"КЕРАМИКАНЫҢ КЕРЕМЕТІ": ТІЛІН ТАПСА, ҚЫШ ҚҰМЫРАЛАР ДА СӨЙЛЕЙДІ

Уақыты: 19.04.2020
Оқылды: 3983
Бөлім: ТҮПСАНА

Өткенге көз жіберіп, ұлтымыздың тарихта алатын орны қандай деген сауалға жауап іздейтін болсақ, ауыз толтырып айтарлық қаншама құнды қазынамыздың бар екенін білеміз. Соның бірі ретінде қыштан жасалған ыдыстар жайлы айтуға болады.

Қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыстар адамзат қоғамының әр дәуірінен мол ақпарат береді. Сол арқылы қоғамның әлеуметтік-экономикалық, отбасылық, этно-мәдени қарым-қатынасы жөніндегі мәліметтерге қол жеткізе аламыз. Жәдігерлердің осыншама уақыт бүлінбей сақталғанының өзі таңғаларлық құбылыс.

Қыш (керамика) адамзат тұрмысында алғашқы қолданыста болған материалдар қатарында. Балшықтан түрлі бұйым жасап, оның беріктігін арттыру үшін күйдіру ісі мезолит, неолит дәуірлерінде пайда болып, содан бері тоқтаусыз даму үстінде.

Бүгінде М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорында қола, темір дәуірі мен орта ғасырларда тұрғындар тұтынған 50-ге жуық қыш құмыра бар. Құмырада құпия көп. Бұл жәдігерлер сырттай қарағанда қарапайым зат болып көрінеді. Ал жүйелеп ойлаған жетелі адам құмыраның қадір-қасиетін қиналмай-ақ ұғып, біле алады. Саз балшықты жады мықты, тілін тапса сөйлей жөнелетін тірі ағза десе болады. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген. «Құмы­ралар сөйлейді» дегенге кім сенген? Әйтсе де олардың әрбірінің өз дәуірі, сол замандағы адамдардың тіршілігі жөнінде сыр шертері анық.

Саз балшықтың қасиеті мұнымен ғана шектелмейді. Ол отқа да өте төзімді. Мәселен, қас-қағымда сан мың шақырым қашықтыққа заулайтын зымырандар моторының саз балшықтан жасалған керамикадан құйылатынын біреу білсе, біреу білмес. Себебі, мыңдаған градус ыстық шығаратын ғарыш кемесінің моторында жанған отқа ешқандай темір заты төтеп бере алмай балқып кетеді. Ал керамика, керісінше, оттың қызуы күшейген сайын қатая түседі. Қазіргі компьютерлер мен флеш­калардың еске сақтау "мишығы" - жадысы да осы саз балшықтан істеледі. Сәт сайын мыңдаған ақпаратты жинақтап, қайта таратуға саздан жасалған мишықтар ғана қабілетті екен.

Саз балшықтың құрамы зиянсыз. Ол өзінің табиғи өнім екенімен де айрықша. Адам физиологиясы кальцийді топырақтан алады. Ал саз құрамында 60 пайызға дейін кальций элементі бар. Балаға балшық илету арқылы көптеген психо-физиологиялық аурулардың алдын алуға болады. Бұл қазақы тәсілмен де астасып жатыр. Сондай-ақ, сазбалшық күшті антибактериялық қасиетке ие. Оның құрамындағы радий элементі ағзамыздағы зиянды заттарды ыдыратуға көмектеседі. Өз кезегінде қыштан жасалған ыдыстарды қайта жаңғыртып, пайдаланудың адам денсаулығына өте пайдалы екенін айта кеткім келді.

Жазира ТАУЕТОВА,

М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

Сурет ғаламтордан алынды