ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН АБЫРОЙ

Уақыты: 03.07.2024
Оқылды: 387
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Халқымызда желкілдеп өсіп келе жатқан ұлға Жаратқаннан жақсы тілек тілегенде «Таудай талап бергенше бармақтай бақ берсін» деген ақ тілек айтылады. Мұның өзі адамды асқар тауға шығаратын талаптың бәсін төмендету емес, қашанда адамның айын оңынан тудырып, мерейін меймілдетіп отыратын бақтың керектігін айрықша атап өту қажеттігінен туған ғой деп ойлаймыз.


Шындығына келетін болсақ, өсемін, боламын-толамын деген жасқа екеуі де ауадай қажет, азаматтың өмір жолында екеуі де бірін бірі толықтырып, сүйемелдеп отырмақ. Д. Қонаев атындағы облыстық қоғамдық қор басқармасының төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі, Ескелді ауданының Құрметті азаматы, ел ағасы Қадыржан Жексенов қарияның тұла бойына, маңдайына осы талап пен бақ қатар қонақтады десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды. 

«Қосылған қос өзен секілденіп...»

Бақтың жанама атауының бірі сәттілік дейтін болсақ, бала Қадыржанға жер жаннаты Жетісу өңірінің Жетісу ауылында дүниеге келіп, осындағы Жетісу орта мектебінде білім алудың сәті түскен екен. Бір академик пен 9 ғылым докторы, 40-тан астам ғылым кандидаттары, Мемлекеттік сыйлықтың екі бірдей иегері түлеп ұшқан, қаншама ақын-жазушы мен қоғам қайраткері оқыған мектепті 1966 жылы тамамдаған жасөспірім жігіт нақ сол жылы үлкен өмірге қадам басты. 
«Үлкен өмірге қадам басты» деп бөліп айтып отыруымыздың да мәнісі бар. Мектеп бітіруші түлектерге 7 шілде күні орта білім алғандықтары жайлы аттестат берілсе, нақ сол күні он жыл бойы бірге оқыған, бірге оқығанды айтасыз, оның алдында балабақшаға да бірге барған, соншама жыл көрші тұрған қос түлек тағдырларын мәңгілікке қосақтады. Ендігі өмірінің ажырамас серігіне, жан жарына айналатын Күлдана сол күні Қадыржан үйінің табалдырығынан келін болып аттады. 

Жұбайлық өмір жайында сөз болғанда әдетте сөз арасына «алғашқы махаббат», «бала махаббат» дегендей әңгімелердің де қосылып кететіні заңды. Уақыт өте келе ондай сағынышты сәттер балалықтың бал қылығы санатында жымиыспен еске алынып жатады. Содан кейін де алғашқы махаббаттың қатары көп ретте «одан соңғы», «содан кейінгі» махаббаттар болып жалғасып кете барады. Ал жасөспірім Қадыржан мен көктем гүліндей құлпырып бойжеткен Күлдананың тағдырлары мүлдем басқаша қалыптасты. Ес білгеннен бірге ойнап өсіп, балабақшада да бір топта тәрбиеленген, мектеп қабырғасындағы естен кетпес он жылды да бірге өткізген екі жастың алдағы өмірлерінің де домбыраның қос ішегіндей болып қатар өрілуі тіршілік заңдылығы болатын. Осылайша екеуінің бала махаббаттары өмірдегі шынайы сезімге, үлкен сыйластыққа ұласып, қиындығы мен қызығы аралас жүретін тіршілік айдынына қатар құлаш ұрды. Озық білім беру дәстүрі қалыптасқан іргелі мектептен терең білім алып шығып, тағдырларын мәңгілікке қосақтаған екі жасқа бақыт-бақтың сәулесінің алғаш түскен кезі де осы болатын.

Қадекеңнің ертерек үйленуіне әкесі Кенжебай да себеп болған тәрізді. О баста туыс-туғандары көп болғанымен ашаршылық пен соғыс тәрізді ел басына түскен нәубеттен қатарлары сиреп, ең соңында бір әулеттен жалғыз қалған майдангер әкесі мектеп бітірген ұлына «Оқу-тоқуды қой да үйлен» деген қатаң талап қояды. 

«Колхоз құрылысының білгірі, Социалистік Еңбек Ері Әбдіқадыр Дайыровпен құдай қосқан көрші болдық. Ол кісі «Жетісу» колхозы басқармасының төрағасы болса, менің әкем парторг, яғни шаруашылық партия ұйымының хатшысы болатын. Екеуі бір-біріне «құда», «құда» деп әзілдесіп жүріп ақыры құда болды», – деп еске алады осы кезеңді Қадекең.

Иә, бұған дейін де Еңбек Ері атанып, колхоз құрылысындағы жетістіктері үшін екі бірдей Ленин орденімен марапатталған Дайыров артта қалған «Жетісу» колхозын 1950 жылы қабылдап алады. Арада бес жыл өткенде бұл колхоз да алдыңғы қатарға шығып, озат шаруашылыққа айналады. Сөйтіп бұл орайдағы жетістіктері үшін Әбдіқадыр Дайыров 1957 жылы үшінші мәрте Ленин орденімен марапатталады. Осынау жетістікте соғыста жамбасынан ауыр жарақат алып, елге мүгедек болып оралған майдангер Кенжебай Жексеновтің де қомақты үлесі болатын. 

Алғашқы баспалдақ

Әдетте мектеп бітірген түлектер арман қуып астанаға, яғни сол кездегі орталық Алматыға оқуға аттанып жататын. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл кезде отбасын құрып үлгерген екі жас күндізгі бөлімге оқуға түсуге онша талпына да қойған жоқ. Одан да бірден жұмысқа араласып, тіршіліктің қыр-сырына еңбек ете жүріп қанығуды жөн көрген. Уақыт өте келе бұл шешімдерінің де дұрыстығына, тәжірибенің ең үлкені өмір мектебі екеніне көздері жетті. Айналасындағыларға сырттай оқи жүріп те оқу орнын қызыл дипломмен аяқтауға болатынын дәлелдей білді.

Әрине, өмір сабағының ең бағалысы көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Еңбек Ерінен көрген өнегесі, алған тәлімі мен ғибраты болатын. «Үлкен кісінің қасында болған 5 жылым алдымдағы бүкіл өміріме азық болды десем, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды. Ол кісінің жұмыс істеу, басқару тәсілі бөлек еді ғой. Ешкімге ұрсып, зекімей-ақ тілін тауып, көпшілікті үлкен істерге жұмылдыра білетін. Қандай күрделі жұмыстың да ыңғайын келтіріп, қай істі де қиыннан қиыстыра қоятын. Мемлекеттен алған жоғары марапаттарының бәрі маңдай терінің, қажымай-талмай атқарған еңбектерінің нәтижесі екені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді». Бұл Қадыржан Кенжебайұлының өткен күнге бүгінгі бел-белестерінен көз сала отырып түйіндеген тұжырымдамасы. 

Сәл алға озып кете отырып баяндайтын болсақ, жас жігіт бұдан кейінгі кездері көпшілікпен жұмыс істеген кезде Әбдіқадыр Дайыровтан алған тәлімін, үйренген өмір тәжірибесін шеберлікпен қолдана білді. Мұның өзі де озат шаруашылықта жұмыс істеген жылдарының босқа өтпегенінің дәлелі. 

Бала Қадыржанның шабандоз атанғаны да тікелей осы шаруашылықпен байланысты. Ол әңгімені де қызықты тарихтың қатарына жатқызуға болады. Нақтырақ айтатын болсақ, белгілі ақын, кезінде Жамбыл жыраудың әдеби хатшысы болған Ғали Орманов өзі туған өңірге есеп бере келген бір сапарында «Қоңыр» колхозы жұртшылығымен мазмұнды кездесу өткізеді. Риза болған басшылық ақынға қымбат шапан жауып, ат мінгізеді. 

лматыға қайтып бара жатқан Ғали Орманов жолай Дайыровқа соғып: «Ел-жұртыма рахмет, ғұмырымда талай-талай ат міндім. Өзіңе деген сый-құрметімнің белгісі болсын, мына атты өзіңе байладым», – дейді. Сонымен «Қоңырдың» бәйге аттарын баптайтын Сиқымбай деген жылқышысы ұстап берген жүйрік көгала ат «Жетісу» колхозының меншігіне айналады. Балажан әкесінің қатаң тыйым салғанына қарамай алғашында ұрланып барып жүріп бәйге атына шабуды әдетке айналдырады. Әлденеше рет бәйге алдын бермей бірінші болып келіп, басқарма төрағасының ықыласын аударады. Оның бұл ыстық ықыласы уақыт өте келе төрағаның күйеубаласы атанып, референт-көмекшісі болған кездері де суыған жоқ. 

Осылайша жеті жыл бойы бәйге атына шауып, шабандоздық тәжірибесін есейіп, салмағы ауырлай бастағасын ғана доғарады. Әйтсе де өмір бәйгесінің алдын бермей қатарларынан озық жүруге, қалың шаңның ішінде қалып қоймауға деген құлшынысы тұла бойында тұрақты сақталып қалғандай сезінеді.

Ақын дегеннен туындайды, Қадыржан Кенжебайұлы Жетісу ауылында қазақтың тағы бір талантты ақыны Жұматай Жақыпбаевпен қатар өскенін де мақтанышпен айтады. 3-4 жас үлкендігі бар бала Жұматайдың соңына еріп доп қуып жүргендігін, оның 6-7 сыныптан бастап мектептің қабырға газетін жалғыз шығарғанын, сотқар, сабақтан кешігетін балалардың суреттерін салып, астына мысқыл өлеңдерін де жазып жіберетінін әңгімелеуден жалықпайды. Жұмағаңның бала кезінен сегіз қырлы жан болғанын, оның сол кезден-ақ түрлі тақырыпта өлең жазып жүретінін сүйінішпен еске алады.

Бел-белестер

Қадыржан Жексеновті ауылдастары 1971 жылы комсомол комитетінің хатшысы, 1975 жылы халық депутаттары Төлеңгіт ауылдық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайлайды. Осылайша ол өзінің өмірлік ұстазына айналған Дайыров ақсақалдан алған ғибраты мен түйген тәлімін іс жүзінде қолданып, көпшілікпен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Жұмыс тәжірибесін жинақтап қана қоймай сырттай оқып, мектеп қабырғасында алған білімін толықтыруға күш салады. 

Сөз орайы келгенде оның бір емес, үш бірдей жоғары оқу орнын тамамдағанын да айтып өткен жөн болар. Алғашында Талдықорған педагогикалық институтында оқып, қазақ мектептеріне орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім мамандығын меңгерсе, одан кейінгі жылдары Талдықорған облыстық партия комитетінің жанындағы марксизм-ленинизм университетін бітірді. Кейінгі аталған оқу орнында пролетариат көсемдері еңбектерінің негізін оқып қана қоймай, іс  жүзінде халықпен тікелей жұмыс жасап жүрген обком хатшыларының, басқа да жауапты қызметкерлердің лекцияларын тыңдады, олардың өмірлік тәжірибелеріне ден қойып, ақыл-кеңестеріне құлақ түрді. Өз кезегінде тыңдаушыларға дәріс берудің мұндай тәжірибесінің де белгілі бір дәрежеде пайдаға асқанын жоққа шығаруға болмайды.

Қадекең әр жылдары Талдықорған аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, Сауда және тұтынушылар қоғамы қызметкерлері Талдықорған аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, Талдықорған қалалық асханалар мен мейрамханалар бірлестігі директорының бірінші орынбасары, Геология министрлігінің Алматы облысы бойынша жұмысшыларды қамту бөлімінің басшысы қызметтерін жемісті атқарды. Бұл қатарда Талдықорған аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы, ХІІ шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутатының көмекшісі, Ескелді ауданындағы Қарабұлақ кенттік округінің әкімі лауазымында жұмыс істеген жылдарын да айтып өтуге болады. 

Өмірден көрген-түйгені көп жігерлі де жаңашыл азамат, игі істерімен жұртшылық арасында абырой-беделге ие болған білікті басшы 2010 жылдан Ескелді аудандық мәслихатының жауапты қызметкері міндетін атқарып, 2012 жылы осы қызметінен зейнет демалысына шықты. Әйтсе де «Заңды демалысыма шықтым» деп қарап отырмай күні бүгінге дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді.

Ардагер шыққан бел-белестерді тізбелеп өткенде көп жағдайда бір-бірімен оншалықты сәйкесе қоймайтын жұмыс салаларындағы шаруалардың бәрі оп-оңай атқарыла салғандай көрінетіні бар. Алайда өмір жолына тереңірек үңіліп қарасақ тіпті де олай еместігін байқаймыз. Оңай болмайтыны, барлық замандастарымыз секілді Қадыржан Кенжебайұлының да еңбек жолында кедергілер аз ұшырасқан жоқ. Күтпеген жерден аяқтан шалушылық та, көпе-көрнеу жасалынған қысастық та орын алды. Тіпті қиындықтан шығатын амал жоқтай көрініп, тығырыққа тірелген кездері де болды. Дегенмен соның бәрін мұқалмас күш-жігері мен бай өмірлік тәжірибесінің арқасында, Сиязбек Мұқашев пен Көбес Ақылбаев тәрізді басшы азаматтардың, тілектес замандастарының қолдауымен жеңіп шыға білді.  

Қадекеңнің сауда саласына қызмет ауыстыруы да өміріндегі күтпеген бұрылыстардың бірі болды. Сауда және тұтынушылар қоғамы қызметкерлерінің Талдықорған аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүргенінде жаңағыдай кедергілердің бірі кездесіп, туындаған дау-дамайдың нәтижесінде күтпеген жерден Талдықорған қалалық асханалар мен мейрамханалар бірлестігі директорының бірінші орынбасары болып шыға келді. 

Бұл жердегі мәселе екі мыңға жуық адам жұмыс істейтін аталған бірлестік басшылығында жергілікті ұлт өкілдерінің болмауына келіп тірелген. Мәскеуден келген тексеру «Бірлестікте ұлттық кадрлармен жұмыс жүргізілмейді» деген ескерту жасап кеткендіктен шұғыл кадр іздестіріліп, таңдау Қадыржан Кенжебайұлына түседі. Мұндай шұғыл өзгерісті күтпеген, өзіне үйреншікті кәсіподақ саласы бойынша жұмыс ұсынылады деп сеніп келген ол жиналыс үстінде жаңа қызметтен бас тартып та үлгермей қалады. Сауда саласындағы кәсіби білімінің жоқтығы бір айдан кейін ғана анықталып, Мәскеу сауда институтының Алматыдағы филиалында – халық шаруашылығы институтында оқитыны да осы кез.

Жаңа қызметке тағайындалып кеткеннен кейінгі жерде артқа шегіну деген болмайды. Намысқа тырысып аз ғана уақыттың ішінде жұмыстың қыр-сырын да меңгеріп, үшінші жоғары білім де алып үлгерген Қадыржан Жексенов көп ұзамай-ақ жаңа саланың білгір басшысына, білікті маманына айналды. Соған орай бұдан кейінгі кезде де сала бойынша бірқатар жауапты қызметтер атқарып, қай кезде де талап биігінен табыла білді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, Қадекеңнің ғибратқа толы ғұмырының қай кезеңі жайында да осындай жақсы сөздер айтуға болады.

Қазыналы қария

Зейнетке шығып, қарбалас жұмыстардан босағаннан кейін мына шаруаларды атқарсам, нақтырақ айтқанда кезінде әкем дұрыс араласа алмай кеткен ағайындармен аралассам деген Қадекеңнің арманы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де толық орындала қоймады. Бұған негізінен ардагерлер ұйымындағы қоғамдық жұмыстар мен басқа да бірқатар қат-қабат шаруалар себеп болған. Соның бірі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы облыстық қоғамдық қорға қатысты болып келеді. 

Оншақты жыл бұрын Сарқан ауданының әкімі қызметіне тағайындалған Ерғазы Қошанбеков хабарласып: «Өзіңізді Димекең атындағы қоғамдық қордың төрағалығына лайықты деп отырмыз. Өмірлік тәжірибеңіз де мол, облыс жұртшылығының алдындағы абырой-беделіңіз де бар. Қорды Сіз басқармағанда кім басқарады?», – деп салмақ салғанда бас тарта алмап еді. Сол кезден бері қоғамдық қордың жұмысына белсене атсалысып келеді. Облыстық ардагерлер кеңесі пленумының мүшесі, сондай-ақ Халықаралық құқық қорғау орталығының кәсіпқой медиаторы ретінде де атқарып отырған шаруалары ұшан-теңіз. Қазыналы қария деп осындай аузы дуалы қарттарымызды айтуға болар деп ойлаймыз.

Қадыржан Кенжебайұлы өмір бойы бастауыш сынып мұғалімі болып зейнетке шыққан асыл жары Күлдана Жексенова екеуі бір ұл, төрт қыз өсіріп, олардан қылықтары балдай тәтті немере мен шөбере сүйді. Басқа сөзбен айтатын болсақ, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бейнетінің зейнетін көретін жаста ұрпағының қызығын көріп отыр. Сөзіміздің басында айтып өткен бақ пен бақыт дегеніміздің өзі де осы емес пе? 

Қадекеңнің жарық дүниеге көз ашқаннан бері қол ұстасып бірге келе жатыр деуге болатындай өмірлік серігі Күлдана апайымызбен бас қосқанына 58 жылдың жүзі болыпты. Өмірлері өнегеге толы қос қарияға ғұмыр жастарыңыз ұзара берсін, алдағы уақытта «гауһар тойларыңыз» бен басқа да тойларыңызды тойлай берейік деген ақ тілегімізді арнағымыз келеді. 

Нүсіпбай  ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі