"ЖАЛЫН" ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНДЫ

Уақыты: 24.06.2024
Оқылды: 376
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ақши ауылындағы «Жалын» сауықтыру лагері өз жұмысын бастады. Жазғы демалыс кезінде ауысымына 100 бала қабылдауға арналған демалыс орнын қалпына келтіруге шамамен 1,5 миллиард теңге жұмсалған. 


Лагерьдің ашылу салтанатына «Қазақстан студенттерінің альянсы» ҚБ Президенті Ілияс Түстікбаев, «Елдің ұлттық еріктілері» ҚБ-нің жетекшісі, Республикалық волонтерлар фронты кеңсесі басшысының орынбасары Айбек Досымбетов, Қазақстан жастар конгресінің төрағасы Бақдәулет Жанділдаев, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы бас директорының орынбасары Балнұр Өтеген қатысты.

Лагерь аумағында балаларға арналған бес жатақхана, тамақтандыру ғимараттары, қонақүйі, шығармашылық үйі, фельдшерлік пункт және қызметкерлерге арналған демалыс бөлмелері бар. Демалушылар көңіл көтеретін 102 орынды көрермен залында музыкалық, вокалдық, би және әдеби-драмалық қойылымдар, спектакль және фильмдер көрсетіледі. 

Демалушылар бос уақыттарында кітапханаға барып, түрлі тақырыптағы шығармаларды оқи алады. 12 орынды оқу залы 10 мың дана қазақ, әлем әдебиеті кітаптарымен толықтырылған. 

«Жалын» лагерінде Жетісу өңірінің «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының 20-шы маусымдық жұмысы басталды. Жалпы, «Жасыл ел» бағдарламасы жастарды жұмыспен қамту және Қазақстанның экологиясын қолдаудың бірегей және өзекті мүмкіндігі. Өткен жылдарда республиканың қалалары мен облыс орталықтарында орманды қорғау, жасыл желектерді өсіруді тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Облысымыздың аудан-қалаларынан келген 200-ге жуық экологиялық шараға қатысушыларды, Алматы мен Астанадан келген қонақтарды облыстық әлеуметтік даму басқармасының өкілдері және Алакөл ауданының әкімдігі қарсы алып, барынша құрмет көрсетті. 

Алакөл жағасында шағын концерттік бағдарламадан кейін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «ЭКО ДЕСАНТ» экологиялық тазалық шарасы өтті. Оған 150-ге жуық экошараға қатысушылар, еріктілер және демалыс үйлерінің өкілдері қатысты. Ауылдық әкімдік тарапынан бөлінген арнайы техниканың көмегімен барлығы 15 тоннаға жуық қоқыс жиналып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына жеткізілді. 

Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ 
Алакөл ауданы