Қос ананың құшағы

Уақыты: 07.03.2017
Оқылды: 1621
Бөлім: ТҮПСАНА

Болат Әбділманов – бұл есім елімізге кеңінен таныс. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Театр және кино өнерінің хас шебері. Алайда біз бүгін актер туралы емес, оған ақ сүт беріп өсірген, тәрбиелеген, қанаттандырған, даңғыл жолға салған аналары жайлы айтқанды жөн көрдік.

Байқап отырған шығарсыздар, сөзді көпше түрде аналары деп бастадық. Болат үшін бұл дүниеде қымбат екі адам болған. Оларды әлі күнге дейін ет жүрегі елжіреп сағынады. Екеуін ешқашан бір-бірінен бөліп қараған емес. – Біздің әулет өте ынтымақты болыпты. Татулықтарына ел сүйінген. Бүтінді бөліп, жартыны жарып жеген. Сондықтан да ғой, әкем өзінің ағасы Мәзімбай мен жеңгесі Шәрбануды төбесіне көтеріп сыйлаған. Алдарынан қия өтпеген. Отағасы осындай болған соң, әулеттің келіні – анам да қалыптасқан дәстүрді берік ұстаған.
Кейде жаны жайсаң жандардың жұрт біле бермейтін уайым-қайғысы болады. Мәзімбайдың жанын ауыртқан жай оларда бір нәрестенің болмауы еді. Бұл қиындықты қалай оңалту керек? Інісі мен келіні ойластыра келіп тәуекелге бел буады. Содан кейін мені – туған ұлын сол кісілердің еншісіне береді. Туыс көңіліне қараған мұндай ерліктер қазақ әйеліне тән ерекшелік пе деп ойлаймын, – дейді актер әңгімесін бастап.
Кішкентай Болат еншілеген әке-шешесімен бірге Ақсу өңірінде қалады. Қаракөз деген ауылда өсіп, ержетеді. Әкесі ұжымшарда жұмыс істеп, белді шопандардың бірі атанады. Ұлдарын да сол кәсіпке баулығысы келеді. Әсіресе, жадыраған жазда Болат жайлау қызықтарын бастан кешіретін.
Шәрбану анасы барын баласының алдына тосты. Мал қайыруға шықса да ол келгенше тамағынан ас өтпей алаңдаған. Ана мен бала арасындағы сүйіспеншілік оты ешқашан бәсеңдеген емес.
– Қарапайым малшының жұбайы болса да Шәрбану анам өте сұңғыла жан еді. Қазақтың салт-дәстүрлерін жетік білетін. Оның озығы мен тозығын дәл ажырататын. Сондықтан шығар айналасына беделді болды. Ақсудың жері киелі ғой. Жыр құлагері Ілияс Жансүгіров осы өлкеден бекер түлеген жоқ. Әсем табиғат, асқар таулар бір-бір дастан секілді. Оқып тауыса алмайсың. Шәрбану анам мені сол табиғатты сүюге, қоршаған ортаны жақсы көруге үйретті, – дейді Бөкең.
Орта мектепті бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсу үшін сол кездегі Жамбыл қаласына жол тартады. Өйткені мұнда жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарын дайындайтын технологиялық институт бар. Ондағы тері өңдеушілер факультетін таңдады. Себебі, малшының баласы бұл жұмыстардың біраз қырларына ежелден қанық. Енді оны кәсіби деңгейде меңгерсе жеткілікті. Тері өңдеушілер сол уақыттарда ауылға өте керек еді.
Екіншіден, қалада әкесінің інісі мен келіні тұрады. Алтын жеңгесі облыстық драма театрында актриса. Олар Болатқа бас-көз болады, бұл оларға сүйенеді. Қазақтың «Тура суда туғаның болсын» дейтіні сондықтан ғой.
– Жолым болды, ата-анам көрсеткен оқуға түстім. Қаладағы туыстарымның үйінде тұрдым. Өздері көпбалалы отбасы екен. Туыстарым маған жақсы қарады. Әсіресе, жеңгеме дән ризамын. Ол кісінің маған деген ықыласы мүлдем өзгеше. 
Алтын жеңгемнің арқасында театр өнерінің сырларына қаныға бастадым. Менің қызығушылығымды ол кісі де байқады. Сондықтан спектакльдерге жиі шақыратын. «Менің актриса жеңгем бар», – деп курстастарыма мақтанамын. Театрға оларды да ертіп барамын. Тегін кіретін спектакль студент үшін үлкен олжаның бірі емес пе? – деп күледі Бөкең.
Сонымен, жас жігіттің аңсары бірте-бірте өнер әлеміне қарай ауа бастайды. Бойындағы бұл өзгерістерді алғашында елемегенмен, жаны жаңа таңдауға қарай бұрылғанын бәрібір аңғарады. Оны өзі ғана емес, актриса жеңгесі де сезген. «Сенің сөзіңде де, көзіңде де, кейбір қимыл-әрекеттеріңде де сахна өнеріне лайық белгілер бар. Түбінде осы жолға түсетін шығарсың. Егер таңдауың солай болса ештеңеден жасқанба. Жүрегіңнің қалауына құлақ түр», – деді.
– Қазақстанның Халық әртісі Алтын Ибрагимқызы Ружеваның жеңгем емес, маған жарық дүниені сыйлаған туған анам екенін      18-ден асқанда ғана бірінші рет білдім. Кім біледі, дүниеден озарында бұған дейін ашылмаған құпияны алыстағы анам абысынына айтты ма екен деп те ойлаймын. Менің басқалардан ерекшелігім, екі ананың жүрек отына бірдей жылындым, – дейді аналары туралы сыр шерткен Болат аға.
Ең қызығы, актриса Алтын Ибрагимқызының өз тәрбиесінде болған балаларының бір де біреуі ол кісінің өнерін жалғамапты. Басқа саланың мамандары атанған. Ал осынау мәдени ортадан алыс, қыр жайлаған малшылар арасында өскен Болаттың туған анасына аумай тартқаны еріксіз бас шайқатады. Қанда бар қасиет деген осы. Сөйтіп, Болат Мәзімбайұлы екі шаңырақтың да қуанышы мен мақтанышына айналған.
– Анам Алтын туралы айтар болсам, ол кісі Ақтөбе облысы, Н. Байғанин ауданының тумасы. Жас кезінен-ақ өнерге бетбұрды. Алматыдағы киноактерлар дайындайтын мектепті бітірді. 30 жылдан астам Жамбыл облыстық театрында тұрақты еңбек етті. Қалың көрерменге Островскийдің «Жазықсыздан жапа» спектакліндегі Кручининаны, «Айман – Шолпанда» – Айман, «Еңлік – Кебекте» – Еңлік, «Қара қыпшақ Қобыландыда» – Қарлыға, «Ақан сері – Ақтоқтыда» – Ақтоқты секілді кейіпкерлер бейнесінде көрінді. Құрмет-қошеметке бөленді.
1978 жылы Атырау қаласындағы облыстық драма театрын басқарды. 1983 жылдан соңғы уақыттарына дейін Талдықорғандағы театрда жұмыс істеді. Қазір Талдықорған қаласындағы көшелердің бірі менің анам Алтын Ружеваның атымен аталады. 
Өзі ғана биікке шыққан жоқ, көптеген шәкірттерді тәрбиелеп, оларды қырандай самғатты. Солардың бірі – мына менмін. Ол кісі анам ғана емес, ұстазым, ұлағатым еді. Ең қымбатты екі адам – екі анам менің жүрегімде өмір сүріп жатыр, – деп Болат аға тебіренген қалыпта сөзін аяқтады.
Әбділмановтар отбасы бірін-бірі көктем мерекесімен құттықтаудан бұрын, екі ананы еске алады. Олар туралы сыр шертеді. Өмір сабақтастығы деген міне, осы шығар.

Болат МӘЖИТ