Шерлі ғасырдың шынайы суреткері

Уақыты: 18.03.2018
Оқылды: 1416
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мүк астына жасырынған тастың меңіндей зымиян қол жымдастыра құрған қастандықтың қандыауыз қақпаны тілерсегін қиғанда ыңыранған. Жарасын жалап жазар абадандай кек тұтып, ұрпағының қамын ойлап бірде тау айналып жан сауғаласа, енді бірде ашық келген жауына айбаттана қарсы шапқан. Тыныш күннің түндігіне қара бұлттың көлеңкесін түсірген қараниеттілердің қысымынан, ақылға сыймас талабынан тіксініп, тектіліктің қанын тасыта намыстанған сол кездегі ел ерлері Ақ патшаның жарлығына пысқырып та қарамаған. Несіне қарасын, сары сүйегінде сан ғасыр бойы сақталып келген рухы дүр етіп түлеп, жастарын қорғасын оққа өз қолымен байлап бермеу қамына қаһарлана кіріссе... Бұл айбат, шамырқану күллі қазақ сахарасын тітіренткен ұлт-азаттық қозғалысына апарып соққан болатын. Содан бері де бір ғасырдан астам уақыт өтті. Осы уақыт шеңберінде алты Алаш қаншама рет зор зобалаңдарды бастан өткеріп, сол шеңберлі тағдыр-тақсіреттің қысымына ұшырады десеңізші?! Ал бүгінгідей мамыражай уақытта өткенді тану, тарихты санада жаңғырту үшін сол кезең туралы жазылған шынайы шығармаларға арагідік көз жүгіртіп, оқырман назарынан тысқары қалып бара жатқандарын тағы бір мәрте зерделі қауымның ойына түсіріп қойған жөн. Бұл қалам ұстаған жандар үшін үлкен міндет болса керек.

Құмсағат ғұмырдың артта қалған сусымалы жылдарындағы ең нұрлы шақ болып саналатын студенттік кезеңде бір топ кітапқұмар азаматпен жолдас болып, әдебиет жайлы қал-қадірімізше терең сөйлесуші едік. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ көркем шығармаларды жарыса оқып, ақырында ауыл оқырмандарынан қатарласа шабар жан шақ келтірмеген жолдастарым шығармаларды кезең-кезеңге бөліп қарастыратын. Солардың ішіндегі ең шырайлы да шынайы жазылған туындыны айрықша атап, таныстығы жоқ жанға: «Оқып шық», – деген пәрмен беретін. Сөйтіп жүріп-ақ бірқатар туындының «мұрты ойылған». 
Кезең-кезеңге бөлінген шығармалардың бір парасы сонау Ақ патша заманында орын алған ұлт-азаттық қозғалысы төңірегінде жазылған туындылар. Біз де сол кезеңдегі өмірді, ұлттың тағдырын айшықтаған туындылардың бірқатарына барлау жасап, томдықтардың бетін қайырған едік десек, артық айтқандық бола қоймас. Әлем әдебиетінің алыптары қатарындағы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы», Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» трилогиясы, өткен жылы ғана Мемлекеттік сыйлыққа ие болған Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай» романы сол сарындағы туындылар. Бұл шығармалар айтарлықтай айтылып, жазылып жүр. Дегенмен, наурызгүл бүр жарғанда өмір есігін ашып, Алаш мұңын мұңдап жүрген ғалым, жазушы Уәлихан Қалижанның «Шеңбер» повесі жайлы жазылған материалдарды көп кездестіре қоймадық. Сондықтан да, көңіл күмбезін көкжиекпен астастырғандай тебіреніс тудырған, замана шындығын, адам психологиясын айтарлықтай ашып көрсете білген жазушының аталмыш шығармасы жайлы өз пайымымызды жазуды өзімізге міндет деп санадық.
Дауыл теңселткен қарағай басындай ырғалып, мынау бес күндік жалғанда өзі сеніп, бар күш-қайратын, жастығын арнаған бай-манаптан қара бақырдай қайырым, жақсылық көрмегеніне күйінеді. Кедей болса да арын сатпаған, алдына келген асын адалынан тапқан. Ныспысы Қарынбай болса да, о заманғы Қарынбайдай қара ниетті жан емес. Бұл кейіпкердің ақ жүрегі аңқылдаған, мақсат-мұраты – бейопа өмірді ақ жүріп, анық басып тамамдау. Сондықтан да қартая бастаған шағында сонау қырғыз елінен, мынау қазақ даласынан жүздеп жылқы барымталап, шұрқырата сәйгүлік айдап Нақысбек байға дәулет жиып берген жастық дәуренін, жігіттік шағын есіне алып, қатты күйінеді. Қарабайдың бұлай аһ ұруына бай бәйбішесі Бибіштің: «Бұл қу сирақ кедейлер шайыңды аңдып, асыңды ішкізбейді. Құдай жарытпаса, өлгенше жарытпайды. Енді мұның үрім-бұтағы осылай ас аңдып, аяқ босатумен өтеді. «Жаман иттің атын Бөрібасар қояр» дегендей, атын Қарынбай қойыпты. Қайдан білсін байғұс әке баласының бұралқы иттей бұраңдап жүретінін...», – деп Қарынбайды тілдегені оның жүрегіне боз беріштей кекті болып қатқан. «Кедей кекшіл келедінің» керімен емес, әйеліне тек деп айта алмаған Нақысбектің зымияндығына, келемежіне опынады да... 
Міне, осылайша Қарынбайдың елден ірге сөгіп, нағашы жұртына көшуімен басталған повесть алуан түрлі адамдардың психологиясын, өткен ғасырдағы қазақ тіршілігі мен тауқыметін алтын арқау етіп, оқырманды сан түрлі байламға жетелейді.  Қарынбай бәйбішесі Инеш екеуі Ермек, Еркін атты егіз ұлдарына «Нақысбектің жылқысын үйірімен өзіне табыстап, артымыздан жетіңдер. Мұндай бай ол жақта да бар. Бастарың аман, намыс-қайраттарың бойларыңда барда, ол өңірден де бір қауға табылар», – деп жөней береді. Алайда сом денелі құрдасының «иташумен» кеткенін білген Нақысбек бай арсыздыққа басып, айлакерлікпен атанжілікті екі ұлын уысынан шығарып алмауға қам қылады. Ол үшін жалғыз қызы Гүләйімді ортаға салады. Онсыз да қалың малын төлеп бұл елден бір-бір жар алып беремін деп ағайынды жылқышыларды алдап келген бай бұл жолы жалғыз қызына емексітіп, «таңдағандарыңа жар етіп, жарты байлығымның мұрагері етемін» деген емеурін танытқан. Алайда әке намысының мұқалғанын білген әрі намысшыл Ермек Нақысбектің айла-шарғысына шырмалмай, Гүләйімді алып қашып кетуге тастүйін бекінген. Қыз көңілінен үміткер Еркін өзінен бұрын жарық дүние есігін ашқан сыңары Ермектің бұл әрекетін біліп, қызғаныштың көрсоқыр сезімімен байды құлағдар етіп, ағасын абақтыға айдаттырады. Неткен қорқынышты тағдыр десеңізші?! Бір шүйкебасқа деген соқыр сезім осылайша ағайынды жандарды қос соқпаққа салған. Ол қос соқпақтың ағында Ермек, қарасында Еркін кете барған...
Абақтыға барар жолда қайырымды орыстың пәрменімен тұтқыннан қашып шыққан Ермек сол тұста бұрқ ете қалған ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің бірі Бекболат батырдың сарбаздарына қосылуды мақсат еткен. Ал нағашы жұртына көшіп барған әкесі Қарынбай о шақта көтеріліс шебіндегі сарбаздар қатарына әлдеқашан-ақ алынған. Жастығын ала жығылуға, қазақ батырларына көмектесуге бекініп, кәрі сүйегін сүйреген Қарынбай мен жалынды жастығын қорғасын оққа таңуға бейіл танытқан Ермектің рухани болмысы, кейіпкерге тән образы оқырман үшін ұғынықты. Ал, бай тастаған сүйекке сүйсінген барақтай алдауға арбалған Еркіннің жайы шіміркендірмей қоймайды. Бұл да болса заман көрінісі, жазушы қиялындағы, жүрегіндегі ақиқаттан тамтұмдап берілген шығармашылық шындық екені анық. 
Иә, әділдікке жаны құмар Ермек Қария атты көпті көрген қазыналы шалдың алдаспанын асынып, пәрменімен Бекболат тобына қосылады. Мылтық ату, қылыштасу тәсілдерін жетік меңгергеніне, батылдығына байланысты аз уақытта жүзбасы болып тағайындалады. Сарбаздар сол кезде бүгінгі болашағымыз үшін рухты жаңғыртқан атойларға басып, айқасып, қыршын тағдырларын зеңбіректің бораған оғына таңып берген-ді. Сондай бір ұрыста айлалы жаудың әскерінен қырғын көрген Бекболат тобы селдірей азайып, батыр мен Ермек қолға түседі. Сөйтіп діні қатты басқыншылардың қолынан Бекболат батыр мерт болады.  Мұны жазушы Уәлихан Қалижан: «Бекболат артына бұрылды. Жасы жетпісті алқымдап қалса да, ел басына күн туғанда жас жігіттей топ бастады. Қазір айбарлы жүзі сәл жылығандай. Ол отыз жыл Верныйда Пугас көпестің малайы болды. Даланың да, қаланың да тіршілігін көрді. Қаналған халықтың хәлін ұқты. Аз ғана халықты оққа байламақ болған патша жарлығын естігенде ат үстіне қонды. Аз ғана уақыт ішінде талай-талай жеңістерге қол жетті. Малдарына сан жетпейтін талай байдың отар-отар қойы мен үйір-үйір жылқысын кедей-кепшіктерге үлестірді...» – деп қазақ батырының дарға асылар сәтіне дейінгі өмірін ғалымға тән ізденіс, жазушыға тән тебіреніспен айшықты етіп жазған. 
Бекболат жантәсілім еткеннен кейін Ермек қырылған сарбаздар арасында аман қалған азғантай майдандастарындай тағдыр тақсыретін тарта бастайды. Әскери дала соты Ермек Қарынбаевты бүлікке қатысқаны үшін Сібірге жер аударады. Алайда, бір топ тұтқынмен Семей абақтысына қалдырылғанда: «Итжеккенде өлгенше қазақ топырағында денем қалатын болды», – деп балаша қуанған-ды. Осылайша абақты өмірімен танысып, атаманымен айқасып, намысын таптатпаған ол бір күні аса ауыр қылмыс жасаған саяси қылмыскерлер жататын 31-ші камераға тоғытылады. Міне, содан бастап орыс ойшылдары мен білімділерінің дәрісін тыңдап, абақтыдағы зиялылар арқылы саяси білім нәрімен сусындап шығады. 
Повестің басты кейіпкері саналған Ермек Қарынбаевтың одан кейінгі өмірі жылымықтан соң орын алған нұрлы кезеңдей өз өрісімен өрбиді. Өмір ағысымен ЦК қызметкері болады. Жетісу жеріне Кеңес өкіметін орнату жолында күреседі... Ал сыңары ше?
Еркін Қарынбаев өз таңдаған сұрқиялықтың сұр бұлтын басына қаптатып, сыңарезулеп тірлік кешеді. Нақысбекке күйеубала боламын деген дәмемен бай қорасына үйірлеп жылқы, жүздеп кер күліктерді айдап келіп тоғыта береді, тоғыта береді. Ақырында Нақысбекпен бірлесе Қытайға асып кету қамына кіріскен. Алайда ЦК-да жұмыс істейтін Ермектің жолторуымен діттеген мақсаттарына жете алмайды. Сөйтіп, ең ақырында қарақшылыққа басып, адал елдің арын таптар ұрда-жықтың нақ өзіне айналады. 
Уәлихан Қалижанның «Шеңбер» повесі сұрқай заманның шындығын бүкпесіз көрсеткен шығарма. Бұл туынды ағайынды екі азаматтың тағдырын айшықтап, ол екеуінің екі тарам жолмен өмір кешуі де, сол тұстағы адамдар келбетін, болмысы мен мінезін айтарлықтай ашқан. Тіпті, қорғансыз арулардың жазықсыз арын таптатқанының өзі өткен күннің ең үлкен зобалаңы санатында. Оған дәлел мына бір көрініс: «Бауырына «Ағеке» деп жабысқан жас қыздың ыстық білегі жаңағы бір тұтанған сезімді қайта оятты. Ол бүрмелі көйлекті дар еткізіп жіберді де, жас тәнді құша құлады. Өксік пе, айғай ма, зар ма, қарғыс па, лағынет пе, не екені белгісіз, бір дауыс шыға қалды да, қыз демі тұншыға берді...
Көңіл желігі басылып, Еркін қалың топқа беттеді. Жалынға үйітілген қой етінен кесіп алды да, ауызына салып жіберді. Піспеген шикі еттің жылымшы қаны екі езуінен жарыса аға жөнелді.
– «Түйе аунаған жерде түк қалады» деуші еді. Батыреке, ендігісін маған байлаңыз, – деп сап ете түсті Есен.
– Зауқы бардың бәрі барсын. Көкпарша тартқыласаң да өздерің біліңдер, – деді де Еркін қарқ-қарқ күлді. – «Тесік түйме жерде қалмас» деген осы да». Азғындықтың осы бір көрінісін жазып отырған қаламгер сол сәтте қандай күйде болды екен? Ал оқып отырған біздің төбе құйқамызды шымырлатқанын жасырып қайтейік?! Қарынбайдай күшін бұлдамаған, аңқылдақ та аңқау әкенің, Инештей жерошақ маңынан ұзай қоймаған ғазиз жүректі ананың перзенті бола тұра осындай әрекетке барып, қапияда қолға түскен Бибіфатимадай аруға дәл мұндай зорлық көрсету Ермектің туған бауыры, сыңары Еркіннен шығады деп ойламайсың-ау. Бірақ бұл жерде жазушы ағайынды қос жігіттің көркем образы, табиғи болмысы арқылы қазақ халқының күллі тағдыры мен табиғатын көрсетіп тұрғандай. Еркін де, Ермек те – қазақ! Біздің жұрт әманда Нақысбектей шын асылды кеш ажырататын, Қарынбайдай күшін зая кетіріп алатын, Ермектей адалдығымен сыр ашып, соңыра өзі опық жейтін халық емес пе?! Бұл тұрғыда Еркінге ұқсас мінезді көрсетуді артық деп санаймыз.
Шынымен де шығарманың осы бір тұсы жүрек шымырлатады. Байдың қолшоқпарына айналып, одан кейін жараланған кекті қасқырдай аласұрып жүріп, аңдаусызда соры айдап келіп жолыққан Бибіфатиманы қорлау адамдықтың ең төменгі сатысындағы кейіпкердің шынайы көрінісі болса керек. Ол аз дегендей, бұрқ етіп келген соқыр сезімнің жетегімен жас арудың наласына қалып, оған да місе тұтпай: «Ей, жігітсіңдер ме, мігітсіңдер ме? Бәріңе қидым жас сұлуды. Көңілдерің шапқандарың ләззат алып қалыңдар!» – деп айтуының өзі, ақырында жазушының бұл оқиғаның соңын: «Осы сөзді күткен дүрмек жас қызға жан-жақтан тап берді. Осылай тағы сезімнің құрбаны болған Бибіфатима таң алагеуімде жан тәсілім беріп еді», – деп тиянақтауы кімді де болса бейжай қалдырмасы анық.
Иә, ақ жолға жонын беріп, арамдықтың астауымен отыққан, құлқын мен соқыр сенім, сезім жетегімен кетіп ет жақындарынан тірідей айырылған Еркіннің күйі күйзелтеді. Ол бір ғана Бибіфатиманың ғана емес, талай қазақтың көз жасын кешкен кейіпкер. Саяқ жүрген сырттандай түрлі айлаға басып, тыныш жатқан жандарды қуырып жүріп, ақыр соңында Нарынқол жаққа ат басын бұрып, сондағы жалғыз ұлынан айырылып, жалғыз келініне күні қараған шалды өз сырын білдіріп қойғаны үшін жарып өлтіреді. Ал, қауқарсыз шалды қарап отырған Ботагөзге бұғалық лақтырып, тұлпарының ащы тері шыққанша шырқырата сүйреп жүріп жазым еткен... Сөйтіп, ақырында Қытайға қашып, бейопа өмірден берекесіздікпен тірідей тірлік кешуді ғана мансұқ тұтып қала берген.
Ал ақиқаттың алдаспанын арына ауырсынбай асынған Ермек ше? Ол Нақысбек байды ұстағаннан соң, оның затына тартып тумаған аяулы да парасатты қызын мұғалімдер даярлайтын оқуға таныстары арқылы түсіреді. «Мені күт» деп ЦК-дағы қызметі бойынша Жетісу жеріне Кеңес өкіметінің орнауына бір қайраткердей күшін сарп етеді. Ақ пен қызыл болып айқасқан сол бір шақта жау әрекетін астыртын барлау үшін «Еркінмін» деп қарсы жақтың қатарына қосылады. Әрине, тыңшылық әрекетпен, жауды күйрету мақсатында. Міне, сол кезде де қазақ қызының ары тапталады. Бірақ сыңарындай емес, Ермек сол ардың тапталмауына арашашы болып, өзі таңдаған ақиқат даңғылынан қиыс кетпейді. Оған жау тобының көсемі болған Есжанның жүрек шымырлатар әрекетіне айламен де, ақылмен де соққы беріп, жазықсыз арудың көз жасына тыйым болған мына бір ерлігі дәлел. 
«...Есжан болса күркеден шықпай, өткен жорықта ат алдына салып алып кеткен Биғанымның балғын денесін құшып, қасқыр көңілін тояттатқызған болар. Ал ертесіне сыртқа шықты. Әр жерде сілейіп-сілейіп жатқан жігіттерді көрді. Сарбаздар орындарынан ұшып-ұшып тұрды.
– Неменеге ұнжырғаларың түсіп кеткен? Іштерің пысса көкпар тартыңдар. Әрі шынығасыңдар, әрі белдеріңді жазасыңдар.
– Серке болмаған соң қойдан не қайыр? – деді сарбаздардың бірі. Кенет Есжанның ойына бір нәрсе орала кетті. Күркеге кірді де, Биғанымды сүйреп алып шықты. Он жетіден жаңа асқан балғын дене сарбаздардың көз құртын жеп барады. Шаштары дода-дода болып кетті. Камзолын керген қос алмасы тал бойына жарасып-ақ тұр. Шәйікөйлек желмен тербеліп, ес алады.
– Міне, көкпарға коммунист Рахметжанның қызын байладым. Қай күштің іліп кет. Сұрауы жоқ».
Осылайша Биғанымның «Ағатай, аяшы» деген шырқырай сұраған жалынышына қарамай атқа қонған желөкпе топтың қызығына салады. Бір қарындастың наласына күйінген Ермек ес жиып болғанша сарбаздардың кәдімгі көк серкеше қызды өңгеріп алып тауға қарай құйғытқанын көреді. Сол сәтте ол да дүбірге қосылып, аруды алып қашып бара жатқан білекті жігітті жазым етіп, Биғанымды көзден жасырып, ақырында қуып жеткен аранды ашкөздердің талқысына салмай: «Бұл олжа енді менікі. Жігіт болсаңдар көкпарда тартып алуларың керек еді. Енді бөліске салмаймын. Әйел етем өзіме», – деген кесімін айтады. Осылайша анталағандарға тыйым болған Еркін батыр Биғанымға бас еркіндік беріп, ерлік көрсеткен. Міне, дәл осы бір эпизодты Бибіфатима тағдырымен салыстырып, Ермек пен Еркіннің көркем образына, табиғаты мен болмысына байлам жасауға болатындай. Бұл жерде сол замандағы көріністерді екі кейіпкердің болмысын ашу үшін қос эпизодтың қарама-қайшы өрбігендігінен шығармаға әдемі қиюластырып бедерлеген жазушы шеберлігін ерекше атап өткен жөн.
Повесть желісін, оның немен аяқталғанын айтар болсақ, Биғанымның арына арашашы болып, ел мүддесі үшін күрескен Ермек ақырында ұлтым деп көз жұмады. Ол кезде жоғары білім алған сүйіктісі Гүләйім ауыр қазаны естіп, селге кеткен сезімін енді ешбір жанға арнамауға, сонымен қатар, ол қиырдағы бір ауылға директор болып барып, сол жерде мектеп салуға, шәкірт тәрбиелеуге бекінеді. Өкінеді... Күйінеді... Тағдыр болған соң шыбын жаны кеудеден шыққанша амалдап ғұмыр кеше береді.
Хош, шығарманың негізгі сарыны осы. Ондағы кейіпкерлер, олардың алуан түрлі образы, мінезі, шығармадағы адам психологиясы, эпизодтар байланысы, ел тарихы, халық қасіреті деген дүниелерді кез келген оқырман бір рет оқып шыққаннан-ақ ұғынады. Ал ондағы көркемдік қасиеттер, қаламгерге тән бояу, күрт қабылданған шешім, сөз ойнату, баяндау, кейіптеу, бейнемелеу сынды негізгі тәсілдер мен шығармашылық шындық, тарихи дерек сияқты дүниелер «Шеңбер» повесінен кездесе ме деген сауалға көшкен жөн-ақ. Біз қозғаған, повесте барлығы бар. Бар деудің өзі татымды тіркес емес, молынан кездеседі. Мәселен, бір ғана Бекболат батырдың Верныйда Пугас атты көпестің малайы болғандығы көпшілік үшін жұмбақ. Тіпті, біз де «Шеңбер» арқылы Бекболат батырдың сондай тауқыметті тағдырды өткергенін, өмір қиыншылығымен арпалыса жүріп, ел үшін атой салғанын танып, таңырқадық. 
Әр оқырманның өз талғамы, пайымы болатынын ескерсек, кешегі Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілегіндей, Мұхтар Әуезовтің Ғазизасындай, Бексұлтан Нұржекеұлының Шәйісіндей Уәлихан Қалижан да Бибіфатима, Биғаным сынды арулардың сұрқай заманның сырттандарынан жәбір көргендігін бүкпесіз бедерлей білген. Бұл жантүршігерлік ақпар. Ал бір кіндіктен тараған Ермек пен Еркіннің екі түрлі тағдыры да жазушы жүрегінен құйылып түскен, шындықтан туындаған, сомдалған ғажайып кейіпкер! Міне, сонысымен де, бұл туынды бізді тебірентті. Шын мәнінде бұрын-соңды оқыған үздік повестер қатарынан орын алды. Бұл біздің көңілдің берген бағасы. Біздің пайымның шынайы жемісі!  Жазушылығы да, ғалымдығы да жоғары бағаланып жүрген Уәлихан аға Қалижан жетпісінші көктемін қарсы алып отыр. Жазушының шығармашылықтағы жан тазалығына, ақиқатшылдығына деген сүйіспеншіліктен, тек қана «Шеңбер» повесі емес, «Қайдасың, Гүлім», «Әке әлдиі», «Ғажайып бейне», «Домбырасыз ауыл», «Жат бауыр» сынды әңгімелерінен алған тебіреніс әсерінен де салалы саусаққа қалам қапсырдық. Бұл орайда жетпістің желкенін көтерген Уәлихан Қалижанның Алаш оқырмандарын шырайлы шығармаларымен, ғылымдағы өнімді еңбегімен қуантып, ел мен жер тарихы, руханияты үшін әлі де берері молдығына бек сенімді екенімізді де айтып өткіміз келеді.


Тұғыры биік тұлға

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан жетпістің желкенін көтерді. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 1966 жылы түсіп, 1971 жылы үздік бітірген курстасым жайлы ой толғауды жөн деп таптым.

Уәлихан Қалижанұлы 1948 жылы Жамбыл ауданы, Бесмойнақ ауылында дүниеге келген. 1971 жылы облыстық «Жетісу» газетінде меншікті тілші, аға тілші болып қызмет етті. 1978-1980 жылдары Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің нұсқаушысы, баспасөз секторының меңгерушісі, 1980-1986 жылдар аралығында «Ұлан» газетінің редакторы, 1986-1994 жылдары «Жас Алаш» газетінің бас редакторы болды. 1994 жылы XIII сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды және мәдениет, баспасөз, қоғамдық ұйымдар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Одан кейінгі жылы Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасары, кейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде істеді.
У. Қалижанұлы – тәуелсіздік тұсында қазақ журналистикасы мен ұлттық баспасөзге соны серпін, жаңа леп әкелген жаңашыл тұлға. «Лениншіл жасты» «Жас Алаш» деп өзгерту, Наурыз мейрамын жаңғыртуға күш салу сияқты келелі мәселелерді шешуге мұрындық болды. Көптеген кітаптың авторы. «Сенімен және сенсіз», «Шеңбер», «Президент», «Көңіл көкжиегі» атты кітаптары қалың оқырман ілтипатына бөленген шығармалары. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор болып келгелі бергі кесек шығармалары, ғылыми, тарихи, әдеби еңбектері өз алдына бөлек таныстыруды талап ететіндігін оқырманға құлаққағыс ете кеткім келеді. 
Көрнекті әдебиет зерттеушісі Уәлихан курстасым ғылыми жетекшісі, профессор, аса мейірімді тәрбиеші, педагог Бейсенбай Кенжебаевты былай еске алады: «Мен мектепте бастаған күресімді университет атынан жарысқа шығып жалғастырып жүрген кезімде Бейсенбай ағай: «Сен сабаққа, ғылымға ден қой. Әнші-ақын, импровизатор, күйші Нұржан Наушабайұлының өмірі мен өнернамасы туралы ғылыми-зерттеу жаса», – деп дәл бағыт көрсетіп, диплом жұмысы мен кандидаттық диссертация қорғауыма себеп болды. Онсыз күрес деп жүре берер ме едім?!», – дейді. 
Рас, жалынды жігіт кезінде Уәлихан өзі ән шығарып, онысын гитарамен шырқап, курстас қыз-жігіттерді төңірегіне топтастырып жүретін. Ал, орысша романдарды бір түнде оқып шыға беретін барлық курстас қыздардың ішіндегі ең сүйкімдісі болған Үмітжан Уәлиханды құлай сүйген еді. Оны біз сезетінбіз. Ақыры екеуі отбасын құрып, алтын асықтай ұл-қыздары Марат пен Айгүлді өмірге алып келіп, оларды аса білімдар, мемлекетшіл етіп өсірді. 
У. Қалижанұлы Георгий Гулианың «Омар Хаям туралы аңыз» атты романын қазақ тіліне аударған және «Күнаһар жер»  повесі мен «Бесік», «Гүлдерайым» «Аққу-арман», «Жан жарасы» әңгімелерінде адам тағдырын және олардың жан сұлулығын, ақыл-ой парасатын шынайы суреттеген. «Сыр сандықты ашып қара» дейтін естелік, эсселерінде, ой өрімдерінде Бейсенбай Кенжебаев, Сафуан Шаймерденов, Зейнолла Қабдолов, Сейдахмет Бердіқұлов пен Сәкен Жүнісовтің шығармашылық еңбегі, рухани келбеті айшықты бейнеленіп, әсерлі сипатталады. 
Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасының көптеген мемлекеттік төсбелгісімен марапатталған. Енді осыншама жыл белсенді еңбегінің нәтижесі осы парасатты мерейлі жасы мен еңбек өтіліне байланысты жоғары дәрежелі тағы бір орден тапсырылса жөн болар еді. Негізінен Уәлихан Қалижан үлкен педагог. Соның көрінісі бүкіл өмірінен менмұндалап тұрады. Қай жағынан көз салсаң да Уәлихан кешегі Алаш арыстарының сара жолын жалғап келе жатқан ел перзенті.  Сондықтан да біртуар азаматқа 50 жылдан бері «Бауыр-Гуля» деп келе жатқан курстас, жиен құрдасы ұзақ ғұмыр, қажыр мен қайрат тілейді. Елі алқалаған аяулы азамат өз тұғырынан түспей, биіктей берсе екен.
 
Гүлжамал ДӘРКЕМБАЕВА,
курстасы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,
аудармашы, спорт терминологі, әдебиетші

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ