ТАРИХ ТЕРЕҢІНЕ БОЙЛАДЫ

Уақыты: 05.06.2024
Оқылды: 433
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Дамыған елдердің білім беру жүйесіне назар салсаңыз өткенді көзбен көріп, қолмен ұстауға мол мүмкіндік берілген. «Өткенді қалай қолмен ұстамақ» деген сөзге сәп салып, біршама ойға берілуіңіз мүмкін. Тәптіштеп термелесек, тілшелеп түсіндірсек, бір ғана Италия мемлекетінің оқушылары атақты Валь-Камоникадағы жартас суреттеріне, Рим, Милан, Флоренция секілді қалалардағы тарихи орындар, ботаникалық бақтар, тағдыры XV ғасырға созылған ескерткіштер мен қалалар, кесенелер мен шіркеулерге саяхат жасау арқылы тарихына, өткеніне бір сәт сапар шеккендей әсер алады.


Сол ғажайып әсер, тебіреністің арқасында ата шежіресін, түп тарихын еркін тануға мүмкіндік алады. Көне фракиялық көшпелі тайпадан тұтқынға түскен Спартактың ерлігін, Колизейде ермек үшін болған қырғындағы көзсіз батырлығын, әскери машығын, түп-түгел қаһармандық қасиетті аңдайды. Сол арқылы Рим халқының о бастағы танымы мен салт-дәстүр, құндылығын парықтайды. Бұл орайда Англия, Дания, Нидерланды секілді алпауыт елдер де жастардың танымын кеңейту мақсатында ұлттық мұра сақталған мұражайларға саяхаттауды оқушыларына міндеттеген. Жетісулық оқушылар да ізгілік ізін аңдап, тарихи жәдігерлерді тамашалауға мүмкіндік алғанын ерекше тебіреніспен атап өтуге негіз бар. Біздің жас өскіндер де алпауыт елдегі қатарластарындай қазақ елінің шежіресін, өткенін, бабаларының асыл мұраларын, қасиетті жәдігерлерін қолмен ұстап, көзбен көріп қайтты.

Жаздың алғашқы күнімен қатар келген Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен Талдықорған қаласындағы мектептерден 245 оқушы музейлерге саяхат жасады. Атап айсақ, қасиетті Күреңбел топырағындағы Шоқан Уәлиханов мемориалдық кешеніне 124,  Үштөбе қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне 44, ағынды Ақсу өңіріндегі Ақын Сара музейі мен қасиетті Тамшыбұлаққа 37,  ал облыс орталығындағы М. Тынышпаев атындағы мұражай мен  І. Жансүгіров атындағы музейге 40 оқушы барып қайтты. Жай ғана бармай, әрбір жәдігердің тарихымен, тұлғалардың өнегелі өмірімен, олардың қолданған бұйымы, жазған еңбегімен де танысқан оқушылар бір күндік саяхаттан терең тағылым алғандай көрінгені бар.

Осы орайда  Талдықорған қаласындағы №26, 27, 28, 29, 30 орта мектептерінен шаһардағы М. Тынышпаев атындағы мұражай мен  І. Жансүгіров атындағы музейге барған 40 оқушыға жетекшілік еткен Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі Мадина Жүнісова: «Бала – бақытымыз. Біздің бабаларымыз осыны тереңнен толғап, «болашағымыз» деп баға бергені анық. Бұл орайда әрбір балаға мән беріп, тәрбиесіне тереңнен үңілген бүгінгі шақта оқушыларды музейге апарып, жәдігерлермен таныстырудан тағылымды іс жоқ секілді. Біз жетекшілік еткен 40 оқушы қаламыздағы қос мұражайға кіріп, Жетісу жерінде өсетін өсімдіктер мен аң-құсын «Табиғат» бөлімінен  тамашаласа, «Тарих» бөлімінен бай шежіремізбен танысқандай көрінді. Ілияс ақынның атындағы музейден де терең әсермен қайтты. Ақындық құдіреттің қандай болатынын, ел үшін қызмет еткен тұлғаның биіктен орын алатынын да оқушылар аузынан естіп қалдық. Осының өзі облыс басшылығы, облыстық білім басқармасының қолдауымен орын алған саяхаттың салмақты екенін айғақтайды деп білемін», – деп ағынан жарылды.

Ал, қазақтың «Аққан жұлдызы» атанған Шығыстың аса даңқты саяхатшысы, алты Алаштың мақтанышы Ш. Уәлихановтың мемориалды кешеніне 124 оқушыны бастап барған К. Ушинский атындағы №7 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Шырын Жұмағалиева: «Шоқан бабамыз жатқан топыраққа табан тигізгеннің өзі бір бақыт. Оқушылардан кем әсер алған жоқпыз. Ал ғалым, саяхатшы бабаның өмірімен, жәдігерлердің сырымен танысқан жас өскіндердің қуанышын, сол кездегі жан сезімін сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. 8 көлікпен 5 жетекші бастап барған саяхатымыз мәнді, мазмұнды болды», – дей келе жас ұрпақтың жан сарайына жәдігерлердің өзі сәуле түсіретінін жасырмады. Мұндай саяхат елдегі әрбір оқушыға қажетті жақсы үрдіс екенін де айрықша атап өтті.
Расымен де  мыңжылдықтардан бастау алатын тарихымыз, бабалардың өнегелі өмірі, шығармасы, олардың ерлігі мен еткен еңбегі мұражайлардағы жәдігерлер мен құнды кітаптарда бүркеліп жатыр. Ал оны түптеп тануды оқушы кезеңнен бастаған абзал. «Бүгінде құндылық құлдырап барады, жаһандану үрдісі техниканың жетілуімен қатар бай мұрамызға сәп салдырмайтын бірбеткей ағынмен жетіп, бай мұраны парақтап-пайымдауға мұрша келтірмейтін тіршіліктің қым-қуыт сүрлеуіне салды» дейтін ақын-жазушылардың жанайғайы үдеп тұрған осы шақта  тарихты тануға осындай саяхат сеп болары сөзсіз деп ойлаймыз.

Айта кетерлігі, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, оқу үздіктері Алакөл ауданындағы  Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы А. Айыпжанқызы, Абай атындағы орта мектептің (Ескелді ауданы) оқушысы  И. Екпінқызы және облыс орталығындағы М. Жұмабаев атындағы мектеп-гиназиясының оқушысы Ә. Тұрлыхан ҚР Президентінің резиденциясы – Ақордаға барып, орталық салтанатты залды және қабылдаулар мен келіссөз жүргізуге арналған залдарды аралап, Мемлекет басшысының атынан сыйлықтар алғанын айта кеткен жөн. Оған қоса  Президенттік орталық, Ұлттық музей, «Нұр-Әлем» павильонын аралауға да мүмкіндік алды.

Арда БИ