"ИТТІ ПІСІРІП ЖЕДІК": АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ІНІСІ ЖАЗҒАН ЕСТЕЛІК

Уақыты: 31.05.2020
Оқылды: 1321
Бөлім: ТҮПСАНА

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні тарихтың «ақтаңдақ беттерін» зерделей отырып, өшкенді жаңғырту мен ұрпақ бойына патриоттық сезімді ұялатуға, қоғамдық жүйені парасаттылық тұрғысынан пайымдау үлгілерін тануға мүмкіндік береді. Бүгінде өңі сарғайған құжаттар Қазақстан «алпауыт əлеуметтік эксперимент» полигоны болғанын растап тұр.

1930 жылы І Бүкілодақтық өндіріс жұмыскерлері конференциясында сөз сөйлеген Иосиф Сталин: «Біз алдыңғы қатарлы мемлекеттерден 50-100 жылға артта қалып қойдық. Біз осы уақытты 10 жылда басып өтуіміз қажет», – деп мəлімдеме жасады. Соның кесірінен мемлекеттік бюрократия, жаппай репрессия мен қорқыту, лагерьлер мен түрмелер үстемдік еткен қоғам орнады.

«Қазақстанда адам төзгісіз ашаршылықтан қазақ халқы қырылудың алдында тұр», – деп хабарланғанда, Сталин: «Ол сары пәлекеттерден тек сондай жолмен ғана құтылуға болады», – деп жауап беріпті. Патшалық Ресейде Мемлекеттік Дума депутаты Марков: «Қазақтар Шыңғысхан мен Ақсақ Темірдің ұрпағы, сондықтан, Америкада қызыл терілерді қалай қырса, біз де қазақтарды солай қырып жіберуіміз керек», – деген.

1928 жыл ортасынан Саяси қуғынға ұшырап, тұтқындала бастаған Алаш қайраткерлеріне «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылып, әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, жер аударылды.

Тіпті, «Басқаша, бөтен ойлайтындар», – деп айыптады. Содан көп ұзамай тұяқты малды сыпырып алған кеңестік қызыл империяның кесірінен ашаршылық басталды.

Хұсайын Бижанов «Нұрлы жол» кітабында 1932 жылы қыстың ортасынан аштықтан тұлыптай ісіп-кеуіп, тарамыстай тыртиып, әулеттер қырылып, үйлерден түтін шықпай қалғанын, жолшыбай бет-аузын ит-құс жеген адамның денесін, Шелекте асхана жанында сүйек кеміріп жатқан адамды көргенін есіне алады.

Ахмет Байтұрсыновтың інісі Самұрат «Ақаң туралы ақиқат» кітабында: «Халық тамақсыз, киімсіз үйлерін тастап тамақ іздеп қаңғырып кетті. Өлейін деп әлсіреп жатқан кісілерге жабайы болып кеткен иттер бас салады. Итті ұстап алып, үйдің керегесіне асып сойып, пісіріп жедік. Қалған етті қапшыққа салып алып жолға шықтық. Сарышұнақтың ініне су құйып, олар інінен шыға бергенде басынан ұрып өлтіріп, сойып, етін шелекке салып асып, пісіріп жеп отырған адамдар. Бір жағы аштық қысса, екінші жағы аурудан шыбындай қырылып жатқан қазақтар», – деп жазады.

Ел ішінде бір-бірінің сыртынан арыз жазу, өсек айту етек алды. Әр заманда сөз тасу есеп айырысу мен қызмет сатысынан көтерілудің құралы болатын. Домалақ арыз нақты дəлелі болмаса да негізгі құжат ретінде қарастырылды. Əрбір саяси істе əртүрлі қоқан-лоққыдан қорқып, мəжбүрлі түрде жазылған құжаттар көбейді. Осылайша сан мың адам қанды құрықтың құрбанына айналды. Жалған жала жауып, халық алдында қаралау саясатын мерзімдік басылымдар ерекше қарқынмен жүргізіп, негізсіз мақалалар жарияланды.

Міне, Саяси қуғын-сүргін тарих бетінде осылайша қанды қаламмен жазылды. Оның ақиқатын ешкім өшіре алмақ емес. Әділдік пен шындық түбі жеңіп шығады.

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі