ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА "ҚЫРАН" АҢШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 23.09.2020
Оқылды: 1569
Бөлім: ТҮПСАНА

Еңбекшіқазақ ауданында ұлттық өнерді дәріптейтін "Қыран" аңшылық орталығы ашылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Саф өнердің орталығын атадан балаға мирас болған саятшылық, құсбегілікті дәріптеп жүрген "Жалайыр Шора" мектебінің жетекшісі Бағдат Мүптекеқызы ашты. Тау етегіне орналасқан орталықта ұлттық аңшылық өнері дәріптеліп, кейінгі ұрпаққа насихатталатын болады. Сонымен қатар, туризм саласына өз үлесін қосып, Рухани жаңғыру бағдарламасының сәтімен жүзеге асуына мұрындық болмақ.

Салтанатты шарада "Қыран" федерациясының құрметті президенті Нұрлан Өнербай сөз сөйлеп, жиынның шымылдығын түрді.

- Әсем табиғат, тау баурайында ашылып отырған орталық біздің қазақ екенімізді, ұлттық өнерімізді, бай мұрамызды көрсететін орталық болмақ. Мұнда көнеден бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан дәстүріміз халыққа паш етіледі. Оның ішінде, құралайды көзге атқан садақшыларымыз, құмай тазы жүгірткен сақа аңшылар, қолына қыран ұстаған әккі бүркітшілеріміздің өнері көрсетіліп, ұлттық мұрамыздың сақталуына, кең қанат жаюуына үлес қосылмақ. Сол үшін барлығыңызды орталықтың ашылуымен құттықтаймын! - деді Нұрлан Өнербай.

Орталық қысы-жазы жұмыс істемек. Шара аясында ақшаңқан қазақ үй тігіліп, ұлттық өнерімізді ұлықтайтын барлық дәстүр көрсетіледі. Аңшылар саятшылыққа шығып, аң аулайды. Аңшылық қазақы дәстүрмен ауланады. Садақшылар садақпен атып, тазылар қырдың қызыл түлкісін қуса, бүркітшілер құстарының томағасын сыпырып, аңға салады.

Орталық 7 гектар аумақты алып жатыр. Бүгін ұлт үшін ұлы өнер ұлықталған күн десек те болады.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы