Жаркенттің жампозы

Уақыты: 03.03.2024
Оқылды: 822
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ғасырдың жаңа онжылдығын қамтуға аз қалған ата басылымның кешегісі мен бүгінін жалғаған алдыңғы толқынның ішіндегі көнекөз «меншікті тілшіміз» туралы тебіреніс алдында бір дүниені айшықтауды жөн санадық. Әуелі сөздің басында жетпістің желкенін керген Мырзағали аға Нұрсейіт турасында бір адал сөз айту үшін де лайықты теңеу іздедік. Таптық. Турасын айтқанда тапқан жоқпыз, өзінің болмысы, адамгершілігі, асыл қасиеттері мен еңбегі менмұндалап «осы бір сөздің кейіпкері емеспін бе?» дегізгендей болды. Ал енді сол мысалды термелейік.

...Әлемге әйгілі Джек Лондонның «Мартин Иден» романын оқыған боларсыз. Мінсіз шығарма. Теңіз кешіп тірлік еткен Мартиннің адамзат баласы жүріп өткен таптаурын сүрлеуден ада, өзіндік әлемі, мұң-мехнаты, зар күйі сананы ділгір етеді. Қарапайым тірліктің сынықсүйемін де жанына жуытпай, кешегі басқан ізінен жерініп, сүйгені мен сүйікті көрінген келешек өмірі үшін дүние қызығынан бас тарта тұрып, ашқұрсақ жүруге де шыдас береді. Ақшасыз, тамақсыз күн кешсе де ұлы шығарма жазу қамымен болады. Әрбір жазған өлең, очерк, әңгіме, повестерін газет-журналдарға жібереді. Алайда қаламақыға қолы жетпейді, жазғандарын жарияламаған басылымдардан кері қайтқан шығармалары жазу үстелінің астында тау болып үйіледі. Бір жағынан сүйіктісі де шығармаларын жаратпай, басқа тірлікпен айналысуды сұраса, Мартинді танитын ел жұмыстан қашқан жанға балап, саусағын шошайтып «арамтамақ», «жалқау», «ез» деп жәбірледі. 

Әлемге әйгілі бұл шығарманы мазмұндаудың қажеті шамалы. Негізгі дүниелерді атадық. Десе де Мартин елге танылды. Жарамсыз саналған шығармаларын көпшілік сүйіп оқиды. Іздейді. Қаламақы доллар күйінде қалтаға түседі. Әлжуаз топтың мүшесі әйгілі жанға, дәулетті тұлғаға айналады. Бізді таңырқатқан дүние – мұратына жеткен кейіпкер тағдыры емес, осы шығарманы талдағандардың сыңаржақ пікірі һәм «Мартин Иден синдромы» төңірегінде болмақ. 

«Бір биікке жетіп, қалаған шыңына табан тигізген соң одан жерінетін, баз кешетін психологиялық күйді «Мартин Иден синдромы» деп атайды», – деген анықтаманы оқығанда екіұдай күй кештік. Әділ баға ма? Жоғарыдағы психологиялық күйге атау болатындай Мартин Иден композициядан, шеңбер немесе вакуумнан аса алмаған кейіпкер һәм прототип пе? Меніңше психологиялық лабораторияның сарғыш журналына жегілген дәмкәс профессорлар мен шығарманың сезім түйсігіне түрткі берген жай-күйінен аса алмаған сыншылар ғана мұндай келте байламды қоғамға таңып жібергендей. Әйтпесе, біз о баста «мінсіз» деп атап өткен шығарманың кейіпкері өмір күресінен жеңілген, дүниенің жалғандығын ұққан, толық жетіліп піскен, арманшыл, асқақ күйін танымаған адамдарға бауырмал хәлде өкпе артқан жан емес пе еді? Сосын барып өлермендікпен еңбектенген, жазуды жаны сүйген адам емес пе? Онда неге өз ісін мүлтіксіз атқарған, ерен еңбекпен тұғырға ту қадағанның сұлбасын, болмысын ақтарып ашып, айшықтап анықтама бермей, көлеңкесіне қарап кесім айтамыз?! Қызық! 

Жазу да жанды қинайтын, өзіне іңкәр ететін бір тылсым сезім ғой. Мартин Иденнің негізгі махаббаты қызға (?) емес, дүниеге деген алапат сүйіспеншілік  шығар. Көктемге аңсары ауған адамның сағынышы құстың келуімен ғана байыз таба ма? Гүлді, көк майсаны, манат белді, көк шұғаны, сылдырлаған өзенді көріп, тамашалауын қайда қоямыз?! Мұның бәрі тұтасқанда ғана мезгілге деген сағыныш басылмақ. Сол секілді Джек Лондонның кейіпкері де өмірге деген махаббаттың бір элементін сүйгенінен, ендігісін жазудан алған.

Жазу да рух синдромы. Ол ішкі қуаттың, дүниеге деген көзқарастың, мейірім мен махаббаттың күшінен пайда болған адал дерт. Онымен ауырған адамның қай санаттағы жазушы болмасын мұраты асыл,  мақсаты берік. Міне, біз осы тұрғыдан алғанда жан қалауын жазудан алған, мұраты мен өмірлік барақатын қаламнан тапқан Мырзағали Нұрсейіт жайлы кеңінен толғана аламыз. Ол да қатари-хәлінің жеткенінше ақ параққа адал болды, жан үнін басылым бетінде айшықтады, тірліктің тәттісі мен ащысын қаламгер көзқарасымен тілшеледі. Осылайша 70 деген жастың желкенін керген тұсқа дейін басылымда терсіңді еңбек етті.  «Jetіsý» газетінің Панфилов ауданындағы меншікті тілшісі болғанға да 31 жыл. Тарих үшін бір сәттік көрінгенімен адам өмірі үшін ұзақ мерзім. Осы уақыт аралығында өзінің жүрек сөзін сүзгіден өткізіп, жазиралы мекеннің әрбір жаңалығын қаламына арқау етіп, қоғам туындатқан, уақыт елеген дүниелерді үзбей басылым арқылы ақжолтайлап отырудың өзі елейтін, ерекше толғайтын тақырып болса керек-ті.

Ашутастан бұлықсып, Сарыжүрек пен Қаражұрттың бауырынан бұратылып аққан Шежін өзенінің шипалы суын сіміріп, Ақтекше мен Көктекшені  жапқан төрт түліктің сазына елтіп, Бәйгітөбеге жанар қадап өскен Мырзағали Нұрсейіт табиғаты керім туған жердің тұмсасындай тұнық ойды жасынан салмақтады. Әйгілі суретші Әбілхан Қастеев туған мекенде өмірге келген ол балдәурен балалық шағын Ақкент ауылында өткізді. Жаяу қатынаса сүтпісірім уақытқа жетпейтін Алтыүйдегі Әбілхан Қастеев атындағы орта мектепте білім алды. Ардақты әкесі Манап пен ғазиз жүректі анасы Нұржамалдың тәрбиесін көрген Мырзағали ағаның жазу-сызуға деген бейімділігі оны Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақтың  ұлттық университетінің қабырғасына жетелеп әкелді. 

– Рухани көзтастар көкжиегімізге айналған әйгілі суретші Әбілхан Қастеевтің үйіне әкем ертіп апарды. Бұрыннан сырлас жандар ғой. Екеуара ұзақ сөйлесті. Сосын Манап әкем Әбілханға мені көрсетіп: «Мына бала жазуға талаптанып жүр. Бұған дейін көсілткен дүниелері осы, оқып көрші», – деді. Дімкәс, ауруы меңдеген Әбілхан әкей жазғандарыма зейін салып, «Әттең, ауырып жатырмын. Шарапатым тимес, десе де бұл баланың қалам алысы жақсы екен. Болашағы бар», – деп батасын берді. Алматыдағы үйінен ақ батамен аттандық, –  дейді Мырзағали аға рухани әкесінен журналистік жолға қалай түскенін бізге баяндағанда.

Шынында Мырза-ағамыз ақ бата алқауымен қазақстандық әйгілі оқу орнының журналистика факультетіне түскеннен-ақ қаламгерлік қабілетін көрсете білген. Бекзат жанр поэзияны жанына серік еткен сол жылдар тұрғысында Құдайберді Құсайын досы: «Өндір өлеңдерін өрнектей білген ауыл баласы 4 курста қазақтың белгілі ақыны Жапар Өмірбековтың қолқалауымен республикалық іргелі баспалардың бірегейі – «Жазушыда» классикалық аударма бөлімінде кіші редакторлық қызмет арқалағаны бар. Бұл қызмет жас қаламгер үшін текке кетпеді. Сол 1980 жылы «Жалын» баспасынан шығарылатын жас жазушылардың «Арман қанатында» атты прозалық жинағына «Қызыл бұзау» деп аталатын әңгімесі енді», – деп ой толғап, Мырза-ағаның ғұмырбаянынан естелік тарқатса, әрмен қарайғы толғамын: «...Бүгінгі қазақ прозасының ауыр жүгін арқалап жүрген Жұмабек Кенжалин, Шархан Қазығұлов, Қайнар Олжай, Сәбит Дүйсенбиев, Еркін Жаппасұлы, Коммунар Тәбеев сынды белгілі қаламгерлермен қызықты студенттік кездерін бірге өткізген Мырзағалидың журналистикадағы жұлдызы екі бірдей облыстық газетте жанды. Екі бірдей деуімізге себеп: ол алғашқы қызмет жылдарын Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінде бастап, одан кейінгі шығармашылық кезеңін қазақ баспасөзінің қарашаңырағы атанған Алматы облыстық «Жетісу» газетінде күні бүгінге дейін сәтімен жалғастырып келеді», –  деп жалғастырады. Бұл ақынның рухани бауырының 60 жасында айтылған пікірі еді. Одан бері де аттай 10 жыл өтті. Жайсаң аға мерейлі жастың тағы бір шыңына шықты. Алайда, сол өзінің сыралғы серігі, қан тамырымен біртұтас болып келе жатқан «Jetіsý» газетінде әлі де қызмет етіп келеді.

Жыр-шашу

Мырза-аға,
Мырзаш аға – жаны көктем,
Есімін «Жетісумен» мәлім еткен.
Шырқаса таласатын әні көкпен,
Сарыжүрек сандал  тауым  сағым өпкен.

Саған да, маған да ортақ 
Шежін еді,
Шерлі өзен шертер болса шежірені,
Даладан дән таба алмай дуадақ құс,
Қандай жұт, қандай күйге кезігеді?!

Сен көрдің манат белдің қуарғанын,
Сен көрдің Шежіннің де суалғанын.
Бір ұзақ бойтүзепті бұла арманың,
Қаламмен тағдырыңды  тұмарладың.

Мен де бір – Қаражұртта қаулаған от,
Келемін бір қасиет қарманам деп.
Сен салған сүрлеу ме еді, о, білмеймін,
Сарыжүрекке телміріп таңданам көп.

Жасандың, жаздың үнін өскен жердің,
Еленді сынағаның, ескергенің.
Жаркент – жердің құты,  
Жібек жолмен,
Сан ұрпақ алып өткен көш-керуенін.

Не дейін,
мұрат хасыл болған бүгін?!
Жүзге дейін кіл ұшқыр арманды мін.
Жетпісіңе байлаған байғазым деп,
екіұдай күй кешіріп толғанды інің.
Еленсін Жаркентіңе тамған нұрың.

Жазуға жаны құмар болған Мартиннің рух дертіндей Мырзағали аға да өмірдегі танып білгенін, көргенін, сезгенін, сезінгенін қаламға арқау етті. Журналистика саласының сайыпқыран сарбазы бола тұра санасына салып салмақтаған тіршіліктегі танымы бөлек тақырыптарды жазушылықпен әдіптеді. Әсері мол дүниені әспеттеп, әрлегенімен әсіреқызыл дүниеге баспады. Осылайша облыс орталығы, үлкен қалада өмір кешпей-ақ, өзінің жазиралы мекенінде жатып-ақ қаламгерлік қабілетін шыңдады. Соның жемісі ретінде «Әжесінің баласын», одан соң «Жыл он екі ай», «Айналайын анашым», «Көкжиек», тағы басқа жайнақ дүниелері жазарман назарын өзіне аударды. Аталған туындылар көптеген жалпы жинақтарда жарық көрді. 

Дүниенің іңкәрлігіне тояттап, бақытты шақтың, берекелі кезеңнің бәрін өмір жылнамасына енгізген Мырза-ағам ата басылым арқылы толғақты тақырыптарға барды, өзіне тән стиль қалыптастырды. «...Үстіміздегі  жылы  наурыз  айының  алғашқы  күні  облыстық «Jetіsý» газетінің  Панфилов  ауданындағы  меншікті  тілшісі  атанғаныма   тура  31  жыл  толады. Осы  уақыт  аралығында  талай  қызықты  да,  қиындықтарды  да,   адам  айтса  нанғысыз  оқыс  оқиғаларды  да  бастан  өткердік. Бір  күнің  бір  күніңе  ұқсамайтын  меншікті  тілші  тірлігі  өзінше  ерекше.

Осыдан  20  жыл  бұрын  қолымызда  қазіргідей  компьютер,  ғаламтор  сияқты  мүмкіндігі  мол  ғаламаттар   бола  қойған  жоқ. Газеттің  келесі  санына  жарияланатын  мақаланы  Жаркент  пен  Талдықорғанның  арасына  қатынайтын  жолаушылар  автобусынан  беріп  жіберетінбіз. Оны  автобекеттен  барып  алатын  редакцияда  арнайы  қызметкер  де  бар  еді», – деп толғанған Мырзағали Нұрсейіттің журналистика жолындағы ізі біздер үшін өнеге. Оның үлкен-кішіні бөліп-жармайтын ақеділ көңілі, ақпейіл ниеті қашаннан баршамызды тәнті етеді. Жүрдек қаламы құрметке бөлеген ол редакцияда отырып берген тапсырмамызды «жас бала тапсырма жүктеді ғой» деп қарамай жанын салып орындайды. Мөлдірете жазған дүниесі күн құрғатпай басылым бетінде жарық көреді.

Иә, Мырза-аға туралы толғанғанда қалам туралы о баста айтқан үшбу ойымызды қайталай бергіміз келеді. Қарапайым тірлік кешіп, шегаралы ауданда ғұмыр сүріп жатса да журналистика әлемінен басқаға ойыспай, жазуға адалдық танытып келеді. Осылайша қолы қалт еткенде жазушылықты да кенжелетпеген Мырза-ағаның қаламынан «Әжесінің баласы» әңгіме кітабы, «Жерұйық өлке» танымдық жинақ, екі мәрте Еңбек Ері Николай Головацкий жайлы «Тұғыры биік тұлға» атты естелік кітабы жарық көрді. Бұдан басқа әртүрлі баспалардан жарық көрген жиырмаға жуық танымдық кітаптарға деректі әңгімелері мен очерктері, өлеңдері енді.

Әбілхан Қастеев туған қасиетті жердің топырағынан түлеген ардагер ағамыз, асқар таудай ақылшымыз, үлкен де болса үзеңгілесім деп санайтын көңілі дария Мырзағали Нұрсейіт еткен еңбегінің өтеуін де көріп келеді. Өз кезегінде Президенттің Алғыс хатын алып, Панфилов ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді. Әр жылдары мерекелік медальдармен марапатталып, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына лауреат деп танылды. Көптеген мекеменің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын арқалады. Осылайша еңбегі еленіп, елі «Жаркенттік журналисіміз» деп алқалаған жаны жайсаң аға: «...ұзақ жылғы жұмысымның барысында көз жеткізгенім, редакциядағылар сегіз сағат жұмысынан кейін бос болса, біздер күні-түні қызметті ойлап жүреміз. Редактордан бастап, редакцияда отырған журналистердің барлығы кез келген кезде телефон шалып, тапсырма беруі мүмкін. Сонымен бірге, ауданда болған, болатын барлық маңызды оқиғадан сырт қалмауға тиіссің. Кейде республикалық БАҚ-та жұмыс істейтін әріптестер де тапсырыс жасап, өтініш айтады. Ауданға журналистер келгенде міндетті түрде солармен бірге жүруің керек. Облыстан «Ана бір саланы сынға ал» деп тапсырма түскенде қиналатының тағы бар. Жергілікті жерде жүргендіктен аудандағылардың да көңіліне қарайсың, тапсырманы орындамасаң таяқ жейсің. Осылайша екі оттың ортасында қалатын кездер де кездеседі», – деп өз мамандығының қыры мен сырына қанықтырады. Шындығында, айтылған ойды айшықтап, талдап жатпай-ақ «меншікті тілші» деген қызметтің де оңай еместігін осы бір толғамнан-ақ түйсінуге негіз бар. Елдік мүдде, рухани тұрғыдағы кемшілікті көрсету азаматтың парызы болса, туған өлкеңнің тұнығына тас атпау да адамдық қасиет. Осынау парыз бен қасиет ортасында бір қысылса, өз алдында басшылардың пәрменін де орындау керек-ті. Екіжақты болып, екіұдай күй кешу меншікті тілшінің мехнатты сезімі екен. Саналы ғұмырын жазуға арнап келе жатқан Мырза-ағамыз осындай сергелдең сәттің қаншасын бастан өткерді десеңізші. Сөйле жүріп газет басшыларының тапсырмасын тиянақтап, туған жеріндегі азаматтардың да көңілін тапты. Қиыннан жол салды. 

Иә, ылдидан шауып төске озған талай адамды білеміз. Кейбіреуі қабілетті болса, кейбірінің өзін көрсетуде ерекше екпіндететінін де көзбен көрдік. Ал қашанда қарапайым қалпын сақтап, Жаркентке бара қалсақ құрақ ұша қарсы алатын, аңқылдап алдымыздан шығатын Мырзағали Нұрсейіт («Қызықпай атаққа да, мәнсапқа да, өмірден өтсем болды ән сап қана» Ә. Дәуренбеков.) марапат сұрамай, еңбегін малданбай ұжым алдында мөлдір әлемін сақтап ғұмыр кешуде. Отбасында асқар тау ата, ақылшы әке, аяулы жар болған кейіпкеріміздің әдеби ортадан алшақ, қарапайым ғана бір ауданда ғұмыр кешсе де жазуға іңкәрлік танытып, қаламын қуаттап жүргеніне іштей сүйсінеміз. Ендеше, мерейлі жасқа толған ақжайық көңілді ағаға ғасырға дейін қаламмен серік бола беріңіз демекпіз...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ