Ердің даңқын еңбек шығарады

Уақыты: 12.03.2018
Оқылды: 1528
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жастық шақтан араласқан адамың қыл өтпес досқа, сөзге келмес сырласқа, бастысы, сенімді үзеңгілеске айналып жатса, мұндайды біз баға жетпес бақыттың біріне балаймыз. Әттең, уақыт шіркіннің шиыршығы бір орында тұрмайды. Дәуірге үн қатқан достарыңның қатары сиресе, ең ауыр қайғы сол екен. Әсіресе, ақсақалдық жасқа жетіп, бейнеттің зейнетін көрер тұста замандасыңның мәңгілік сапарға аттануы еріксіз егілтеді. Бүгін біз Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВПЕН өрбіген сұхбатымызда осы тақырыпты кеңірек тарқатып, кезінде өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, адал еңбегімен ел алғысына бөленген Сағатбек Кертаевтың өмір парағынан бір үзік сыр шерттік. Көпшіліктің жадында «Король Кертаев» деген атпен қалған, қашанда тау қопарар қажыр-қайратымен ерекшеленіп тұратын қайран ердің ғұмыр дастаны түгесілгелі де жыл он екі айдың жүзі болыпты.

– Наурыз Қылышбайұлы, достық пен адалдықтың қадірі қырық құбылып тұрған осындай жаһандану дәуірінде сіз секілді ақсақалдардың ақылы, өнегелі әңгімесі қажет-ақ. Марқұм Сағатбек Кертаевты кейінгі жастарға кеңірек таныстырып өтсеңіз.
– Уақыт деген қас-қағым сәт екен ғой. Кеше бар адам бүгін жоқ. Көңіл құрғыр Сағатбексіз бір жыл өтті дегенге әлі сенгісі келмейді. Әр адам өмірде өзінше өрнек салады. Біздің Сағатбек те ел үшін еңбек етіп, соңына өшпес із қалдырды. Аллаға шүкір дейік, көпке үлгі, тәрбиелі үбірлі-шүбірлі ұрпағы бар. Әлі есімде, Сағатбекпен 1974 жылы таныстым. Мен облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, ол ауылшаруашылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары еді. Біраз уақыттан кейін мен Қаратал аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына сайлансам, ол Гвардия аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Қызмет бабымен түрлі жиындарда кездесіп жүрдік. Аудандық азаматтық қорғаныстың төрағасы міндеті жүктелгендіктен Алматы түбіндегі И. Конев атындағы әскери училищеде бір жұмалық жаттығуда болып, сабақтан тыс кезде пікір алмасып, ара-тұра қалжыңымыз да жараса кететін.
Бір күні Ауған соғысында ерлігімен ерекшеленгені үшін Ленин орденімен марапатталған С. Қазақбаев деген жас жігітпен кездесу өтті. Тәрбиелік мәні бар әлгі кеш тартымды өтті. Кездесу артынан  көп сұрақтар қойылып жатты. Осы бір сәтте: «Сәке, сіз кетіп қалмаңыз, мына жігіттен бір шындықты біліп алайық», – дедім. Қазақбаевтың қолы босаған кезін ұтымды пайдаланып: «Анау тұрған мәртебелі адамның сенде бір сауалы бар. Мүмкіншілігің болса үлкен кісінің көңілін ауласаң қайтеді?» – деген едім. «Мақұл», – деп соңымнан еріп жүре берді. Екеуміз Сағатбектің алдына келген бетте жат жерде ерлік жасаған қазақ жігітіне қарап: «Мына кісі – Мобуту елінің королі. Бізбен бірге осы жерде дәріс алып жүр.  Ауған мен Кеңес әскерлерінің қайсысы мықты екені жайында шындықты  өзіңнен естігісі  келеді», – дедім.
Басына бөрік киген, көзіндегі көзілдірігі өзіне жарасып тұрған сом денелі, кең иықты Сағатбек Мобуту королі емес, Ауған көсемдерінің біріне ұқсап тұрды сол сәт. Жас батыр басын иіп, ізет білдірісімен бірден: «Техника күшін пайдалансақ біз әлдеқайда мықтымыз, ал адам күші мен мүмкіншілігі жағынан Ауған жауынгерлері бізден басым. Біз техникамен бастырмалатып окопқа жетіп келгенде олар зым-зымия жоқ болып кетеді. Сөйтсек, жер астынан қазып қойған тарам-тарам жолмен зытып, 2-3 шақырым жерден барып шығады. Ал біз әлгі жер асты жолымен соңынан қуғанымызбен 200-300 метрден кейін тынысымыз тарылып кері қайтамыз. Оның үстіне күндіз-түні  тау демей, тас демей үстіндегі киімімен жеткен жерінде ұйықтай береді, табиғаттың ыстық-суығына да төзімді», – деп нақты дәлелмен салыстыра жауап берді. 
Біз оның жауабына риза болдық. Тек мәз болып, маңғазданып тұрған Сағатбек орнынан жылжыр емес. «Оу, Сәке, сіз өзіңізді Мобуту емес, Ауған елінің короліндей сезініп тұрғаннан саумысыз?» – дедім әзілдеп. «Король болғанды кім жек көрсін? Шындықты айтуына қарағанда мына жігіт Ленин орденінің иегері болуға лайық екен деген ой жетегінде толғанып тұрғаным ғой», – деп еді Сағатбек байсалды қалыппен. Осы жайттан кейін көп жыл Сәкеңмен кездескен сайын: «Амансың ба,  король Мобуту?» – дейтін болдым.
– «Король Кертаев» аталып кетуінің басты себебін енді түсінгендейміз. Ауыл азаматымен ажарлы ғой. Сағатбектей асыл ердің ауыл-аймаққа жасаған жақсылығы ұшан-теңіз деп естиміз. Замандасы, досы ретінде қандай шарапаттарын бөле-жарып көрсете аласыз?
– Жылдар өтіп, Сәкең Кербұлақ ауданының әкімі болып тағайындалған сәттен қызмет бабында жиі кездесіп, жұмыстан тыс уақытта ара қатынасымыз нығая түсті. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, нарық экономикасының өтпелі кезеңінде дағдарыстың небір түрін басымыздан бірге өткіздік. Мұңдас та, сырлас та болдық. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды аяқтасымен еңбек жолын Ленин атындағы асыл тұқымды мал зауытының бас экономисі қызметінен бастады. Қоғалының  картобы мен балына Алматы жұртшылығы қаншалықты құмар болса, әлгі кеңшарда өсірілген Алатау ірі қара малының құнажындарына өңірдің басқа шаруашылықтары да соншалықты қызығатын. Мамандар арасындағы жалғыз қазақ Сағатбек жас та болса өзін кәсіби жағынан таныта да, мойындата да білген білімді азамат болды.
Қызылжар қой кеңшарының директоры болған жылдарын еске алғанда ауыз толтырып айтары да аз емес еді. Ауыл өрісінен өрген елу мың бас қойдың сыртында он бес мың гектардан астам жерге егін егілген сол бір жылдары облыс көлемінде мемлекетке бір миллион пұттан артық астық сататын Қарашоқы, Жоламан, Пограничник, Қапал шаруашылығы қатарына Қызылжар да қосылғанын  әрдайым шаттана еске алатын. «Тепсе темір үзетін шағымда жаңадан құрылған Арқарлы кеңшарын басқарып, небәрі үш  жылдың ішінде 200-ден астам тұрғын үй, жаңа балабақша, монша салдырып, бес мың бас қойға арналған бордақылау алаңының сыртында көшелерді асфальттатып, ауызсу құбырын жүргізген еңбегім еш кеткен жоқ. Ауылдың республикалық жарыстың жеңімпазы ретінде ауыспалы Қызыл ту иеленгені де  еліммен қоян-қолтық, қажырлы еңбек еткенімнің жемісі ғой», – дейтін көзі тірісінде Сағатбек.
С. Кертаев біраз жыл партия қызметінде болып, Гвардия аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымынан өз өтініші бойынша Қаршоқы кеңшарына директор болып ауысты. Мұның басты себебі де жусаны мен жуасы бұқыраған дала мен күндіз-түні толастамай, бұрқылдаған бейбіт еңбек майданының алдыңғы шебінде жүрген ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігін сағынғаны емес пе?! Білікті маман, майталман басшы Қоғалы өңірінен жинақтаған тәжірибесі мен озық технологияны ендіруінің арқасында өнім алуды еселеп арттырды. 38 мың тонна астық бастырды. Отан қоймасына 29 мың тонна астық өткізген еді. Шын мәнінде, бұл нәтиже елдің де ерлігі болатын. Дәл осы жылдары Сағатбек Кертаев екінші мәрте «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатына да ие болған.
– Әр жұмыстың өзіне тән ауыртпалығы, қиыншылығы бар. Сағатбек Кертаев шаруашылықты өркендету жолындағы кедергілерді қалай жеңетін? Көз көрген мысалдарыңызды келтірсеңіз.
– Кербұлақ ауданы қуаңшылыққа жиі ұшырайтын. Соған қарамастан жемшөбін дайындауға келгенде кербұлақтықтар аудан асып, жер түбінен болса да малға қажетті азықты дайындап алмайынша тыным таппайтын. Осындай сындарлы жылдың бірінде Ақсу ауданының кереметін көрсетейін деген ниетпен он бір мың гектар жоңышқаның бірінші шабындығын бөлісіп шауып алуды ұсындық. Қойған шартымыз бойынша, шапқан жерден түскен өнімнің 50 пайызын жер берген шаруашылық, 50 пайызын өздері алады. Осы шартпен жұмыс басталып кеткен. Алғашқыда ақсулықтар менің бұл шешімімді қолдан жасалып отырған қиянат деп түсінді. Әйтсе де, оларды өз айтқаныма көндірдім. Жансүгіров атындағы кеңшар директоры Сабыржан Мұқанов пен Сағатбек Кертаев шекісіп жатыр деген хабарды естісімен жетіп келейін. Сөйтсем, Сағатбек батыр орынсыз өктемдік көрсетіп жатқан көрінеді. Біріншіден, шапқан өнімнің 70 пайызын алам дейді. Екіншіден, күнделікті шапқанын нығыздап кетем дейді. Әлбетте, мен Сабыржанды қолдап, алдын ала қойылған шартқа келіспесең, адамдарың мен техникаңды көтер де кері қайта бер деген кесімді сөзімді айттым. Жекпе-жекке шыққан қазақтың қас батырларына ұқсаған директорлар сабасына түсіп, татуласып тарасқан еді.  Екі жаққа да тиімді тәсілмен бірінші шабындықты он күнде аяқтап, сол жылы он бір мың гектар жоңышқа алқабы аудан бойынша төрт рет шабылып мол өнім жиналғанын мен де ұмытқан емеспін.
Қандай лауазымды қызмет атқармасын, Сағатбек елінің сый-құрметіне бөленген, әріптестерінің арасында шоқтығы биік, мәртебесі үстем болған беделді азамат. Ірі шаруашылықтардың өсіп-өркендеуіне, ауыл мәдениетінің гүлденуіне, әлеуметтік саланың дамуына елеулі үлес қосып, артына із қалдырған Сағатбектің қоластында істеген іскер де айбынды  Омарқан Көнекбаев, Мырзабек Дүйсембінов, Жақсыбай Мадияров сынды азаматтар да директор қызметіне көтеріліп, облыс көлемінде беделді басшылардың қатарын толықтырды. Сағатбектің жан досы болған Омекең Гвардия, одан кейін Ескелді ауданының әкімі болды.
– Ердің бағын ашатын да, сорлатып, төрдегі басын төмен сүйрейтін де әйел. Ел сыйлаған Сағатбектің құдай қосқан қосағы өзіне лайықты, ақынжанды, өнерлі жан деп естиміз.
– Расымен де солай. Сәкең туралы сөз қозғап, Күлекең туралы жақсы пікірімізді айтпай кетсек кешірілмес күнәға қалармын. Семей жақтан арнайы вагонмен келіп, Сарыөзек стансысынан түсіп, бір тәулік аялдаған топ қыздардың  басына бақ қонып, үлде мен бүлдеге бөленгенін марқұм Тоқсын Құлыбеков  жырға қосып, жеңгелерінен шапан киген. Келін түсірген Кертай қария құдаларының алдынан өтуге Алакөл тартып, жол азабына шыдай алмай күйініп кеткен бір сәтте: «Әй, Сағатбек-ай, мені осынша жерге сүйрелеп, мазамды алғанша Алматы өңірінен бір қазақтың қара қызына үйлене салмадың ба?» – деген екен. Қинала-қинала Алакөл жетіп, құдаларының құдайдай күткен қошеметіне риза болған қария: «Әй, Сағатбек, мына наймандар да өзіміз сияқты қазақ екен ғой», – депті жарықтық. Шын мәнінде, Күлекең елдің құтты келіні болды. Біздің аса құрметпен сыйласып, ақжарқын көңілмен араласып,  сағынышпен кездесіп, көсілте сыр бөлісер замандасымыз.  Пейілі кең. Ниеті таза. Жезтаңдай әнші. Суырыпсалма ақын. Отырған ортасының сәні. Ең бастысы, білгенін бүгіп қалмай, айтам дегенін айтып қалады. Оның жазғандарын, білгендерін ұқыптап жиыстырса энциклопедиялық  кітап шығаруға да болады.
Әскери құрылымда дала асханасы деген ұғым бар. Алматыда бірнеше күнге созылатын талай мәртебелі жиынға күйеулерінің артынынан асханасын арқалап, Күлекең, ол кісіден қалыспай Әскен жеңгеміз келеді. Сонымен Омекең мен Сағатбек жатқан қонақүйдің бөлмелерінде күнде жиын, күнде той үзіліссіз жалғасып жатады. Күні кешеге дейін осы дәстүр Талдықорған қаласындағы үйінде де жалғасып келді. Адами қарым-қатынасқа осыдан артық не керек дейсің ғой осындайда.
– Үш ғасырлық бодандықтың бұғауы шешіліп, 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін жариялады. Бұл жылдары ел ішінде экономикалық дағдарыс орын алғаны белгілі. Халық нарыққа үйренісе алмаған сындарлы шақтан Сағатбек Кертаев қалай шықты?
– Тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдарында әкімдік қызметке көп жерде кешегі аудандық партия комитетінің хатшылары тағайындалды. Уақыт өте олардың құрамы жаңартылып, мемлекеттік қызметке шаруашылықтардың басшылары мен бизнес саласындағы азаматтар тартылды. Облыс көлеміндегі ірі шаруашылық басшылары Омархан Көнекбаев, Әділшайық Ибраймолдаев, Азамат Сәрсенбаев, Сағатбек Кертаев сияқты тәжірибелі азаматтар аудан әкімі болып тағайындалды. Айтары жоқ, ел болашағын кеңінен ойлаған бұл азаматтар жаңа қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарды. Кеңшар директорларының түсіне енетін жүз саулықтан жүз елу қозы алуға тән тәтті кезең ғайып болып, енді қайтсем елге жұмыс тауып берем деп толғанатын, болашақтың баянды болу жолдарын да ойластыратын кезең басталды. Олардың елжандылығына көзі жеткен халықтың аузынан  баяғы «Оян, қазақтың» орнынына: «Әкім бол, әкім болсаң халқыңа жақын бол», – деген қанатты сөздер естілді. Еліне етене жақын болған әкімдердің бірі, сөз жоқ, Сағатбек Кертаев еді.
Жоғарыда Сәкеңнің  білімділігі, маңғаздығы, іскерлігі, тіпті, батырлыққа бергісіз қызбалығына тоқталсам, енді аңқаулығын да жасырып қалмайын. Елбасының «Қазақстан – 2030» Стратегиясы қабылданған тарихи жиынға барлық деңгейдегі әкімдер қатысып, сарқылмас қуат алып шыққан сәтті ұмыту мүмкін емес. Жасыратыны жоқ,  бағдарламаның құндылығы мен өміршеңдігіне сол жылы біреу сенгенімен, біреу оны қиялдан туған құжат деп те ойлаған. Біздің құрамда болашағынан түңілген немесе күмәнданған адам болған емес. Әлгі жиыннан алған әсерімізді қызу талқылай отырып, Астанадан елге қайтудың амалын ойластырып жатыр едік. Пойызға үлгермей қалсақ, ұшаққа билет алу қиынға соғатын болды. Пікір көп, байлам жоқ. Осы сәтті пайдаланып: «Сәке, сіз қам жемеңіз. Мен ауылдан «Джип» машинамды алдырғанмын. Аспай-саспай қайын жұртты аралап қайтамыз», – дедім. Ондағым Талдықорған өңірінде «Джип» машинасын мінген мен ғана екенімді есіне салып, мақтанайын дегенім еді. «Жоқ, мен жылы киімдерімді алмай келгенмін. Саған ілесіп жүре алмаймын», – деп безек қақты. «Сәке, оған несіне қиналасың? Павлодарда менің қайын-жұртымды аралап, Семей асып сіздің қайын-жұртқа аялдай жетеміз», – деп айтқанымнан қайтпаймын. «Жолшыбай қыдырып жүретін мені өзің сияқты комсомолдың сардары деп пе едің? Бүгінгі жиыннан алған әсерімізді елге ертерек жеткізудің орнына қайын жұртқа аялдайық дегеніңді менен басқа ешкім естімесін», – деп жатып ренжігені бар емес пе батырыңның. Ежелден қалыптасқан қалжыңы да өзіне жарасып тұратын еді.
Сабасынан асып-тасып мақтануды білмейтін Сағатбектің өмір жолы өрелі еңбекпен өрілген мәнді де, сәнді жол болды. Жоспарлы экономиканы кім қалай сынаса да әркімнің өз еркі, ал елдің толағай табысы мен ырысы артқан сол бір жылдар Сағатбектің ұлттық намысты қолдан жібермей, өмірдің сынынан сүрінбей өткенін дәлелдейді. Өмірдің ыстық-суығымен шыңдалған ардагерлердің еселі еңбегі мен айшықты өмір жолын ешкім де тарих еншісінен сылып алып тастай алмайды. Тарих тағылымын құрметтеп, сыйлай білу – ұрпақтар сабақтастығының жемісі, елдіктің белгісі, ынтымақ пен бірліктің кепілі.
– Өзіңіз айтқандай, тарихты ешкім бұрмалай алмайды. Сағатбек ағамыз әр жүрекке сағыныш сезімін ұялатып кеткендей. Амал нешік, Алланың жазуынан асып кете алмаймыз. Досыңызбен өткен жарқын күндерді жиі сағынасыз ба?
– Әрине. Қызметте бірге жылдарды қалай ұмытайын? Әлі бәрі бәз-баяғы қалпында сияқты. Бірақ мынау тоқтаусыз уақыт өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін амалсыз мойындатады. Кейінгі жылдары Сәкең облыстық ауылшаруашылық басқармасында жауапты қызметте жүріп, адалдығы мен тазалығын, ізденімпаздығы мен еңбекке құштарлығын, қажымас қайраткерлігін жаңа қырынан таныта білді. Бірде «Көктем – 2007» облыстық жаттығу ойынына қатысуға Балқаш ауданында бір жұмалық іссапарда болып қайттық. Қызмет бабында өзімізге жүктелген міндеттерді орындаудың арасында Сағатбектің туыстары Малгелді мен Сағынбай, достары Молдашбай Сәбитов пен Сайлау Күшікбаевпен танысып, туған ауылы Желтораңғыға бардық. Көп жыл мектеп директоры, ауылдық кеңес төрағасы, ауыл әкімі болған Мырзабек Қожамқұлов ақсақалдың отбасында қона жатып шертілген естелік әңгіме Сағатбектің мәртебесін бір көтеріп тастады. 
Ертеңіне ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, қазақтың біртуар дана ұлдарының бірі  Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеппен және музейімен таныстық. Музейдің ашылуына Мырзабек аға бастамашы болыпты. Сәкең мәз. Анда-санда  көзілдірігін көтеріп қойып, маңғаздана қалады. Не айтқысы келетінін сеземін. Бір жәдігердің қасына ертерек келіп Димекеңнің сөзін оқып, барлығының назарын өзіме аударып: «Сағатбек, мына сөздерді дауыстап оқы», – дедім. Көзілдірігін бір көтерді де оқи жөнелді. «Сонда да болса, төрт еңбек ардагеріне айрықша тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Олар – Нұрмолда Алдабергенов, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Смағұл Шабдарбаев. Шынымды айтайын, бұл төрт  кісіні халқымыздың төрт бәйтерегіндей көремін. Ол кісілердің елінің шетіне аяқ іліктірсем соқпай өтпеймін, сәлем бермей кетпеймін. Қай-қайсымен әңгімелесу жан семіртіп, рухыңды биіктете түсетін. Бір-біріне ұқсамайтын тұлғалар, бірақ бірін-бірі толықтырып тұратын, қазақ деген халықтың ақсақалдары қандай болды дегенде, осы төртеуін атар едім. Қарапайым, бірақ кісілігі жоғары, мінезге бай еді. Даналықты сырттан іздеп, өз асылдарымызды бағалай білмейміз. Еңбек деген ұлы мектептің төрт арысы осылар», – деп аяқтай берген сәтте: «Сәке! Мен сияқты қылшылдаған жас емессің. Еңбек ардагерісің. Жалғыз сіздердің емес, бәріміздің ардақ тұтар ағамыздың мына сөзі ақ бата болып, біздің бабаларымыздың жолын беріп, сен де еліңнің қошеметіне бөленген қазақтың дана ақсақалы бол», – деген едім.
Достың да досы бар. Қызмет бабымен араласуды достыққа жатқызуға болмайды. Өкініштісі, қазір әріптестікті адал достықпен шатастыратындар көп. Сағатбек екеуміз зейнеткерлікке шыққаннан кейін де араласуды тоқтатқан жоқпыз. Достығымыз жалғаса берді. Кейде тіршілік қамымен телефон соғып, амандығын біле алмай қалсам, маған жатып кеп өкпелейтін. Неге хабарсыз кеттің деп ренжитін. Осындайда өкпе айтатын, қал сұраспады деп ренжитін адамдардың азайып бара жатқаны жаныма батады. Өзіне ғана тән, өзіне ғана жарасатын өкпелеу еді Сағатбектікі.
– Жерлеу рәсімінен кейін берілген аста сіз: «Сағатбек маған қарыз. Жаңа жаназада белім ауырып, дауыстап айта алмай қалдым. Оның маған қарызы бар», – деп бүкіл елді өзіңізге қаратыпсыз. Жақын досыңыздың қандай қарызы бар еді?
– Бірде Құран ұстаған көріпкел қария маған 94 жасқа келетінімді айтқан еді. Сағатбектің 70-ке толған тойында көріпкелдің сөзін келтірдім. «Сол жасқа жеткенімде маған Сағатбек батасын береді», – дедім. Былтыр жерлеп келгеннен кейін асын жүргізіп тұрып, марқұмның жолдасы Күләшқа қарызы бар, сол қарызды өтейсің дегенмін. Қарызы – бере алмай кеткен батасы. Күләшқа: «Менің 80 жасымда тойбастар айтасың. Ал 94-ке келгенде Сағатбектің орнына бата бересің», – деп демеу бердім.
Ескелді бабамыз: «Елің үшін еңбек еткенің – мақсатыңа жеткенің», – деп айтып кеткен. Әрбір адамның мақсаты, соған сай міндеті де күн сайын жаңарып отырады. Адамның өмір баспалдақтарында мақсаты да, міндеті де өзгереді, жаңарады, толығады. Сағатбек марқұм немересінің өмірге келгенін көре алған жоқ. Өмірге баршамызды қуантып Алдиярдай немере келді. Күләш күйеуінің менің алдымдағы қарызын өтеуді бастап кетті. Мақсаты да, міндеті де жаңарды. Ол – немересін жеткізу. Немересін атасынан артық қып тәрбиелеп жатыр десем қателеспеймін. Сонымен қатар, Күләш қажылыққа барып қайтты. Кездескен сайын қажының қолын маңдайыма тигізіп амандасамын. Алладан Күләштің қол-аяғына дерт бермесін деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш ТҰНҒАТАР


МЕНМЕНДІГІ ЖОҚ ЕДІ

Мен Сағатбек Кертайұлын Қоғалы атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүрген кезінен білетінмін. Біз онда жұбайымыз Сандуғаш Қайрақбайқызы екеуміз мәдениет саласында істеп, аудандық көркемөнерпаздар байқауында он жыл қатарынан жүлделі бірінші орынды иеленіп жүрдік. 1986 жылдың маусым айында телефон шыр ете түсті. «Алло, бұл кім?» – десем: «Бұл Кертаев қой. Ерболмысың?» – деді. Басында сасып қалдым. Жөн сұрасқан соң: «Ербол, уақытың болса, дүйсенбіде маған Қарашоқыға келіп кетші, ақылдасатын шаруа бар», – деді. Сандуғаш екеуміз келісілген уақытта барсақ, түскі ас уақытында Сағатбек аға өзінің алма бағында газет оқып отыр екен. Жылы шыраймен қарсы алды. Дастарқанынан дәм таттық. «Ербол, сен мәдениет саласында бір адамдай қызмет еттің», – деп Қарашоқыда кәсіподақ ұйымын басқаруға шақырды. Ауылдың мәдениеті мен спортын көтеру керектігін айтты. Мен келісімімді бердім.
Сағатбек Кертайұлымен 9 жыл қоян-қолтық бірге істестік. Сол жылдар ішінде 38 адамнан тұратын қазақтың халық аспаптар оркестрі, немістің «Сюзанна», орыстың «Пряха» вокалды-фольклорлы ансамбльдері құрылды. Олардың қатарында отбасылық және әжелер ансамбльдері де бар. Ауданда бірінші орын алып, Алматыда «Алатау» бағдарламасынан 30 минуттық концерт ұсындық. Аудандық, облыстық іс-шараларға белсене араласып, жүлделі орыннан көрініп жүрдік. Сағатбек Кертайұлы өндірістен тыс мәдениет пен спорттың дамуына да көп көңіл бөліп, ерінбей дайындық шараларына бастан-аяқ қатысатын. Өзінің пікірін білдіретін. Өте талапкер басшы болды, жұмыс дегенде өзін де, өзгені аямайтын. Біреуді алыс, біреуді жақын санамайтын. Біреу біреуді жамандай бастаса сөзін бөліп жіберіп, әңгіме желісін басқа жаққа бұратын. Еңбектегі жетістігі туралы еш уақытта мақтан қылып айтпаушы еді. Менмендігі жоқ, өте қарапайым жан болды.

Ербол БЕКТЕНОВ,
Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы