ГАЗЕТТЕ ТАЛАЙ ҚЫЗЫҚ БАР

Уақыты: 29.06.2024
Оқылды: 398
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«БАУЫРЫМДЫ ТАУЫП БЕРСІН» 

Кеңестер одағының кезінде аудандық газеттер аптасына үш рет шығып, редакцияда күнде қарбалас болып жататын. Газеттің бір нөмірі толса, екіншісі мақала сұрап «аузын ашып» тұрады. Содан кейін де мақаланы тездетіп жазудың «диктовкалық» тәсілі кеңінен қолданысқа еніп, кей-кейде кейіпкерді көрмей-ақ шағын суреттеме, мақала жазып жіберу практикасы орын алып жататын. Жауапсыздықтан емес, қажеттіліктен туындаған бұл тәжірибе барысында талай-талай қызықтар мен шыжықтар да кездеспей тұрмайтын.

Сондай қызықтың, дәлірек айтатын болсақ шыжықтың бірі Алматы облысындағы аудандық газеттердің бірінде орын алып еді. Шалғай ауылда тұратын озат бақташы жайлы жазу жөнінде тапсырма алған тілші телефонның құлағында күні бойы отырса да сол ауылмен хабарласа алмайды. Совхоздың партком хатшысы да, кәсіподақ хатшысы да телефон көтермейді. Бас зоотехник дегендерің тіпті таптырмайды. Жауапты хатшы болса «жоспардағы мақалаңды қашан бересің?» деп тақылдауын қояр емес.

Басқа амалы қалмаған тілші амалсыз қулыққа барады. Шаруашылықтың озат бақташысының өткен жылғы көрсеткіштерін газеттен алып, сол бақташының атынан «...биыл да осы көрсеткіштерімнен төмендемеймін» деген мағынада салақұлаш мақала жазып өткізіп, «Уф!» деп демін алады.

Шыжықтың көкесі келесі күні болады. Сөйтсе «Биыл да жүз сиырдан жүз бұзау аламын» деген мақаласы газетке жаңа ғана шыққан озат бақташы өткен жылы қайтыс болып кеткен екен. 

Марқұм бақташының туысы газетті қолтықтап алып аудандық партия комитетіне келеді. «Бауырым өліп қалды деп жүрсем, тірі екен. Қарап жүрмей әлі күнге сиыр бағып жүрген сияқты. Оның қай жерде мал бағып жүргенін мына аудандық газеттің жігіттері білетін көрінеді. Солар бауырымды тауып берсін», – деп әлек салады. 

Сонымен әріптесіміздің басы бәлеге қалып, «бұйраға» жетпесе де соған жетеқабыл жаза арқалайды. Әйтсе де салыстырмалы түрде алғанда кең заман, арада бір ай өтер-өтпестен аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырылып, қызметі өсіп кете барды.

БҰЙРА ШАШЫ ЖЕЛБІРЕП...

Шалғай ауылдағы шопан жайлы суреттеме жазуға тапсырма алған тілшілердің бірі сол шаруашылықтың партком хатшысымен телефон арқылы сөйлесіп, озат шопан жайындағы барлық мәліметке қанығады. Қай жайылымда отыр, әр жүз саулықтан неше қозыдан алды, әр қойдан неше киле жүн қырықты, әйелінің, көмекшісінің аты кім дегендей мәселелердің бәрін жазып алады. Содан кейін шопанды өмірінде көрмесе де көргендей болып суреттеме жазуға отырады.

Әлден уақытта шабыты шалқыңқырап кетіп, шопанның қыр басында тұрғанын суреттеуге көшеді. Жадыраған жаз айында күн шуағын шашып тұрғаны, сонау етекте қойлардың жайылып жатқаны, самал жел соғып шопан жігіттің бұйра шашының желмен бірге желбіреп тұрғаны да қалам ұшына ілігеді. Бұдан басқа да әдемі суреттері мен көріністері көп суреттеме кешікпей газетке шығып кетеді.

Келесі күні шопан жігіт газетті алып аудандық партия комитетіне келеді. Жай келмей: «Газеттің жігіттері мені мазақ қылды. Айналамдағылардың бәріне күлкі болдым, кінәліні жазаласаңыздар екен» деген арыз-шағымын арқалай келіпті. Сөйтсе «бұйра шашы желмен бірге желбіреп тұр...» деген шопан жігіттің басы шыбын тайып жығылардай жылтыр екен...

Озат шопанды көрмей-білмей, телефон арқылы мәліметін ала салып жазып жіберген, шашының бар-жоғын да сұрамаған тілші әріптесіміздің басшылықтан оңбай таяқ жегені өз-өзінен түсінікті...