СИҚЫРЛЫ СЕЗІМ, СЫРЛЫ ӘЛЕМ

Уақыты: 02.10.2019
Оқылды: 1496
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Талантты ешкім қолдан жасай алмайды. Тіпті, оны біреуден сұрап алуға, ақшаға да сатып алуға болмайды. Ол – тек Жаратқаннан берілетін қасиет. Әкенің қанымен, ананың сүтімен келетін дара сипат. Құдайдың ондай талант берген адамдары мәдениеттің көгінде жұлдыз болып жарқырап, халықтың қадірлісіне айналары хақ. Ол – сахнаға еуропалық үлгідегі аристократизмді алып келіп, қазақы тектілікпен ұштастыра білген актриса. Оның кейіпкерлері ақсүйектерге тән кірпияздығымен, өзіндік өмір сүру мәнерімен ерекшеленді. Біз сөз етіп отырған жан – Бикен Римова атындағы облыстық драма театры директорының орынбасары әрі әртісі Ғалия ТЕМЕРБАЕВА.

САХНА

Ғалия Темербаева 1959 жылы Сарыөзек стансасында Әмірхамза Оспанов пен Әсия Байназарқызының отбасында дүниеге келді. Әкесі теміржолда, түтіні будақтаған «темір тұлпардың» тізгінін ұстап, отбасындағы тоғыз баланы киіндіру, оқыту қамымен жүрсе, анасы үй шаруасын дөңгелентіп отырды.  Әсияның әкесі – Байназар Телеубаев Шоқан ұжымшарының төрағасы болған. Ал «Қымызхананың» Өкіреші Рахметбай Телеубаев – Әсияның туған інісі. Кейіпкеріміздің бойынан өнерге деген жақындықты, талантты да байқаған осы ағасы еді.

Ғалия Әмірхамзақызы әңгіме барысында балалық шағына оралып, көздері бал-бұл жанып, өмірінің қызықты шағына саяхат жасап отырды.

Әбілхан ағайымыз баянда ойнайды, мен және менің тай- құлындай тебісіп, бірге өскен құрбым Тұрсынхан Әлібекова екеуміз ән айтамыз. Төртінші сыныпта сол кездегі фермаларға, қазіргі Байғазы, Тастыбастау, Қызыл мектеп, Қарлығаш деген ауылдарға барып, концерт қоямыз. Сонда ән-күй пәнінің мұғалімі, ағайымыз көрерменге: «Қазір Ғалия қызымыз сіздерге «итальянша» ән айтып береді, тыңдаңыздар», – дейді. Мен бірінші сыныптан бастап кез келген сөзді керісінше жылдам аударатынмын. Мысалы, «Жаз күніндей назың қайда, неге жаным, мұңайдың?» деген ән жолдарын: «Заж йеднінүк ңызан адйақ, еген мынаж ңыдйаңұм» деп, аударма әнімді айтып беремін. Отырғандар қол шапалақтап, аң-таң болады, – деп риясыз күліп алды.

Халқымызда: «Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, баланың жақсы болмағы – нағашыдан» деген қанатты сөз бар. Жоғарыда айтқанымыздай, нағашы ағасы Рахметбай Төлеубаевқа ұқсағаны Ғалия болды. Сахнаны бала кезінен аңсаған арманы биік ару

М. Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы театр студиясына ағасының айтуы бойынша оқуға түсті. Онда ол Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Торғын Тасыбекова сынды өнер саңлақтарынан дәріс алды.

Сол жылдары Талдықорған театрына, қазіргі Бикен Римова атындағы шаңыраққа іс-тәжірибеден өтуге келген бойжеткен сол өнер ордасында еңбек жолын бастады. Ең алғаш «Опасыздың ойраны» атты спектакльде Айгүлдің рөлін, одан кейін «Ақын Сара» спектаклінде Сараның анасының рөлін сомдады. Ол кезде Ғалия небәрі жиырма жаста еді. Жас актриса «Аюбайдың ажалы», «Екі қожаға бір қызметші» спектакльдерінде ойнап, тіл жүйріктігінің арқасында шеберлігі шыңдала түсті.

Ғалия Әмірхамзақызы одан бері де өзіне бұйырған рөлдерді сомдап, көрерменнің көзайымы болып келеді. «Бір түп алма ағашында» бүкіл ғұмырын перзенттерінің бақытына арнап, жарымжан ұлымен жалғыз қалған ананың рөлін ойнады. Айта кетерлігі, театр ұжымы гастрольдік сапармен аудандарға «Бір түп алма ағашын» қойған кезде мынандай қызық оқиға орын алған. Бір ауданда қойылым аяқталып, сахна шымылдығы жабылған соң Дәметкен ана рөлін ойнаған Ғалия Темербаеваға келіп: «Баланы сен өлтірдің. Нең бар еді? Барлығына сен кінәлісің», – деп ұрса жөнеліпті. Шамасы, образды аша алғаны сонша кей көрермен шынайы өмірмен шатастырған көрінеді. Апаға оның тек қойылым екенін түсіндіргеннен кейін барып кешірім сұраған екен.

«Дәметкен ананың образын сомдау үшін көз алдыма анамның бейнесін елестетіп, ол кісі қайтер еді деген сауал қойдым. Көрерменнің ыстық ықыласы – күн-түн демей дайындалғанның нәтижесі. Әлі күнге дейін алыс-жақын аудандарға гастрольдік сапар барысында: «Бір түп алма ағашын» қашан әкелесіздер?», деп сұрайды», – деген Ғалия Әмірхамзақызы бұл рөл оған көп жетістік әкелгенін айтты. Оның бірі – Кербұлақ ауданның Құрметті азаматы лауазымы. Иә, шынымен, туған топыраққа еңбегің сіңіп, алғысын арқалағанға не жетсін?!

1978 жылы еңбек жолын бастаған уақыттан бері «Ғашықсыз ғасырда» күйеуінің жалған жүрісіне алданған  асыл жардың, «Гүл – нәрда» Гүлдің, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Баянның анасының рөльдерін сомдады. Сондай-ақ, К. Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметші», С. Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», А.Кенжебекованың «Абай туралы аңыз», Т.Есімжановтың «Жолда қалған жолаушы», С. Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық», Т. Ахтановтың «Күшік күйеу», У. Шекспирдің «Король Лир», Л. Егембердиеваның «Қалталы күйеу, қайдасың?», А. Томаның «Әйел сегіз – ол жалғыз», Н. Гогольдің «Үйлену» сынды 70-ке жуық алуан түрлі бейнені сәтті ойнап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде.

Театр өнерін дамыту жолында өз келбеті мен орнын қалыптастыра білген өнер иесінің осы ұжымда жұмыс істеп келе жатқанына 40 жыл толды. Бірақ, ол – онымен тоқтап қалмай, кез келген жанрда кейіпкерді сомдап, үнемі ізденіс үстінде жүрген өнер майталманы. Талай жылғы еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағымен марапатталған.

Қоғамдық жұмыстарға белсене кірісетін Ғалия Темербаева өнердің нағыз жанашыры десек артық айтпағандық. Сол үшін де басшылық оны 2001 жылы директордың орынбасары қызметіне тағайындаған. Уақыт өте директор қызметін де атқарады. Басшы кезінде ол театр репертуарына классикалық қойылымдармен қатар бүгінгі заман тынысын бейнелейтін шығармаларды енгізді. Репертуар қорын молайтуды қолға алған Ғалия Әмірхамзақызы театр тынысын кеңейтіп, білек сыбана еңбек етті. Осы жылдардағы жемісті еңбегі нәтижесін берді. Яғни, ол Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атанды.

СЫНАҚ

Сахнада сомдаған образ көрерменнің жүрегінен орын алса, біз оны сезінеміз, – деген Ғалия Темербаева: – Жанкүйерлер қуанышын жасырмай, ду қол шапалақтағанын көргенде төбең көкке екі елі жетпей қалады. Осыдан кейін үйге келіп, шаршау дегенді де сезбейсің. Қуаныштан ән айтқың келеді,  – деген ол  рөлді үлкен, кіші деп бөлмейді. Әр образ оның жүрегінен орын алады, өйткені сахнаға шығу – сүйікті көрерменімен кездесу оның бақытты сәттері. Кез келген кейіпкерлі бүге-шүгесіне дейін зерттеп, оның психологиясы мен табиғатын жетік меңгеріп қана шығатын ерекше талант иесі. Сондай терең ізденісінің арқасында сомдаған образдары қанық әрі нанымды шығып, көрермен көзайымына айналған оның қиыншылықты бастан кешіргенін елестету қиын. Ол осыдан 15 жыл бұрын қатерлі онкологиялық ауруға ұшырайды.

Жергілікті дәрігерлер айығып кетуі мыңнан бір жағдайда ғана кездесетіндігін ескертеді. Сол кезде оның жанынан өмірлік серігі Марат Темербаев және қыздары Айжан мен Тоғжан табылып, анасын бір минутқа қалдырмаған. Кезекпен ауруханада жатқан оған кезекшілік етіп, көңілін аулады. Барлық уақытта оның денсаулығының жақсарып кетеріне имандай сеніп, дұға-тілекте болды. Ол сол драма мен қиыншылыққа толы кезеңді күрсіне есіне алады. Қазір көз алдымызға ұзақ ай төсек тартып, 9 химиялық терапияны, 50 сәулелендіру мен инъекция, тамшылар сияқты ем-дом қабылдаған кейіпкерді елестету қиын.

Мен өмір мен өлім арасында болдым. Күн сайын мантра ретінде «мен саумын» деп қайталаймын. Барлық жерге мен айығып кетемін, денсаулығым мықты деп жазып, жапсырып тастадым, – деп күреске толы өмірін есіне алып, көзіне жас үйірді. – Дәрігерлер мені құтқара алмайтындығын айтып, үйге жіберді. «Екі ай ғана өмірі қалды. Баяу өлімге дайындала беріңдер» деген еді. Бірақ, жүрек түбінде «Алла менің қыздарымды жалғыз қалдырмайды» деген сенім болды. Ештеңеге қарамай, міндетті түрде обырды жеңіп шығуым керек деп өмір үшін күрестім.

Әріптес өміріндегі қиын кезеңде режиссер Болат Атабаев көп көмектесті. Ол Германиядағы үздік емхананы тауып, дәрігерлермен келісті. Шетелдік дәрігерлер отаның баламалы әдісін ұсынғанымен, толықтай айығып кетеріне сенім білдірмеді. Себебі, дәрігер – Құдай емес. Олар қазақ қызының өмірі үшін күрессе, олармен бірге өмірді, отбасын, театрын жақсы көретін Ғалия да күресті.  

Аяғынан тұрып кетуі ұзақ әрі қиын болды. Қыздарының дұғасы қабыл болып, отадан кейін әлсіресе де тірі, жақын, сүйікті анасы жандарына оралды.

Кейіпкеріміздің сомдаған ең қиын рөлі – өмір үшін күрес. Оны актриса театр сахнасында емес, шынайы өмірде сомдауға мәжбүр болды. Бір кездері таяқпен жүрген ол бүгінгі күні сахнаға шығып, театр директорының орынбасары лауазымында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Оның екінші рет өмірге келуін туған-туыстары, әріптестері жан жылуымен баяндайды.

Ауыр сынақтан өткен Ғалия Темербаева онкологиялық ауруға шалдыққандарға қол ұшын созатын арнайы қор ашты. Соның арқасында 2 мыңнан астам адам көмек алды. Америкадан арнайы дәрі-дәрмек, киім, тамақ әкелінді.

Ғалия Әмірхамзақызының жанынан әр кез табыла білген жұбайы Ауған соғысының ардагері Марат Темербаев – оның сенімді әрі мықты қорғаны, ақылшысы.

Менің Маратқа деген алғысым шексіз. Қиын күндерді басымнан кешіргенде ол жанымнан табылды, қолдау көрсетті. Үй, шаруашылық, ең бастысы, балалар соның қамқорлығында болды, – деп есіне алған кейіпкеріміз:

Қиналғанымда қыздарымның мектепке барғанын көрсем деп тілеген едім. Қазіргі уақытта немерелерімнің тойында билесем деймін. Балаларым әртіс болғысы келмеді. Бәлкім, өмірдің өзі – театр, онда өз рөлін – адам мен тұлға болып қалыптасуын сомдағанды қалаған шығар...

ТӘЛІМГЕР

Ол тек актриса ғана емес, сонымен қатар, он жеті жылға жуық жасты сахна өнеріне баулып келе жатқан ұлағатты ұстаз. «Жас түлек» жастар студенттік театрына колледждер мен университеттің талантты жастарын таңдап алып, олардың бойындағы бар өнерін сарқып, сахна төріне шығаруда. Жүздеген жас оның бойындағы асыл қасиетімен сусындап,  өмірде түзу жолын таба білді десек артық айтпағанымыз.

Бір жылдары халықаралық фестивальға облыстардан  он шақты халық театры қатысып, өнерлерін көрсетті. «Жас түлек» жастар студенттік театрының ұжымы да барын салып ойнады. Спектакльдің соңында бүкіл зал өре түрегеліп, шапалақ ұрды. Ғалия Әмірхамзақызы сахнаға көтеріліп, балаларының арасына барып тұрғанда, шапалақ үдей түсті. Бұл – дайын актерлер емес, ауылдан келген қара домалақ балаларды өнерге баулып, сахнаға шығарып, жаман қасиеттерден аулақ жүруге тәрбиелеп, маңдай терін төгіп жүрген Ғалия апайдың еңбегі еді.

«Бала – бауыр етің» дегендей, осы сахна төрінде жүрген әрбір бала өзімнің балам секілді. Олар жыласа, мен де жылаймын, күлсе, мен де күлемін. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып, тақымын қысады» демекші, сахнаның сыртында олармен бірге өзім де ойнағандай күй кешемін. Маған көптеген адамдар: «Сіз көп жылдар бойы мамандығы жоқ жастарды сахнаға шығарып келесіз. Бір спектакльде ойнаған ұл мен қыз ертең оқуды тамамдап кете барады. Сіз қайтадан жастарды іріктеп алып, олармен басынан бастап қайта жұмыс істейсіз. Бұл деген сізді қажытпай ма?» деп сұрап жатады. Мен оларға: «Тек актриса болып қана қоймай, адам бойындағы бар жақсы қасиеттерді жастарға дарытсам деймін. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген нақыл сөз бар емес пе? Өмірден тек бір өз басым ғана әртіс болып өткім келмейді. Өнердің балшырынымен өзгелер де сусындаса екен, адалдыққа бой ұсынып, сұлулыққа сүйсінсе екен деймін. Театрдың ұлы сыншысы Станиславкийдің «Өмірдің өзі — ұлы сахна, адамдар – актер. Әркімнің атқарар өз рөлі бар» дегеніндей, адамдар өз өмірін ойнап жүр десек, артық айтпаймыз. Менің жанымдағы ұл-қыздар театр өнерінің не екенін біліп, өмір сахнасында болсын, театр төрінде болсын, өзінің адамдық қалпын сақтап, биіктерден көрінсе екен деймін. Сахна төрін көрген бала еш уақытта жаман жолға түспейді. Олар ойын ашық айта алады, қиындықтарға төтеп бере алады. «Білгеніңді айтпасаң, білгеніңнен не пайда?» дегендей, талантты қыз-жігіттерді өнерге баулып, оларды сахнада көру – мен үшін үлкен бақыт, – дейді ақжарқын Ғалия апай.

Өнер шаңырағының табалдырығын небәрі жиырма жасында аттаған Ғалия апайдың одан  бері қырық жыл уақыты өтті. «Театр әртісі ұлы өнерді танытады» демекші, осы жылдар аралығында өзге де өнер саңлақтарымен бірге театрдың ыстық-суығына төзіп, көптеген образдарды сомдап, көрерменнің көзайымына айналды.

P.S:

Бүгінде ол – асыл жар, аяулы ана, ардақты ұстаз, білікті басшы. Отағасы Марат екеуі Айжан, Тоғжан есімді қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ақжаулықты әже. Қыздарының тұңғышы Назарбаев университетін үздік дипломмен бітіріп, қазір докторантурада білім алуда. Кенже қызы психология мамандығы бойынша мектепте ұстаздық қызмет атқарады.

Өмір мен сахнада мәдениеттілікті жоғары ұстай білген Ғалия Әмірхамзақызын қалай мақтасақ та, мадақтасақ та жарасады. «Жақсыдан – шарапат» дегендей, ол бойындағы адами қасиеттерімен бір тілдескен жанды баурап алып, өзінің бар болмысымен көріне білетін жан. Сұлулық деп осыны айт.

Еңлік ҚАБДЕШ