Қайырымдылық жүректерді жұмсартады

Уақыты: 15.05.2017
Оқылды: 2003
Бөлім: ТҮПСАНА

Жүрегіміздің қай тұста тұрғанын сезіндірді десіп тарқасты иін тірескен жұрт. Көпшілігі кеудесінің атқақтаған сол жақ бөлігін қайта-қайта сипағыштап, кештегі әрбір әсерлі көрініске көз жасын сығып отырды. Бұл – екі әннің басын біріктіріп, ел алдында есеп беруге әрекеттенген, одан қалса, әлдебір өнерпаздың даңқын дәріптеуге арналған әдеттегі мәдени басқосу емес. Рухани кешке куә қауым толқынысты шарадан кейін мейірім мен материалдық көмекке мұқтаж жандарға тағы да қол ұшын созуға ұмтылды. Қайырымдылық жасауға қолдың қысқалығы, қалтаның жұқалығы кедергі болмайтынын ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Жұматай ОСПАНҰЛЫ өзінің «Ғасырлар керуені» атты театрландырылған поэтикалық-рухани кешінде дәлелдеді. Кештен жиналған қаражат шашау шықпаған қалпы тәй-тәй басар шағынан тағдырдың сынағына түскен Нұрбек есімді кіп-кішкентай бүлдіршіннің ата-анасына табысталды.

Елдің ықылас-пейілінен түскен қаржы кішкентай періштенің ем алуына жұмсалмақ. Бауыр еті баласы үшін шыр-пыр күйге түсіп, шын тілекші болатын жанашыры қай кезде де ата-ана ғой. Осы жолы Асқар мен Гүлімнің тілегіне кешке келіп, қайырымдылық жасаған қалың ел қосылды. Шаранасының табанына шаншылатын шөңгеге шекесін тосатын ана мейірімі осы кеште паш етілді. Өзгеше форматта шымылдығы түрілген шарада ине шаншар орын болмады. Несін жасырайық, жаһандық дәуір көпшілікті ағайынгершіліктен алыстатып, қарақан басын күйттейтін күйге түсірді. Бастырмалата шыққан байланыс құралдары қарым-қатынас пен хал сұрасуды көбейтудің орнына сиретіп, адамзатты бір-біріне деген сенімнен айырып жатқандай. Адамның әр адымы есепке құрылған мына заманда уақыттың өзі тапшы. Тіршілікке ілінген уақыт шіркіннің шиыршығы кейде мейірімділікке мойын бұрғызбай кетеді. Қайырымдылыққа қайырылмайтындардың қатары арта бастаған тұста ақын Жұматай Оспанұлы поэтикалық кеш арқылы бастама көтеріп:
– Біз қайырымдылық қанында елдің ұрпағы емес пе едік?! Қайырымдылық жасау үшін міндетті түрде бай болудың қажеті жоқ. Ол үшін сіздің жүрегіңізден мейірім мен пейілдің кішкентай бөлшегі табылса жеткілікті. Кейде бізді осындай кішкентай нәрсе үлкен жақсылықтарға жетелейді. Бүгін біз соған куә болып отырмыз, – деді.
Кештің кіріспесін автор өзінің «Сендер аман болыңдар, жақсы адамдар!» деп басталатын өлеңімен ашты. Жүрекжарды жыр сынақ арқалаған сәбидің сауығып кетуіне шын тілекші көрерменге арналды. Содан кейін поэтикалық кештің басты себепшісі, кішкентай бүлдіршіннің ата-анасы Асқар мен Гүлім сахнаға көтерілді. Берекелі отбасы Күреңбел өлкесінің қойнауында жатқан аядай Жоламан ауылында тұрады. Ауылдың алтын бесігінде балаларын тербеткен шаңырақ көп ұзамай тағы бір шаттыққа кенеледі. Нұрбек есімді болашақ елдің тірегі, кең-байтақ Отанының қорғаны өмір есігін ашады. Алайда алтын асықтай ұлдың алдын тосыннан жабысқан дерт кес-кестеді. Үй ішін нұрға толтырып, ата-анасын тәтті қылықтарымен қуандырып жүрген Нұрбек небәрі екі айлығында ауруға шалдығады. Дәрігерлердің алтын қолына қараған ата-ана күні-түні Аллаға жалбарынды. Баланың басына түскен ауыртпалық ана жүрегін жаншыды. Асқар таудай әкені уайымға салды. Бірақ жігерлі жандар морт сынып кеткен жоқ. Керісінше, үміт жібін үзбей, сабырлық таныта білді. Сәбидің бұлшықетіне зақым келіп, әлі қатайып үлгермеген сүйектеріне сызат түсті. Баланың бойынан эпилепсияның синдромы байқалды. Ең қиыны, нәрестенің көзі көрмей қалды. Жігерлі жандар азын-аулақ қаражат жинастырып, көптің көмегімен Астана қаласында ота жасатып қайтты. Адал еңбегімен нан-тұзын айырып отырған отбасы бүгінде балпанақтай ұлға құстың сүтіндей қат әрі қымбат дәріні ішкізіп жүр. Дәрігерлердің айтуынша, дерттің бетін қайтаратын осы дәріні қолданудан өзге қайран болмай тұр. Тапшы дәрінің құны 12 мың теңгені құрайды.
Шарапатты шарада Асқар мен Гүлім ат салысып келген ағайынға алғыс айтты. Тіпті, кешке қатысып отырған әрбір адамның бала-шағасына амандық, дендеріне саулық тілеген ата-ана қол ұшын созған қайырымды жандарға деген ризашылығын толқыныстан жеткізе алмай қалды. Алайда олардың жүзінен, жасқа толы жанарынан жақсылық жасағандарға деген шексіз ризашылығы оп-оңай аңғарылып тұрды. Кеш иесі көптің тілеуі қашанда қабыл болатынын жеткізіп, Нұрбектің ата-анасына қайырымдылық кештің билетінен түскен 787 мың 400 теңгені табыстады. «Біз қалтамыздан қаражат ұсына салатын белді кәсіпкер емеспіз, – деді Жұматай Оспанұлы қайырымдылық кешінің басты мақсатын түсіндіре келе. – Біз алдында ақ қағазы жайылған, қолында қаламы бар ақынбыз, журналиспіз. Ендеше, біздің шығармашылық топ дайындаған, тағылымды тарихымыздан сыр шерткен «Ғасырлар керуені» атты кешімізді қабыл алыңыздар».
Қоғам – сіз бен біз өмір сүріп отырған алтын орта. Теңеулетіп айтсақ, тіршілік отына қайнаған қара қазан іспеттес. Бірақ адамзаттың алдында үнемі ақ пен қараның тоқтаусыз күресі жүріп жатыр. Өкініштісі, біз қарттар мен балалар үйі бар қоғамда тыныстап отырмыз. Жүрек жаралайтын жайттарға селқостық танытатынды шығардық. Қоғамда қымбат пен арзанның теке-тіресі басталғандай. Осындай жасырын әлеуметтік тартыс белең алып тұрған тұста қайырымдылық жасау қиынның қиыны сияқты көрінетіні айтпаса да түсінікті. Тастанды сәбидің шырылына, қауқарсыз қарияның жанайқайына, өмірді шексіз сүйетін кемтардың талпынысына атүсті қарайтын енжарлық ел ішіне дендеп еніп барады. Енжарлық ақырында қатыгездікке жетелейді. Жұматай Оспанұлы мұндай қорқынышты құбылыстың бетін адал ниетпен, кең пейілмен жасалған қайырымдылық арқылы қайтаруға бел буыпты. Сол үдесінен шықты да. Шақалақтың қыл үстіндегі тағдырына көз жұма қараған жоқ. Ести сала Асқар мен Гүлім тұратын Жоламан ауылына аттанды. Ауыр жағдайды арқалаған ата-анамен көзбе-көз әңгімелесіп, бар тынысы түймедей дәріге тірелген сәбиді құшағына қысты. «Осы уақытқа дейін бала та-       науындағы түтікшемен тамақтанатын. Көптің тілеуі шығар, бірнеше күн бұрын өз аузымен тамақ іше бастады», – деді кеш барысында Жұматай Оспанұлы тебірене. Манадан бері көзіне жас алып отырған дүйім ел қарлығаштың қанатымен су сепкен кеш иесінің қуанышты жаңалығына дүрілдете қол соқты.
Қолына қалам ұстап, ардың жүгін арқалаған Жұматай Оспанұлы жиналған қауымды театрландырылған тарихи қойылымдармен тәнті етті. Қайырымдылық шарасы «Ғасырлар керуені» деп аталатын поэтикалық кешке ұласты. Нұрбек Асқарұлының сауығып кетуін тілеген Б. Римова атындағы облыстық драма театрының әртістері Мақсат Ақжолов, Ерлік Қалибек, Рауан Жарболұлы Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары Біржан Жалғасбаев, Бану Лахаева, Мәншүк Тұрсынғазина, Кенжекей Ақжолова, Жомарт Тәкебаев, Гүлім Нұрасылова мен «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблінің биші жігіттері, сондай-ақ, Ескелді аудандық Мәдениет үйінің «Жігіттер» вокалды тобы, «Талдықорған әуендері» фольклорлық этнографиялық ансамблінің бишілері, Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің ұстазы Рүстем Наурыздың шәкірттері, әнші Әліби Бекайдар және Сол-түстік Қазақстан облысынан арнайы келген досы, әнші-актер Біржан Жалғасбаев кештің әсерлі өтуіне ерекше атсалысты. Ақын Жұматай Оспанұлының сөзіне жазылған әндерді шырқап, өлеңдерін оқыды.
Қазақ тарихының ең елеулі кезеңдері, атап айтқанда, жусанды дала төсіндегі көшпенділер дәуірі, шапқыншылық, Ақтабан шұбырынды заманындағы зар мен мұң, өткен ғасырдың басындағы Ұлт-азаттық көтеріліс, Алаш арыстарының ұлттық идеясы, Екінші дүниежүзілік соғыс, ядролық сынақ алаңына айналған Абай топырағы, жастардың қаны төгілген Желтоқсан оқиғасы көрерменнің көз алдына жалынды жыр шумақтары арқылы келді. Кештің басты ерекшелігі, әрбір тарихи оқиғаның соңында ауыздан-ауызға көшкен, сол дәуірдің куәгері болған халық әндерімен түйінделіп отырды. Тарихи жылнама арасында қазақтың дәстүрі паш етілді. Көрікті қыздар мен өнерпаз жігіттер домбыраны қолға алып, айтысқа түсті. Бұдан кейін «Ғасырлар керуені» Тәуелсіздік шежіресімен жалғасын тапты. Ақынның қыз-ұлдары Мағжан, Думан, Айзере, Рамазан өлеңдер оқып, ән шырқады. Азаттық туы желбіреген бүгінгі бейбіт заманның оқушылары кеш иесінің бала тілімен жазылған тақпақтарын оқып, Мәңгілік Елдің келешегін көрсетті.
Жұматай Оспанұлының те-атрландырылған кеші жүрегіне емес, астындағы көлігіне түскен сызатты көбірек уайымдайтын бүгінгі адамдардың арасына қайырымдылық шамын жаққандай ерекше әсер қалдырды. Кеш барысында І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының кіреберісіне қойылған қайырымдылық жәшігіне тағы да қаражат жиналды. Келесі күні Нұрбектің анасы әлеуметтік желідегі парақшасына кештен бас-аяғы 880 мың теңге түсіп, қарызын қайтарып, дәрісі мен тамағына тапсырыс беріп қойғанын жазып, қайырымды жандарға алғысын жеткізген болатын. Расында, қайырымдылық жүректерді жұмсартады.

Қуаныш ТҰНҒАТАР