ИСЛАМ - ЖАН ДҮНИЕНІҢ ДЕ ТАЗАЛЫҒЫ

Уақыты: 22.06.2024
Оқылды: 417
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған заман. Талайлардың уақыты сонда өтіп жатыр. Сол ғылымның жаңалығын жұрт әрқилы һәм әртүрлі мақсатта пайдаланып жатыр. Оны қоғамның игілігіне, қазақтың бас пайдасына бағыттап, сондағы қалың қазақты тәлім-тәрбиеге, отбасылық құндылыққа бет бұрғызып жатқандардың қатарында Нұрлан имам бар. «Тиктокер имам» атанған Нұрлан Байжігітұлы жуырда Жетісу жеріне табан тіреген еді. «Сабақты ине сәтімен» деген, желіде жүйелі әңгімесі бар, кейде күлдіріп, кейде тәмсілдеп сөйлейтін имаммен аз-кем дидарласқан едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.


– Нұрлан Байжігітұлы, қол бастаудан сөз бастау қиын заманда өмір сүріп жатырмыз. Біреу біреудің аузын аңдыған кез болды бұл. Дейтұрғанмен елдің алдына шығып сөз бастап жүрсіз. Діни, рухани бағыт-бағдар беріп келесіз. Айтыңызшы, қазіргі қоғамымыздың діни деңгейі қандай?
– Шынын айтайын, тәй-тәйлап жүріп енді дене тіктеп, бой көтерген, жаңадан қадам басып жатқан бала секілдіміз. Өйткені әлеуметтік желіден, мешіттегі жамағаттан, қоғамнан аңғаратынымыз, өткен 30 жылымыз босқа кетті дей алмаспыз, дейтұрғанмен, біз басқа арнада дамығандаймыз. Руханияттан кешеуілдеп, істерімізде сәл үйлесімсіздіктің байқалуы, мұсылман әлеміне қарай иектеп бой түзесек те кей қарекетіміздің дұрыс болмай жатқаны, істеріміз бен амалдарымыздың сәйкес келмеуі соны айғақтаса керек. Жалпы, исламды біз қалай түсініп жүрміз? Осы сауал қоғамды, оның ішінде зиялы қауым өкілдерін жиі толғандырады. Қазір біз құлшылық дегенді бірер танымның айналасында түсініп қалдық. Мұсылмандықты мешіт және медресе, намаз және ораза деп қана түйсінетін замандас көбейіп барады. Алайда, ислам – осы төртеуді ғана қамтымайтын дүние. Ол – адамның өмір сүру дағдысы, дүниеге келу мен кету арасындағы жүрер жолдың үрдісі. Бізде Алладан қорқу деген жоқ. Тек адамға жақсы көріну деген бар. 

– Осы ретте бір сұрақ қылаң береді. Иегіне сақал қойып  «субханаллах, мен мұсылманмын» дейтұғын замандас көбейді. Қазіргі жастардың сақал қою дағдысы туралы не дейсіз?
– Бірнеше жыл бұрын бір мектептің оқушысы сақал қойып алыпты. Онысы тым тұрпайы. Содан директордан «Мынаған қарамайсыз ба?» – деп сұрадым. Сонда білім ұясының басшысы «Бізге тиіспесе болды», – деп жауап берді. Сабақ үлгерімі 3-ке әрең жетіп тұр екен. Ислам – ауыздан шыққан арабша сөз бен хадисті қамтымайды. Ислам – тазалықтың діні. Иекке өскенді қалыпта ұстап, оның тазалығын да қамтамасыз ету керек. Сақал қойып, хадисті айтып, әйелін көгала торғайдай етіп сабайтындар бар. Дінімізде 4 ұлы имам өткен. Сол төртеудің бірі Имам Ахмет бірде мешітке кірсе, онда адам толы екен. Имамды жанындағысы түртіп: «Имеке, мешітте адам көп. Шамамен қанша адам екен?» – деп сұрапты. Имам Ахмет «Біреу» деп қысқа қайырыпты. Қасындағысы тік мінезді болса керек, «Соқырсың ба?» – деп дүрсе қоя беріпті. Сонда имам: «Аузымен Исламды айтып, жүрегінде иман болмаса сол соқыр. Үйінде әке-шешесі тірі тұрып, оған қызмет етпесе, ол да соқыр. Өзге бір әйелдерге қарағанда «машаллах» деп сүйсініп, үйіндегі әйелін адам құрлы көрмесе, ол соқыр. Тура сол сықылды өзіңді елге жақсы көрсетіп, шынайы өмірің басқа болса соқырдың соқы-ры», – деген екен. 

Заман сондай ма, адам сондай ма, әйтеуір қазіргі Ислам сырттың келбеті болып барады. Сыртқы болмысын жақсы көрсетіп, Instagram-ға екі рет сурет жүктесе, Меккеге барып, екі рет Қағба алдында суретке түссе жетіп жатыр дегенді ойлайтындар көп. Бірақ осы жайлар оның өмірінде бар ма, сол дағдымен өмір сүріп жатыр ма? Мәселе осында. Әлеуметтік желіге орамал таққан иманды қыз-келіншектеріміз хат жазып тұрады. Сондай хаттардың дені «Жүрегінде иманы бар, сондай имандылыққа кенелген азамат деп тұрмысқа шығып едім. Бәрі шаңырақ көтергеннен кейін өзгерді. Әйел үстіне әйел алды. Үйленгенше есік ашқан жігіт үй болғасын ар-намысымды аяққа таптады» деген сыңайда. Бір емес, мыңдаған хаттан кейін «біз қайда барамыз» дейтін ойдың жетегіне жегілемін. 

Индонезия деген мемлекет бар. Әлемдегі мұсылманы көп ел де осы. Бұрын 100 пайыз буддист болған халық. Мұнда келген исламды насихаттаушылардан діннің алғышарттарын сұрайды ғой. Олар хақ дін жайында түсіндіреді. Күнделікті ұстанып жүрген салты болған соң жаппай ислам дініне өтеді. Қазір көп әйел күйеуі намаз оқығаннан бері қорқатынын айтады. Неге? Өйткені ер-азаматтарымыз намаз оқи бастағаннан «тоқал аламынға» көшеді. Бірде мешітте жамағатпен дидарласып тұрғанмын. Сонадайда жайғасқан жігіт сұрақ қоя бастады. Ислам діні жайында. Не керек, сұрақ аяқталмай жатып құлағы жыбырлады ма, белгісіз, машинасының кілтін алып есту мүшесіне бағыттады. Көзі айналып кеткенше құлағын шұқып жатыр. Сонда да сұрағын қоюда. «Қышыған жеріңнің бәрін қасып ал. Алланың сөзі аузыңнан шығып тұрғанда құлақ шұқуың басқа жерді қасуыңмен тең», – дедім. Әлгім шорт сынып: «Құлақ шұқу басқа жерді қасумен тең бе?!» – демесі бар ма? Міне, ата-бабамыз бізге қандай тәрбие берді? Үлкеннің алдында құлақ шұқымақ түгілі оғаш қылық көрсетпеуді үйретпеп пе еді? Мұсылман болып өмір сүру – жанның тазалығы мен тәннің тазалығын қатар ұстау.

 – Нұреке, баба жұрттың тәлімі «үлкенге құрмет, кішіге ізет» еді. Қазір сол қалыс қалып жатқандай ма? Бастан сөз асырмау, беттен алу, жаға жыртысу деген белең алды. Әлеуметтік желіде белсендісіз. Сондағы тайталасты көріп те жүрген шығарсыз?! Бұл бәлекет қайдан келді? Өзіңіз айтпақшы, намаз оқитындар аз уақытта кішіпейіл едік, намаз оқитындар көбейгенде «менмендер» көбейіп кетті ме?
– Әлеуметтік желіден бөлек, халықпен де жиі кездесемін ғой. Сонда байқағаным, орамалсыз, ешқандай жабынбаған қыздардың сұрағы болашақ жарымды қалай таңдасам болады, қалай бақытты боламын, дүниеге әкелген ұрпақты қалай бақытты етемін, т.б. деп келеді. Ал қымтанып, орамал таққан қыз-келіншектер ана хадис былай делінген, бұл дұрыс па, мына хадис былай жазылған, бұл бұрыс па? Содан хадис жайлы сұрағандардан «өзің аудармасыз сол хадисті оқыдың ба?» – деп сұраймын. Оқымаған, тек естіген. Көбі дей алмаймыз, дені. Намаз оқып жүргендер біле бермес, намаздың негізгі шарты – тәкаппарлықты сындыру, мойындау. Абай атамыз айтпақшы, ешкім емес екеніңді мойындау. Маңдайыңды жерге тигізіп, топырақты иіскеп, өзіңнің топырақтан жаратылғаныңды білу. Намаз – нәпсіні сындыру. Жастардың әлеуметтік желіде, әсіресе tik-tok-та билеп-билеп салған жазбасы көп мұсылманға тіл тигізуі мүмкін. Себебі, сын көзбен қарайтындар жеткілікті. Жуырда бір қарындасымыз (орамал тағып, желіде былапыт сөз айтқан отандасымыз болуы керек – автор) желіде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып біраз ғайбат сөз айтып танылды. «Атың шықпаса жер өртенің» кері. Болмашыға баянсыз жазба салып, жаман атқа қалды. Мұсылман адам бірінші кешірімді, кішіпейіл болуы керек. 

 – Қазақ қоғамында бала тәрбиесі, отбасы құндылығы, ата-ананы құрметтеу сынды күйіп тұрған мәселелер бар. Осы мәселелерде неден сүріндік? Шыбықты тал етуде кемшін қалып жатқан жоқпыз ба осы?
– Ғұламалардан жеткен мынадай қағида бар: «Балаң жас кезінде Құдай туралы айтпасаң, есейгенде Құдайға балаң туралы айтасың», – деген. Әрине, әрбір ата-ана баласы есейгенде «Құдайға баласы туралы айтқызбасын». Қазақ халқының бала тәрбиесіндегі формуласы бар: «Балаңды жастан, әйелді бастан». Ұрпақ тәрбиесінде біз ұлттық құндылықты сыналап сіңіруіміз қажет. Иілгіш шыбық секілді жас ұрпақты тым шектей де беруге болмайды, «сенің жасағаның дұрыс емес» деген шектеу мен шідерлеуден гөрі дұрыс өмір сүрудің қағидасын құрып, бағытын айқындап беруіміз керек. Бір қызық мысал, мектепте бір бұзық оқушы болыпты. Қыз біткенге қырғидай тиіп, терезе, есік демей шағып, маңайын бүлдіріп жүреді-міс. Содан мектеп басшылығы баланың әке-шешесін мектепке шақыртыпты. Сөйтсе, баланың әкесі тақия киген, тәспі ұстаған кісі екен. Мұғалімдер таңданысын жасырмай: «Мына бала сізден туған ба өзі? Сізден тәрбие алмаған ба?», – деп сұрайды ғой. Әлгі кісі саспастан: «Баяғыда арақ ішіп жүрген сәтте туған бала еді», – депті. Міне, біздегі кей жағдайдың сипаты осылай. Ислам – көру емес, сонымен жүру. Әрине, бала көргенін емес, үлгі еткенді алады. Сақал қойған жігіт 40 жаста болса, сол жасына тағы 40 жас қосқан кейіпте болуы тиіс. Орамал таққандарға да солай. Тәй-тәй басып келе жатқандар сондай кісілерден үлгі алса игі. Дүниеде ұрпаққа «мен шыққан шыңнан биікке шықса» деп тілейтін біреу бар. Біреу емес, екеу. Ата-ана. Әкелер балаға деген махаббатты көрсете қоймайды. Бұл баланы сүймейді дегенді білдірмейді, әкелер баласын жан-тәнімен сүйеді. Қазақ «Бала белде» дегенді бекер айтпапты. Әкелердің сезімі желке, омыртқадан шығады. Содан екен, әдетте балалар әкесін алдыға салатыны. Ал аналар омырауы арқылы еміренеді. Екеуі бірлесіп балаға махаббат береді. Сол махаббат әрбір балаға кемшін берілмесін. Есесіне балалар ата-анасына құрметін аямасын. 

 – Осы қазір қазақтың наным-сенімін, салт-дәстүрін жоққа шығарушылар көбейді. Оларға салсақ, домбырадан бастап, балалар ойнайтын асықтан безуге тура келіп тұр. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайды шығарған қазақтың ырым-тыйымы, наным-сенімі бұрыс болғаны ма?
 – Біз негізі осылай-осылай түзеліп кететін шығармыз. Кейде менің де жүрегім ауырады. Ұлтымыздың құндылықтарын, қасиеттілерін, ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға жеткен қазыналарын аяққа таптап, сөзімізді бұрмалап, пайғамбарымыз (с.ғ.с) көрсетпеген, бірақ өзге бір елдерде бар салт-жоралғыны қоғамымызға әкелуде. Қазақ онсыз да ашық-шашық киінбеген. Бізге басқа елдің көйлегін кигізудің қажеті жоқ. Шыны керек, ұлттық құндылықтарымызды әспеттейтін уақыт жетті. Уағыз турасына келейік, көп жұртты жиып ап: «өлесің, өртенесің, тозаққа түсесің, құрттайсың» деп ана дүниеге барып келгендей сөз сөйлеу басым. Кейде оларға «Айналып қана кетейін, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінен, 4 ұлы сахабасынан мысал келтіріңдер, бірақ одан өзге «ғұлама-ғалымдарды» тықпаламай, қазақтың өз данышпандарын жамағатқа, ұрпаққа үлгі етіңдерші», – дегім-ақ келеді. Қазақ әу бастан Құдай мен Құранды, мейірімділік пен кішіпейілділікті, бастысы, адамдықты басты құндылыққа балайды. Одан туған данышпандар да, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абай бастаған ақындары да қоғамды тәрбиелеуге таптырмас мысал. Анау дұрыс, мынау бұрыс дегенмен қазақтың ұлттық кеңістігін әр дүниемен ластай беруге болмайды. Жалпы, ұлттық салт-дәстүрімізді жоққа шығару арқылы исламды, төл руханиятымызды өркендетпейміз. Керісінше, әлсіретіп, жұрттың көзіне жиіркенішті етеміз. Асыл дінімізді насихаттаудың өзге де жолдары бар ғой.

 – Қазақтың ырым-тыйымдарына, салт-жоралғыларына көзқарасыңыз қалай?
 – Бабаларымыз тегін ештеңені істемеген ғой. Ырым-тыйымның астарында үлкен тәмсіл бар. «Есікті керме», «Үйге қарай жүгірме», «Малды ұрма» деген сынды тыйымдардың мәні бар. Ал «алдымды қара мысық кесіп өтті» деп оны көлікпен басып өлтіру санаға сыймайды. Ол мақұлық жөнімен кетіп бара жатыр. Содан соң қазір «жұлдыздарға» баласының аузына түкірту деген шықты. Аузына түкірту бұл инфекция тарату, тазалыққа жатпайды. Әр адамның өзіне тән иісі, гигиенасы болады әрі ол тазалық деңгейіне қарай өрбиді. Ал, енді оны үп еткен желге ауырып қалатын кішкене балаға апарып жағу қаншалықты дұрыс? Бұрын қазақ баласын парасатты, елге сыйлы адамның алдына апарып, маңдайынан сүйгізіп, сүф деген лебін алатын. Соны қазір түкіртуге ұластырды. Жуырда біреу «тәспі тартып отыр едім, үзіліп қалды, енді не болады?», – деп сұрады. «Ештеңе, қытай жібі болған», – деп жауап қаттым (күледі). Жалпы, қазақтың ырым-тыйымы ұрпақ тәрбиелеудің құралы ғой.

 – Нұрлан Байжігітұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен Дастанбек САДЫҚ