АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ӘНУАР ӘЛІМЖАНОВТЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Уақыты: 13.11.2020
Оқылды: 2344
Бөлім: ТҮПСАНА

Жарық дүниені жұдырығында, арыны қатты жұртты алақанында ұстағандай тепсінген Жәңгір ханның құшағы қаймана жұрттың арын-барын қызғыш құстай қорыған ақынға қашанда ашық еді. Аттай бес жыл хан сарайда ғұмыр кешкен ақын мұраты бір мұқым қазақ баласын ерлік, бірлікке шақырып жыр еткенімен Исатай батырдың кесімді сөздерінен күдік алған. Жәңгір хан кіндігінен өрген баласын Орынборға оқуға аттандырып, қасына Махамбет ақынды қосып жіберуі сол күдіктің кіреукесін қақыратуға сеп болды. Орыс ұлықтары ішінде Махамбеттен Сырым Датұлы жайлы жиі ақпар алып, қазақ тарихына қанығып жүрген ниеттесі ақынға елінің тесік өкпелі жетімдерін құлдыққа сатып жүрген ханының аярлығын айшықтаған. Содан барып, зар жылаған елдің алым-салығына тояттаған сұлтандар мен шенділер арасында жүріп, хан сарайында қапыда кеткен қайран кезеңдеріне тыжырынып, елдің көз жасының өтеуіне сусындап, маңдай терімен көктеген диқан дәнегімен жүрек жалғағанына жерінді. Кектің алмас қылышын ханға қарсы қайрады. Махамбет арының адырнасы Алаш деп тартылып, Тұран даласын жаңғырықтыра зулап кеп қоя берді.

Күні кеше ғана осынау оқиғалар көз алдымыздан өтіп, заманының заңғар ақыны, өрлік пен ерліктің алтын топшысы болған Махамбет Өтемісұлы туралы жазылған «Махамбеттің жебесі» романын түгесе оқып шығып, Әнуар Әлімжановтың ғажайып қолтаңбасына қанығып, заңғар жазушылығына тағы бір мәрте еріксіз бас шұлғығанбыз. Ал күн аумай жатып Талдықорған төрінде сол сырбаз қаламгердің туғанына 90 жыл толуына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция шымылдығын түріп, тарихтың шұбалаң ғасырларының шаңсіңді беттеріндегі ұлы оқиғаларды ұлт жолында тірілткен тұлға бейнесі асқақтап, рухани болмысы мен ұлы шығармашылығы туралы мүйізі қарағайдай ғалым, ақын-жазушылар өрелі пікірдің өзегін сабақтағанына куә болдық.

Облыс орталығындағы Салтанат сарайында өткен конференцияға қатысушылар, зиялы қауым өкілдері алдымен Әнуар Әлімжановтың мерейтойына орай дайындалған көрмені тамашалады. Жазушының тіршілігінде пайдаланған аса құнды заттары, жазу мәшінкесі, киген киімі мен ұстаған бұйымы, саналы ғұмырын сарп етіп жазған шырайлы шығармалары көрмеге қойылған екен. Тіпті, әлемнің «екінші ұстазы» атанған ұлы ойшылымыз Әбу Насыр әл-Фараби жайлы бедерленген «Ұстаздың оралуы» романының қолжазбасы да көрмеде көрініс беріп, шараға қатысушылардың таңданысына түрткі болды.

Ел руханиятының қазыналы қамбасына жауһар туындыларын қотарған жазушының мерейтойына орай өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік Шығысхан академиясының академигі, ҚР Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Әміре Әрін ашып, жүргізіп отырды.

– Кәтепті қара нардай, қажымас журналист-жазушы соңына теңдессіз әдеби және публицистикалық мұра қалдырды. Шығармаларында халықтық тасқынды күш-қуат, ұлттық идеяны тың белеске көтерді. Анасы аштықтан көз жұмып, әкесі нақақтан «халық жауы» атанып, өмірден өткенін көрген жастың ақиқат пен күрес жолына бас тіге түсуі заңдылық еді. Ұлттық сананы көтеру үшін алдымен тарихи сананы негіздеудің қажеттігін ерте түйсінген қаламгердің тарих тақырыбына, ел мен жердің кешегісіне құлаш сермеуінің сырын да осы өрістен іздеуіміз шарт! «Отырардан жеткен сый», «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «Ұстаздың оралуы» романдары рухты айрықша асқақтатты. 1991 жылдың соңында КСРО Жоғарғы Кеңесі Республика Кеңесінің төрағасы ретінде кешегі «халық жауы» баласының КСРО тарағандығы туралы декларацияға қол қоюы да әділеттілік деп бағалаймыз! – деген асқақ сөздермен рухани шараны ашқан айбоз ақын Ә.Әрінұлы өз кезегінде Әнуар Әлімжановтың: «Қазақ қоғамы үшін ағарту дәуірі әлі аяқталған жоқ» деп жиі айтатынын, қазір де бұл дүние өзектілігін жоймағанын, бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында қадап айтып, бірқатар мемлекеттік құрылымдарды қайта өзгертіп, ішкі саясаттың жаңа мәнге көшіп жатқанын тілге тиек етті. Міне, сол ағарту ісіне, елдің еңсесін көтеруге Әнуар Әлімжанов бар саналы ғұмырын арнағандығын да ерекше айшықтады.

Заман тынысы тарылып, қоғам еңсесі төмен түскен, халық екіұдай күн кешкен кешегі заманда ақиқат үшін арпалысып, шындық үшін шоқ үстінде шығарма тудырған жазушының ұлттық руханиятқа қосқан үлесі зор. Бұл тұрғыда облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли тереңінен қаузады. Ол:

– «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде – ұлт та ұлы бола алмайды» деген екен заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов. Қай халық болмасын өзінің тарихы, тілі, өнері, әдебиеті мен мәдениеті арқылы ерекшеленеді. Көне түркі жазбалары мен ауыз әдебиетінен бастау алатын біздің қазақ әдебиетінің тамыры тереңде.  Әдебиетте өзіндік қолтаңбасымен, көркем дүниелерімен келешекке мол мұра қалдырған тұлға – Әнуар Әлімжанов. Жас ұрпақ үлгі тұтатын абзал азамат, талантты жазушы, қазақ халқының ұлы перзенті, көрнекті қаламгер Әнуар Тұрлыбекұлы қазіргі Алакөл ауданы, Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Әнуар Әлімжановтың шығармаларында бүгінгі өмір кешегі тарихтың заңды жалғасы ретінде суреттеліп, халықтың жарқын болашақ жолындағы жасампаздық күресі, арман, мүддесі шынайы көрініс тапты. Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер шығармалары ұлттық  мұрамызға мол  үлес қосты, оны жаңа мазмұнмен байытып, биікке көтерді, – дей келе, соңына өшпес із қалдырған біртуар талант иесі, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әнуар Әлімжановтың 90 жылдық мерейтойына арналған конференцияға арнайы келген қонақтарға, қоғам қайраткерлері мен мәдениет, ғылым, әдебиет, өнер өкілдеріне облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының атынан алғыс білдірді. Сондай-ақ, аймақта орын алып жатқан рухани шараларды атап өтіп, әдебиет пен мәдениетке қосып жатқан өңір жетістіктеріне тоқталды.

Бірнеше очерк, әңгімелер кітабының, «Көгілдір таулар», «Отырардан келген сый», «Қарасұңқар көпірі», «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «Ұстаздың оралуы»,  «Адамдар жолы», «Таным» тәрізді повесть-романдардың авторы Әнуар Әлімжанов жайлы өз кезеңінде заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Егер І Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов – Азияға айқара ашты» деп асқақ баға берген. Бұл тұрғыда жазушының болмысы мен танымын, ұлт үшін атқарған ұлы істерін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетов тереңнен толғады. Ол:

– Әнуар Әлімжанов әлем аралаған саяхатшы, жолжазба жазған қарапайым жазушы емес, ол сонау Африка, Азия елдеріне сапар шегіп, бодандықтан бостандыққа ұмтылған тағдырлас ұлттардың тамыр соғысын, таным-пайымын зерттеген асқан қайраткер қаламгер еді. Оның шығармалары негізінен ұлттық рухқа бағышталса, әрбір туындысы тарихтан тамыр тартып, алты Алаштың аспанында бабалардың өр рухы жаңғырып тұрғанын тебірене термелеуді мақұст тұтып, соны ұрпаққа аманат етуді көздеген мұратшыл тұлға болатын. Әдебиет саласында жалынды ақын Махамбет, шығыс данышпаны Әбу Насыр әл-Фараби туралы қалам тербесе, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайды ақтап алу, Семей полигонын жабу туралы  алғашқылардың бірі  болып мәселе көтергені күні бүгінге дейін көз алдымызда сақталып, жадымызда жаңғырып тұр. Халықаралық деңгейде кеңінен танымал болған қазақстандық көрнекті журналистің, сүбелі публицистикалық  туындыларды өмірге әкеліп, бірқатар шығармаларын Азия, Африка халықтарының ұлт-азаттық күресіне арнаған ғажайып тұлғамыздың тоқсан жылдық торқалы тойы құтты болсын, – деп тебірене сөйлей келе еңселі қалаларымызда Әнуар Әлімжановтың асқақ тұрпатын танытатын ескерткіштер орнатылуы керектігін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, Әнуар Әлімжановтың шығармашылығын зерттеп, оның қайраткерлігіне қалам тартқан ғажайып қаламгер, көрнекті публицист, сатирик Ғаббас Қабышұлының құттықтау хатын оқыды.

"Қадірлі үлкен-кіші ағайын! Қазекем қасиетті деп білген қағылез құс – Қарлығаштың атын алған ауылда туып-өсіп, түлеп ұшып, тағдыр өлшеп берген 63 жасының жартысында әлемнің алыс-жақын алпыс шақты еліне ат ізін салған, елінің, халқының тарихын, мәдениетін, әдебиетін насихаттаған, ол елдерде казақ хақында көне деректі көрікті ой-сезім сөз ести қалса, оны Қазақстанына жеткізуге әрқашан асығып жүрген Әнуар Тұрлыбекұлының бүгінгі 90 жылдық тойы – исі қазақтың тойы, құтты болсын, жалғаса берсін!

Әнекеңнің қаламгерлік алғашқы қадамына Мұхтар Әуезов қуана бата бергенін естідік, оқып білдік. Дана Абай айтқандай, «...өзі де рас, сөзі де рас» Алланың есебі деуге болар, сол Ұлы ұстазын ішінде ине айналмас рухани азғын тобырдың құрулы қақпанына түсірмей, аман сақтап қалған Әнуар екені баршамызға және аян. Студент кезіндегі ол ерлігі Әнекеңнің азамат тұлғасын анық танытқан.

Мен білген Әнуар Әлімжановтың азаматтық айтулы әрекеттері аз емес. Енді бірін еске алсақ, Мұхаңның өсиетін әспеттеп, сенімін ақтап, Африка мен Азия елдері жазушыларының Алматы конференциясын ұйымдастырды. Өзбекстан тарихшылары «өзіміздікі» деп еншілеуге кіріскен Әбу Насыр әл-Фарабиді қазағының құшағына қайтарып алып, конференцияны ғұлама бабамыздың туғанына 1100 жыл толған тойымен аяқтады.

Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің араб елдерінде сақтаулы бірнеше кітабын, Ауғанстанның Қараши қаласынан бетбейне суретін алып келіп, фарабитануға мол үлес қосты. Нақты деректер негізінде жазған «Ұстаздың оралуы» романы Араб – Азия елдерінің бәрінде өз тілдеріне аударылып, кең тарады.

Иә, 22 жыл бойы аға-інідей аралас-құралас, дос-жолдастай сырлас болғанымызда Әнекеңнің: «Мен сөйттім, мен бүйттім!.. Мен алай дедім, мен былай дедім!» деп әлдебіреулерше өзін-өзі мадақтап та, өзгелеріне мадақтатып та әулекіленген жоқ. Ғажап қарапайым, кішіпейіл еді. Жоғары атақты іздемеді, керек етпеді. Іздегені, керек еткені тек ақиқат болды. Лауазымқұмар лепіргіштерге жалтақтамады, жағынбады. Ондайлар соқтыға қалса, дертесін қайырып тастап жүрді.

Ардақтым болған Әнекеңнің аруағына қызмет істеуді парызым тұтып, әдеби мұрасына бас-көз болып, 70-80-85 жылдықтарына арнап қазақ-орыс тілдерінде: «Әлем таныған Әнуар. Признанный миром Ануар»; «Біздің Әнуар. Наш Ануар»; «Ғибратты ғұмыр. Яркая жизнь» деп аталған үш кітап шығардым. Төртіншісі – осынау тойымызға дайындық ретімен былтыр «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай... В сени твоей не нашлось мне приюта...» деген кітабым. Ол – Әнуардің Мұхаңды қара құрықтан қалай құтқарғаны хақындағы хикаятымның жеке басылымы. Ал 90 жылдық тойына тарту еткен еңбегім бүгін қолдарыңызда. «Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов кім болды?» деген сауалға бұл кітаптағы іріктеулі хаттар-ақ тұшымды жауап береді.

Халқының ұлы Әнекеңнің 100 жылдығын тұтас Қазақстаны тойлайды деп сенелік, күтелік!

Сырттан келіп киліккен қаңғыма дерт қағынып тұрған күндерде «тәуекел түбі – желқайық» десіп, Әнекеңнің аруағын аялауды ұйғарған ұжым – Амандық Ғаббасұлы Баталов бас болған облыстық әкімдіктегі, оларды қолдаған аудандағы, ауылдағы азаматтарға, қазағымыздың ақ ниетін қайталап айтсам, Алланың нұры жаусын!

Баршаңызға бас амандығын, жас жеткіншектеріңіздің Әнекеңдей Адам, Азамат, Қайраткер болуларын тілеймін! Құрметпен: Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ", - делінген хат мәтінінде.

Рух пен руханият, жазушы мен оның шығармашылығы, қайраткерлігі туралы айтылған осынау сүбелі сөз, жалынды пікірлерлен кейін Ә.Әлімжановтың мерейтойына орай облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген естелік кітаптың тұсауы кесілді. Салтанатты рәсімді облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрымбаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулетов, Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы өткеріп, тың туындының лентасын қиды.

Рас, Әнуар Әлімжанов қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғаларының бірі. Ол көзінің тірісінде қазақ ұлты, оның руханияты үшін тынбай тер төкті. Айдынды Алакөл өңіріндегі құстың ұясындай ғана Қарлығаш ауылында туып, мұқым елдің мұраты жолында саналы ғұмырын сарп етті. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң «Ленинская смена», «Огни Алатау» газеттерінде қызмет жасады. «Литературная газета» және «Правда» газеттерінің Қазақстан бойынша тілшісі қызметін атқарды. Республика Жазушылар одағын басқарды. Мұхтар Әуезовтің шәкірті болған Әнуар Әлімжанов, Мәскеудегі Республикалар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Қазақстанның тарих және мәдениет қорының төрағасы, Азия және Африка жазушыларымен байланыс жасау жөніндегі кеңестік комитеті төрағасының орынбасары, Бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды. 1969 жылы жазушыға Джавахарлал Неру, 1985 жылы Агостиньо Нето атындағы халықаралық сыйлықтар берілді. Ерен еңбегі «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен аталып өтілді. «Күнге бет алған керуен»  повесі үшін  Қазақстан Ленин комсомолы және республикамыздың Абай атындағы сыйлықтарына ие болды.

«...Әнуар Азия мен Африкаға, басқа да көптеген елдерге қазақтың кім екенін, қандай болатынын танытты. Бірқатар ірі қайраткерлермен дос болды. Өзі де заманының белгілі қайраткері болып қалыптасты. Тарихта қалды», – деп Камал Смайлов айтқандай, жазушының осынау ғұмырындағы жарқын іздер конференция барысында сөз алған зиялы қауым өкілдерінің әңгімесіне арқау болды. Өз кезегінде сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев жазушының мерейтойына деген ақжарма тілегін арнай келе ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқыды. Сонымен қатар, шараның тізінін ұстаған Әміре Әрін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау қатын оқыды.

Әнуар Әлімжановтің ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовті бір қатерден алып қалғаны көзі қарақты жандарға белгілі. Данышпан Абай туралы жазған эпопеясы арқылы нақақ айыпқа таңылған Мұхтар Омарханұлын биліктегілер жанардан жылыстату мақсатында жымысқы ойға келсе керек. Тосын ақпарды құлағы шалған Әнуар Әлімжанов өзі қарайлас жалынды жастармен кеңесе келе ұстазының қолына ұшақ билетін ұстатып, Мәскеуге аттандырады.  Әуе арқылы Мәскеуге жетіп, сонда өршіген оттың жалыны басылғанша заманның заңғар жазушысы жан сақтап, кейіннен туған атырабына жетеді. Ұстазына, ұлттың аяулы перзентіне төнген осынау қатерді ысыра білген Әнуар Әлімжанов сол шақта 23 жаста екен.

Міне, осындай қайраткерлігі, жазушылығы мен рухты жалау еткен мөлдір шығармалары, асқақ болмысы мен ерлігі, өрлігі туралы конференция барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері жарыса айтты. Алматы облысының Құрметті азаматы, жазушы Наурыз Қылышбаев, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан журналистикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы, Қазақстан журналистика академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Сағымбай Қозыбаев, жазушы, профессор, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының леуреаты, көрнекті жазушы Қуандық Түменбай, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз, Ә.Әлімжановтың досы Әбдікәрім Мұхамедсыдықұлы, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, Екпінді ауылдық кеңесінің төрағасы Мелс Омаров пен жазушының мұрасын зерттеп жүрген зерттеуші Ербол Ақшолақов конференцияда сөз алып, Алты Алашқа ортақ тұлға туралы тебірене термеледі.

Ал жоғары деңгейде өткен рухани шараның қорытынды сөзін жазушының қызы Динара Әлімжанова сөйлеп, осынау игілікті іске мұрындық болған барша азаматтарға, зиялы қауым өкілдеріне, облыстық әкімдікке деген ризашылығын білдірді. Асқар таудай әкесінің кеңжүректі жан екендігін, қайсарлығы мен қайтпас табандылығын, ұлт жолында еселеп еңбек етіп, телегей тер төккендігін перзентік пейілмен жасырмай жеткізді.

Жазушының замандас досы Тұралық Дөненбаев: «Әнуар елін, жерін ойлаған азамат, жер жүзін аралаған, әлем халықтарының достығын, бейбітшілігін жүрегімен қабылдаған, ешкімге ұқсамайтын тұлға» деп жазыпты бір естелігінде. Расында, 60-қа жуық мемлекетке сапар шегіп, өз ұлтының жоғын жоқтап, тарихын тізбектеген айрықша тұлғаның ешкімге ұқсамайтын әлемі бар. Тоқсан жылдық торқалы той барысында өткен конференцияда сол әлемнің әрбір қасиеті зиялылардың пікірімен ұштасты. Ал, жазушының ғасыр тойына куә болсақ деген тілектің де осынау рухани шарада әрбір жүректен мамырлап ұшқанына куә болдық.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы