тұлғаның еңселі ескерткішінің ашылу салтанатына куә болды. Әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеген қайраткердің тойына Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы қатысып, ақ тілегін ақтарды.

Әдебиет пен мәдениет тоғысқан торқалы тойды белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізді. Алдымен ол Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың Алаш арысының мерейтойына арнаған құттықтау хатын оқып берді. Онда Қырымбек Елеуұлы Ақсуда туып, барша қазақ еліне қызмет еткен Ілияс Жансүгіровтің тойына құтты болсын айтып, әдеби мұраларын әлі де зерттеу қажеттігін жеткізген. Сондай-ақ, тойдың тағылымды өтуіне шын жүректен тілектестік танытқан.

Орталық алаңнан орын тепкен Ілиястың асқақ мүсіні алыстан менмұндалайды. Ескерткіштің лентасын Жақсылық Үшкемпіров, Наурыз Қылышбаев, Марат Бопазов және Молдияр Нұрбаев бастаған игі жақсылар қиды. Облыс басшысы осынау игі шараға мұрындық болған, демеушілік танытқан жомарт жүрек азамат, меценат, Газ шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Молдияр Нұрбаевқа және ескерткіштің авторы, республикамызға танымал мүсінші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Қазбек Дулатовқа арнайы алғысын айтып, барша қазақстандықтарды ұлы тұлғаның мерейтойымен құттықтады.

- Бүгін туған жерінің төрінен ақынға арналып еңселі ескерткіш орнатылып отыр. Бұл – елінің тарлан талантқа деген құрметі, ерен ерге деген тағзымы деп білеміз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Қазақтың Абайдан кейінгі заманындағы аса дарынды ақыны Ілияс Жансүгіров. Ілияс поэзиясы – ойға қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін мәңгі жас поэзия», – деп баға берген еді. Жетісу топырағында туған қайраткер-тұлға қазақ әдебиетінің барлық жанрына елеулі еңбек сіңірді, – деген Амандық Ғаббасұлы  Қазақстан Жазушылар Одағының тұңғыш төрағасы болған дарынды ақынның таңдаулы шығармаларына тоқталды. Оның қаламынан туған әр шығармадан ат дүбірі, дала жыры, қобыз үні, домбыра күмбірі естіліп тұратынын жеткізді. Аймақ басшысы сөзінің соңында Ілиястан қалған даналық ізі, ұлылық биігі – ұрпақтың бойына қуат, ойына нәр беретін баға жетпес байлық екенін әңгімелеп, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында тың бастамалар қолға алынғанын, нәтижесінде, осындай игі істер еліміздің мәдени саласына серпіліс сыйлағанын тілге тиек етті. Осы орайда Амандық Ғаббасұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ары қарай жандандырып, туған жерінің гүлденуіне тер төге қызмет еткен өңірдің кәсіпкер азаматтарына жекелей алғыс айтты. Дүбірлі шараның тағы бір салтанатты сәті Құлагер ақынның 20 томдық жинағының тұсаукесері болды.

Ұлы тойға тілек білдіріп, жан-жақтан ізгі ниеттерін жаудырған халықта есеп жоқ. Солардың қатарында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров та үн қосып, Жетісу жеріндегі дүбірлі тойға оңтүстік астана басшысының атынан ыстық сәлемін жеткізді. Құттықтау хатында ол Құлагер ақынның қазақ әдебиетіне мол мұра қосқанын айта келіп, Ұлы Даланың әр аймағында туса да, үш бәйтерек – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің рухани үндестікте, шығармашылық байланыста жұмыс істегеніне кеңінен тоқталған. Сонымен бірге, Бейімбет Майлинге бір ауданның аты берілгенін атап өткен. Алты Алашқа сауын айтқан тойда Бейімбет Майлиннің ұрпағы Дәмен Сейітжанова да сөз сөйлеп, ізгі тілегін ақтарды.

Арқада Сәкен мен Бейімбетке арналған әдеби шаралармен өрнектелген той Жетісуда Ілиястың дүбірлі мерекесімен жалғасын тапты. Талай қиындыққа табандылық танытып, ұлт мүддесі жолында жанкешті еңбек еткен Ілиястың өмірі сан қилы. Қуғын-сүргін, таптық тартыс ортасында жүріп, қаламымен теріс пиғылдылардың бәріне қарымта қайтарған тұлға кеңестік жүйенің құрбанына айналды. Ақсу жеріндегі тойы ары қарай ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Құлагер» қойылымымен өрнектелді. Сахналық туындыны тамашалаған көрермен көзіне жас алып, Ілиястың ұлт үшін атқарған ерен еңбегімен танысты. Түскі мезгілде Құлагер ақынға арналып құран оқылып, ас берілді. Ал түс ауа мәдени шара ұлттық ойын – көкпармен жалғасып, кешқұрым «Дала дастаны» спектаклі қойылды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы