Өмірі өнегеге толы

Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 1290
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Самай шаштары сақардай болғанша саясат тұлпарынан түспей, ел алдындағы парызын ойдағыдай өтеу үшін намысын қамшылап келді. Қажет кезінде турап түсер наркескендей өткірлігімен де ортасына сыйлы-тұғын. Өзі тұрғылас кесек тұлғалардан да сонысымен ерекшеленетін. Бұл біз естіген әңгімеден алынған тіркестер. Еңбек десе жанып түсетін жігерлі жанның бір ерекшелігі білімділігінде болатын дейді қатарластары. Бүгін біз сондай дара тұлғалардың бірі Алматы облысының Құрметті азаматы, ел ағасы Әбдіғали БЕКТЕМІРОВ жайлы сыр шертсек дейміз.

Құла жонға құлын байлап, түйе өркешін ықтап өскен халықтың қазынасына телінетін оның  тамырына нәр берген текті перзенттері. Әманда баласын көкке көтеріп, өзгеше айдар тағу бабадан қалған салт. Онысы елге тұтқа болар ерлердің жігерін шыңдап, биіктерге талпындырады. Әбдіғали ағамыз да жастайынан асқар биіктерге талпынып, жігерін ұштап өсті. Оның көңіл көмбесінде адами құндылықтардың бәрі орныққан. Қоңыр бейнеттің қолына түссе де шаруасын шендестіріп жүретін көкірегі сара жанның көргені көп, түйгені көл-көсір. 
Білу бар да айту бар, білместің қадамы бір-ақ тұтам. Жақында рухани дүниеміз тағы бір туындымен толықты. Өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлесін қосқан, бүгінде облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде жас ұрпақ тәрбиесіне біркісідей атсалысып жүрген Әбдіғали Қойбасұлының «Өмірге менің өкпем жоқ» атты кітабының тұсауы кесілді. 
Кім нені жақсы білсе, соны әдемі жазбай ма? Бірнеше ауданда басшы болған, көргені мен түйгені мол азаматтың естелік жазбалары оқырманын қызықтырмай қоймайды. Автор өз ғұмыры ғана емес, кешегі кеңестік кезең мен тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан алғашқы жылдары туралы, заман мен замандастары жайлы тереңнен ой қозғайды. Қызығы сол, небір қысылшаң да қиын жолдан өткен азамат көпірме сөзге көп әуестенбей, өнегелі өмірін еш боямасыз бейнелейді. Бұл жердегі біздің айтпағымыз – тілінің тартымдылығымен қоса жинақтың берер тәлім-тәрбиесінің молдығы дер едік. 
Қарттық келіп жаныңа түстенгенде жастыққа барар жолдың жабық екенін аңдайсың. Ақиқаты сол. Алайда өткенге оралудың ең тиімді тәсілі – сол жарқын сәттерді қағаз бетіне түсіріп, қайта парақтау. Соңыңнан ерген жас толқынға жүрген жолыңды, жеткен жетістігіңді жеткізе білсең, ой салмақтатсаң өткен ғұмырыңның еш кетпегені. 
Өзін мәңгі өлмейтіндей сезінетіндердің жаңылысатыны – артында қалар мирасты дүниесімен парықтайтыны дер едік. Бұл қасіреттің қанжарына өзің барып соқтығысқаныңмен бірдей. Сондықтан ізгі істеріңді жас буынның болашағына бағдаршам қылсаң, олар сен жүрген жолмен алға жылжып, ұлтқа қызмет етуден аянып қалмақ емес. 
Осындай пайымды пікірге жетелеген автордың кітабы біздің де қолға түсті. Ол қаламды жанынан серік еткен сақа журналист емес. Жазушы боламын деп те армандамаған. Тек оқуға құштар, білуге ынталы жан. Оның дәлелі осы жинақ болса керек. Әбден балбырап бабына келген шағында шалғысын шар болаттай қайрап, соқталы ойларын ортаға салуды басты парыз санағаны көрініп тұр.
Бұл еңбегін ол ата-бабасы мен әке-шешесінің рухына арнапты. Онысы үлкенге көрсеткен құрметі, тарихқа қылған тағзымы деп топшыладық. Автордың шежірені жаңғақша шағып, қоғамға қажет ақпаратты еселеп беруі замандастарымызға керек қордалы дүние екені даусыз. 
Кітаптың тізгін қағарында былайша ой түйеді: «Адам ғұмырдың бүгінгі біз жеткен кемел жасына келгенде ойланады екен. Тап бір ақ бас Алатаудың басына шыққандайсың. Бүгінгі кемел жас деп отырғаным – жетпістің айналасы. Әрине, әр заманның өз кемел жасы бар. Ұлы Абай қырық бір жасында «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп жазған ғой. Ол заманда кемелдікке де ерте жеткен сияқты. Ал қазіргі статистика бойынша, қарттық сол жетпістің төңірегінен басталады екен. Жапонияда тіпті сексеннен бастау алатын болса керек.
Бұрындары алдыңғы толқын ағалардың естелік кітаптарын оқи отырып «Осының қажеті бар ма екен?» деп ойлаушы едім. Ойланатыным: олардың кейбірі қызметін, шені мен шекпенін айтып, Мақтау қағаздарының көшірмесін салып, кітап деген қасиетті дүниенің қадірін кетірді-ау дейтінмін.
Алайда әркім «өз көрпесіне қарай көсіледі» екен. Мен де бұл естелігімді жазбас бұрын ақыл безбеніне көп салдым. Қолыма қалам алсам ба екен, алмасам ба екен деп. Ақыры алдыңғысына тоқтадым. Ұлы Мұхтар Әуезов айтқан екен: «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса – ел болғаның қайсы?!» деп. Адам болып өмірге келгеннен кейін өз ұрпақтарыма ата-бабаларым туралы айтуым керек деп шештім. Оның үстіне кешегі Кеңес заманында руды айтқызбады, ата-баба туралы да кеңінен сөз қозғатпады. Тіпті көбіміз, жасыратын не бар, жеті атамызды тарқата алмай қалдық қой. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» болып кете жаздадық.
Сондықтан ұрпақтарыма туған жеріміздің қадір-қасиеті туралы, түп-тұқиян бабаларымыз кім, түп-тамырымыз қайдан бастау алған?  Мен естіген, мен көрген аталарымыз бен аналарымыз кім болған? Ағайын-туыстарымыз, құйрық-жалымыз кім? Кімдермен замандас болдым, қызмет барысында кімдерді үлгі тұттым, кімдерден өнеге алдым? Олар несімен есімде қалды? Өмірде неден жетілдік, неден кетілдік? Алдымызда кім бар, соңымыздан кімдер келе жатыр?
Соларды қарымым жеткенше тарқатып айтып, келер буынға жазып сөзбен қалдырсам деп ойладым. Оның үстіне біздің әулеттен қолына қалам алып, естелік жазған адам жоқ. Сондықтан бұл кітапты әулеттің бас кітабы немесе автордың тыңға түрен салған тырнақалды еңбегі деп қабылдаған жөн сияқты».
Міне, ел ағасы осылайша өзінің көкірегінде пісіп-жетілген, қайнауы жеткен ой-толғамдарын алдымызға жайып салды. Мұның өзі келешектің тамырына негіз болатын тыңайтқыш іспетті. Тірісінде пайғамдар атанып, ұлттың көсеміне айналған Дінмұхамед Қонаевтың «Мен қанша биікке көтерілсем де халықтан үлкен емеспін» деп айтатыны бар. Соны  бағамдай білген ел ағасының еңбегі өскелең ұрпаққа рухани дәрумен болары сөзсіз.

Баба жолын жалғаған...

Есімі елге етене таныс Әбдіғали Бектеміров авторлық еңбегінде бағзыдан тартып бүгінге дейінгі ұрпақ сабақтастығын жіпке тізеді. Оның ата-бабалары қазіргі Көксу ауданындағы Көксу теміржол бекетінің оңтүстік-шығысындағы, Мұқаншы өзенінің жағасындағы Жарлыөзек, қазіргі Нәдірізбек деген ауылды мекен еткен екен. Жарлыөзек бертінге дейін Октябрь ауылы болып келді.
Руы Ұлы жүздің ішіндегі Жалайыр тайпасынан, оның ішінде Андас, Жомарт. Жалайыр руының тарихта өз орны бар, он екі атадан құралатын үлкен рулардың бірінен саналады. Қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, тарихшы, Алашорда мүшесі Мұхамеджан Тынышпаев өз еңбегінде Жалайырлардың Жошы ұлысынан шығысқа қарай ойысып, Ежен ханның ақ ордасына тірек болғанын, Орыс ханның кезінде олардың әмірші әскерінің ұйытқысына айналғанын жазады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ жерін азат етуге белсене араласып, Қаратал өзенінің жағасы мен Іле сағасын мекендеп қалған. Осының бәрін тарихшыға тән зердемен тайға таңба басқандай айқындап, нақтылап жазады. Сұрай қалсаң, жатқа айтуға да бар.
Шындығында өзінің шыққан тегін, қай атаның баласы екендігін білу әрбір қазақ ұлына міндет. Сол себепті де «жеті атасын білмеген – жетесіз», – дейді халық. Бүгінде бұл ғұрып дәстүрдің озығына баланады. Әлемдегі атақты ғалымдардың қазақтың қаны таза, ұрпағы ұлағатты дейтіні содан шыққан сөз. Автор мұны екі бастан біліп, ізін басқан өрендеріне ізгілікті қайдан іздеу керектігін көрсетіп отыр.
Тағы бір айтатын жайт – қоғам қадір тұтатын тұлға мәселесі.  Тарих та елек сияқты ғой. Миллиондаған адамдардың ішіндегі ең елеулілері ғана халықтың зердесінде қалады. Оларды ел «тұлға» деп атаған. Автор осы жерде көңіліңе сыймай жүрген бір түйткіл турасында айта кетеді.
– Қазақтың сөз қолданысындағы кең мағыналы «тұлға» сөзі соңғы кезде солғынданып бара жатыр. Өйткені термин жасаушылар орыстың «юридическое лицо», «физическое лицо» дегенін «заңды тұлға», «жеке тұлға» деп алып, қазақ ұғымындағы орасан зор мағынаға лайық «тұлға» сөзінің мәнін мүлде өзгертіп жіберді – дейді ол ағынан ақтарылып. 
Бұдан соң Жалайырдан шыққан ұлы тұлғалар Қадырғали, Ескелді, Балпық, Қабан жырау, Бақтыбайлар, берісі екі мәрте Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергенов, Еңбек Ерлері Әбдіқадыр Дайыров, Зылиха Тамшыбаевалар, Халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Нұржұман Ықтымбаев, Еділ Ерғожин, Қасымжомарт Тоқаев секілді алыптардың есімін үнемі ұлықтап жүретіндігін жеткізеді. Оларды алты Алаштың абыройлы тұлғалары санайды. Мұнысы соңынан келе жатқан балапандарының қанаты қатайғанда аталған кемеңгерлердің ғұмыр-дариясынан сабақ алса дегені.
Иә, жақсылық жасаудан алдына жан салмайтын атымтай азаматтан алар тәліміміздің көп екені айтпаса да көзге ұрып тұр. Әкесі Сейіткерім мен анасы Зәмзәмәнудің (Күләш) тілеуіне берген қамшыұстардың қатарынан дара шабарына ешкім шек келтірмеген екен. Бала күнінен зерек болып өскен жеткіншектің келешегінен үміт күту де заңдылық. Расында «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп тәпсірлейтін дана жұрттың мақалы сол азаматтың болмысына сай келетіндей. Осындай тұлғаның қандай отбасында тәрбиеленгені көптің қызығушылығын тудырары анық. Оны өзі былай баяндайды. 

Отбасым – Отаным

Біздер Қойбас атам, Сейіткерім ағай, Әбутай ағай 1951 жылға дейін бір шаңырақтың астында бірге тұрдық. Секең сонау 1929 жылы ашылған Қапланбек зооветтехникумындағы курсты бітіріп келгеннен кейін 1-фермаға қой шаруашылығының зоотехнигі болып қызметке тұрып, сонда көшті. 1954 жылы Сейіткерім ағай ферма меңгерушілігіне тағайындалады. Содан өмірінің соңына дейін табаны күректей 12 жыл бойы осы қызметті абыроймен атқарды. Сталин қайтыс болғаннан кейін партия мүшелігіне өтті, совхозда партком мүшесі болды. Соғыста алған жараларының салдарынан небәрі 41 жасында 1966 жылы өмірден өтті. Бір айдан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша Ленин орденімен марапатталды. Бұл күнде Сарыбұлақ ауылындағы бір көше Сейіткерім Бектеміровтің есімімен аталады.
Әбутай ағай жүргізушілік курсты бітіріп, совхоздағы алғашқы көлік жүргізушілерінің қатарында болды. Кейін механизаторлар курсын тамамдап, алғашқылардың бірі болып комбайн жүргізді. Механик, бригадир, кейін ферма меңгерушілігіне дейін қызмет жасап, зейнеткерлікке шығып, 2012 жылы 87 жасында дүние салды.
Сол жылы Қыздархан апам қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Бір күні мені жанына шақырып алып, ақырын ғана:
– Әукентай, менің халімді көріп тұрсың, бір аяғым жерде, бір аяғым көрде, олай-бұлай болып кетсем, шындықты өз аузымнан естігенің дұрыс, – деді. Түк түсінбедім, шындығы несі?
– Ол не, апа, айтыңыз, – деп иығымды көтердім.
– Айтсам, қарғам, сенің туған әке-шешең бар. Әкең – Сейіткерім, шешең – Күліш. Мен сені туа салысымен бауырыма басып едім, – деді алқынып жатып.
Сондағы менің көңіл-күйімді сезсеңіздер екен. Бүкіл денемді тоқ соққандай болды, көзім қарауытып, аяғыммен жер басып тұрған сияқты емеспін, тура бір салмақсыздық жағдайында кеңістікте ұшып жүрген сияқтымын. Көз алдымнан кішкентай кездегі кейбір кездерім көлбеңдеп өте бастады.
Кейде апам «Ет, май алып кел» деп жүріп бара жатқан машинаға мінгізіп, 1-ферма орналасқан Шилісуға жібереді. Үйге кіремін, әжем құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алатын, бетімнен сүйіп, аймалайтын. Ал Күкең болса менен көзін алмай, арқамнан сипап, әжемнен бата алмай тұратын. Кейде мені Күкең шомылдырғанда әжеме байқатпай, сүйіп, аймалайтыны көз алдыма келді.
Апамның сөзінен кейін көз алдымнан кинодай тізіліп өтті. Он шақты күн бейне бір қанат біткендей, аспанда қырандай қалықтап жүрдім. Өз әке-шешеме барайын десем, тастап кете алмаймын. Сөйтіп жүргенде, Құдайдың құдіреті болар, әлде біздің әулетке қарасқаны ма, апам құлан-таза жазылып кетті.
Бір күні апам:
– Әукентай, өткенде қатты ауырып, сандырақтап жатқанда мен саған бірдеме айттым ба? – деп сұрады.
– Иә, апа, – дедім. – Әкең Сейіткерім, шешең Күліш деп айттыңыз, – деп едім, апам қатты ашуланған кейіп танытып:
– Олар сендей бала табуға садаға кетсін, ауырған адам не айтпайды, сандырақтап жатып, – деді.
Тап сол күннен бастап апам «Сарыбұлақтың мұғалімдері нашар, балам білімсіз болады, ертең ештеңеге жарамай қалады» деп байбалам сала бастады.
Сол жылы Сарыөзек стансысындағы теміржолға қарайтын 270-мектептің 7-класына документтерімді тапсырдық. Әкей үй тауып беріп, соған көштік, содан қайтып біз не Секеңнің, не Әбутай ағайдың отбасымен қосылмай, жеке-дара бөлек шаңырақ болып кеттік. Апам пенсия алмайтын, бізді бағып-қағу, ас-суымыз, әрине, Секеңдердің мойнында еді. Туған әке-шешем болса да өмір бойы оларды «Сейіткерім аға», «Күліш тәте» деп кеттім. Мына жарық дүниеге мені әкелген олардың аруақтарының алдында басымды өмір бойы иіп өтемін!
Әкем Сейіткерім 1925 жылы, анам Күліш 1926 жылы туыпты. Шешейдің елі – Андас, оның ішінде Қарақұс. Менің түр-әлпетім нағашыларыма тартқан деседі сол кездегі көзкөргендер.
Әкей қол астындағыларға зор ілтипатпен қарайтын, әрбіреуінің жағдайын терең білетін. Ауылшаруашылығын жете меңгерген адам еді. Үйі-күйі қалай, отын-суы бар ма, бала-шағасы оқып жатыр ма, қысқасы, олардың тірлікке қатысты барлық дүниелерін түгендеп отыратын. Жастарға жекебасының үлгісін көрсете отырып, тәрбие беретін, сондықтан жастар жағы «ағалап», жағалап жүретін, қатарластары мен үлкендер «Секелеп» қатты сыйлайтын. Қай фермада жұмыс істесе, сол ферманың тасы жоғары өрлейтін. Бір ерекше қасиеті, ар алдында дар алдында тұрғандай болып, ешкімнің алдында басын имеуші еді. Әлде сол заманның адамдары сондай ма, өзі әділ деп ойлаған ойынан қайтпайтын аса шыншыл болатын.
Ал анамыздың алды ақжайлау, үлкен-кішіге кішіпейіл, Тәңір бір тамаша күні жаратқан кең пішілген адам еді. Асы мол, ағайын-туыстарға қолы ашық болатын. Елдің барлығына бірдей қарайтын, біреудің бірдеңесін қызғану дегеннен ада кісі-тін. Фермадағы жұрттың бәріне сыйлы, өзінен кішілер «шешей» деп атайтын. Әсіресе асқа бап адам болатын. Ол кісінің пісірген бауырсағын айтсаңызшы?! Қызарып піскен алмадай болып, алыстан көз тартатын, топ-томпақ, дәмі тіл үйіретін. Бір пісіргенде екі сағатқа жуық пісіретін, өйткені алдымен көрші-қолаңның балалары тойып алушы еді, содан кейін ғана үйге арнап пісіретін. Сол ыстық бауырсақтың дәмі жетпіске келсек те, тіліміздің ұшында тұрған сияқты. Бауырсақ көрсем, ғазиз анам көз алдыма келеді. Асымен ағайынға жаққан, ақылымен әулетке тұтқа болған асыл анамның қасиеті келіндерімізге жұғысты болса екен деп тілейтініміз бар Гүлзағипа екеуміздің.
Зейнетке шыққан соң жаңа өмірім, тіпті екінші өмірім басталды деуге болады. Уақыт көп, өткен өміріңе талдау жасауға, не істедім, не бітірдім деп өзіңе, балаларыңа есеп бергендей болады екенсің. 
Жолдасым Гүлзағипа Баязитова – адамгершілігі өте жоғары, кеңпейілді, жан-жағына тек қана шуақ шашып жүретін адам. Біздің үйдің әрі де, нәрі де – Гүлекең. Ағайын-туысқа, әсіресе менің іні-қарындастарыма үнемі көмегін аямайтын, дүниенің бетіне қарамайтын, қызғаншақтықтан ада жан. Жаратушының жәрдемімен бес баламызды дүниеге келтірді, тәрбиеледі, өсірді.
Біздің бар байлығымыз да, бақытымыз да осы балаларымыз. Оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аялап өсірдік, үлкен өмір табалдырығынан аттаттық. Ендігі ойымыз да, мұратымыз да солар аман-есен болып, қатарларынан қалмай, тәуелсіз еліміздің бір кәдесіне жараса екен деген тілек-арман ғана бізде.


Тақырыпқа орай: ҚОЯН ХИКАЯСЫ

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әріпбай Алыбайұлы Алыбаев жалпы облыс жастарына, оның ішінде мектеп оқушыларына да «Қоян асырап, мемлекеттің ет өндіру жоспарына үлестеріңді қосыңдар» деген үндеу тастады.
Әр заманның үлгісі өзіне қымбат. «Тауына қарай түлкісі, заманына қарай күлкісі» дегендей, іске қызу кірісіп кеттік. Жер-жерде жертөлелер қазылып, темір торлар құрылып, қоян өсіре бастадық.
Облыстық комсомол комитеті бізден әр жеті сайын «Қояндар қанша басқа өсті?» деп ақпарат сұрай бастады. Қоянның барлығы індерінде көжектеп жатыр, олардың қаншаға көбейгенін, алғашқыдан қаншаға артқанын, сандары қанша екенін дәл айту мүмкін емес, толық есеп жоқ.
Мен облыстық комсомол комитетіне өзімше таразылап, болжап, бажайлап мәліметті бергіздім. Әр жеті сайын көжектің санын мөлшерлі түрде көбейтіп бере бердік. Сөйтсек, біздің аудан облыс бойынша алдыңғы қатарға шығыпты.
Басқа ауданның өкілдері жиналыста «Қоян басын көбейтпедіңдер» деп сөгіс алып жатты. Жиналыстан кейін маған келіп:
– Әбеке, қоянды қалай санап жүрсіңдер? – деп сұрады әріптестерім.
– Құдайым білмесе, біз қайдан білейік. Бұл пәлең біресе жер астында, біресе жер үстінде, басқа ұрып саната ма? Бірдеңе етіп, әр басы мұншадан төлдейді деп ойша санадық емес пе? Әй, сендер де қызықсыңдар, соны комиссия жер астына түсіп санап отыра ма? – дедім.
«Озат» ауданның «есебін» енді түсінген олар қарқылдап күліп жіберді.
1978 жылы Ә. Алыбаевтың орнына Сақан Құсайынов сайланып, қоян өсіру өзінен-өзі тарих қойнауына еніп кетті.


P.S. Кейде жемісті де өрісті еңбегін тәулік бойы айтып тауыса алмайтын тұлғалар болады. Ондайда Жүсіп Баласағұнның: «Елдіктің өзегі – білік, кілті – тіл, қадір-қасиеті – кісілік» деген пайымына жүгінеміз. Асыра айтқанымыз емес, ақиқаты сол. Бізге елінің, жерінің тілеуін тілейтін, бойында намыс оты тулаған  әрбір азамат қымбат. Сол тізімге Әбдіғали Бектеміровты да қосуға негіз бар. Зейнетке шықса да қоғамның қайнаған ортасында жүр. Онысы қазыналы қартқа тән қылық, білімділіктің бір парасы. Бүгінде жетпісті еңсерген ағамыздың көкейінде жүрген бір-ақ тілегі бар. Ол – ел-жұрттың, бала-шағаның амандығы.

Мұхтар КҮМІСБЕК