ДӘУЛЕТ ДӘРКЕМБАЙҰЛЫ: "МУЗЕЙ ЖАНЫНАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ АШҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ"

Уақыты: 14.05.2020
Оқылды: 2079
Бөлім: ТҮПСАНА

Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі – қазақтың қаншама ұлттық құндылығын сары майдай сақтап, кейінгі ұрпаққа шашау шығармай жеткізіп келе жатқан киелі шаңырақ. Құндылықтар қоймасына алыс-жақын шетелден келушілер де көп еді. Алайда әлемді алаңдатқан қазіргідей індет жағдайында рухани орданың халі нешік? 18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне орай музей тіршілігіне онлайн саяхаттауды жөн көріп, аталмыш мекеменің бүгінгі директоры, асылдың сынығы Дәулет Дәркембайұлын әңгімеге тартқан едік.

– Дәулет аға, өзіңіз басшылық етіп отырған киелі шаңырақтың құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз?

– Музейдің атауына, онда сақталатын жәдігерлерге қарап, тарихы тереңде жатыр деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Олай емес. Біздің музей Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» Заңына сәйкес және облыс тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында сол тұстағы облыс әкімі Серік Үмбетовтің 2006 жылдың 29 желтоқсанындағы №322 Қаулысымен құрылды. Көпшіліктің қызу қолдауымен «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі» деген атау берілді. Алайда жөндеу жұмыстарының көптеп жүргізілуіне байланысты музейдің салтанатты ашылуы 2010 жылдың 22 шілдесінде ғана өткізілді. Содан бері қарқынды қызмет атқару үстіндеміз. Қорымызда жалпы саны 2437 құнды жәдігер бар.

– Бүгінгі күні жәдігерлеріңіздің саны өзгерді ме?

– Жоқ, өкінішке қарай, экспонаттар әлі күнге 2437-ні көрсетіп тұр. Облыстық бюджеттен бөлінетін қаржының уақытша тоқтатылуына байланысты бұл көрсеткішке ешқандай өзгеріс енбеді. Алдағы уақытта қорымыз тағы да құнды заттармен толығады деген сенімдемін.

– Ал өзіңіз қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысасыз ба?

– Әрине, әкеден балаға қалған сара жолымыз бар. Бұл ісімді отбасылық аманат деп санаймын. Бала кезімнен әкемнің қасында жүріп, көп нәрсені үйрендім. Бұл салада да қиыншылық, кедергілер кездесті. Әсіресе, қажетті материалдар мен шикізат көздерін іздеп, табу барысында келеңсіздіктерге жиі ұшыраймыз. Атадан қалған мұра болғандықтан, барлығын табиғаттан алуға тырысамыз.

Мысалы, күзде сойылған соғымның терісін пайдаланып, торсық, саба сияқты ыдыс-аяқ түрлерін жасаудамыз.

– Төзімділікті талап ететін жұмысты кімдермен бірге атқарасыз? Баулып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

– Шәкірттерім бар. Атап айтар болсам, ағаш бұйымдарын жасайтын Мәди Тілепбергенов есімді азаматқа тоқталып өтсем деймін. Қасымда жүргеніне 7 жылдан аса уақыт болды. Үй жиһаздары, соның ішінде асаба, сандық, кебеже сынды ағаш бұйымдарын жасайтын кәсіби шеберге айналды. Содан соң, 12-13 жылдан бері тері бұйымдарын жасаумен айналысатын Ринат Мүлікбаев есімді бауырым бар. Ол да теріден жасалатын бұйымның барлық түрін (қамшы, торсық, саба, қалқан және басқа) терең игерген. Тағы бір шәкіртім – Жанболат Нұрданбек. Оның жұмыс құралы – зергерлік бұйымдар мен қыш өнері. Барлығы өз істеріне асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайды. Мен ізімді лайықты жалғап келе жатқан осы шәкірттерімді мақтан тұтамын.

– Өз перзенттеріңіздің ішінде ізіңізді қуғандары бар ма?

– Мен 3 ұл, 1 қыз өсіріп отырмын. Үлкен ұлым Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Ағашты көркемдеп өңдеу» мамандығы бойынша білім алуда. Екіншісі де атакәсіпті жалғастырып, ізімді басарына сенемін. Мақтағаным емес, жалпы балаларымның барлығы өнерден құралақан емес. Болар бала көрініп тұрады ғой. Атасы мен әкесінің қанында ойнаған өнер балаларымның бойында да бар.

– Музей жұмысына қайта оралсақ, Халықаралық музейлер күніне орай жоспарыңыз қандай?

– Еліміздің бүгінгі халі өздеріңізге де белгілі ғой. Қазақстанның бірқатар аймақтарында карантин күшейтілгендіктен, өткізілер іс-шараларды да кейінге шегере тұруды жөн көрдік. Әйтпесе, мамыр айының 18-і күні өтетін Халықаралық музейлер күніне орай жыл сайын түрлі мерекелік шаралар ұйымдастыратынбыз.

Мәселен, былтыр «Ата өнері – балаға мұра» атты оқушылармен қызықты кездесу өткіздік. Кездесу кеші Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласындағы кітапханада өткен болатын. Онда Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің көшпелі көрмесі қойылды. Шара былтырғы жылы ұйымдастырылса да, биыл өткізілсе де, жалпы мақсаты өсіп келе жатқан жас ұрпақты бабадан қалған мол мұра, мәдени қазына-байлықтарымен таныстыру болып қала береді. Себебі, өскелең ұрпақ өз тарихына, дініне, мәдениетіне қанық болып өсуі керек.

Шараны қай кезде өткізсек те, арнайы қонақ шақырамыз. Өткен жылғы көшпелі көрмемізде «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғалым-хатшысы Досым Зікірия сынды құрметті қонақтар төбе көрсетті.

– Қонақ дегеннен шығады, сіздерге келер саяхаттаушылардың саны қаншалықты көп?

– Өте көп. Себебі, біз Қытайға өтер Құлжа жолының бойында тұрмыз. Біз арқылы туристер Шарын шатқалына, Көлсай, Қайыңды көлдеріне өтеді. Жол-жөнекей біздің музей мен шеберханамызға кіріп, жұмыс барысымен, тарихи жәдігерлермен танысып кетеді. Аралап, көріп, шеберлік сабақтарына қатысқандар да болды. Мекеме Алматыға да жақын орналасқандықтан, «Almaty City Tour» туристік агенттігімен заңды келісімдеміз. Биыл жүргізген есебіміз бойынша мұражайға келген саяхатшылар саны 12 мыңнан асып-жығылады. Қашықтықтан оқытылып, қашықтықтан жұмыс істеп жатқан ел тұрғындары біздің музейімізге де ғаламтор арқылы саяхаттап, қонақ бола алады.

– Оларды немен қызықтырасыздар? Көздеріне бірден түсер бұйым деп нені атар едіңіз?

– Көзге ілінер жәдігер көп. Себебі, барлығы да көне заттар. Біздің тарихи мұрамыз. Десе де, көбіне XIX ғасырдың аяғында теріден жасалған ыдыстар мен саятшы саймандарына көбірек қызығушылық танытады. Елімізде өлкетану, археологиялық және мемориалдық музейлер жетерлік. Дегенмен, қолөнер музейі жалғыз. Сондықтан болар, біздің ғимаратқа ат ізін салатындар көп.

– Қолөнерді ұлықтаған жалғыз музейдің болашағы қандай?

– Қолөнерді дамыту мақсатында музей жанынан мектеп-интернат ашқымыз келеді. Қазақстанның жер-жерінен өнерге бейім балаларды іріктеп алып, мықты шеберлер қалыптастыратын орталық ашуға ниеттіміз. Уақыт еншісінде тұрған бастамаға облыс тарапынан көмек көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді.

– Әкеңіз Дәркембайды дүйім жұрт құрмет тұтады. Қазақ қолөнеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әке үмітін ақтадыңыз ба?

– Иә, сол қастерлі жолда жүргенімнің өзі шексіз бақыт. Әкемнің есімі исі қазаққа мәлім. Сол кісінің атына дақ түсірмей, қызметімді ары қарай абыроймен жалғау – басты парызым.

1996 жылы Алматы қаласынан әкем Дәркембайдың туған ауылы Ақшиге көшіп келдік. Мұражай ашылатын уақытта өзіміз тұрып жатқан үйімізді соған беріп, жанынан үй салып алдық. Музейдің жөндеу жұмыстары мен шеберхана салуға зор үлес қостық. Өз қолыңмен жасалған дүние қай жағынан алып қарасаң да ыстық болып тұрады ғой. Әкемнің аруағы риза болсын деген ниетпен жиған-терген барлық жәдігерді мемлекетке тапсырдым.

Мәселе әкемнің атағын асқақтату емес, келер ұрпақ үшін жасалды. Өз кезінде әкем де оны текке жинамаған шығар?! Өзі жоқ болса да, көзіндей көріп отырмыз. Сонысымен де құнды. Қай кезде де қазақтың салт-дәстүрін танытып, ұлттық құндылықтарын ұмыттырмас дүниені насихаттау кезек күттірмес міндет деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Жансая ҚАБДЕН

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан