ЖАЙЛЫ ЛАГЕРЬ АШЫЛДЫ

Уақыты: 23.06.2024
Оқылды: 390
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Оқу жылы аяқтала салысымен балалар өздеріне тынығатын жайлы орын іздейтіні ақиқат. Кейбірі сауықтыру кешендеріне барғысы келсе, енді біреулері ата-әжелерінің ауылына барып тыныққанды жөн санайды. Барлығының мақсаты бір, жазғы демалысты ерекше өткізуді көздейді. Осы тұста арнайы оқушылар үшін ашылған лагерьлердің де орны бөлек екенін айта кеткен жөн.


Жаңа оқу жылы басталғанға дейін оқушылар жазғы демалысты тиімді өткізулері керек. Осы мақсатта биыл Текелі қаласында 3355 бала мектеп қабырғасындағы жазғы сауықтыру лагерінде тынығуда. Ал, қала аумағындағы лагерьлерде демалатын балалардың саны 350-ге жуық.

Осы аптада моношаһардағы «Алтын Чажа» сауықтыру лагерінің I кезеңінің ашылуы салтанатты түрде өтті. Демалушыларға мерекелік дастарқан жайылып, балмұздақ таратылды. Лагерь алаңқайында «Сәлем, Алтын Чажа  – 2024» атты асфальтта сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жас өрендер спорттық ойындар ойнап, өзара бәсекеге түсті. Кіл мықтылар марапатталып, сый-сияпаттар тарту етілді. Бастысы, ел болашағы жеткіншектердің көңілдері көтеріліп, қуаныштары еселенді.

Салтанатты шара аясында облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов сөз сөйлеп, оқушылардың жақсы демалуларына тілекші екенін жеткізді. Олар үшін барлық жағдай жасалып жатқанын, ертеңгі ел тізгінін ұстар бүгінгі ұрпақтың саламатты өмір сүруі керек екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, оқушыларға сәттілік тілеп, келер оқу жылына дейін өрендердің ой сергітіп, бой жазуларына көп мүмкіндік қарастырылған деп сөзін түйіндеді.

Жиында мектеп директорлары да жастарға ыстық лебіздерін білдірді. Өрендердің тату-тәтті жүргені, олардың ойнап-күлгені бейбіт елдің көрінісі екенін сөз етті.

Текелідегі «Жетісу» жазғы лагерінің шымылдығы да ән-жырмен, әсем бимен түрілді. Балаларға арналған демалыс лагерінің есігін алғашқы болып Талдықорған қаласының оқушылары ашты. Бұл жерде де жеткіншектер үшін жайлы жағдай жасалған.

Дереккөз: baq.kz