Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА "АҚ ҚАУЫРСЫН" ӘДЕБИ ЖҮЛДЕСІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 29.05.2020
Оқылды: 529

Тіл мәртебесі қай қоғамда болсын назардан тыс қалып көрген емес. Осы негізде Алматы облысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сондай игі бастамалардың бірі – Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өтетін, облыс әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін тағайындалған «ТІЛ-ҒҰМЫР» қаламгерлер байқауы. Байқау биыл да қалам ұстаған жастардың шабытын ашып, ары қарай шығармашылығын шыңдауына оң серпін беріп отыр. Бізді мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерге ұсынылатын жүлде қоры емес, осы байқау арқылы қарым-қабілетін шыңдап, биікке ұмсынған жастардың талпынысы мен ерік-жігері қуантты.

Аталмыш байқау Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жас қаламгерлерге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Бұл байқау Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен дәстүрлі түрде өтіп келеді. Облыста ақын-жазушыларға, жас қаламгерлерге деген қамқорлық ерекше. Соның бір парасы осы - "Ақ қауырсын" атты әдемі атауға ие аймақтың әдеби сыйлығы. Аз уақытта бұл байқау Жетісу өлкесіндегі әдебиетшіл қауымның асыға күтетін мерейлі салтанатына, рухани-әдеби танымдық шаралардың біріне айналып отыр. 

Биылғы жылғы байқаудың екі өзгешелігі бар екенін естеріңізге салғымыз келеді. Ол, әрине, бүкіл әлемде екінші ұстаз атанған ғұлама, ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойымен тікелей байланысты. Сондай-ақ, иісі қазақтың шамшырағы болған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына да ерекше басымдық беріліп отыр. Қос алыптың мерейтойына орай арнайы «әл-Фараби» және «Абай» жүлделерінің тағайындалуы руханият әлеміндегі тағы бір игі қадам десек те болады.

Қиялына қанат біткен қаламгерлер поэзия және проза жанрлары бойынша бақтарын сынап көрді. Байқауға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келіп түскен еңбектерді арнайы құрылған әділқазылар тобы саралады. Проза жанры бойынша Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары, жазушы Серік Сарыбай және журналист Назым Дүтбаева төрелік етіп, үздіктерге үкі тақты.

Ал әр тармағы ән салған поэзия жанры бойынша облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Жұматай Әміреев, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары, ақын Жангелді Немеребай, Президенттік стипендия иегері, ақын Сағыныш Намазшамова шайырлардың туындыларын талдап, оза шапқандарын таразы басында бағамдады.

Поэзия бәйгесінің өзі мемлекеттік тіл және еркін тақырыптағы екі кезеңді қамтыды. Нәтижесінде, І орынды Айнұр Төлеу («Сөзтүкпір», «Көктем»), ІІ орынды Айбек Ережеп («О, Туған Тіл сен болмасаң...», «Алғаш»), ІІІ орынды Мәулен Әнербай («Мені, апа, сол тілде аймалашы», «Тақиясын теріс киіп таң атты») иеленді.

Проза бәйгесінде І орынды Әсем Жұмахан («Қаншырдың кегі») иеленсе, ІІ орын Асхат Өмірбаевқа («Жүз жыл тербелген бесік»), ІІІ орын Нұрахмет Ерденге («Тар заман») бұйырды. Ал арнайы «әл-Фараби» жүлдесін Жарқын Сәленұлы («Мен қандай қалада тұрамын?»), «Абай» жүлдесін Асыл Сұлтанғазы («Адамзат алыбы») иеленді.

Дүлдүлдер додасының бас жүлдегерлері Айнұр Төлеу мен Әсем Жұмаханға облыс әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі табысталатын болады.

Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Тіліміздің мәртебесі қашанда биік болып, еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деп тілейміз!

Айдана АРСАЛАН,

Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бас маманы