ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ

Уақыты: 28.05.2024
Оқылды: 523
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ тілі – тарихы терең, тұғыры биік, мағынасы кенен тілдердің бірі. Қазақ даласында дүние есігін ашып, ана тілде бұлбұл құстай сайрап жүргеніме қуанамын, Жаратқанға сансыз шүкір етемін. Әр адам өз тілі үшін күресуге, тіпті, майданға түсуге дайын болуы тиіс. Алайда, ана тілінде сөйлегісі келмейтін қазақ жастарының қатары жыл санап артып бара жатқаны ащы болса да шындық. 


Қазіргі күні қай жердегі қоғамдық орынға барсаң да  барлық белгі  орыс тілінде жазулы тұрады. Дегенмен, бұл ешкімді алаңдатып жатқан жоқ. Бір қарағанда қалыпты жағдай болып көрінгенмен  ана тіліміздің аясы үшін қатерлі дүние. 

Өткен ғасырлар өтінде ана тіл, дін, тіл,  мемлекеттік пен  еркіндік үшін қаншама бабамыз қасық қаны калғанша аянбай күресті. Алайда қазіргі жастарға қарасаң сол бабалардың ұлы ерлігі мен еңбегі текке кетті ме деген ойға қаласың. Біз неге өзге ұлт өкілдерімен олардың тілінде сөйлесуіміз керек? Өзгелер не себепті қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытпайды? Осындай сан сауалды санада салмақтап отырып шындыққа тура қарасақ, мұның басты себебі – өз тілімізді өзіміз құрметтемей, ана тіліміздің құнын өзіміз түсіретінімізден екенін аңдауға негіз бар. Ал өз тілін құрметтемейтін елдің тілін кім құрметтесін?! 

Одан кейінгі бір ескеретін дүние, елімізде кез келген  өнімнің, кейбір қолданыстағы заттың түсіндірмесінде ала-құлалық бар. Бір затта түсіндірмесі қазақшамен басталып, орысшаға ұласса, ендігі заттың түсіндірмесі керісінше болады. Ал негізінде әуелі қазақша, сосын орысша болуы шарт қой.  Осындай қылдан нәзік, қылыштан өткір мәселенің өзіне мән беруіміз қажет-ақ.

Бауыржан Момышұлы атамыз: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді. Мен де осы орайда батыр бабамның бұл сөзі бүгінгілерге ұран болса ғой деп армандаймын. Барлығы біздің қолымызда. Қазір ХХІ ғасыр, азат елдің ұрпағымыз. Ендеше рухымыз азат, тіліміз қазақ болуы шарт! Болашақ бізге аманат екенін әрбір жас санада тұтуы қажет.

Зылиха САЯҚОВА,
Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектептің оқушысы 
Балпық би ауылы,
Көксу ауданы

Фото: Халықаралық қазақ тілі қоғамы.