ТАУ МҮСІНДІ ТҰЛҒА ЕДІ

Уақыты: 04.07.2024
Оқылды: 298
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақта: «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көптік етпейді» деген ұлағатты сөз бар. Сондай азаматтардың бірі – әр саланың қыр-сырын зерделей жүріп, көп тәжірибе жинақтаған, сегіз қырлы, бір сырлы     Тоқтасын Тұяқов артына өлместей із қалдырған жан еді. 


Соғыстан кейінгі жылдары халықтың тұрмыс жағдайы өте ауыр болды. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартқан Тоқтасын Мұса-байұлы 5 жасында әкесінен айырылды. Ерте ес білген бала анасына қолғабыс болып, атыздан масақ терді, досы Молдахан екеуі қозы, лақ бақты, бау-бақша өсірді. Сөйтіп, оны өмір ерте есейтті.

Әлі есімде, 1960 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттаған кезім. Мектеп алдындағы алаңдағы төртбұрышты етіп, топырағы қазылып, құм төселген жерде 18-20 жастағы бірнеше жігіт жіп керілген биіктікке секіріп жүрді. Солардың ішінде арықша келген, ұзын бойлы, мұрны қоңқиған бір жігіттің өзгелерден биікке секіргеніне таңырқап қарап қалыппын. Сол кезде ол: «Балақай, әрірек тұр, ағаларың қағып кетіп, жарақат алып жүрме», – деп ақылын айтты. Өз бойынан биікке секіріп, таңғалдырып жүрген мектепке жаңадан келген дене шынықтыру пәнінің  мұғалімі Тоқтасын аға екен. 

1956 жылы Алматы қаласындағы республикалық дене шынықтыру және спорт техникумына оқуға түсті. Шаңғышылар қатарында болып, разряд нормасын орындап, алғы шептен көріне білді. Сондай-ақ, ол «Абай» және «Молодежный» шыңдарын (теңіз деңгейінен 4000 метр жоғары) бағындырды. Жеңіл атлетикадан алғашқы халықаралық жарыста 10 сайыстан 2-орынды иеленеді. Осындай жарыстардың бірінде ол биіктікке секіруден өз бойынан асыра 186 см-ді бағындырады.

1958 жылы еңбек жолын туған жері Қорам ауылындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. Жаңа үй салып, Семей облысының қызы Римма Алдабергеновамен шаңырақ көтереді. Ол да дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Тоқтасын аға бірер жылдай кеңшар комсомол ұйымын басқарып, ауылдың мәдени өмірінің дамуына үлес қосты. Үлкен жүгіру жолы бар спорт алаңын салуға мұрындық болды.  Білім жолын қуған ол Алматыдағы дене шынықтыру институтын тамамдап, өзі сүйіп шұғылданатын жеңіл атлетика, шаңғы, футбол, туризм бойынша спорт үйірмелерін ашты. Осы үйірмедегі оқушылар аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда ауылдың даңқын көтерді. Сондай-ақ, ол ұйымдастырған кіші спорт бөлмесіне келіп үстел теннисі, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнаушылар легі бір толастамады. «Азимут» атты туристік-экологиялық өлкетану үйірмесін басқарды. Оның республикалық және бүкілодақтық «Менің елім» бағдарламасына 1983 жылы қатысқан оқушылары жүлдегер атанса, 1996-1997 жылдары Маржан Бибаева Алматыдағы Қазақстан Кіші ғылым академиясының ғылыми-практикалық конференциясында спорт-туризм және экология тақырыбында баяндама жасап, ерекше құрметке ие болды. Ол тек Қорам ауылының ғана емес, бұрынғы Шелек аудандық халыққа білім беру бөлімінің методисі болып, ауданның да бұқаралық спортының жандануына үлес қосты.

Елу жыл ұстаздық еткен Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, өнегелі өлкетанушы Тоқтасын Тұяқовтың жер тарихын тануда сіңірген еңбегі ерен. Ол Санкт-Петербург, Мәскеу, Ташкент, Екатеринбург, Баянауыл, Көкшетау, Ыстықкөл, тағы басқа жерлерде туристік сапарда болып, жинақтаған тәжірибесін өз жұмыстарына пайдаланып, жас ұрпақты өлкетану ісіне баулыды. Ауыл, аудан, облыс, республика деңгейінде туризмді дамытудағы ұзақ жылдық ерен еңбегі еленіп, Тоқтасын Мұсабайұлына «Халықаралық балалар мен жасөспірімдер туризм академиясының академигі» атағын бір топ ғалымдар келіп салтанатты түрде табыс етті.

Туған жердің тарихын тереңнен зерттеп, тың деректер жинаумен айналысып жүрген Тоқаң мектептен тарихи өлкетану мұражайын ашты. Музейде XV-XX ғасырлардан сыр шертетін құнды деректер жинақталды. Ауылдың атауы Қорам батыр атымен аталатынын нақты фактілермен дәлелдеп, облыстық «Jetіsý» газетіне 2000-2004 жылдар арасында бірнеше мақала жариялады. Қорам батыр Сарымырзаұлының ұрпақтарымен кездесіп, үлкен іс-шаралар өткізді. 1992 жылы Шелек аудандық «Еңбек туы» газетіне жер, су аттары жайлы мақала жазып, ауылдың негізгі аты «Шелек» емес, «Шілік» екенін деректер арқылы дәлелдеп берді. Облыстық мамандар кәсібін даярлау институты қызметкерлерінің қатысуымен Алматы облыстық мұражай қызметкерлері бас қосқан семинар өткізіліп, Тоқтасын Тұяқовтың озық тәжірибесімен алмасып, тәрбиенің тамыры тарихтан бастау алатынына көз жеткізді.

Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы атанған Тоқтасын Тұяқов білім саласына жарты ғасыр ғұмырын арнап, қаншама шәкірт тәрбиелеп, қияға қанат қақтырды. Зайыбы Римма Алдабергенова да (марқұм) 30 жылдан астам уақытын осы Қорам орта мектебінде бала тәрбиелеуге арнаған мұғалім деген мәртебелі мамандықты биік ұстап өтті.

Ауылдастары, шәкірттері осындай соңына өлместей із қалдырған ардақты азаматты мәңгі есте қалдыру мақсатында Қорам мектебін Тоқтасын Тұяқовтың атымен атауды жөн санапты. Орынды айтылған сөз өз орнын табарына сенімдіміз. Биылғы 2024 жыл академик Тұяқов Тоқтасын Мұсабайұлының  85 жылдық мерейтойы екен.

Анарбек БЕРДІБАЕВ,
Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі