ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРУ ҮШІН ӘР АЗАМАТҚА ТАЛАП ҚОЯТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ

Уақыты: 05.09.2020
Оқылды: 1319
Бөлім: ТҮПСАНА

Хакім Абай Құнанбайұлының қазынасы халқымыз пайдаланар алтын кен іспетті. Бір ғана «Тіл өнері – дертпен тең» деген сөзі талай жайттан хабар берсе керек. Шынында әрбір елдің тілі – ұлттық байлығы. Жері жоқ мемлекет болса да тілі жоқ ел болмайды. Осы тұрғыдан алғанда қылар шүкіріміз, айтар тәубеміз артығымен болуы тиіс. Жеріміз де, мемлекеттік тіліміз де бар. Енді керегі – қазақ тілінің абыройының өскеніне қол жеткізу. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілгелі мемлекеттік тілдің жай-күйі сарапталып, қолданылу аясының кеңдігі сүзгіден өтеді. Жылда бұл күні қазақ тілінің құнары мен мәйегі жайлы сөз болады.

Адам баласы көргені мен естігенін, білгені мен түсінгенін, ұғынғаны мен сезінгенін құнарлы тілмен жеткізіп, ойы мен пайымын сұлу сөзбен әдіптейді. Тіл көркемдігі талайды таңдандырып, сиқырлы теңеудің тыңдаушыны тәнті етері анық. Оның артында таусылмас қазына саналатын ұлттық ой жатыр. Ұлттық ойға қанған сана ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарай алмайды. Келешегінің жарқын болуы жолында барын салып, тынымсыз еңбек пен қажырлы қайраттың арқасында бар қиындықты еңсеруге, жақсылық пен игілікті істерді қуана-қуана атқаруға дайын жүреді. Міне, адамдықтың шынайы келбеті осындай. Ал, адамның басты байлығы – Тіл.

Қазіргі жер бетінде 6796 тілдің бар екендігі 1994 жылы жүргізілген «Әлем тілдерінің атласы» атты арнайы зерттеудің нәтижесінде белгілі болып отыр. Бұл кеміте айтқандағы мәлімет. Дегенмен, дүниежүзіндегі тілдердің саны 10 мыңға жетуі мүмкін деп есептейтін ғалымдар да бар. 

Бір анығы, тілдердің ішінде өлетіні де болады екен. Лингвистердің айтуынша, ана тілін қолданатындардың саны 100 адамнан аспаса ондай тілді өлген тіл деп есептеу керек. Одан бөлек, жыл өткен сайын ортақ тілдің ішінен диалектілік өзгерістер орын алып жатады. Мысалы, ағылшын тілі Ұлыбританияда, АҚШ-та, Жаңа Зеландияда әртүрлі айтылады.

Бізбен көршілес Қытай Халық Республикасының мыңдаған ұлт пен ұлыстан құралатыны соншалық, тіліндегі диалектінің алшақтығы анық байқалады. Олар ортақ иероглиф арқылы ғана түсініседі. Сонымен қатар, әлемдегі тілдердің ішінде арнайы атауы жоқтары болса, атауы тіліне сай келмейтіндері де бар. Олар жайындағы мәлімет «Халықаралық лингивистикалық энциклопедияда» жинақталған. Сол энциклопедияда көрсетілген 6604 тілдің ең үлкен тобын сол тілде сөйлейтін адам саны 1 мыңнан асатын 1631 тіл құрайды. Яғни, әлемдегі тілдердің басым бөлігін халқының саны 1 мыңнан асатын елдер құрайды. Ал, ең аз топқа сол тілде сөйлейтін адам саны бір миллионнан асатын 283 тіл жатады. Құдайға шүкір, қазақ тілі миллиондық тіл тобына кіреді.

Тілдер өзара туыстас болып келеді. Оларды топтарға бөліп, жіктеген ғалымдардың айтуынша, туыс тілдердің түп-тамыры ортақ тілге түйіседі. Ең көп таралған туыс тілдердің басында тұрған Үнді-Еуропалық тілдерді 2,5 миллиард адам қолданады-мыс. Одан кейінгі орында 1,2 миллиард адамды еншілеген Қытай-тибет тілі тұрса, 500 миллион қолданушысы бар Орал-Алтай тілдік тобы үшінші орынды иеленеді. Яғни  түркі тектес халықтардың тілінде әлемде 500 миллион адам түсініседі. Оған да шүкір. Әйтпесе, қазіргідей технология қарқынды дамыған кезеңде тіл тартысының алдыңғы орында тұрғаны белгілі. 

Әлемдік саясатқа әсер етіп отырған ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз тілдері бүгінгі халықаралық қатынаста жиі қолданылады. Олардың бәрі Біріккен Ұлттар Ұйымында қолданылатын ресми тіл ретінде мойындалған.

Ғасырлар бойы аттың үстінен түспей ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы қызатын кең-байтақ даланы жаудан қорғаған батыр бабалар тілінің кезінде әлемдік саясатта кеңінен қолданылғаны тарихи шындық. Оған Венециядағы Марк әулие шіркеуінің кітапханасында сақтаулы тұрған «Кодекс Куманикус» кітабы дәлел. Түркі тілінің сөздігі ретінде еуропалықтар пайдаланған кітап 1303 жазылған. Ұзын саны 164 беттен тұратын қолжазбаға куман-латын сөздігі, түркі халықтарының жұмбақтары, христиан дінінің аңыз-­­әңгімелері топтастырылған.

Осыған қарап түркі тіліне деген қызығушылықтың ерте замандарда да жоғары болғанын байқаймыз. Алайда уақыт өте келе түркі халықтары бұйығы тіршілік кешіп, тілінің кеңінен қолданылуына ықпал ете алмады. Оған Ұлы Жібек жолының жабылуы, империялар арасындағы қақтығыстар, КСРО сынды алпауыт мемлекеттің құрылуы сынды ауқымды үдерістердің әсер еткені белгілі. Соның бәрін басынан өткерген халқымыз тәуелсіздік алған соң Ана тілі мәртебесінің биіктей түсетініне сенген еді. Алайда қазіргі жағдай көңіл қуантарлық емес.

1997 жылғы 11 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін бергені әмбеге аян. Содан бері қазақ тілінің тұғыры беки түсуі үшін көптеген шаралар қолға алынып, талай қаржы мен күш-қуат жұмсалды. Бірақ нәтиже аз. Әлі күнге орыс тіліне иек артатын қаракөздеріміз жетерлік. Бәрінің айтар ойы қазақ тілін үйренуге лайықты жағдай жасалмай отыр.

Меніңше, тіл меңгеру үшін жағдай емес, талап керек. Ынта-ықыласы басым болған жан кез келген тілді оңай еңсеріп, айтар ойын сайрап тұрып жеткізеді. Сондықтан, қазақ тілін үйрену ел азаматтарының әрқайсының міндеті екендігін ұғынатын кезеңнен әлдеқашан өтіп кеттік деуге болады.

Бүгінгідей технология асқан қарқынмен дамып, былтыр шыққан компьютер келер жылы ескіріп жатқан заманда жастарымыз ана тіліне немқұрайды қарауға айналды. Көшедегі жастардың көпшілігі орыс тілінде сөйлеуді мақтан көрсе, интернет желісінде, әсіресе, инстаграмда ашқан парақшасына түрлі күлкілі бейнежазба салуды көздейтіндер орыс тілінің дамуына үлес қосып жатқандай көрініп кетеді. Одан бөлек, мемлекеттік мекемелердің іс қағаздарының толықтай мемлекеттік тілге көшпегені ащы да болса шындық. 

Жақында облыстық бір мекемеге өзіме тиесілі ақшаны алайын деп бардым. Шығарған бір жапырақ қағаздарына қол қойдырар кезде аты-жөнімнен қате кеткенін ескерттім. Сөйтсем, компьютерде дұрыс жазылған есімім мен фамилиям принтерге шығарда өзгеріп кетіпті. «Алжанбому Мадиу» деп жазудың дұрыс еместігін айтуға қақым бар екендігін жеткізгенім басыма бәле болды. Бухгалтер мен көмекшісі екі жақтап, талауға түсіре жаздады. Ақыр аяғында: «Алар ақшаңды алдың ғой, тезірек кетші», - дегенге саятын сөздер айтылды. Одан ары шыдап тұру мүмкін емес еді. Ашуым келді.

Ақырында басшысы бәрін түзейтінін, бәленің бәрі компьютерден келгенін жеткізіп, шығарып салды. Иә, рас. Қателік техникадан кетті. Бірақ оны түзейтін мамандар үнсіз. Бағдарлама орнатқан шеберге сілтеп отыр. Міне, бүгінгі күннің немқұрайды, немкетті тіршілігі осы. Өз ана тіліне, мемлекеттік тілге жанашырлықпен қарамаудың арты осындай келеңсіздікке апарады.

Әрбір азамат мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқанда ғана қазақ тілінің мәртебесі биіктеп, өз деңгейіне көтерілетіні бес саусақтай белгілі нәрсе. Алайда біз, керісінше, банкоматтан ақша аларда орыс тілін таңдап, қолымыздағы сенсорлы телефонның негізгі тілін орыс тіліне қоюға құмармыз. Соның кесірінен елімізде орыс тілін қолданушылардың қатары толығып, мемлекеттік тіл бейшара күйге түсіп отыр. Соның әсерімен мемлекеттік тапсырысты орыс тілінде түсірушілер көбейді. Соның ықпалымен көшеде баласымен орыс тілінде сөйлесетін ата-аналар көбейді. Бүйте берсек, біз ұлт ретінде жойылып кететініміз анық. Өйткені, әрбір ұлттың бойындағы асыл қасиеттері, ұлттық құндылығы тіл арқылы көрініс табады, тіл арқылы сақталады.

Қасиетті Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-аятында Жаратқан Алла: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, сендердің бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың», – деп адамзаттың тілі мен түрінің әрқилы болуының себебін түсіндіреді. Соған қарап, тілдік ерекшеліктің де Жаратушы сыйға тартқан байлық екенін білуге болады. Яғни, ананың сүтімен, әкенің қуатымен берілген тілдің құнарын сақтау, биікке көтеру әрбір адамның міндетіне жатады.

Қазақ әліпбиінің жасалуына күш салып, бар саналы ғұмырын ұлттық мүддеге арнаған Ахмет Байтұрсыновтың «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген аталы сөзі бар. Жаһандық жүйеге сіңіп, түбегейлі жоғалғаннан сақтасын, қазақ тілінің ертеңі жарқын, келешегі кемел болуына үлес қосайық, ағайын!

Биыл 175 жылдығы тойланып жатқан хәкім Абай Құнанбайұлының «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деген сөзіне құлақ түріп, бір уақыт жүрегіңізді тыңдап, айтылған сөздің рас-өтірігін ажыратып көріңіз!

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан