ЖАЗ, ЖАЗ, ҚАЛАМ, ТЕР ҚАЛАМ... (ӘРІПТЕСТЕР ӘЛЕМІ)

Уақыты: 29.06.2024
Оқылды: 328
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өмір, өлең және өңір

Абыздар да көп мұнда,
Аңыздар да көп мұнда.
Ақыны мол болған соң,
Арзан өлең жоқ мұнда!

     (Журналистік фольклордан)

Жазу өнеріне таласы бар аймақтың  бірі – жер жаннаты Жетісу. Сұлтанмахмұт айтқандай, «ала қағаздың бетін айналдыруға» құмартқан жас өрендердің бас қосатын қастерлі қағбасы – Алматыдан алыс емес болғандыкі шығар, о бастан бұл өлкенің шығармашылық болмысы бөлек. Тау-тасы да көп, жартасы да көп, қыраты да, жырасы да көп, жасыл желегі одан да көп шұрайлы жер шабыт шақырмасыңа қоймайды. Шынында да табиғаты тамылжыған мерейлі мекеннің төрінде тұрып қаламды қолға алмау мүмкін емес. Кезінде белгілі бард ақын Табылды Досымов «Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай, талай ақын кетер ме екен жыр жазбай» деп әуелетіп ән шырқаған-тын. Жыр бесігіне айналған ару қаламен іргелес Жетісудың түгін тартса майы шығатын көк кілемін балпаңдап басып, шарықтап-шалқыған адам қара өлеңнен өмірі қол үзбейтін шығар. Бұл өңір – өлеңнің өзі, сезімнің сөзі, көңілдің көзі. Сондықтан Жетісуға жолы түскен адамның қаламы Құлагердей құлашын жаза жөнелетіндей көретінбіз.  

Сонау мектепте оқып жүргенімізде-ақ Талдықорған жақтан түлеген бірқатар ақын-жазушылардың жазған-сызғандарынан азды-көпті хабардар болыппыз. Қазақ поэзиясының дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтен тамыр тартатын ұлт өлеңі ұя салған жердің бірі осы өлке екені рас-ты. «Дала» мен «Құлагерді», «Күй» мен «Күйшіні» руханият тарихына таңбалаған әйгілі жыр жүйрігі баспасөз шежіресіне де айрықша із қалдырғаны баршаға белгілі. Жетісуда туып, жалпы жұрттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Ғали Ормановтың «Аттанып ауыл-анадан, оқуға кеттім қалаға. Жабыла маған қараған, жалтаңдай кеттім далаға. Жарбиған жаман тон, тұмақ, жабысып кетті үстімде. Жанайын деген бір шырақ, жалтылдап кетті ішімде» деген әйгілі өлең жолдары ой-арманын іздеп жолға шыққан талай балаға айнымас темірқазық болды. «Жанайын деген бір шырақ» – ілім-білімге құлаш ұрған, жазу өнерін игеруге бел буған күллі ұрпақтың кредосы деуге лайық теңеулі тіркес.

Әрине, Хантәңірінің етегінде туған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың орны бөлек. Бірақ бүгін біз Жетісудың өзендер өрнектеген жағын кеңірек қаузаймыз. Бұл өңір шайырлары ішінен көңіліміз көбірек бұрылатыны Сәкен Иманасов пен Тұрсынзада Есімжанов еді. Жұрт жаппай оқитын «Жұлдыз» немесе «Жалын» журналына жырлары ұдайы жарияланып тұрады. Келбеті келісті ширақ шайырлардың суреті қоса басылады. Өлеңдері өрелі, ойлары орнықты, сөздері салмақты. Сондай-ақ өлең өрнегінде өзіндік қолтаңбасы бар Құдаш Мұқашев пен Әділбек Абайділдановтың жырлары да жадымызда жатталды.Одан соң аса дарынды ақын Жұматай Жақыпбаевтың жан дүниеңді еріксіз қозғайтын ғажайып поэзиясы бәрімізді баурады. Елде жүрсек те тағы бір талдықорғандық шайырдың өлеңдерімен жақсы таныс болдық. Ол – Өтепберген Ақыпбеков. Бұл ақын да қою қара шашы толқынданып, көзі жәудіреп, «Жалын» журналының бетінен саған ойлы кейіппен қарап тұрады. Өтекеңді оқып болып, өрісті өлкенің көркем келбетін кейіптейтін және бір әсем әпкеміз Светлана Буратаеваның жыр топтамасына көз саламыз.   

Өмірі Талдықорғанды мекен етіп келе жатқан Әбен Дәуренбековтің ешкімге ұқсамайтын ерекше лирикасы да ара-тұра жүректі тербеп қоятын. Сол Әбекеңнің маң далада сенделген тарғыл тазы туралы өлеңінің бірер жолдары санамызда сақталыпты. Әлдебір ит өлімші боп жатыр ма, әлде аштықтан бұралып, мүрдем кеткелі тұр ма, дәл қазір анық-қанығы есімде жоқ, әйтеуір соның бәрін балладалық үлгімен баяндаған Әбен шайыр ең соңында «Енді күнің не болады, тарғыл-ау?!» деп қатты қапаланып, күйрей күйзеледі. Ол аздай, тіпті «Бала кезден бауыр басып кетіп ед, мойыныңа байлап қойған қарғыбау» деп кеудесінен жалын бүркіп, аһ ұрады. Былай қарасаң, кәдімгі ит. Ауыл иті. Құйрығы қайқы ма, жоқ па, оны да нақты білмейміз. Біздің Қаратереңде де теңіз жағалап жортып жүретін иттен көп нәрсе жоқ-ты. Бірақ соны кім мынадай әп-әдемі өлеңнің өзегіне айналдырып жатыр? Ал тентіреп кетіп теперішке тап келген тағдырлы тарғыл тазының лирикалық баянының төгіліп түскенін көрмейсің бе? Шынымызды айтсақ, сол мезгілде Әбен ағамның әуезді жырына арқау болған Талдықорғанның тарғыл иті қандай бақытты еді деп ойлағанымыз рас.

Неге ылғи бір шайырлардың шиғырларын шиырлап кеттік өзі? Себебі, бұлардың бәрінің де өз өлкесіндегі газет-журналдардың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі өлшеусіз. Біріншіден, оларды ақын немесе жазушы ретінде алдымен сол басылымдар танытты. Екіншіден, өздері жазған жыр жауһарлары арқылы жұмыс істеген мекемесінің әлеуетін әуелетті. Үшіншіден, солардың ақын ретіндегі орны ғана емес, журналист қызметіндегі абырой-беделі де жоғары болды. Төртіншіден, кейбірі бірқатар ақпарат кеңселерінің негізін қалады. Бесіншіден, сол ақындардың бүкіл өмірінде жазған шығармалар қорындағы публицистиканың үлесі басымырақ екенін мойындауға тиіспіз. 

Ақын-жазушылардың бәрі дерлік газет-журналдарда шыңдалады. Көпшілігі бұл саладағы қызметін өзі туып-өскен өңірден бастайды. Бірде-бір ақын жұмыс істеп көрмеген басылымды қазақ жұртынан шам алып іздесең де таба алмайсың. Ақын – газеттің құты. Баспасөз заңына да, басқа сөз заңына да бағыныңқырамай, өз дегенімен жүретін шайыр жарықтық анда-санда бір қалам тербесе де, сол күнгі нөмірді жайнатып жібереді. Бұл енді рас. 

Қазақ поэзиясы қашанда қазақ публицистикасын эстетикалық тұрғыдан әрлеп-әсемдеуге, әдемілеп-әспеттеуге көп ықпал етті. Ақындардың қай-қайсысы да осал журналист болған жоқ. Мұны Жетісудың мысалынан да айқын байқаймыз. Өлең мен өңірдің өзектестігіне дау жоқ.

Кадр, қадір және құрмет

Жазуқұмар балалар,
Жақсыларды жағалар.
Жетісуда туған соң,
Жеті өзеннен нәр алар!
        (Журналистік фольклордан)

Біз студент атанған тұста бүкіл қазақ еліне тиесілі жалғыз-ақ журфак бар еді. Сол журфактың қазақ бөліміне жыл сайын елу орын ғана бөлінетін. Артық-кемі жоқ. Бірақ бұл тұстағы бәйгенің бәсі биік. Бір орынға төрт-бес, кейде одан да көп үміткер таласады. Шілдеде шығармашылық конкурстан өтіп, тамызда терлеп-тепшіп емтихан тапсырып, осы айдың соңында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан елу ұл-қыз айдарынан жел есіп, ханға сәлем бермей күпініп тұрады. Журфакқа оңтүстік жақтың талапкерлері көбірек түседі. Солтүстік жақтың үміткерлері сиректеу ілінеді. Себебі олардың өздері де оқуға ағылып келе бермейді. Әдетте күз басында университетте бас қосқан бірінші курс студенттері арасында Жетісу ұл-қыздарының қарасы молырақ болады. Біз түскен жылы да бұл дәстүр онша бұзыла қойған жоқ. 

Бірден аңғарғанымыз, олардың түрлері бозаң тартып тұратын. Кәдімгі бозаңға біткен боз жусан секілді. Көкке ұмсынған таулар мен биік-биік теректердің көлеңкесінде жүріп есейгендікі шығар. Қалы кілем секілді жасыл желекті күнде таптап өскендікі болар. Жемісі мен жидегі жеткілікті Жетісудың көкөнісі көп көкорайындағы берекелі бау-бақшаның бар қызығын көріп, балпиып жүргендікі де. Әйтеуір біз, Сыр бойында күнге әбден қақталған өңкей сіліңгір қаралар, қара қайықтың ұлтанын майлайтын қара майдан енді ғана құтылған көнтерілер, Алматының есебі жоқ жап-жасыл тал-теректеріне де, Жетісу мектептерінің сол жылғы бозамық түлектеріне де тамсана қараймыз. Сөздерінен салиқалық сезіледі. Істерінен ірілік көрінеді. Жүрістерінен жинақылық байқалады. Өлеңдерінен өсімдіктің иісі шығады. Әңгімелерінен әңгелектің дәмі білінеді. Қысқасы, құрметтемесіңе қоймайды.

Хош, сонымен, бізбен бірге оқуға түскендердің үштен біріне жуығы Жетісу өлкесінің маңдайы жарқыраған перзенттері еді. Алматы және Талдықорған облыстарын қоса алғанда, он бес үміткер күндізгі бөлімге қабылданды. Олардың тобына орта жолдан ілескен жетісулықтарды қоссақ, ауқымы артып, керегесі кеңейе түседі. Курстағылардың жан басына шаққанда шамамен үш жетісулықтан келіп қалады. Мәселен, бір ғана Жамбыл ауданының  бес өкілі (Нүсіпбай Әбдірахимов, Қайрат Мұсақұлов, Еркін Мақатаев, Жанастан Күшікова, Қайрат Шалғынбаев) алшаңдап аудиторияда жүрді. Ұзынағаштың маңайынан өрген осы аспандап ұшқан бес-алты қаздың біздің баққа іркес-тіркес қатар қонғанына қызықтық әрі таңдандық. Алматы облысының басқа аудандарынан да қос-қостан келгендер  баршылық еді. Нұрмира Әлішерова мен Нұрыш Солтанаева Кеген жақта, Алмабек Түстікбаев пен Баян Мамырбаева Ұйғыр ауданында өсіп-өнген. Екінші курста қосылып, үшінші курстан кетіп қалған Ермек Нұрпейісов – Жаркенттің жігіті. 

Ал енді Алматыға жапсарлас Талдықорғанның алапат шығармашылық әлеуеті де ойдан-қырдан құралған курсымызға сәуле түсірді. Олар да аз емес. Бақандай бесеу. Нұржамал Байсақалова (Жаркент), Аймен Әбдірасова (Андреев), Талғат Батырханов (Ақсу), Сәуле Жиреншина (Ақсу), Роза Шұлғаубаева (Алакөл). Сәуле мен Роза мектепті сол жылы бітірген. Қалғандары ересек. Өндірісте екі-үш жыл тер төгіп келіп оқуға түскен. Сондықтан ба, кім білсін, не жазса да байсалды жазады. Әсіресе мектептің жетінші класында оқып жүргенде «Жалын» журналында ертегі-әңгімесі жарық көрген Аймен Әбдірасованың танымына тәнті едік. Қолынан кітабы түспейді. Осы уақытқа дейін сол өлкедегі маңдай терінің өтеуін көрген әйгілі кісілер туралы очерктерді санаға әбден сіңірген соң ба, тобымызда бір емес, екі еңбек адамы бар екенін естігенде кәдімгідей таңғалдық. Оның бірі – Панфилов ауданындағы Қоңырөлең ауылының табанды тракторшысы Нұржамал Байсақалова мен Ақсу ауданындағы «Қызылтаң» совхозының майталман электригі Талғат Батырханов. Екеуі де сабақты жақсы оқыды. Екеуі де кейін тәуір журналист атанды. Нұржамал үлкенді-кішілі мерзімді басылымдарда жұмыс істеп, талай тақырыптың тыңын игеріп, танабына түрен салды. Талғат қазақ журналистикасының биік мұнарасына өрмелеп, руханият саласының шамын жарқырата жақты. Сөйтіп, екеуінің де ілгерідегі ілкі мамандығы қаламгерлік қызметіне септігін тигізді. Нұржамал өзі туып-өскен аудандағы пионерлер үйінде бір жыл, Талғат «Қазақстан» ұлттық арнасында жарты күн жұмыс істеп қайтқаны болмаса, екеуі де баспасөзден іргесін ажыратып көрген жоқ. 

Жалпы, жетісулықтар журналист мамандығын игеруге о бастан ықыласты болды. Олардың айналдырған жалғыз журфакқа ағылып келуінің өзі осыны айғақтайды. Бәрі де көштен қалған жоқ. Ылғи да алдыңғылар сапында жүрді. Алматыдан алшақ болмағандыкі шығар, қай-қайсысы да орысшаға жүйрік-ті. Ару қаланың қойын-қолтығын түгелдеп шыққан дерсің. Қала өміріне тез бейімделді. Қайда барсаң да жолбасшылыққа жарайды. Олардың тіршілікке мұндай ептілігі журналистке тән әбжілдікті тезірек игеруіне септігін тигізді. 

Бір курстың шығармашылық әлеуетіне қарап тұтас өңірдің ақпарат саласындағы кадрлық ахуалына баға беру артығырақ болар. Дегенмен, «Бүтінді бөлшегінен білер», «Теңіздің дәмі – тамшыдан» деген тұжырымдар бар емес пе?! Олардың бәріне ортақ сипатты аңғарасың. Сол сипатқа бойлай түскен сайын құнардың қалай келгенін, сөздің қайдан саулайтынын түсінесің. Осылар арқылы өңірдің қалам ұстаған қадірлі кісілері туралы мәлімет алдық. Жетісу журналистикасы жөнінде біршама пікір қалыптастырдық. 

Бізбен бірге оқыған қыз-жігіттер еліміздің айбынды ақпарат армиясына қосылып, баспасөздің кадрлық әлеуетін ұлғайтты. Мамандықтың қадірін арттырды. Өздері де бұл салада құрметке бөленді. Қазір де олар осы үштағанды берік ұстап тұр...

Аудан, ақпар және ақпарат

Бар ауылға тарайды,
Бар кәдеге жарайды.
Бұл газеттің бетіне
Бүкіл аудан қарайды!
(Журналистік фольклордан)

Өз басыма келсек, Жетісу журналистикасының атшаптырым ауласына ептеп еніп көрген кезім де болыпты. Сексен үшінші жылдың жазында бүкіл студент өндірістік тәжірибеден өту үшін облыстық басылымдарға жаппай аттанған сәтте біз Талдықорған облысының Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетіне табан тіредік. Бір топта оқитын, жатақханада бір бөлмеде тұратын курстасым Талғат Батырхан – осы ауданның перзенті. Соның соңынан ердік те жүре бердік. 

Бұл бір шығармашылық әлеуеті мол берекелі басылым еді. Кеңестік үлгідегі аудандық газеттің тынымсыз тіршілігі өз жөнімен жүйелі жалғасып жатты. Басылым редакторы (ол тұста осылай аталады) Сағымболат Тінтаев таңертең лездеме өткізеді. Бірдеңеден құр қалатындай құлағымыз қалқиып, біз де бұл жиынға қатысып отырамыз. Сағымболат аға қызметкерлеріне тапсырманы үйіп-төгіп береді де, енді нені ұмыттым дегендей сәл ойланып алып, «О, хабар жазу – қос жүгірмек!», – дейді. Қос жүгірмегі – Талғат екеуміз. Шынында да осы жерде  жүріп, заметка жазуға кәдімгідей маманданып алдық. Екі-үш фактіні іріктейміз де лезде оңқай асықтай шиырып кеп тастаймыз. Бір қарасақ, хабар-ошарымыз Шойынқұлақтың жаны жасырылған сандық ішіндегі шөжелер секілді бірте-бірте жыбырлап көбейіп барады. Ертең журфагымызға қайтып барғанда есебімізді көрген диктатор деканымыздың «Әй, мына екеуі заметкадан басқа ештеңе жазбаған ба, немене? Не үйреттік бұларға, слушай?», – деп айқайға басатыны есімізге түсіп, дереу мақаланың көлемін көбейте бастадық. Ет қызуымен очерк те жазып жіберіппіз. Тіпті әбден еркінсіп, көркем шығарма үлгілерін де жарияладық-ау деймін.  

Ол кезде Сағымболат ағаның қырық жас шамасындағы кезі. Біз редакцияға кеп, тәжірибемізге енді ғана кіріскен сәтте «Қазақ әдебиеті» газетіне Тұтқабай Иманбековтің етектей мақаласы жарияланды. Тұқаң бұл тұста қаламгерлер газетінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарады. «Тұт ағашының көлеңкесі» деген кітабы шығып, айдарынан жел есіп тұрған мезгіл-тін. Сол Тұқаң бізден сәл бұрын осы ауданға келіп, газеттің күндерін өткізсе керек. Былайша айтқанда, әлгі мақала – осы сапар туралы есеп. Сол жолсапар очеркте «Сағымболаттың сазды әуені естіледі» деген жолдар бар еді. Соған қарағанда, ағамыздың ептеген сал-серілігі болуы керек. Былтыр ғана өзім өндірістік тәжірибеден өткен Арал аудандық «Толқын» газеті редакторының аты-жөні Сағынжан Ермағанбетов еді. Соған орай Талғат екеуміз қалжыңдап, «Сағымболат ағада сазды әуен бар, Сағынжанда саз түгіл сайтан да жоқ», –  деп өлең өреміз.

Редакция құрамы өте мықты. Редактордың орынбасары Хасен Көптілеуов бастықтың берген нұсқауларының орындалуын қатаң қадағалайды. Жауапты хатшы Жақан Қолдасбаев айналдырған төрт беттің макетін асықпай сызып отырады. Талғат екеуміздің өндірістік тәжірибемізге жауапты екі бөлім меңгерушісі бар. Біреуі – ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын Мұхаметәлі Қазбанбетов. Екіншісі – өндіріс жағын қарайтын Дүйсен Мұхамедшаров. Тілеухан Есеболатов деген тағы бір тілші бар. Оның  ештеңемен ісі жоқ, көбіне өз ойымен өзі әуре боп отырады. Айтпақшы, мұнда бұлардан басқа Солтанқұл Бекішев деген және бір беделді қызметкер бар көрінеді. Беделді дейтініміз, ол редакцияға Алматы жоғары партия мектебін бітіріп келіпті. Оған дейін аудандағы ауылдардың бірінде комбайншы боп жұмыс істеген. Озат комбайншы болған дейді. Содан партия оның еңбегін ескеріп, оқуға жіберген. Бірақ біз партия мектебінің түлегін келгелі көрмедік. Себебі, ол мына қазіргі күйіп тұрған егістік науқанындағы адам тапшылығына байланысты тәжірибелі комбайншы ретінде алқапты игеруге шұғыл шақырылыпты. Тілшілік тіршілікке енді ғана бой үйретіп жүрген Солтанқұл ағамның көзі мұндай шаруаға келгенде шоқтай жанады деседі... Енді бір назар аударған қызметкеріміз – машинистка Шеризат Бодауова. Материалды тез басады. Қимылына көз ілеспейді. Өзі ілгеріректе Алматыда, «Лениншіл жастың» машбросында жұмыс істепті. Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбаев, Жақау Дәуренбеков, Ырым Кененбаев, тағы басқа дүлдүлдердің талай очеркі мен новеллаларын өз қолымен басыпты. Бұған да таң қаламыз.

Мұхаметәлі ағам көк түтінге көміліп отырып, қыруар тапсырма береді. Ол кісіден шығып, Дүйсен ағамызға соғамыз. Мұхаң көп сөйлемейді, өте салмақты. Дүйсекең, керісінше, ашық-жарқын, қалжыңбас. Сондықтан біз айналшықтап, көбіне соның маңайында жүреміз. Екі ағамыздан нұсқау алған біз сәйгел тигендей зырлаймыз. Алып-ұшып қызылша алқабына тартамыз. Күнге қақталып жүрген қапсағай денелі бригадир Құсан Сырлыбаевпен тілдесеміз. Ол байғұс сөзге жоқ. «Қарамағыңызда жұмысы өнімді кімдер бар?», –деген дәстүрлі сауалымызға жауап беріп болғанша қарадай қысылып, терлеп-тепшіп, берекесі кетеді. Жалма-жан жамбас қалтасынан шетіне май сіңген көне блокнотын жұлып алып бір қарайды да «Чегирова!», – дейді сосын. Қарасұр Құсекемнің ширақ Шегіровасы сонадай жерде жұмысты жайпап жатады. Құсанмен қауқылдасып, Шегіровамен шүйіркелесіп болған соң Көкөзектегі Ақсу тәжірибе шаруашылығының басшысы Болат Қиқымовтың кабинетіне кіреміз. Бұл ағамыздан да сала-құлаш ақпар аламыз. Содан қайтып келеміз де бұрқыратып жазамыз. Ертеңіне «Ойтоғанның» ой-қырына, арғы күні «Діңгектің»даласына қарай жортып бара жатамыз.

Алқымы кең аудандық газет бізді көп нәрсеге үйретті. Жеделдікке жетеледі. Авторлармен араластырды. Хат қорытқызды. Кезекшілікке қойды. Соның бәрін былай істе, олай істе» деп нұсқамай-ақ, жұмыстың жүйесі арқылы-ақ санаға сіңірді. Қорғасын әріпті теріп көрдік. Томпылдатып машинка бастық.  Макеттің мәніне үңілдік. Нөмірдің «тесігін» бітедік. Өндірістік тәжірибеден аудан, ақпар және ақпарат деген ұғымдарды әбден миымызға тоқып қайттық.

Бұқара, билік және баспасөз

Жетісуда жатқан жұрт,
Жеті өзені аққан жұрт.
Жер жаннаты атанып,
Жерұйығын тапқан жұрт.
(Журналистік фольклордан)

Талдықорғанға жолымыз түскенде облыстық газеттің редакциясына соқпай өтпейтінбіз. Өйткені, журфактың өзіміз қатарлас түлектері бұл басылымда да қызмет істеді. Біз көргенде бұл газеттің аты «Октябрь туы» болатын. Егемендіктің елең-алаңында «Жерұйыққа» айналды. Таралымы мол еді. Қазір сол «Жерұйықтың» жоралы жұртында жаңа дәстүрлер қалыптасты. Талай ақпаратшының тұсауын кескен Талдықорғанның төрінде тарихы бай, толғамы терең  «Жетісу» газеті түтінін түзу ұшырып отыр. Бұл басылым қай кезде де жүйрік журналистердің шығармашылық шеберханасы болды. 

Жетісу журналистикасы дегенде осы өңірдің тумасы, бір кезде «Жетісу» газеті редакторының орынбасары, КазТАГ-тың директоры, партияның идеология жөніндегі хатшысы болған Кәкімжан Қазыбаев ағамыз ойға оралады. Ол қаламы қарымды журналист ретінде өлкедегі еңбек адамдарын елге танытты. Жазу өнерінің үздік үлгісін көрсетті. Әр жылдарда аймақтық басылымның басшылары мен қосшылары болған Тұрсын Әбдуәлиев, Ғайыс Егембердиев, Жақыпжан Нұрғожаев, Елжас Бейсенбеков, Әли Ысқабаев, Жұмахан Майтжанов, Нұрғали Омарқұлов, Болат Бисұлтанов, Бейбітжан Нұрасылов, Камал Әбдірахманов, Қанат Асқаров, Кемел Құсайынов, Тәкен Әліпбаев, Жамау Бұқарбаев, Ордаш Кендірбеков, Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахимов, Талғат Батырхан, Қуат Қайранбаев, Дәурен Қуат сынды журналистер бұрынғы «Октябрь туының», кейінгі «Жерұйықтың», бүгінгі «Жетісудың» отымен кіріп, күлімен шықты. Барған сапарының жай-жапсарын өлең-очерк етіп жазып, журналистикаға жаңа жанр енгізген Жұматай Жақыпбаевтың әрбір әрекеті аңыз боп тарайтын. Жалғыз Жұматай емес, бұл газеттің әр қызметкерінің сүйегіне сөз сіңген-ді. Бәрі – бір-бір тұлға. Білімі көл-көсір.  Жұртшылықты жетелей алады. Сөзді сойылдай жұмсайды. Тіркесі тіліп түседі. Әйтеуір біз көрген «Жерұйық» осындай еді.

«Жерұйық» – бір кезде өңір басшысының қызметтен кетуіне себеп болған басылым. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Анатолий Жигулиннің жер-көкті шулатқан жағымсыз әрекеттері туралы әйгілі мақала жайдан-жай жазылмап еді. Жетісулық журналистердің әлеуетін әдепкіде жете бағаламаған Жигулин көкем де біразға дейін беріспей бақты. Ақыры талай жылдан бергі күрмеуі қиын көп мәселе сыздауықтың жарылуына себеп болды. Жігерлі «Жерұйықтың» үш сарбазы бірлесіп жазған «Қылығы қыңыр, ісі жат» деген сын мақала Шерхан Мұртаза басқарып отырған «Социалистік Қазақстанда» жарық көрген соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Владислав Ануфриевтің өзі келіп, арнайы пленум өткізіп, облыс басшысын жұмысынан босатты. 

Мұндай жағдай аймақтық ақпарат тәжірибесінде өте сирек болады. Бірақ Жигулиніңіз нағыз жігіт екен. Кейін осы басылым кезекті бір белесін тойлаған тұста, аймақтағы кәсіпкерлік құрылымның басшысы ретінде журналистерге арнап жылқы сойып, ерекше сый-сияпат көрсетті. Бәлкім, биліктің өмірі бітпейтін қыруар шаруасынан бір-ақ күнде құтқарып, бақ-берекесі мол мына жұмысына қол жеткізуге септігін тигізген баспасөз өкілдеріне деген ризашылық рәсімі шығар... Сондықтан осы тақырыпшаны «Жетісу, «Жерұйық» және Жигулин» деп атауымызға да болар еді. Бірақ өткен мен бүгіннің өлшемін өз дәуіріне сай қалыптағанды жөн көрдік. 

«Жерұйықта» жұмыс істемесе де осы басылымдардың белсенді авторы болған, жұртшылыққа танымал талдықорғандық әріптестеріміз баршылық. Аудандық газеттің бесігінде тербелген Ахмет Кендірбеков, Қайрат Әлімбек, Жомарт Игіман сияқты арқалы ақындар өлкенің рухани дамуы жолында тынбай тер төкті.
Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, баспасөздің босағасынан ботатірсек бозбала боп аттап, бар қазақтың ықыласына бөленіп өмірден өткен Бейсен Құранбек өзі туып-өскен Жетісу өңірінің ақпарат саласын іргелендіруге зор еңбек сіңірді. Журналистерді жұмылдырды. Телеөнерді түлетті. Баспасөзді биіктетті. Жас буынның кумирі болды. Алматы мен Астанада танылып, телеарнаның тұлғасына айналса да туған жеріне барып қызмет істеп, өзгелерге өнеге көрсетті. 

Ал қазіргі «Жетісудың» жөні бөлек. Жаңа қоғамның жаршысы. Жаңа заманның жемісі. Жаңа үрдістің желісі. Жаңа форматты мекеме. Жаңа міндет жүктеген газет. Әлеуметтік мәселе мен әлеуметтік желінің тізгінін қатар ұстаған жас буынның берекелі бесігі. Алдыңғы буын ағалардың кейінгіге аманатқа тапсырған қасиетті құтханасы. Бүгінгі бас редактор Жұматай Әміре бастаған алымды ақпарат командасы сан жылғы салиқалы дәстүрді лайықты жалғастырып келеді. 
Елімізде жыл сайынғы журналистер мерекесі күні әкімінен бастап құттықтауға болатын жалғыз-ақ өңір бар. Ол өңір – Жетісу облысы. Аймақты белгілі журналист, қарымды қайраткер Бейбіт Исабаев басқарып отыр. Тек мамандық игеріп қана қоймай, бұқаралық ақпарат құралдарының мектебінен өткен азамат. Қолына қалам алып, күнделікті газет жұмысына жегілген, микрофон ұстап, саңлақтармен сұхбаттасқан, тікелей эфир жүргізіп, бейнематериалды өз қолымен монтаждап көрген ол ақпараттың қалай әзірленетінін жақсы біледі. Сондықтан журналист-әкім бір кездегі әріптестерінің хал-ахуалына бей-жай қарай алмаса керек. Бұл өңірде бұқара, билік және баспасөз ұштағаны әрқашанда мығым тұрады.

Ақпараттың да, аппараттың да жұмысына жетік білікті басшы басқаратын өңірдегі барлық әріптестерімізді кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! «Бұрынғы өткен күніңді, берейін жырлап, елге анам, көргеніңді бүгінгі, жаз, жаз, қалам, тер қалам!» деп қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіров жырлағандай, жетісулық әріптестеріміздің қаламынан құт кетпегенін қалаймыз. Жаз, жаз, қалам...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ