ЖЫРШЫЛАР ЖЕТКІЗГЕН ЖЫР КЕРУЕН

Уақыты: 29.11.2018
Оқылды: 1213
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Тарих – бабалар өмірінің ұлы шежіресі, сарқылмас байлығы. Кімде-кім сол тарихтың бал тұнбасына бас қойса, онда өмірлік рухани шөлден ада болары хақ. Біздің тарихта Елбасы айшықтағандай, ешбір ұялатын жағдай орын алмаған. Керісінше, нәсілі асыл халықтың жаужүректігін, қаһармандығын айғақтайтын Орбұлақ сынды өр шайқастар өткен. Биыл сол Орбұлақ шайқасының 375 жылдығы. Осыған орай облыс орталығында халықаралық жыршылар фестиваль-шеруі орын алды.

 

   Б. Римова атындағы облыстық драма театрының ғимаратында өткен «Асыл мұра» атты халықаралық жыршылар фестиваль – шеруі шымылдығын түрмес бұрын Түркия, Қырғызстан, Қарақалпақстаннан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер саңлақтары журналистермен жүздесті. Аталмыш кездесу барысында алыстан ат арытып келген қонақтар түбі түркіге ортақ өнердің мәні мен маңызына тоқталып, фестивальге қатысуын мәртебе санайтындығын жеткізді. Қазақ халқының саңлақтары да бекзат өнердің өрісінің кеңеюіне осындай игі шаралар негіз болатындығын атап, Орбұлақ шайқасының ел көлемінде тойлануына қуанышты екендіктерін атап өтті. Өз кезегінде ақпарат саласының өкілдері фестиваль – шеруге байланысты көкейдегі сауалдарын қойып, рухани шараға қатысушыларға шалқар шабыт тілейтінін атаусыз қалдырмады.
   Салтанатты шарада алғашқы болып облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев сөз алды. Ол:
– Алпамыс, Манас, Көроғылы сынды дастандарды ойға алсаң, осы бір бекзат өнер түркі халықтарына ортақ екеніне көз жеткізесің. Түбі бір түркі халықтарының қазынасы ақтарылып, рухымызды жанитын туындылар Талдықорған аспанында шарықтай шырқалғалы тұр. Рухты жыр рухымызды түлеткен Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай асқақтап жатса, алыс-жақын елдерден саңлақтар келіп, фестиваль–шерудің көрігін қыздырса, мұның бәрі өткенге салауат айтқан елдің осынау шарасының мәні мен мазмұнының терең екеніне дәлел, – деп тебірене келе жыршыларға сәттілік тіледі.
   Батыс пен шығыс сарыны, Жетісу ән мектебінің ғажайып туындылары, еліміздің әр өңірінде туған рухты жыр-дастан, әндер әуелеген кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов бастаған қазақ жыршылық өнерінің өкілдері, түркиялық Ирфан Гюрдал, қарақалпақстандық Динара Нұратдинова, қырғызстандық Талантаалы Бакчиев тыңдарманның көңілін көкжиекпен астастырғандай болды. Баласы мен данасы, жасы мен қариясына дейін батырлар жырымен ауызданған халықтың өміршең өнері тыңдарманды тебірентсе, жыраулар да бір-бірінің шабытына ша- быт қосқандай көрінді. Домбыра мен қомуз саз төксе, күміс көмейлерден ұлағатты сөздермен өрілген әндер әуеледі. Осылайша театр сахнасында шырқалған туындылардан тағылым алып, құлақ құрышын қандырған жетісулықтар  мұндай шара жалғасын таба берсе деген ақеділ ниетпен аттанысты.

АРДА БИ