Абырой асуы

Уақыты: 01.04.2018
Оқылды: 1415
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Уақыт тек алға жылжиды. Қатарластарымыз алпыстың асуын бағындырып үлгерді. Осындайда өткен күніңе еріксіз оймен сапар шегесің. Сайраш екеуміздің бір-бірімізді білгенімізге 20 жылға жуықтап қалыпты. Алғаш көргенде-ақ қабағынан шуақ аңғарғанмын. Балаларымыздың қызық-қуаныштарына ортақтастық, бірге сапарға шықтық, ақ дастарқан басында ақжарыла ақтарылып, ой-пікірлерімізбен бөлістік. 

Қанша көрсем де алғашқы танысқан шағымыздай ақжарқын, сыйластығынан танбайды, адалдығынан айнымайды. Мен туған сіңлімдей жақын тартсам, ол мені әпкесіндей аялайды, ықылас-пейілін аямайды. 
Сайраш Қабылханқызы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таңсық ауылының тумасы. Жамбыл педагогикалық институтының түлегі. Осы сіңлім, міне, енді отбасылық бақытқа кенеліп, отағасының қамқор көзқарасын сезініп, ұлдарының ұрпақ өрбіткеніне, келіндердің қолынан шай ішкеніне, қызының өмірден өз орнын тапқанына, перзенттерінен көрген 6 немересінің балдан тәтті қылықтарына қанаттанып, 60 жасқа да толып отыр. Осынау абыройлы асуға ол бақытқа бөленіп, қуанышқа кенеліп, еңбегі еленіп жетті. 
Ағайын-туғаны, дос-құрбылары үшін ол Сайраш, Сәке болса, әріптестерінің арасында, шәкірттерінің ортасында Сайраш  Қабылханқызы деп ұлықталады. Сарқан қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясының 40 жылдық еңбек өтілі бар байырғы ұстазы Сайраш Шоманованың кәсіби біліктілігін, жемісті жетістігін сараламай-ақ мен оның адамдығын, адалдығын, кісілігі мен кішіпейілдігін осы мақаланың арқауы етіп алғым келді. 
Оның құдай қосқан қосағы Жомарт – қаламгер. Ел арасында көп жүретін ақын-журналистің пікірлес қаламдастары да, сыйлас замандастары да, дос-жарандары да жетерлік. Арнайы ат басын бұратын ағайындардан да кенде емес. Сондықтан Сайраштың дастарқаны жиылмайды, ұзын жолдың бойындағы үйлерінен қонақ арылмайды. Меймандарды күтуге де, қызметтік міндетін өтеуге де күш-қуат табатын жаны сұлу сіңлімді сол үшін де құрбыластары қадір тұтады. 
Менің сіңлімнің ұлағатты ұстаз ретінде шәкірттерінің жүрегіне жол тапқанына мерейленіп жүреміз. Жыл он екі ай бойы қайталанып келетін мерекелер қарсаңында кешегі оқушылары алыстан сәлем жолдап жатады.  Ауылға жолы түскендері ұстаздарымен дидарласпай кетпейді. Балалары да ата-анасына құрақ ұшып, сағынысып жетеді. Алыстағы асқақ арман арқалаған перзенттерінің жақсы хабарынан жаны жадырап отырғанына сан мәрте куә болғанымыз бар. 
Қадамын бақылап, қарымын бағалап жүретін әпкесі ретінде алты асуға айрандай ұйыған отбасымен келіп отырған Сайраш сіңліме ғұмырдарияда бақыт кемесімен жүзе бер демекпін. Алла Тағала ұзақ ғұмыр, күш-қуат берсін.

Базархан ЖОЛДАСҚЫЗЫ 
Сарқан қаласы