АСЫЛ ПАРЫЗ

Уақыты: 25.06.2024
Оқылды: 487
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тарихтың алтын беттерін парақтайтын болсақ, ел болашағы жолында аянбай еңбек еткен тау тұлғалардың аз болмағанын аңғаруға болады.  Елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен арда азаматтардың жүріп өткен жолдары бізге үлгі-өнеге. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деп өзінің жеке басынан ұлттық мүддені биік қойып, елдің қамы үшін еңбек етіп, шын мәніндегі мемлекетшіл тұлғаға айналғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Мемлекет пен бұқара арасына алтын көпір орнатқан әрбір мемлекеттік қызметкердің басты ұстанымы да осы болуы тиіс.


Мемлекеттік қызметкерлер, ең бірінші, Отанға адал қызмет етуді бірінші орынға қойғандары жөн. Елге қызмет ету әркімнің өзіне жүктелген міндетті шынайы және адал орындауынан көрінеді. Мемлекеттік сана деңгейіне көтерілу, ұлттық мүдделерді сақтау үшін тек білімді және құзыретті болу жеткіліксіз. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкі рухын, адамдардың игілігі үшін елге қызмет етсем деген жүрек қалауы сөз болуда. Жалпы, халыққа қызмет ету, халық пен билік арасына алтын көпір болу, халық үніне құлақ асып, одан нәтиже шығару – біздің адамдық борышымыз.  

«Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз», деген Мемлекет басшысы бізге зор жауапкершілік жүгін артып тұр. Біз осынау сенімге селкеу түсірмей, абыройлы қызмет етуді басты мақсат санаймыз.

Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі таңда мемлекеттік қызмет билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналды. Демек, бұл мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жетілдіру мәселесі әрбір орган қызметінің басты бағытына айналуы тиістігін көрсетеді. 
Мемлекеттік қызметші өзгелерге өзінің ісімен, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлылығымен, шыншылдығымен, отансүйгіштігімен үлгі болуы керек. Мемлекеттік қызметкер болу абыройлы іс екенін естен шығармаған жөн.

Аида ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша 
департаменті 
мемлекеттік қызмет 
басқармасының бас маманы