"ЕКІ ТҮРЛІ ПІКІР БАР": ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА БАЛБАЛ ТАСТАР НЕ ҮШІН ҚОЙЫЛҒАН?

Уақыты: 31.08.2020
Оқылды: 2827
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматы облыстық М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің археология бөлімінде балбал тастар сақталған. «Бір жәдігер сыры» айдары бойынша сол асыл мұра жайлы аз-кем сыр шертуді жөн деп таптық.

Түркі заманынан бізге жеткен тарихи мұралардың бірі – балбал тастар. Балбал сөзінің шығу төркініне келетін болсақ: "бал+бал", яғни, "соғу, қағу, ұру" дегенді білдіретін қос сөзден тұрады. Түркологтардың пікірінше, «тасты тіп-тік етіп қадап орнатқан белгілер»  деген мағынаға саяды.

Ұлы түркілердің озық мәдениетінен хабар беретін балбал тастар ертеден-ақ ғұрыптық, діни-нанымдық қызметтерді атқарған. Балбал тас тарихы туралы алғашқы зерттеуді жүргізген академик-ғалым Әлкей Марғұлан «Ежелгі мәдениет куәгерлері» еңбегінде балбал тастар ежелгі түркілердің діни ғұрыптық кешені екенін жазған. Балбал тастар көркемдігі жағынан әртүрлі келеді. Олар қаза болған қолбасшының, атақты адамның басына қойылатын болған.

Музейіміздің археология бөлімінде орналасқан балбал тастар облыс аумағында Ескелді ауданындағы Өтенай елді мекенінің және Текелі қаласы маңынан табылып, әкелінген.

Тас мүсіндер VІ-ХІ ғасырлар аралығында орнатылған. Бірінші мүсінде моңғол тектес бас киімі бар ер адамның бейнесі, екінші мүсінде қолына ыдыс ұстаған әйел адамның мүсіні қашалған. Ал үшінші мүсінде тас қашаушының шеберлігіне қарай долбарланып жасалған әйел-еркек екені белгісіз бейне бедерленген.

Балбал тастардың көлемі - 132х30см, 111х40см.  Балбал тастардың мәні мен не үшін жасалғаны жайлы екі түрлі пікір бар. Бір пікірде оларды түркілер өлтірген немесе жеңген күшті жауларын бейнелеген десе, ендігі болжамда тас мүсіндердің көбі түркілердің өзін бейнелейтіндігі, оларды қабірінің басына немесе сүйегін өртеген жерге орнататындығы айтылған. Зираттың басына қойған мүсіндер қоршауға арқасын беріп, шығысқа қаратылып орнатылған.

Дарын ҚАСЕНОВ,

Алматы облыстық М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің  экскурсия жүргізушісі

Сурет - ғаламтордан