МЕРЕКЕЛІК ҚОЙЫЛЫМ. КІШКЕНТАЙ КӨРЕРМЕНДЕРГЕ "ЕР ТӨСТІК" ЕРТЕГІСІ САХНАЛАНАДЫ

Уақыты: 30.05.2024
Оқылды: 522
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Аталған мереке жыл сайын ел көлемінде аталып өтеді. Осы орайда Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында 1 маусым күні  сағат 11.00-де кішкентай көрермендерге арнап «Ер Төстік» ертегісі тегін сахналанады.   


Ертегі режиссері – Б.Ұзақов, қоюшы-режиссері – Ф.Канафин, қоюшы-суретшісі – А.Бисембаева.

«Ер Төстік» – қазақ ертегілерінің ішіндегі ең көне әрі батырлық үлгідегі туындылардың бірі. Мұнда қиял-ғажайып, батырлар жыры элементтері, тарихи-мифологиялық кейіпкерлер мен оқиғалар кездеседі. Қызықты әрі қатерлі оқиғалардан өте отырып, арманына жететін Төстік батыр мен оның жолдастары Көлтауысар, Желаяқ, Шапшаң, Саққұлақ, Шалқұйрық атты кейіпкерлермен өрбитін оқиға кішкентай көрермендерімізді ерекше әсерге бөлейтіні анық.  Аталған кейіпкерлер арқылы өмірде де әрбір қиындықтарды оңтайлы шешуге көмектесіп, жанынан табылатын достардың болуына деген арманға бағытталады. 

Халық ертегісінің негізінде сахналанған қойылым жас ұрпақты адал достыққа, отансүйгіштікке, қайырымдылық пен адамгершілікке тәрбиелейді. 

Ендеше, Халықаралық балаларды қорғау  мерекесіне орай өтетін ертегіден қапы қалмаңыздар! Балдырған шақ пен бала күндеріне саяхат жасағысы  келген  әр көрерменді  мереке  күні  ұсынатын  ертегінің көрсетіліміне шақырамыз!