ҚАРОЙДА ҚАНАТ ҚАҚҚАН ЖЫР

Уақыты: 26.11.2018
Оқылды: 1449
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Ел бірлігін ойлаған даналар туған Қарой ауылының бүгінгі келбеті алтын түске боялғандай. Сап түзеген жаңа үйлердің жылтыр шатырына шағылысып, ауыл ажарлана түскен. Ертемен Мәдениет үйіне ағылған тұрғындардың легі ауылда бүгін бір ерекше қуаныштың барын сездіріп-ақ тұр. Аздан соң Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы медальдің иегері, ақын, сазгер, прозашы, аудармашы Сәнді Күреңбайқызының шығармашылық кеші өтпек. Өнер кешіне қатысу үшін арнайы біз де ат басын бұрған едік.

 

   Кеш шымылдығы Өнер академиясының түлегі, жас та болса республикаға танылып үлгерген Елтай Амандостың орындауындағы «Қара шаңырақ» әнімен ашылды. Сөзін де, әнін де Сәнді Ақылай жазған синкретті шығарма сахнаның шырайын келтіріп, көрерменнің көңілін баурады. 
   Ән тыңдай отырып бір сәт Қарой ауылын ауданымыздың қара шаңырағындай сезіндік. Бүгінде барлық ауылымыздың өркендеуіне ерекше үлес қосып отырғандар – осы ауылда туып, түлеп ұшқандар. Бар жақсы істің бастауында да белсенділік танытатын аяулы жандардың тәрбие өзегі осы ауылдан өрілген. Әуезді әннен кейін кешті жүргізуші тәжірибелі ұстаз, білім беру саласындағы Ы. Алтынсарин атындағы медальдің иегері Мәулен Әбдікеров шығармашылық кеш иегері Сәнді Күреңбайқызының шығармашылығы жайлы жалпы шолу жасады. 
– Ауылымыздан қанат қағып, поэзия шыңына көтерілген жерлесіміз бүгінде республикаға танымал ақын атанды. «Өлең-ғұмыр», «Рух патшалығына саяхат», «Жүрек перзенттері» жинақтары жарық көрді. Өлеңдері «Тау мен өзен жырлары», «Ауылым – алтын бесігім» атты ұжымдық жинақтарға да енді. Сонымен бірге «Нәрестенің кегі», «Қызыл ақша», «Қалжыңсыз әлем», т.б. прозалық шығармалары да оқырманның жүрегіне жол тауып, халықтың қолдан-қолға түсірмей оқитын шығармаларына айналды. Сондай-ақ, елімізге танымал Гүлнәр Шәмшиева, Әкім Ысқақ, Ахмедия Есмұханов, т.б. бірнеше ақынның өлеңіне ән шығарды. Оның шығармаларына да бірнеше сазгер ән шығаруы – үнемі шығармашылық топтармен тынбай ізденіспен бірлесе еңбек етіп келе жатқанының көрінісі. Аудармалары арқылы көршілес қырғыз, орыс, өзбек жазушылары қазақ оқырманын тапты, – деді.
  Содан соң кеш жүргізуші Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге туыңды тік» бөлімі аясында шығармашылық кеш өткізіп отырған Сәнді Күреңбайқызына сәттілік тілей келе, сөз тізгінін берді.
– Елім! Туған халқым! Сендердің әрқайсың мен үшін қымбатсыңдар. Маған Қаройдың топырағы ыстық. Менің шығармашылығымда ауыл, туған ел, туған жер тақырыбы сіздерге деген сағынышпен бірге өріледі. Мен осы ауылдан қанат қағып ұшқалы да бірталай жыл өтті. Осы жылдар аралығында сіздер менің ойымнан бір сәт шыққан емессіздер, – дей келе жүрекжарды жырларын оқыды. 
Шара барысында Қазақстан Республикасы Президенті оркестрінің сазгері Ахмедия Есмұханов «Қарой», «Алматыға оралайын» әндерін шырқады. Қытай елінен келген ақын, әнші Сұлужан Таубалды мен шымкенттік жас ақын Дәурен Ысқақтың айтысы ән кешінің шырайын аша түсті.
   Ауданымыздағы барша мектептің қара шаңырағы Үлгілі орта мектебі оқушыларының С. Ақылай өлеңдерінен дайындаған әдеби көрінісі тіпті әсерлі болды. Әсіресе, Сәнді өлеңдерінің арқауына айналған Қарой ауылы, ауылдас ағалары, апа-жезделері туралы өлеңдерден әркім осы ауылдың кескін-келбетін көрді. Сәнді де өнер жолын бетке алған жас ұрпаққа өзі үнемі жырға қосып жүрген, ұстазынан жұғысты болған қалам сыйлау дәстүрі бойынша арнайы дайындаған сувенир қалам мен блокноттарын сыйлай келе, олардың алдағы өміріне ақ жол тіледі.
   Сәнді шығармаларын әдеби тұрғыдан талдаған ақын, сазгер Қайрат Парман: «Сәнді – талантты ақын. Қанатын кеңге жайған өнер иесі. Оның шығармаларының жас ұрпаққа да, жасамыс шақтағы біздерге де тигізген әсері мол. Өрнекті өлеңдері, өмір шындығын бейнелеген прозалық шығармалары, аудармалары әдебиет саласындағы мамандар тарапынан жоғары бағалауға ие. Сондықтан да еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінен түскен ұсыныстар негізінде өткен талқылау қорытындысы бойынша Әлем Жазушылары одағына мүшелікке қабылданған болатын. Бұл одақ – Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы қызметін атқарған кешегі Кофи Аннан, Нобельдік сыйлықтың біраз иегерлері мүше болған ұйым. Содан да беделі зор.  Бүгін сол одақтың мүшелік билетін өзі кіндік кескен жері Қарой ауылында табыстауды біз үлкен құрметтің бірі деп білеміз. Бұл шара әлі Мәскеуде халықаралық «Ару дүние» ұйымының ұйымдастыруымен де жалғасады. Ол ұйымды бауырлас қырғыз халқының қызы Айжан Мамасадықова басқарады. Амандық болса, ол шара Наурыз мерекесіне қарай өтеді деп жоспарлануда», – дей келе Сәнді Ақылайдың кеудесіне төсбелгі тағып, мүшелік билетті табыстады.
   Кеш соңында сөз кезегін алған ауыл әкімі Ә. Бөпешбаев Қарой ауылының ежелден өнерлілер туған өлке екеніне тоқталды. Сол үрдістің әлі де жалғасып келе жатқаны қуаныш екенін жеткізді. 

Жетпісбай Қойшығұлов,
Балқаш аудандық оқу
бөлімінің әдіскері