КӨЗДІҢ ЕМЕС, КӨҢІЛДІҢ СОҚЫРЛЫҒЫНАН САҚТА!

Уақыты: 19.11.2018
Оқылды: 1346
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Үштөбе қаласындағы «Қаратал күндізгі болу орталығы» мекемесінде Халықаралық зағиптар күніне орай «Әлемді жүрегіммен сеземін» атты тағылымы терең іс-шара өтті.

 

Кешке аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов, облыстық «Зағиптар қоғамы» басқармасының төрағасы Аликен Даркебаев, басқарма мүшесі Сарболдақ Мустапанова, республикалық мүгедектер қоғамы қауымдастығының төрағасы Элла Ким және мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың ата-аналары қатысты.

Осынау қым-қуыт тіршілікте қолда барды бағалай алмай, кейде күллі ғаламды жаратқан Алланың нығметтерін сезіне бермейміз. Иә, күн сайын жарқыраған күннің алаулаған шапағын, көгілдір аспандағы мамық бұлттарды, жазда жайқалған ағаштар мен көздің жауын алатын гүлдер мен көбелектерді көрудің өзі зор бақыт екенін түсінбейміз. Қыстағы ұлпа қардың ұшқынын, желдің лебін сезгенмен бір көруді армандап жүргендер қаншама?!  Десек те, жер бетіндегі сұлу табиғатты көрмесе де түйсігімен сезініп, алақанымен аялап, өмірге құштарлығын жоғалтпаған жандар арамызда жүр.

Аудан әкімінің орынбасары Қ. Қасымов зағип жандарды төл мерекесімен құттықтап, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Іс-шара барысында қазіргі таңда зағип жандардың көру мүмкіндігі болмаса да Брайль шрифтімен арнайы жазуға, оқуға көмектесетін құралдар бар екені айтылды. Олар жарық дүниені көре алмаса да қоғамдық өмірге араласып, ән салып, музыкалық аспапта ойнап, өлең оқиды.

Жиында мүмкіндігі шектеулі жандар өнерде шектеу болмайтынын ұғындырды. «Біз бақытты баламыз!» атты халықаралық фестивальдің жүлдегері Диана Дәулет «Аққудай арман» әнімен елдің көңілін бірден баурап алды. Бір айта кетерлігі, кеште көз жанарынан айырылған Рэй Чарльз, Стиви Уандар, Андреа Бочелли секілді әлемге әйгілі тұлғалардың шығармалары тыңдалды. Сондай-ақ, бүгінде жаһанға белгілі отандық фортепианист, музыка академигі Саида Қалықова, «Сәт» триосы тобының әндері экран арқылы көрсетілді.

Басқа түскен қиындыққа мойымай, өмірге деген іңкәрлік пен құштарлық арқылы өнерді серік еткен Айгерім Көпбаева, Алғысбек Дәуен, Нұрдана Арғын, Айгүл Иманберлинова, Сабина Орналы секілді азаматтар көпшілікке рух беріп, ой салды. Адамдық пен адалдықты ту еткен жандар сырымен бөлісіп, өмірдің әрбір күні үшін қуану қажет екенін айтты.

Әнді жан-жүрегімен сезіне білген Айгерім Көпбаева көпшілікті елжіретсе, Алғысбек Дәуен сезімтал саусақтарымен музыкалық аспапта айна-қатесіз күй шалқытты."Көздің соқырлығынан емес, көңілдің соқырлығынан сақта" деп халқымыздан қалған тәмсілді тұмар тұтқан «Қаратал күндізгі болу орталығының» директоры Ирина Байгазакова алтын уақыттарын бөліп келген азаматтарға ізгі ниетпен ризашылығын білдіріп, сый-сияпат көрсетті. 

Асхат ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы