ЕЛІМ ДЕП ЕЛЖІРЕГЕН

Уақыты: 30.11.2023
Оқылды: 2113
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алдымда бір кітаптың жатқанына біраз болған.  Жұмыс үстеліме келіп отырған сайын ең алдымен бір-екі өлеңін оқып шығамын да, қайтадан орнына  қоямын. Бұл  ежелден қалыптасқан әдетім. Өлеңнің әр шумағын санама сіңіріп, тәтті тағамның дәмін алғандай тереңіне бойлау, ой елегінен өткізу арқылы жазылған жырдың мазмұны мен орындалу сапасын саралау поэзия оқудағы айнымас дәстүріме айналған.  Оқып жүргенім – Ақсу ауданының  елге сыйлы, үлкен-кішіге құрметі артқан азаматы Болатхан Боранбаевтың «Айтарым бар» атты өлеңдер жинағы еді.  

 

...Расын айтқанда, екеуміздің таныс-біліс бола бастағанымыз 1997 жылы Қапал ауданының таратылып, Ақсу ауданына қосылуымен тұспа-тұс келсе керек. Сол жылдары Жансүгір кентінде өтіп жататын  түрлі мәдени шараларға қатыса жүріп, аудандық Мәдениет үйінің директоры болып қызмет жасайтын Болатханмен араласудың, қарым-қатынаста болудың реті келген. Бөкең мәдениет саласында, өнерлі ортада жүріп сөз қадіріне жеткен, әдебиет ауылына жақын қонған адам ретінде көзіме жылыұшырап, өзара сыйластық қалыптасқаны ақиқат. Ауданда болып тұратын кез келген шараның басы-қасында – ол концерт бола ма, жоқ әлде саяси науқан ба, жоқ әлде тілге қатысты іс-шара ма, әйтеуір осы кісінің алашапқын болып жүретінін байқайтынмын. Және қолға алған ісін тап-тұйнақтай етіп орындап, айналасындағы жастарды ұқыптылыққа, жауапкершілікке, өнерге адал қызмет етуге баулитыны  байқалушы еді. 

Кейін, араласа келе Болатхан Боранбайұлының мамандығы – тарихшы екенін білдім. Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін тамамдаған жас  маман  ауылына келіп, мектепке мұғалім болып орналасқанымен, ұстаздық жасау  маңдайына жазылмаған екен. Жалындап тұрған өнерлі жігітті сол кездегі кадр саясаты бойынша бірден комсомол жұмысына тартады. Одан ары қарай шаруашылықтың кәсіподақ комитетінің төрағасы, ауыл әкімі болып жоғарылай береді. 

Әкім қызметіне тағайындалуы елімізде экономикалық құлдырау етек алған 90-шы жылдармен тұспа-тұс келеді. Жоқшылықтың салдарынан мал ұрлығы өрістеп, адамдар абдырап калған кез. Ұрлықтың алдын алу үшін ауыл тұрғындарынан ақылы сақшы ұйымдастырып, төрт түліктің қолды болуының алдын алғаны бар. Мектеп, балабақшалар қыста жылусыз қалып, жабылуға шақ тұрғанда амалын тауып көмір жеткізгені, ауызсудың зардабын тартып отырған жұртшылыққа арнайы техника алдырып, әр жерден ұңғыма қаздыру арқылы су бергені, жарықсыз отырған үйлерге электр қуатын әкелгені, қазір аңыздай айтылып жүр. Болатхан бұнда да ел мәселесіне бейжай қарай алмайтын, не көрсе де халықпен бірге көруге дайын азамат екенін аңғартып тастаған. Қысталаң сәтте қол қусырып қарап отармай, тығырықтан жол тауып шығатын жігерлігі абыройына абырой қосқан. 

2005 жылы аудандық Мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалды. Сол кездерді көрген аға буын өкілдері өлкемізде  мәдениет саласының қалай құлдырағанын жақсы біледі. Елді мекендердегі Мәдениет үйлері мен клубтар қараусыз қалып, жекеменшіктің иелігіне берілгенін, кітапханалар жабылып, руханият ордасының ойсырағанын көзіміз көрді.  Осындай ауыр кезеңде мәдениет саласына келген Болатхан Боранбайұлы бар дүниені сақтап қалу үшін тер төккен болатын. Ауданның мәдениет бөлімін 3 Мәдениет үйі және 6 штат бірлігімен қабылдап алған ол жұмысын тапсырғанда 22 Мәдениет үй мен клуб, 101 адамдық штатпен өткізгені көп нәрсені аңғартпай ма?! 

Бір жолы ауданда оқушылар арасындағы өнер байқауы өтіп жатты. Облыстық газеттің өкілі ретінде қазылар алқасына мені де қосыпты. Сол жолы таңдайы тақылдаған, сахнада өзін еркін ұстап, өнерімен де баршаны сүйсіндірген Айберген атты бала өзгелерден оқ бойы озып шығып, жүлдегер атанған. Кейін білгеніміздей, бұл Бөкеңнін төрт қызының соңынан ерген жалғыз ұлы екен. Оны былай қойғанда, жары Алма, қыздары Аңсаған, Гүлзия, Әлия мен Назымгүл де мәдениет ауылына үй тіккен, өнердің өз перзенттері болып шықты. Назымгүлі бүгінде жоғары оқу орнында жастарды өнерге баулып жүрген нағыз ұстаз. Айбергені жеке кәсіппен айналысса да өнерден қол үзе қоймағанын естідік. Балаларының бәрі де жоғары білім алып, бір-бір саланың маманы атанған. Олардан 11 немере сүйген Болатхан мен Алма өркендеп өскен бақытты әулеттің иесі ретінде тіршіліктерін жалғастыруда.  

Бөкеңнін шығармашылығын сөз етпес  бұрын  азаматтығын, елі үшін еңбек еткен қайраткерлігі мен өнерлі ұл-қыздарды тәрбиелеген ұлағатты ата-ана екендігін айта кетуді парыз санаған едім. Ал,  өлеңге алаңдаған ақындығын, шынымды айтсам, кейін білдім. Сөйтсем, Бөкең  өлеңді бұрыннан жазады екен. Онысын дабыра қылмай, көңілінен шыққан кейбірін ғана газеттерге беріп, қалғанын қалдыра берген ғой.  

...Емірентіп, емешегін үздіріп, 
Тұла бойды түршіктіріп, мұз қылып.
Тебірентіп, тербейтін-ді идіріп,
Өзегіңді өртеп, оттай күйдіріп.
Дарқан көңіл, даладай кең жаныңды,
Тарыдай қып бір қауызға сыйдырып. 
Діл сезімді – жандырып бір, тоңдыра,
Күңірентіп күй төгеді домбыра!
– деген сыңар шумақтан нені аңғардыңыздар? Иә, дұрыс  айтасыз, Ілияс ақынның  сарыны сезіліп тұрған жоқ па?! Ал ана тілі жайлы тебіренгенде:

Дүниеде халық көп, ғажап қалай,
Айтарымды айтайын азаптамай.
Барлық тілдің бастауын – Хауа тілін,
Анам тілі деген ел – қазақ қана!
– деп толғайды.
Бөкеңнін өлеңдерінен сылдыр су, жайдақ ойды кездестірмейсіз.  Туабітті болмысы мен атқарған қызметіне сай ел үшін алаңдайтын жанның жүрегінен тек көптің қамы, салт-дәстүр мен қазақтың өзіне ғана тән құндылықтарды шыр-пыр болып қорғаған беймаза жанның үнін ғана естисіз. Бұл жолда ол тарихқа да көп жүгінеді.  

Оты мол, өрісі кең сайын дала,
Түркіні бақ-дәулеттен айырмаған.
Құт мекен! Мал мен басын бірге өсіріп, 
Ерлерін ерлік іске дайындаған!
– деген жолдар алғы күнге үмітпен қараудың үлгісі іспеттес.
«Айтарым бар» жыр жинағы Болатханның шын мәнінде айтары бар ақын екенін аңғартып тұрғандай. Өлеңді өмірлік серігі етпесе де жырға құмар жанның жүрек соғысын, көңіл тынысын сездіретін шумақтар өз оқырманын тауып жатқаны даусыз. Өзі де жетпістен асқан шағында өлеңді қойып, дінге бет бұрсам  қайтеді деген сауалды көлденең тастай отырып:

Бір шыңы көркемдіктің – сөз өнері,
Жыр – жаңбыр, жаңбырсыз жер кезереді.
Мұң – тілін, көңіл – күйін сезім – сырын,
Өлеңсіз адам қалай сезер деді?! – дей отырып:
Қандым да жауабына, үндемедім,
Білген ем дертті Ділге – Дін керегін.
Жасқа да, кәріге де өнер ортақ,
Өмірім, өлеңменен бірге менің!
– деген қорытындыға келеді.

Иә, Бөкең бүгінде айналаға ақыл айтар, ағайынға айбын болар жасқа келіп, ел-жұртының ортасында ұрпағының  қызығын көріп отырған  жайы бар. Сонда да жеттім, жетілдім демей,  ұлт болашағына қанатымен су сепкен қарлығаштай үлесімді қоссам деп жүрген  мазасыз жанға  өнегемен де, өлең-өрімдерімен де өскелең  ұрпаққа үлгі бола бер дегіміз келеді.  

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ