МЫҢНАН ЖҮЙІРІК МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 27.05.2024
Оқылды: 536
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Талдықорғандағы Оқушылар сарайында жалпы орта білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. 29931 оқушы қатысқан білім сайысында бағы мен бабы қатар шапқан жас өрендер мерейленді. Марапаттау рәсімі сән-салтанатпен өтті.


Олимпиада мектеп-гимназиялар мен лицейлердің 5-6, 7-8-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылды. Оған  өңірдегі 274 мектептің шәкірттері қатысып, білім деңгейін сынады. Олардың ішінен облыстық кезеңге 490 дарынды оқушы өтті. Ал республикалық кезеңге Жетісудан тек 28 ғана білімгер іріктеуден іркілмей жетті. Осынша оқушының 10-ы бірден осы деңгейдегі жүлдегер атанды.

Салтанатты жиында облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов балаларға еңбекқорлығы үшін алғыс айтып, педагогтарға құрмет білдірді. Ол өз сөзінде жастардың білім алуына жағдай жасалып жатқанын, ұстаздар қауымының бала бойына тәлім-тәрбие дарытуда аянып қалмайтынын атап өтті.

– Жетісу облысының мектеп түлектері де ҰБТ-ны өте жақсы тапсырып жатқаны қуантады, олардың арасында жақсы көрсеткіш көрсетіп келе жатқан ұлдар мен қыздар бар. Орта мектеп оқушылары республикалық, әлемдік деңгейдегі олимпиадалар мен басқа да жарыстарда биіктен көрініп мектебінің абыройын асқақтаутда. Еліміздің дамып, өркендеуіне үлес қосатын азаматтардың өсіп-өнуіне, қатарларының көбеюіне тілектеспін, – деді ол.

Айта кетейік, үздік деп танылған дарынды балаларға тек Грамоталар мен дипломдар ғана емес, теледидар, ұялы телефон, ақылды динамик сынды құнды сыйлықтар табысталды.

Әнел АНАПЯНОВА,
ЖУ білімгері