Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ОНЛАЙН АЙТЫСТЫҢ БАС ЖҮЛДЕГЕРІНЕ 500 МЫҢ ТЕҢГЕ ТАБЫС ЕТІЛДІ

Уақыты: 05.11.2020
Оқылды: 556

Алматы облысында бірнеше күнге созылған «Біржан-Сара» атты жас ақындардың онлайн айтысы мәресіне жетті. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде жеңімпаздарды марапаттау шарасы өтіп, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалиасқар Сарыбаев ұлттық өнерді өркендету жолында атқарылып жатқан игі істерді таныстырды.

Әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750, Абайдың 175 жылдығына орай тарихтан сыр шертіп, ұлы тұлғалардың болмысын ашу, Сүйінбай, Жамбыл, Біржан мен Сара, Бақтыбай бастаған Жетісу айтыс мектебінің ақындық мұрасын жастар арасында насихаттау сынды маңызды мақсаттарды башылыққа алған онлайн доданы облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұйымдастырды.

Айтыста аймақтағы аудан, қалалардан 18 айтыскер бақ сынады. Бағы мен бабы қатар келіп, аламанның алдынан көрінген айтыскер ақындарға алғысын айтқан Ғалиасқар Төлендіұлы:

- Айтыс өнерін дамыту, талантты жастарға жағдай жасау үшін осы бастаманы көтердік. Биыл індетке байланысты біраз шараны тоқтаттық. Алайда заманауи мүмкіндіктерді пайдаланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жобаларды іске асырудамыз. Қазіргі кезде облыста 14 арнайы жоба ел ертеңі үшін қолға алынған, – деп онлайн айтысты жыл сайын өткізіп, індеттің беті қайтса, халықты жинап, бұл шара үлкен сахнада көрініс табатынын тілге тиек етті.

Онлайн айтыстың артықшылығы мен кеткен кемшіліктерін сөз еткен әділқазылар алқасынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов, тарихшы Жемісбек Толымбеков жас ақындарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, келешекте облыстың, республиканың абыройын асқақтататын ұлттық өнерді дәріптеулеріне жөн сілтеді.

Жетісудың жер-жерінен іріктелген жас ақындар айтысының ақтық кезеңінде бас жүлдені Райымбек ауданның ақыны Жәнібек Аят, жүлделі І орынды Талдықорған қаласының ақыны Айдарәлі Жанатбек, ІІ орынды Кербұлақ ауданының ақыны Дастанұлы Ақыт, ІІІ орынды Талғар ауданның ақыны Әбитилда Нұрислам иеленді. Жүлдегер ақындарға ақшалай сертификаттар мен Алғыс хаттар берілді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы