ЕРЛІКПЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР

Уақыты: 09.04.2018
Оқылды: 1534
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қасіретті Екінші дүниежүзілік соғыста ата-әжелеріміз ерліктің, батырлықтың, еңбекқорлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Жыл өткен сайын ардагер қарияларымыздың қатары сиреп барады. Өткенде ғана өңірімізге есімі мәшһүр Қайрат Қанаев атамызды мәңгілік сапарға шығарып салдық. Адам деген ардақты атты биік ұстап жүре білген ақжарқын жанның бірі еді. Жазылар естелік көп. Солардың бірсыпырасына тоқталсақ. 

Қайрат Бодаубайұлы 1924 жылы 15 маусымда Ескелді ауданына қарасты Шұбар ауылында дүниеге келді. Еңбекке ерте араласты. Ауылында орналасқан ауылшаруашылық техникумын кіші зоотехник  мамандығы бойынша бітірді. Балалықтан шығып бозбалалыққа аяқ басқанда соғыс басталып, өзінің еңбек жолын майданға көмек көрсетуден бастады. 1942 жылдың маусымында Ескелді  ауданы жер бөлімінің зоотехнигі қызметіне тағайындалған Қайрат Қанаев, екі айдың ішінде 42 колхоздан 520 жылқыны таңдап, оларды майдандағы атты әскер армиясына жіберді. Осы ісі үшін аудандық комиссариаттың арнайы алғысына ие болды.  
Ал 1942 жылдың 20 тамызында Шұбар ауылынан әскер қатарына шақырылған 20 азаматпен бірге Алматыдағы пулеметшілер даярлайтын әскери училищеге қабылданды. Бірақ жас курсанттар училищені толық аяқтамастан Сталинград майданына аттанды. 
Батырлығын көзінен оқып, ісінен байқағандар жастығына қарамастан ұрыс алаңында да үлкен жауапкершілік жүктеді. Ол №24 атқыштар дивизиясы №185 атқыштар полкінің 4-батальонындағы 4-взвод командирінің көмекшісі болды. Валдуико бекетінен ұрысқа аттанған дивизия құрамындағы Қайрат Бодаубайұлы қатардағы 28 және 2 байланысшы жауынгерді, 4 пулеметші тобын бастап Харьков қаласындағы соғысқа араласты. Қаладан 30 шақырым жерде ауыр жарақат алып, алғашында дала емханасында, артынша Барнауылдағы №3784 эвакуациялық ауруханасында емделді. Харьков қаласындағы шайқаста көрсеткен батырлығы үшін аға сержант Қайрат Қанаевқа «Ерлігі үшін» медалі берілді. 
Аяғын нық басып, жарақаты жазылғаннан кейін Мәскеу түбіндегі Краснокаменск қаласында танкішілерді даярлайтын алты айлық курсты механик-жүргізуші мамандығы бойынша тамамдап, Қызыл тулы Невель атындағы 78-дербес бригадасына қабылданды. Қайрат Бодаубайұлы №34 жеке танкіні қарауына алып, өзі жүргізуші-механик болды. Калинин және Прибалтика майдандарындағы ұрысқа қатысты. Ол жаудың 18 танкісімен ұрысқа араласып, Великие Луки, Мадона сияқты кішкене қалалар мен елді мекендерді неміс басқыншыларынан азат етті. Рига қаласы маңында жараланған атамыз 1945 жылдың 4 сәуірінде екінші топтағы мүгедек болып Отанға оралды. Жау бекіністерін барлау кезінде көрсеткен көзсіз ерлігі мен алып келген құнды ақпараттарының маңыздылығы үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. 
Елге оралғаннан кейін Қайрат Қанаев өңірдің дамуына, оның өсіп, гүлденуіне өзінің айрықша үлесін қосты. Алдымен білімін жетілдіру мақсатында 1949–50 жылдары Алматыдағы Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында оқып, «Қой шаруашылығының жоғары білімді зоотехнигі» деген диплом алды. «Талапты» колхозын 1952 жылдан 1960 жылға дейін басқарды. Еңбегі еленіп 1952 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қай колхоздың тізгінін ұстаса сол мекеннің даму көрсеткіші көтеріліп, әлеуметтік мәселелер қалыпқа келіп отырды. Зейнетке шыққаннан кейін 1984 жылы Киров май зауытының директоры болып қызмет істеді. Содан кейінгі жерде 1987–1990 жылдар аралығында бір кездері өзі колхоз басқармасының басшысы болған «Ленин» совхозында директордың орынбасары жұмысын атқарып, диспетчерлік шаруаны қолына алды. Жалпы алғанда ғұмырының 57 жылын ауылшаруашылық саласына жұмсады. Өмірінің соңғы кездерінде Талдықорғандағы ардагерлер ұйымының аймақтағы төрағасы болып істеді. 
Қайрат Бодаубайұлы биыл 94 жасына қараған шағында бақилық болды. Төрт баладан тараған 15 немеремен 18 шөберені көзі көріп кетті. Өмірі ерлік пен жемісті қызметке толы атамыздың дүниеден өткеніне 14 сәуірде тұп-тура 40 күн болады. Топырағы торқа болсын дейміз. Осындайда:
Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр. 
Бірі мініп келместің кемесіне, 
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, – деген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңі ойға оралады. 
Жетісу жеріне еңбегі сіңген, өз Отанын қорғап, кеудесін оққа тосқан ақсақалдың ерлігі бүгінде аңыз, көзкөргендер үшін жүрек жұтқан батырлық. 

Серік ҚАНТАЙ