БОТБАЙДЫҢ БОСАҒАСЫ

Уақыты: 29.12.2018
Оқылды: 1405
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Иә, ағайын. Отанымыздың оңтүстігіне терең тамыр жайған, етек-жеңі кең Дулат руынан тарайтын Ботбайдың қара босағасы Аққайнар ауылындағы Қазыбек ағаның үйінде сақтаулы. Мұны осы уақытқа дейін көп адам білмепті. Оны қасиет тұтып, сақтап отырған үй иесі де жұртқа жар сала қоймаған. 

Жылт еткен жаңалықты елге жеткізуге асыққан біз  Қазыбек ағаның сыныптасы, ардагер журналист Күмісжан Байжанмен бірге Аққайнарға барып, Әбікен Үмбетұлы көшесіндегі үйде бабадан қалған белгіні көзбен көріп, қолмен ұстадық. Қара босаға дегеніміз киіз үйдің адам басын иіп кіретін қасиетті маңдайшасы. Шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Тобылғы түстес торғыл зат ағаштан  жасалған. Нақты қандай ағаш екенін үй иесі тап басып атай алмады, біз де ажырата алмадық. Емен бе, қараағаш па, әйтеуір ұзақ сақталатын сапалы түрінен қиылғаны анық. Ел ағасы жасындағы Қазекең дастарқан жайғызып қойыпты, босағаның тарихын әріден қозғады.
– Ботбайдан бергі аталардың барлығын тізбелемей-ақ, Тілеуқабыл, одан Төлекпіз десем шежіреден хабары барларға түсінікті шығар. Өз есебім бойынша мен оныншы ұрпағымын, – деді ол. – Өзім білетін бер жағын айтсам, бұл босаға Игіліктен Мақашқа, одан менің әкем Қалиға өткен екен. Ар жағында Игілікке әкесі Бостан, ал Бостанға әкесі Байқұлақ қалдырыпты. Сонда қара босағаны ұстап келе жатқан Байқұлақ, Бостан, Игілік, Мақаш, Қали және мен болып шықпаймыз ба? Ал Байқұлақ атаға ол кімнен қалғанын білмедім.
Мен Қалидың он баласының ішіндегі үшінші ұлымын. Әкемнің айтуы бойынша бір себептермен қырғыз елінде тұрады. Қызылдар өкіметінің тәркілеуі ол жақта 1925 жылдары жүріпті. Ауқаттылардың малын күштеп тартып алып жатқан кезде қара босағаны әкем жерге көміп жасырады да, кейін ұмытса керек. Байдың тұқымы екенсің, сені бүгін кешке тұтқындайды дегенді естіп, атына міне сала бері тау асып, осы ауылға келіп тұрақтайды. Осы елдің қызына үйленіп, мұнда атадан жалғыз болғандықтан осындағы Төретұқымның бір баласы атанып өніп-өседі. Басқа Тілеуқабылдар бұл ауылға 1953 жылдан кейін келген. 
Көмілген киіз үйді көп жыл өткеннен кейін Майтөбеде бір қойшы тауып алады. Киіз, кереге, уықтары шірігендіктен отқа жағады. Босаға болса түрлі әшекей заттармен көмкерілген және еш бүлінбепті. Соны үйіне әкеліп, елеусіздеу бір тұсқа қоя салады.
– Самсы ауылында әкемнің туыс інісі бар еді. Қой бағатын. Ол кезде қойды тауда қыстатушы еді ғой, – дейді  Қ. Қалиұлы. Бір күні көрші шопанның үйінің сыртында жатқан босағаны танып, бір қой беріп алып кетіпті. Әкеміз мұны ести сала келіп көріп, ауылдағы Нұрқали ақсақалды ертіп қайта барып, апарған бір малын құдайыға атап, бауырына ат мінгізіп, босағаны алыпты. Сонда Нұрқали: “Қали-ау, құр ағашты қайтпексің, малыңды одан да шиеттей балаларыңа азық етпедің бе?” деп айтыпты. Әкем оның бағасын білген. Кейін әлгі қойшының әйелі мен баласы қайтыс болып, өзі жынданып кеткенін әкемнен естідім. Неге деп сұрағанымда: «Қайдам, балам. Киелі зат болғандықтан шығар», – депті. 
Содан бері құнды мұра осы  үйде сақтаулы.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Аққайнар ауылы,
Жамбыл ауданы