Бекжан Тұрыс: "«Халқым» дегенді «мүлкім» деп қарайтындар көбейді"

Уақыты: 02.06.2024
Оқылды: 526
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қанатының астында баулыған балапанын тастүлек шағында шыңнан итеріп жіберген ата қырандай сұсты кейіппен сөз бастаған. «Бір үйге бір диуана жетеді!» деп кесіп тастаған. Күпсектемеді, күлбілтелемеді. Әке сөзі – оқ! Атылды, нысанаға бағытталды. Тамам. Бұл қайырымға бармас бұрын ол алыс-жақынға көкірек көзі жетер білгір, білімдар ағайынынан: «Осы қазаққа қандай маман жетіспейді, баламды сол оқуға жіберейін? Мамандық таңдаудан қателеспеуіміз қажет», – деп ақыл сұрағанда, қара домалақ қазақ баласы энергетика саласына он салса бір баспайтынын естіген. Содан бес жасынан ел баласына айналған Мағжанды энергетикаға бағыттады. Мектепті жақсы аяқтап, әке нұсқауымен оқуға түскен баласы университетті тамамдар жылы ата-анасының алдына келіп: «Оқуымды жақсы аяқтап келемін, дипломды өздеріңе беремін де жан қалауынша білім аламын» деді. Әке жолын қиыс кеспейтін текті перзент театрда тәрбиеленген. Қаршадайынан сахна өнерінің қыр-сырына қаныққан. Содан да болар, «энергетика» мамандығы бойынша білім алған 4 жылда түсіне тек театр кіре берген...

 

Жаңа ғасырдың басында телеарна арқылы елге тағылым шашқан «Ұят болмасын» бағдарламасында Ақылбай ақсақалдың немересі болып ойнаған Мағжан осылайша театрды таңдады. Білім алды, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қызмет етуде. Ал, ұлын қазақтың ақсап тұрған саласында қызмет етсін, елге пайдасын тигізсін деген Бекжан Тұрыстың о бастағы «Бір үйге бір диуана жетеді» дейтін уәжінің астары алыста жатыр. Жасында оқуға түсіп ауылға келгенде «Қандай оқуға түстің?» деп сұрапты үлкендер. «Әртістің оқуына» деген асқақ көңілмен. Сонда Бекжанға ауылдың күміссақалдылары: «Атаңның аузы... диуана боламын деші», – депті.

Осынау естелікті күліп еске алған  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Бекжан Тұрыс: «Өнер өзінің мінезінен айырылып қалды. Абай атамыз айтпақшы жұталмайтын өнер жұталып бара жатыр. Жалпы әрбір ұлттың рухани уызы – әдебиеті мен өнері. Ал мен үшін бұл өнер ұлттық ар-ұжданның көркемдік бейнесі, халық өмірінің көркемдік айнасы. Бұрындары өнердің салмағын ар-ұжданмен өлшейтін едік, қазіргілер ардан аттап кетіп жатыр. Көбі атақ пен танымалдыққа қызмет ететін болды», – деп бір қайырды да: «Біздікі осындай шақта өнер қумай, елге қызмет етсін деген ой еді. Қаршадайынан сана саңылауына сахнаның сәулесі түскен Мағжан жан қалауына жүгінді. Ата-анасының тәлімін менсінбей, игілікті нұсқауын иісінбей жатқан қоғамда баламның сөзімді екі етпегеніне риза болдым. Батамды бердім», – деп толғанды.

2026 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының іргетасы қаланғанға 100 жыл толады. Осынау ұлы той қарсаңында қасиетті өнер ордасы керуен тартып Талдықорған қаласына келіп, ғасыр тойдың көшін Б. Римова атындағы драма театрынан бастады. Төрт күн бойы жетісулықтарды өнермен сусындатты. Орайлы шақты ұтымды пайдаланып, Бекжан аға Тұрыстан «Тұлға және Толғам» айдары бойынша сұхбат алу мүмкіндігіне ие болдық. Қоғам, заман, адам хақында айтылған жүрек үнін тыңдадық. Ділмар сөйлеп, шебер толғанатын өнер қайраткерінің қиссадай қиылысқан, термедей іркес-тіркес тебіренісін қағазға түсірдік. Әуелгі сауалды шешен сөйлеу, шебер ой өру хақында сұрадық.

– Көп жерде маған сөздің мәйегін, дәмдісін білесің ғой деп айтып жатады. Мен соғұрлым сөз қуған жан емеспін. Қазақ сөз құдіретін өз құдіретім деп өскен халық. Жас күнімізден әдебиетке құштар болдық. Ол кезде қазіргідей телефон, заманауи техникалар жоқ жармасып, жабысып отыратын. Тек қана кітап оқушы едік. Кітап оқымай қалсақ ұрыс еститінбіз. Кітапты көп оқысақ та сынға ілінетінбіз. Осынау сырлы, нұрлы әлемге бір кіріп алған соң, бүгінгі телефонға телмірген балаларын ұрысқан ата-аналардай шешелеріміз бізге қарап: «Әй, кітабыңды аздап қоя тұрсаңшы. Шаруа бар. Ана дүниені тындырып таста» деп жұмсайтын. Одан қаласа «көз майыңды құртатын болды ғой» деп ескертетін. 

Әр ауылда сөздің қадірін білетін, аузы дуалы, әр айтқаны уәлі қарттар болады. Мен сондай қазына кеуделердің етегіне жабысып өстім. Қолына су құйдым, әңгіме-шежіресін тыңдадым. Батасын алдым. Бала кезде алған сол тәлім, естіген есті әңгімелер санаға сақталған соң есейе келе шығып жатқан секілді, – дейді сахна саңлағы.

Атаның тәлімін, әженің өнегесін көрген алдыңғы буын ағалардың маржандай ой сабақтауының мәні де осында жатыр. Ағаның ақылын, ананың тәлімін, әкенің әңгімесін жаратпайтын бүгінгі жас буын ана тілге шорқақ. Шоқырақтаған шабан аттай өрескел ой тұжырымдайды. «Қайнарының қасиетіне қанбаған ұлттың ұрпағы емеспіз бе?» деп замандас жас буынға қарап толғанатынымыз да жасырын емес-ау. Ал, актер болған соң үнемі ой үстінде жүретін Бекжан Асаубайұлына кейде таныстары: «Үнсізсің, мұңданып жүргендей көрінесің», – дейтін көрінеді. Осы тұрғыда: «Мұңсыз адамнан ой тумайды. «Мұңнан қашқандар – шыннан қашқандар» деген ақындарымыздың тармағы да өзіндік ақиқатқа негізделген дүние. Өнердің өзі тереңінен тартады ғой, талғайды, талаптандырады, тұлғалыққа жетелейді. Оның бәрін игеру үшін адамға ынта мен зерде керек. Оқуға түскен, театрға келген уақытымыз- да алдымыздан сөз ұстаған үлкен ағалар қарсы алды. Кешегілердің жұрнағы, бөздің жарқылынан сөздің нарқын биік қоятындардың қасында болдық, дәстүрлі сапарларда жүрдік. Міне, тебірене толғанып, термелете көсілетініміз солардан қалған өнердің сарқыншағы шығар...» – деп сауалымызды салмақтап берді.

Өркениет көшіне сәп салған, құндылығын қастер тұтқан саналы қазақтың өткен мен бүгінді көп толғайтыны анық. Кешегі күннің айғақты ісіне назар аударсақ, әр ауыл ақсақалдардың ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұрушы еді. Сөздері уәлі сол қарттардың қатары сиреді. Пікірлері темірдей, айтқан кесім-шешімі заңмен тең, қара басын ханға сыйлатқан сол қарттарды бүгінгі тірлікте көп іздейміз. Сағынамыз. Құндылықтың төмендеп, дәстүр-салттың солғындау тартып бара жатқанына ақсақалдық институттың жоғала бастауы себеп секілді көрінеді. Бір сұхбатында Бекжан Тұрыс «Қария мен ақсақалдық деңгей тұрмақ, шал бола алмай жүрген жандар бар» деп пікір саптағанын көзіміз шалған еді. Бұл туралы сұрағанымызда халық перзентіне айналған актер біраз жерге ой шалдырды, қызыл тілді жүйріктей тыңға салды.

– Бұрындары шынында ауылды жердегі қария- лардың сөзі салмақты еді. Қасиеті қазық, өсиеті қауым елге азық болған, ескі мен жаңаның арасын жалғап отыратын, көңілі даладай, мінезі баладай, «ұлттың қайыспас қара нарлары» дейді ғой, сондай қарттар болды. «Тек» деп тентегін тияр сол ақсақалдар мен «тәк» деп тәлім сіңдірген аналарымыздан айырылып барамыз. Мен Исраил Сапарбай ағамыздың өлеңін өзіме жекелеп алып, көп жерде оқыдым. Оқи беруге де жалықпаймын. 
Ақсақалға зәрумін, ақсақалға,
Ақ сақалы ұқсайтын ақша қарға.
Бал-бұл ұшты-ау көзімнен бүгіндері
Ақ сапарға аттанған жақсы атам да...

Сақал түгіл мұрты жоқ қарттарымның,
Алдарында келмейді ақтарылғым.
Солар үшін мен кейде билік айтып,
Солар үшін мен кейде атқа міндім.

Тұяғына тұлпардың Ай тағалар,
Қариясыз қай көңіл жай таба алар?!
Білгірлерім қайда екен, алғырларым,
Болашаққа бүгінді айта барар.

Жай ұғысып әй-шәйсіз жас талаппен,
Ел басқара білетін қас-қабақпен...»
– дейді ақын. 

Міне, осы жырда айтылған қас-қабақпен ел басқаратын қариялар жоқ! «Аузына қасиет қонған, сөзіне парасат сіңірген қариялардың жоқтығынан күні кеше Қаңтар қырғынына тап болдық. Қалжыраған халқымның бір жағына шығып серік болатын, иек сілтейтін үлкендердің болмауынан зобалаң көрдік. Әйтпесе, баяғыда бір ауылды уыздай ұйытып, жұрттың жүрегін сүйген қарттар бар еді – заманын ойлап бәйек, сөз сөйлесе дәйек болатын. Қазір биліктің білегін сүйген шал-шауқандар қаптап кетті», – деп қабағына қою түскен ашу мен намыстың белгісін жанарына сыйғыза алмай бәйек болғандай бір сәт үнсіз қалған Бекжан Асаубайұлы ары қарай өмір түсінігі туралы ой қозғады. Биліктің білегін сүйген қарттар да пенде ғой деп түсіністік танытты. Артынан өз мансабын, баласының қызметін ойлайтын шығар десе де ұлт үшін у жұтудың мың есе артық екенін термеледі. Шындық үшін күрес қарақан бастың қызметімен шектелмейтінін жеткізді.  

– Осы үндемеу деген нәрсе біздің қоғамға көп кесірін тигізіп жатыр. АҚШ-тағы қара нәсілді азаматтардың құқықтары үшін күрес басшыларының бірі болған америкалық дін әрі қоғам қайраткері Лютер Кингтің «Мына дүниенің бұзуылуы – залымдардың залымдығынан емес, жақсылардың үндемеуінен» дейтін тамаша сөзі бар. Сол айтылғандай сен тимесең, мен тимеге көштік. Ылғи өзім сынап та жүрмін ғой: «Атағынан ат үркетін ағаларымыз бар, алты ауыз сөздің арқауы болар ой айтпайды» деп. Сол кісілер айтатын сөзді кейде жас болсақ та біз айтамыз, ұнамай қаласың. Өйткені шындық ешкімге жақпайды. Осы орайда әл-Фараби бабамыз: «Күллі адамзат баласының қорқатын бір ғана Құдайы бар, ол – шындық!» дейді. 

Тебіренісін, толғамын, термелеген сөзін тыңдап отырсаң бар ғұмырын сахнада өткеріп келе жатқан жанға ұқсамайды. Том-том кітап жазып, жүйесі берік сөздерді роман мен повестерге, дастандар мен поэмаларға арқау еткендей тебіренеді дерсің. Үстінен даланың, тердің иісі аңқып тұратын, тентек болып теріс бассаң қамшымен тартып жіберетін қарттарды жоқтай отырып, сол тәлімнің қажеттілігін қозғайды. Бекжан Тұрыс: «қазақ бүгін басқа бағытта кетіп барады, киесі мен қасиеті өгейсіп қалды. Қасиетімізді парықтай алмай жатқан қасіретіміздің негізгісі де осы», – дейді. 

Қазыналы қарттардың ақсақалы омырауды жауып, ақиқаты шындық көзін ашар сәттің есесі кешегі ғасырмен кеткендей күңіренеді екенсің. Ұлан-ғайыр атырапты мекен еткен, жауға есе жібермеген, ессізін ел ішінде тәртіпке салған текті жұрттың бар өнеріне үлкен бетбұрыс жасалғаны анық. Рухани дағдарыста тұрғандаймыз. Бұл жайлы да ашына ой сабақтаған актер: «Экономикалық дағдарыс, саяси-әлеуметтік сын-сынақтан шығуға болады. Алайда ұлтты рухани дағдарыстан сақтамаса, ұрпақтан сөз ұстайтын, ел мен жерге еге болатын азамат өсіру қиын. Жұрттың жұтағаны жұттан да, аштықтан да қатерлі дүние» дейді. Әрмен қарайғы толғамын былай сабақтады: 

– Ұлттық идеологиямыз әлсіз. Осыған да себепті қарттардың азаюынан деп те пайымдаймын. Идеология «қалай өмір сүріп, қалай еңбек етеміз, қайдан шықтық, қайда барамыз, кімбіз?» деген сан алуан сұраққа жауап береді ғой. Жіліктеп айтатын болсақ, идеология – бір күнде қаулы-қарар қабылдап, сабынан ұстата қоятын саптаяқ емес. Оның тағдыры кенен, тамыры терең. Бастауы ананың әлдиінде, бесік жырында жатыр. Бесік деген ұрпақты, ұлтты бағып-қағудың, ұятты қалыптастырудың, намысты тәрбиелеудің ұлы құндағы еді ғой. Қазір осы бесігімізді жоғалтып алдық. Әр қазақтың үйінде үкісімен тұратын бесікті ауылды жерде әрең кезіктірсек, қаладағы қазақтың үйінен мүлдем көрмейміз. Кезіндегі елдікті, әділдікті, батылдықты, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді    уағыздайтын эпостық жырларды былай қойғанда мақал-мәтел, дулығалы бабалардың дуалы аузынан шыққан қанатты сөздері идеологияның нағыз қайнар көзі еді. Осының бәрін бізге ата- апалар жеткізген, – деп ата-дәстүрдің, ұлттық идеологияның кешегісі мен бүгінін толғайды. «Адам азғынданып бара жатқан уақытта рухани құнсызданудың алдын алып, ел болып күресуіміз керек», – дейді тағы да.

Дәуірдің арғы-бергі дүмпулерін кітап арқылы таныған, ғасырдың солқылдақ өткел, өткелектерін санаға салып салмақтаған Бекжан Тұрыс Назарбаев Президент болып тұрған уақытта у-шуға ұласқан жер мәселесіне бірден батыл пікір айтқан жан. «Ашынып атқа қонған қазақтың алдынан шықпа, тамтығыңды қалдырмайды» деген рух сөзін айшықтап, бабалар өз басын бәйгіге тіксе де пұшпақтай жердің тағдырын арынан биік қойғанын, жерін ешкімге таптатпағанын айтып шындық үшін шырылдады. «Шындықты айтқан адам шын мұратына жете бермейді, үнемі жолы кесіліп отырады», – дейді сол жанкештілігінен жәбір де тартқан тұлғамыз. 

ШАШЫРАП ТҮСКЕН ТІРКЕСТЕР
***
Қазір керек еместі керек қылып көрсететін, өзегі өрмекшінің торындай өрілген, талай тылсымнан тұратын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. 
***
Айбарлы Абылай хан жоңғарлардың найзасынан емес, тарихшылардың қаламынан көп жараланды. 
***
Ұлттық идеология – бір күнде қаулы шығарып, қарар қабылдап, сабынан ұстата қоятын саптаяқ емес. Оның тағдыры кенен, тамыры терең. Бастауы ананың әлдиінде, бесік жырында жатыр.
***
Баяғыда бір ауылды уыздай ұйытып, жұрттың жүрегін сүйген қарттар бар еді – заманын ойлап бәйек, сөз сөйлесе дәйек болатын. Қазір биліктің білегін сүйген шал-шауқандар қаптап кетті.
***
Шындықты айтқан адам шын мұратына жете бермейді, үнемі жолы кесіліп отырады.

Қазақтың рухани көшінде дараланып, сахнада саңлақ атанған, алыптар шоғырынан азаматтық пайым қалыптастырған Бекжан Асаубайұлы бүгінгі өнер хақында да шебер пайым жасады. Қазіргі жас буын атақ пен танымалдық үшін театрдан кетіп жатқанын сөз етті. Бойындағы қабілет-қарым, талантты бағаламайтын жастардың телеарналарға берген сұхбаты өз ұстанымына қайшы екеніне тоқталды. «Бізді аға буын «өнер ұлтқа қызмет етуі керек» деп өсірген болатын. Кешегі тақыр жерден театр тұрғызған біздің алыптардың ойында тек қана өнер, театр тұратын. Содан соң барып киноны ойлайтын. Қазіргі буын, керісінше, театрды тастап киноға жүгіреді, осы туралы айтсаң, пікіріңе онша құлақ аспайды. Керісінше, жек көреді. «Пікірді бетке айтқан адамның қойнында пышағы болмайды» деп ескертемін үнемі. Рас, кімнің болмасын киноға түскісі келеді, мен де солай. Театр – жұрттың жүрегінің дүрсілі» деген пікіріне қалайша келіспессің?!

Салмақты дүниесі сәт сайын жеңіл тартқан, құндылығы төмендеп, қымбаттысы арзандай бастаған заманда талай-талай көрініске куә болып жүрміз. Ел басқарған жайсаңдардың жөнсіз-жосықсыз әрекеттері қарапайым халықтың зығырданын қайнатып жатқаны да жасырын емес. Әдеп-құқықтық сауаттылығына сын айтудың өзі ұяттау көрінетін кейбір қызметтегі, мансаптағы азаматтардың ақылына дария кеуделердің әмірі керектей. Алайда, билік пен бұқараның арасындағы жанжалға басу айтар тұлғалар аузын буып, айтарын іште бүгіп жүргені де әмбеге аян ақиқат.  Бұл орайда Бекжан Тұрыс:  «Менің халқым» дегенді «менің мүлкім» дейтіндер көбейді. Бізде сондай зиялы қауым қалыптаспады-ау, елі қиналғанда демеу сөз айтатын. Елдікке, бірлікке, сабырға шақыратын»,  – деп күрсінеді.

Таскешті заманның талай таршылығын, қан майданын көрген, тар жол, тайғақ кешкен қазақтың бүгінгі күніне қарата көп дүние айтуға болады. «Адам бол» деп өсірген кешегілердің бүгінгі сөзі «Жақсы маман бол» дегенмен шектеліп жатқандай. Алайда, жақсы маман болған адамның өзі халық үшін маңдай терін шүмектете еңбек етуі қажет. Ел игілігіне иненің жасуындай болсын пайда келтіруге борышты.  

– Ақселеу Сейдімбек ағамыз: «Ықылас пен Тәттімбетті білмейтін адамдарды басшылыққа сайлауға болмайды» деп айтып еді. Бүгінгілердің дені Ықылас пен Тәттімбетті түптеп танымайды. Түпкі тарихымызда бұрмалау көп. Бәріне бірдей топырақ шашқым келмейді, бірақ қалам ұстаған қауым білгенінше жазып кетті ата шежіремізді. Ұлттық тұрғыға емес, рулық деңгейге ден қойып кеттік.  Бұл орайда да айтатын ескертпе – тарихын, тегін білмейтін буын өсіп келе жатқандығы. Шежірені құт көрмейді бүгінгілер. Ұлы Даланың ұлағатын паш етіп, тарихтан тамыр жалғап, құндылықтан қасиет дарыту үшін де әрбір адам ұлттық деңгейде ойланып, қаламын қазағым деп салалы саусаққа қапсырған жөн. Рудың емес, ұлтының мұңын жазған әдебиеттің әсері мол, өнегесі өміршең болмақ, –  дейді Ақылбай қариядай асыл ойды тізбектеген Бекжан Тұрыс. Оған қоса: «Кезіндегі қариялар салтқа жарар дүниең санаңда, кәдеге жарары қолыңда, ата-баба аманаты мойныңда болсын дейтін. Содан соң барып: «Аппақ арманың жолыңда болсын» деп қайыратын. Ал қазір жас ұрпақ түгілі, жоғары қызметте жүрген, ел алдында жарқырай білген атпал азаматтардың өзі түпкі тарихын талдап бере алмайды. Хандардың өзін ретімен атап, түсін түстеп шығуға дәрменсіз. Қазағым деп бүгініңе ашына, ашық көз салсаң тоталитарлы жүйеден шығып, жемқорланған тоталитарлы жолға түсіп бара жатқан, құнсызданған халық есебінде көрінеміз. «Тұтас елді біріктіретін ұлттық сананы қалай қалыптастыруға болады деген сауал» мені күнде толғандырады», – деген парасатты ойын, жан үнін де сұхбаттан тыс қалдырғымыз келмеді.

Шаң қапқан тарих пен шашауы шыққан ұлы мұраларымыздың бәрін сабақтап, толықтау үшін де ұлтым деген перзенттерді тәрбиелеу қажет. Ұлттың ұлы мұрасы түгілі ана тілінде таза сөйлейтін буын қалыптастыра алмай жатқанымыз жасырын емес. Жан ділінен сығымдаған шырын сөз бен елді оятар тұшымды пікір саптаған Бекжан Асаубайұлы ағылып та, төгіліп те, тіпті, егіліп те елдік тұрғысында толғам жасады. Кітаптың бірнеше тарауына арқау болар аталы сөздің бәрін келтіре алмасақ та «теңіздің дәмі тамшыдан» дегендей, біршама толғамын тізбелеп өттік. Келесіде кесек-кесек ойларын кертіп алып, оқырманға олжа етерміз деген сенімдеміз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ