ЛАГЕРЬ ТАЛАБЫ ҚАТАҢ

Уақыты: 30.05.2024
Оқылды: 478
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Балаларды сауықтыру ұйымдарында жазғы маусымның ашылуының алдында жөндеу-қалпына келтіру және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жүргізілмек.


Атап айтқанда биыл ғимараттарды жөндеу, инженерлік желілердің, желдету және ауа баптау жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігін тексеру, ауызсуды зерттей отырып, сумен жабдықтау құрылыстары мен жүйелерін жуу және дезинфекциялау, аумақты тазалау және абаттандыру, жазғы сауықтыру лагеріне жұмысқа қабылданатын маманның міндетті медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өткенін куәландыратын құжаттың болуын қамтамасыз ету жұмыстары іске асады.

Балаларды сауықтыру нысандарында және санаторийларда тамақтандыру кемінде 5 рет, қосымша 2-ші таңғы аспен немесе кешкі аспен, тамақтану арасындағы аралық 4 сағаттан аспайтындай етіп көзделеді. Ас арасындағы аралықта мәзірге тамақтану реті мен мөлшерін сақтай отырып, қымыз немесе қышқыл сүт өнімін қосу қажет. Балалар мен жасөспірімдердің асына дәруменмен байытылған тамақ өнімдері кіреді. Дәрігер балалардың денсаулық жағдайына тұрақты бақылау жүргізіп, шынықтыру, сауықтырумен қамтамасыз етеді.

Балаларды сауықтыру ұйымдары эпидемиялық маңызы жоғары нысандарға жатады. Ғимаратты пайдалануға беру алдында санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу қажет. Бұл мемлекеттік қызмет «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №336/2020 бұйрығына сәйкес көрсетіледі.
Баланы лагерьге дайындаған кезде денсаулық жағдайы туралы құжаттардың болуын қамтамасыз ету қажет. Атап айтқанда, 071/у нысаны бойынша сауықтыру лагеріне баратын оқушыға арналған медициналық анықтама, инфекциялық аурулармен байланысы жоқтығы туралы анықтама керек. Күн өтуін және жарақаттануды болдырмас үшін маусымға қарай киім мен аяқкиім, гигиеналық құралдарды қоса салыңыз. Сонымен қатар, балаға жеке гигиена, табиғаттағы және судағы қауіпсіздік ережелері туралы айтқан жөн.

Балалардың демалуына арналған лагерьді таңдағанда департамент сайтында орналасқан балалардың сауықтыру ұйымдарының тізбесін басшылыққа алуды ұсынамыз.

Д. ШӘРІПҚЫЗЫ,
облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы