ҚАРЫШТАЙ БЕР, ЕЛОРДАМ!

Уақыты: 06.07.2024
Оқылды: 331
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Сенің көрікті келбетіңе бұл күні күллі әлем таңыр- қай да тамсана қарайды. Сайын даланың төсінен тұрақ тепкен сені бір көруді армандайтындар қаншама?! Асқақсың, сұлусың, көрінгеннің қолы жете бермейтін зәусің. Күллі жұрттың тілегімен өркендеп, әр күнінде құлпырып сала беретін өзгеше құбылыстың көрінісісің. Қазақтың қадірлі мекені Астана атыңмен қымбатсың ел үшін.


Сәт сайын төбеңнен жөңкіген бұлттар тынымсыз тіршілігіңнің куәгері іспетті. Сол бұлттар кейде атырабыңды нұрға шомдырып, шадыман шаттығыңды еселеп, шартарапқа заңғар болмысыңды әйгілеп кететіндей болып көрінеді маған. Еш жерде жұтпаған саф ауаны қойнауыңнан жұтып жүрген жұрттың жұмыр жүрегі сені әсте қия алмасы анық.

Қиялдан туғандай болмысыңды, ерке Есілге сән берген көкжиегіңді, мәрмәрдан қаланған сан сарайыңды сағынғанда еске алатын ұлағатты ұландарыңның сапы көбеймесе әсте бір азайған емес. Сағынышты қаузайтын қасиетіңнен айырылмассың сен. Бүгінгі ұрпақтың көңілінде де, өмірінде де гүлдене беретініңе еш шүбә келтіре алмаспыз.

Қазақ ұлты қияметке дейін еркін жайлап, дүние тұрғанша тұрса, сен оның сол шаққа жеткенше төрі болып қала бересің. Келген қонағына көрсетер теңдессіз байлық жақұты, бақ-ырыс толы көзесіне айналатының ақиқат. Ұлт қаймақтарын ордаңа шоғырландырып, шоқтығыңның биіктігін сонымен де бір көрсетіп алатыныңа қайранмын.

Өзіңді ешбір ұлыңның өзгеге қимайтыны белгілі. Керек десең, аймағыңды ақ мамыққа орайтын қатулы қыс та қимайды. Байқасаң ол айналшықтап маңайыңнан ұзап кетпей, ұзақ тұрады. Сондықтан Астанаға көктем кеш келеді. Шыңылтыр аязыңа адамдардың шыдас беріп жүргені саған деген махаббатының беріктігі деп біл.

Айналаңда алып-алып таулардың болмауы, қиын шатқал құзарлардың тұрмауы неліктен екен осы?! Әлде Сарыарқа төрінде жалғыз Астана деген таудың түзіліп келе жатқанына мына санам секемдене ме?! Секемденуі мүмкін емес! Бұлтпен таласқан, болашағы айқын Елорданың жеке дара Бұланай, Эверестен де әйгілі алып шың болып қалары анық қой.

Тасыңды түртсе тарихыңның сыр шертетінін бүгінгі буын жақсы біледі. Бір заманда Бозоқ, Ақмола атансаң, бұл күні көпшіліктің сүйікті мекені, ыстық та мейірім ұясына айналған Астанасың. Парсыларша анықтама берсек «киелі орын», «босаға» дейді. Сол кие дарыған атауыңнан жөңкіген заман да, алабөтен ойлы адам да ешқашан алыстатпаса екен.

Қасиет дарыған қазақ ордасы, сенің әуелгі іргетасыңды Ұлы Даланың өркениетін қалыптастыруға үлес қосқан ғұндар қалады. Есіл мен Нұра өзенінің аралығына шаһар тұрғызып, бұл мекенді ұрпақтарының иелігіне қалдырды. Құтты қоныс екенін олар білдірмегенде сенің парқыңа жете алар ма едік?! Алтын ұя Астанам, сен ата-бабам көксеген жерұйықсың.

Сарыарқаның жүрегі, асыл ердің тілегі, қарыштай бер, Елордам! Бақыт, шаттық мекені, көкорайлы етегі, құлпыра бер, Елордам!   Дақпыртыңды көк жайып, тұғырыңнан сәт тайып, кетпе мүлдем, Астанам, айға асығып өзге жұрт, жерді тастап кетсе де, сен артықсың басқадан!

Медет ЖҰМАБАЙ