КҮЙ - ХАЛЫҚ МҰРАСЫ

Уақыты: 26.11.2018
Оқылды: 2358
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Шертпе күй өнерінің жанашыры, белгілі күйші Сапаржан Торсықбаев жайлы сырттай естуші едім. Күйлерін үнтаспалардан тыңдап жүрдім. Екі мыңыншы жылдың соңына таман «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты жобаға катысып, Шығыс Қазақстан күйшілік мектебінің шығармаларын жинап, жүйелеумен айналыстым. Сол жолы Сапаржан ағаның орындауында Әліпбек Мәлікұлының «Көктем шуағы»  күйін тыңдап, шерту шеберлігіне тәнті болдым.

 

   Күйшінің Қытай елінде дүниеге келгенін, сол жақтағы күйлерді жақсы білетінін естіп, дидарласуға асықтым. Жолын қанша аңдысам да кездесудің сәті түспеді. Шығыс Қазақстан күйшілік мектебінің өнерпазы Таласбек Әсемқұловтың бастамасымен Тәттімбеттің күйлері Францияда үнтабақ болып жарық көрді. Сонау Еуропа елінен естілген қазақ күйінің күмбірі бізді шаттыққа бөледі. Қуанышты көпшілікке жеткізу үшін Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай мен Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының басшылары  үнтаспаның  тұсаукесерін өткізді. Шараға Таласбек аға бастап,  Жанғали Жүзбаев, Қайрат Айтбаев, Нұрғаным Жексенбай, Ақжусан Иманғазықызы сияқты танымал күйшілер қатысты. Тәттімбеттің күйлерін күмбірлетті. Сәті түсіп, Астанаға сапарлай келген Сапаржан ағамыз осы шараның басы-қасында болып, Тәттімбеттің «Өкше» күйін орындады.  Бұл менің Сапаржан ағамен алғаш жүздесуім еді. 
   Бірде  Сарқан аудандық Мәдениет үйіне бардым. Есіктен кірісімен  Әшімнің «Күй басы» деген күйін естідім. Сөйтсем, Сапаржан аға шәкірттеріне күй үйретіп жатыр екен. Сәлем беріп, кіріп бардым. Күйші мені жазбай таныды. Оның үйіне барып, ұзақ әңгімелесіп, Тәттімбеттің «Өкше күй» «Телқоңыр», «Көк дөнен», «Дайын көл», «Сал күрең», «Моңғолдың қара жорғасынан» бастап, Әшімнің «Күй басы», «Кеңес», «Кертолғау», «Ақ арал» сынды 15-ке тарта халық және авторлы күйді тарихын жазып алдым.
   Сапаржанның орындауында Шығыс Қазақстан күйшілік мектебінің аймақтық ерекшелігі толық сақталған. Бұл күйлердің дені ескіден Шығыс Қазақстан аймағында сақталып, аймақтың арыдағы күйшілерінің орындауында түпнұсқасы өзгермей бізге жетті. Мысалы, күйшінің орындауындағы «Моңғолдың қара жорғасы» – Моңғолия қазақтары мен Алтай, Тарбағатай, Іле және Жетісу өңірлерінде әртүрлі күй атымен аталып, кең таралған. Жетісуда «Қалмақтың би күйі» деп тартса, Шығыс өңірде «Қалмақтың қара жорғасы» деп орындайды. Әр аймақта әртүрлі орындалса да бұл күй сарыны, ырғағы жағынан бірдей. 
Сол сияқты ол кісі орындаған күйлердің бірі – «Көк дөнен». Бұл күйдің Моңғолия қазақтарында орындаған нұсқасымен ортасындағы айырмашылық – сарыны бір, тек нұсқалық жағынан өзгешелік бар. Қасиетті қара домбыраны бір сәт те қолынан тастамай,  көнекөз қариялардың аманатын орындаған  Сапаржан ағамыздың орындауындағы бұл күйлер қорға косылған асыл қазыналар. Сонау 1958 жылдары Сапаржан Тарбағатай жерінде ұстазы Қоспақ күйшіден Тәттімбеттің «Өкше күйін» үйреніп алып келмесе бұл күй ұмыт қалар ма еді? Міне, осындай баға жетпес талай күйлеріміз қорымызға жетпей жоғалған жоқ па?! Тіпті, кейбір күйлер иесінен айырылып, халық күйі болып, кейбір халық күйлеріне жаңадан автор табылып жатқанда, Сапаржан ағамыздың алып келген мұралары қазақтың күй мәдениетіндегі баға жетпес байлығымыз. Сондай-ақ, Сапаржанның нағашы атасы Тұрысбектің жиеніне өз қолымен жасап берген тоғыз пернелі домбырасы    64 жыл уақыт өтсе де сақталып келеді. Ескі нұсқада жасалған бұл аспап қазақтың көне музыкалық қорына қосылуы тиіс. 
   Сапаржан Баяхметұлы 1942 жылы Қытай Халық Республикасы, Сарбұлақ ауылында дүниеге келген. Сапаржанның әкесі Баяхметтің туған жері – Қазақстанның Семей өңірі,  Аякөз ауданы еді. Баяхметтің отбасы 1932 жылғы ашаршылықтың тауқыметіне шыдай алмай, Қытай Халық Республикасы, Шағантоғай ауданына қоныс аударған. Араға 10 жыл салып Баяхмет ақсақалдың шаңырағында Сапаржан атты ұл өмір есігін ашады. Баяхмет ақсақалдың отбасы Шағантоғай өңіріне ат басын тіреген алғашқы жылдары жергілікті ұйғырларға жалданып жұмыс істеп, кейіннен сол өңірге аты мәлім Рақымжан Сасықбаев деген байдың малын бағып, бір үйлі жанды асырайды. 
   Баяхмет ақсақал домбыра шертетін. Әке жолын қуған Сапаржан  нағашы атасы Тұрысбектің тәрбиесінде  ержетеді. Тұрысбек халық арасында айтулы күйші әрі ағаштан түйін түйген шебер кісі болған. Кішкентайынан күймен сусындап өскен Сапаржанға  нағашысынан дарыған өнер  ықпал етеді. Мұны ерте сезген Тұрысбек ақсақал жиеніне өз қолымен тоғыз пернелі  домбыра жасап береді. Жас дарын 7-8 жасынан бастап домбырасын колынан тастамай, нағашы атасы Тұрысбектен бірді-екілі күй үйренеді.  Сол кездегі Қызыр ауылындағы  Изентай, Мұқым сияқты күйшілердің алдын көріп, күй үйренеді. Содан 1949 жылы Шағантоғайдағы орта мектепке оқуға түседі. Мектеп кабырғасында 5-сыныпта оқып жүріп, Нұрсіләм Мұсабаев деген кісіден күй үйренеді. Ол кезде ауылда теледидар болмаған соң Сапаржан радиодан Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгірдің күйлерін тыңдап, домбыраға салып, Тарбағатай, Алтай, Іле аймақтарына танымал күйшілер Қайрақбай, Қожеке, Бәзғалам, Бейісбай, Әшім, Әліпбек, Тайыр сияқты күйшілердің күйлерін бойына сіңіреді. 
   Сапаржан 17-18 жасқа келгенде ауыл ішіндегі той-думандарда күй тартып, ел көзіне түсе бастайды. Ал 1962 жылы елге қайта қоныс аударған Баяхмет отбасы туған жері Семей өңірі, Аягөз ауданына келеді. Жиырма жасқа жаңа келген Сапаржан қайтадан тұрмыс жағдайын күйттеп қара жұмысқа жегіледі.  Күндердің бір күнінде  белгілі композитор Бекен Жамақаев Сапаржанның талантын сырттай естіп, қырманда қара жұмыс істеп жүрген жерінен алдырып, күй тартқызып, өнеріне риза болады. Сапаржанды сол кездегі облыс орталығы Семейге арнайы шақыртып, облыстық радионың алтын қорына жаздырып алады. Күйші сол кездегі саяси жағдайға байланысты Қытай қазақтарынан үйреніп келген авторы бар күйлердің барлығын халық  күйі  деп жаздырады. Күйші 1968 жылы П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түсіп, белгілі композитор, профессор Хабидолла Тастановтың сыныбында домбыра мамандығы бойынша білім алып, 1972 жылы аталмыш оқу орнын тамамдайды. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына бұрынғы ұстазы Хабидолла Тастановтың сыныбына сырттай оқуға түседі. Консерваторияны тамамдаған соң ұсыныс бойынша Сарқан аудандық мәдениет мекемесіне қызметке орналасып, осы өңірден алғаш домбыра сыныбын ашады.

Ардаби МӘУЛЕТҰЛЫ
Астана қаласы