Кең тынысты қаламгер

Уақыты: 03.12.2023
Оқылды: 1763
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ауданымыздың көрнекті қаламгерлерінің бірі Қараша Қараман мерейлі жасқа толып отыр. Есімі елге кеңінен танылған Қарашаның аудан руханиятына сіңірген еңбегі зор. Ол кешегі кеңес заманында да, тәуелсіздік алған жылдары да өнімді еңбек етті. Табиғи таланты мен ізденісінің арқасында 20-дан астам туындысы жарық көрді.

Жоғары оқу орнын бітіре салысымен Қаратал жеріне келген ол ауданымыздағы экономикалық, әлеуметтік, ақпараттық істердің басы-қасында болып, ыстығына күйіп, суығына тоңды.

Қарымды қаламгердің шығармашылық жолына көз жіберсек, оның алғашқы қанат қағысы мен асқан асулары, көтерілген биіктерінен қабілет-қарымын танып, екпініне қуанасың, риза боласың. Қарашаның шығармашылығы үздіксіз өрлеу жолымен өтті деуге толық негіз бар. Руханият әлеміне ол өмір мектебінен келді. Оқығаны мен ойға түйгені мол маман  бірден білгені мен көргенін қағаз бетіне түсіріп, көсіле жазуға төселді.

Айнымас ақиқаттан асыл ағам

 

Семсердей сертке ұстадың қаламыңды,

Қағазға мұң ағылды, зар ағылды.

Айнымас ақиқаттан асыл ағам,

Қақ жарған ортасынан қара қылды.

 

Тараған асыл сөзі күллі жұртқа,

Жүздіңіз Ерімбеттей жыр-мұхитта.

Жағадан тамашалап құр қарамай,

Сүңгідің тылсым терең тұңғиыққа.

 

Жас Ғани өшпей-тұғын мәңгі жалын,

Ертерек опат болды-ау арғымағым!

Күш салдың тұғырына қондырсам деп,

Қазақтың қайталанбас сол қыранын.

 

Өріс тілеп жыр-мұхит, от өмірге,

Ту қылып көтердіңіз екеуін де.

Жетпіс бес жасқа келген, Қараша аға,

Келіңіз, кем дегенде, екі елуге!

 

Мақсат Әлсейтов

Қарасай аданы,
Алматы облысы

Туғанына 75 жыл толған Қонысұлы өзіне биік талап қоя білді. Мен оны бүкіл жазған еңбектерімен, бүгінгі талап-үдесінен шыға білген, кең тынысты қаламгер деп білемін. Оның қаламы бірте-бірте ұшталып, өткірленді, соған орай ойы да қанаттанып өсе берді. Ол екі дәуірдің де қызығы мен шыжығын келістіре жазды. Өндіріс пен ауылшаруашылығын өркендету жолын, өзекті проблемаларын көрсете білді, сондықтан мақалалары дәуір үні мен заман талаптарына сай болды.

Мұқият қарасақ, оның қаламгерлік жолында қатарласа жарасқан  бірнеше саланы байқаймыз. Өнімді шығармашылығының үлкен бір тармағы өткеннен сыр шертетін ауданымыздың әулие, би-батырларының айшықты болмыс-бітімдері мен шешендік сөздері және киелі өсиеттері. Ол оны сол дәуірдің суретімен зерделеп,  халыққа таныстырды, сол үшін де Қараша есімі аудан жұртшылығы үшін қымбат. Екінші бір тармағы, тарихи тұлғалар туралы жазғандары. Мысалы, «Қарасақал Ерімбет шайыр». Сол секілді өткен ғасырдың 20 жылдары Қазақстан жастары легінің жетекшісі болған Ғани Мұратбаев туралы зерттеулері мен ізденістерінің өзі неге тұрады?!

Өлкеміздің көптеген атпал азаматы туралы жариялаған  көлемді дүниелерін бұл қатарға қосуға негіз бар. Сондағы мақсаты –  кейіпкерлерінің өнегелі өмірін көпшілікке паш ету. Таяуда жарық көрген ауданымызға еңбегі сіңген Мәкен Өсербаева әпкеміз жайлы жазылған «Редактор» атты еңбегін де ерекше атаған жөн.  Адамды ойлантатын, азаматты ардақтауға үндейтін қаншама мақаласы оқырман назарына ұсынылды десеңізші?!

ҚАРАТАЛДЫҢ ҚАРАШАСЫ

Қазаққа небір абыз, би, шешен, көреген көсем, жезтаңдай жыршы мен от ауызды, өткір тілді ақындарды сыйлаған киелі Сыр өңірінде, Қызыр қонған Қызылорда жерінде осыдан 75 жыл бұрын бір сәби шырылдап өмірге келген. Қарапайым тірлік кешкен ата-анасы қараша мен желтоқсан айының бел ортасында туған сәбиін Қараша деп атапты.

Негізінен алғанда, қараша деген атаудың астарында тағы бір елеулі мағына бар. Тарихқа көз салсақ Шыңғыс қағаннан бастап, қазақтың соңғы ханы болған Кенесары Қасымұлына дейін «Алтын топшы» ұрпақтары билеп келгенін аңғарамыз. Сол уақыттан бері олардың қиындықта да, қуанышта да қатар табылған батыр, би, абыз, көсемдерді шыққан тегіне қарай «Қараша» деп атаған. Мысалға айтсақ, Сыр өңірінде дүниеге келген қазақтың танымал тарихшысы Қыдырғали Жалайырды «Қараша Бек» дегені алты Алаштың шілтері шежіресіне енді. Үш жүздің ханы болған Абылайдың Қытай еліне жіберген елшілерін бастап апарған Жалайыр Қара би немесе Қараша би басшы болды. Ата-анасы да өз сәбилерінің осындай дәрежелі адам болғанын қалаған шығар, сәбиіне «Қараша» деп есім қойғанына қарағанда.

Иә, сөйткен сәби өсіп-өніп, ат жалын тартып мінген тұста арман қуып Алматыға келді. Қараша ағамыздың асығы алшысынан түсіп, Қазақстанның белді оқу орындарының бірі – ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне қабылданды. Оқуын тамамдаған соң Қаратал аудандық газетінде табаны күректей 50 жылдан артық қалтқысыз қызмет етті. Бұралаңы көп өмір жолынан өтіп, жас қанат журналистен қазақ журналистикасының белді де беделді, қаламы ұшқыр қайраткерлігіне дейін көтерілді. Саналы ғұмырын Қаратал өңірінің өсуі мен өнуіне сарп еткен ардагердің әр мақаласында осы бір киелі жердің тарихи-мәдени өмірінің мағыналы беттері айшықталды.

Жетісу жеріне танымал журналистің қазақтың бірегей қаламгеріне айналуына нендей себептер әсер етті десек, қасиетті Қараталдың шыңырау түбінде шырылдап жатқан шындығын, Кеңес заманында жазу тұрмақ, айтуға болмайтын кезеңде, өзінен жасы үлкен ағалары Ораз Исмаилов, Ұзақпай Доспамбетов, Наурыз Қылышбаевтармен бірлесе кірісіп, бүкіл қазаққа белгілі бәйтеректей билерді, алты Алашқа танымал арынды ақын, абыздарды қатпарлы тарихтың қыртысынан суырып алып, биік дәрежеге көтерді десек, артық айтқандық болмас. Қараша аға осы тұста елдің рухани қазынасының жарқын да ғибратты беттерін ашты.

Қараша аға дегенде Қаратал өңірі еске түседі. Қараша ағам дегенде осы киелі жерде ғұмыр кешкен Жолбарыс би, Қабан жырау, Ескелдідей абыз, Балпықтай көреген көсем, Қарымбайдай әділ би, Жәлмендедей тұғырлы тұлға, Пышандай арқалы ақын есіме түседі. Міне, осындай тебіреніске тақырып болған аяулы аға, асыл азаматтың сексеннің сеңгіріне шыққанын,  тоқсанның тұғырына қонғанын көргіміз келетіні тағы рас!

Жұмахан ҚОЖАМҚҰЛ

Қ. Қараман қоғам өміріндегі көп нәрсеге бас болды, тыңнан жол салды. Тәуелсіздік алған жылдары тіл мен ономастика саласында тындырымды қызмет етті. Күрескерлік мінез танытты. Қазақ тілінің мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындарда, ұйымдарда қанат жаюына, іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне, дүкен және басқа да сауда орындары атауларының қазақшалануына көп күш салды. Ономастика қызметінде де кеңестік заманнан мұра боп қалған атауларды өзгертуге мұрындық болды, ұлт мүддесі тұрғысынан құнды бастамалар көтерді. Барлық қажетті құжаттарды сауатты даярлап, жоғары жаққа уақтылы жіберіп отырды. Біз оған тек көмекші әрі тілеулес жанашыр болдық. Соның арқасында, бүгінде «Достижение», Бірінші май, Новый Мир, Красный Восток, Елтай, Тельман, Октябрь, Новая жизнь елді мекендері, тиісінше, Көкдала, Көкпекті, Жылыбұлақ, Қанабек, Қаражиде, Қарашеңгел, Ортатөбе, Кішітөбе болып жаңартылды. Ал өзгертілген көше атауларында есеп жоқ. Сондай-ақ көптеген мектеп атаулары да жаңаша жаңғырды, К. Тоқаев, Б. Римова, І. Есенберлин, Ж. Молдағалиев, М. Ғабдуллин есімдері берілді.

Жалпы, Қараша табиғатында еңбексүйгіш жан. Бір байқағаным, бір сәт қол қусырып отыра алмайды. Әрқашан қолынан қаламы түспейді, жазуға ынтасы ауады да тұрады. Одан қалса кетпенін  сүйретіп бақшасында жүреді. Үнемі қимыл-қозғалыста, ізденісте жүргенін көремін. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.

Қараша Қонысұлы өмірде қарапайым, адал жан. Ол бойындағы бар ынта-ықыласы мен күш-жігерін журналистикаға, әдебиетке, ұлт мүддесіне жұмсауда. Оның шығармашылық табыстарының бар сыры – ерінбей еңбек етуінде екенін тағы бір атап өткім келеді.

Жексенбек Сұлтанбеков