"МАҚТАН ЕТЕМІН": ПАТША ТАҒЫНА АЙЫРБАСТАМАЙТЫН МАМАНДЫҚ

Уақыты: 17.11.2019
Оқылды: 1572
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, ақпараттың алдүзігі, Республиканың ресми үні, Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған «Егемен Қазақстанның» басында жерлестеріміз Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Ілияс Жансүгіровтің тұрғаны белгілі.

Мақтанышпен айтатын бір жайт, «Егемен Қазақстан» редакторларының бір шоғыры біздің облыстың тумалары. Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Уәлихан Қалижанов, Нұрлан Оразалин, Ержұман Смайыл, Жанболат Аупбаев, Сүлеймен Мәмет, Берік Садыр, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Күмісжан Байжан, Жүсіпбек Қорғасбек, Талғат Сүйінбай, Ырысбек Сәрсенбайлардың бірқатары басшылықта, бірқатары газеттің басқа да жауапты салаларында тер төге еңбек етті. «Егемен Қазақстанда» қызмет еткен Жетісу журналистерінің қатарын Сейдахмет Мұхаметшин, Жанат Елшібек ағаларымыз жалғады.

Биыл 125 жылдығы тойланған, «Тілші», бүгінгі біздің «Жетісу» газетінде қызметтік жолын бастаған жампоз журналист Ілекеңнің «Гималай», «Дала» дастандарын осы басылымда жүргенде жазып, сұлу сөзден сарай тұрғызды. Жүзжылдыққа арналған мақалада Ілекеңнің қолтаңбасына тоқталуымыздың сыры жетісулық болғандығында. Ол «Еңбекші қазақ» газетіндегі мақалаларын көбінесе «Бадырақ», «Таңқыбай», «Құйқалық», «Сақа» деген бүркеншік аттармен шығарды. Ілияс қазақ азаматтарының білім көгіне көтерілгенін армандаса, бүгінде сол газетте қызмет істеп келе жатқан Талғат Батырхан жыр құлагерінің кіндік қаны тамған Ақсудың тумасы, ізін жалғастырушысы. Талғат журналист өмірі тағылымды, іскер, білікті, өнерлі адамдарды қиыр-қиырдан тауып, жазып, өмірлерін көпке үлгі етуде.

Жетісу журналистикасының шекпенінен шыққан Талғат Батырхан бүгінгі таңда осы газеттің бас редакторының орынбасары. Руханият тақырыбында жазылған мақалаларды сүзгіден өткізуші сөз зергері.

– Сүйекті мақаламның 80 пайызы «Егемен Қазақстанда» басылыпты. Бір кездегі Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінен шыққанымды мақтан етемін. Нұр-Сұлтанға жиналған журналистер қауымын Қазақстанның әр облысының бір-бір мектебінің өкілі десек қателеспейміз. Ал Жетісу өлкесіндегі қаламгерлер ұстаханасының мықты екенін ерекше айтуымыз керек. Өзім шыққан мектептің осал емес екендігін дәлелдеуге тырыстым, – дейді Талғат Батырхан.

Тәкеңнің "Егемендегі" алғашқы мақалалары студент кезінде жарияланған. "Сол кезде қазақша ән салатын Татьяна Палтавская, Кеңес эстрадасының жұлдызы Яак Йоала жайлы мақала жазғанмын", - дейді ол.

Әріптес аға ойын ашық, анық жеткізетін әдетімен нығарлай сөйлейді. Сөзінің біссмілләсін «Айтпаса сөз атасы өледі» деп бастайтын ол ойын: «Елуден асқанда «Егеменнің» емен есігін зорға аштым», – деп шындық аралас қалжыңымен, жан-жағына кірбің қалдырмайтын күлкісімен ақтарыла күліп, әңгіме шертетіні бар.

Талғат журналист «Егемен Қазақстанға» барғанға дейін «Қазақстан теміржолшысы» газетін басқарған. «Астана ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болған, республикалық «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарған қаламына адал жан. Елдің бас газетіндегі қызметін осыдан төрт жыл бұрын шамасында бастап, тілші, шолушы, бөлім меңгерушісі, бүгінде редактордың орынбасары деңгейіне дейін көтерілген.

«Егемен Қазақстан» – қазақ баспасөзінің қара шаңырағы. Арғы тарихын айтпағанның өзінде беріде газетті Шерхан Мұртаза сынды азулы азамат басқарғандығының өзі басылымның салмағын байқатады. Қазақстанның белгілі журналисі, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп: «Қазіргі қазақ журналистикасын үлкен зәулім сарайға баласақ, сол сарайдың бір бұрышынан әр журналист өзінің орнын табуы керек», – деген еді. Яғни, әркімнің дербес тақырыбы болуы тиіс.

Талғат журналист әріптес ағасы Жанболат Аупбаевқа еліктеп, тағдыры тағылымды адамдарды іздеп тауып, жазуда іргелі іс тындырып келеді. Қиырдағы мықты қазақтардың біразын арнайы барып, жазды. Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы, баскетболшы 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының жүлдегері Әлжан Жармұханбетовті іздеп барып, жазды. Азургет Шәукенбаева Санкт-Петербургтің Мемлекеттік полярлық академиясын ашқан. Петерборға арнайы барған журналист қандасымыздың өзге елдегі абырой биігін елге үлгі етті. Азургет Тарбайқызы әлемдік саясат серкелерінің бірі, сол кездегі Францияның Президенті Жак Ширакпен өте жоғары достық қарым-қатынаста болған.

Чуваш Республикасының Экономика министрі болған Гүлмира Акимова жайлы жазды. Мәскеуде Н.Бурденко атындағы нейрохирургиялық орталық дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Дулат Мұхаметжанов жайлы «24 сағат ота жасаған» мақаласы Дулатқа өмір сыйлаған елдің мықтылығын байқатты. Ресей Президенті Владимир Путиннің қолынан Ресейді Батыры атағын алған Серік Сұлтанғабиевті көру үшін Талғат Батырхан Мәскеу түбіндегі Балашиха госпитіліне барып, жаралы бауырымен сөйлесіп, газетке жарқыратып шығарды. Жерлесіміз қостанайлық Серік Ғазизұлы гранатты қолынан түсіріп алған әскерді артқа қарай лақтырып жіберіп, жарылғыштың үстіне жата қалған. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік!

Қаламына адал, газет ісіне берілген Талғат өмірі тағылымды қазақ жайлы естісе, дереу жолға жинала бастайды. Соны барып, көріп, әңгімелесіп, ол жайлы мақала жазып, көпшілікке паш еткенше жаны жай таппайды. Оны жүрген ортасы, қызмет істеген газет қызметкерлері де жақсы біледі.

Бірде Тәкеңнің тұңғыш ұлы Төленді үйленейін деп тойға дайындық басталады. Құда күтуге он шақты күн қалғанда әріптестерінен Ресей Федерациясының Томск облысы губернаторының орынбасары Шыңғыс Ақатаев деген жерлесі екендігін естиді. Ол жерлесі болғанда да Алматы облысының өзі дүниеге келген Ақсу ауданынан екен. Шыңғыстың әкесі журналист болған деген сөз құлағына тіптен жылы естіледі. Әңгіменің әсер еткені ме, жоқ, журналистік әуестік па, Тәкең тұңғыш ұлдың тойын жайына қалдырып, Шыңғыс жайлы мақала жазуға  сырт елге аттанып кетеді. Ел аң-таң. «Ойпырым-ай, тойға аз уақыт қалды. Әке деген бар-жоқты реттеп, алашапқын болып жүруші еді мұндай уақытта. Бұл іссапарға кетті де қалды», – десіп таңданысуда.

Сонымен, аз уақытта мақала да жазылып, той да өтеді. Ол 28 панфиловшылар жайлы мақала жазуға Волоколомскі ауданындағы Дубосеково разъезіне барып, ондағы музейді аралайды. Олардың 12-сі талдықорғандық еді. Тілші әр нәрсеге қызыққыш, әсершіл, бардың қадірін біліп, қасиетін елге танытқыш келеді. Ол арнайы барып, Павлодардағы Сталин мінген вагонды көрді. Польшадағы адамзат тарихында адамдарды жаппай қырып-жою лагерінің – «Өлім фарбрикасының» соңғы тұтқыны болған, көкшетаулық Лариса Галезник жайлы арнайы барып, кездесіп мақала жазған еді. Надежда Лушниковамен сұхбаттасып, «Оқта-текте орысша сөйлейміз» деген мақала жазды.

Журналистика – ең қадірлі мамандық. Мықты кәсіпкерлер, мамандар тілшілердей танымалдыққа ие бола алмасы анық. Бұл – қалам мен ақпарат айдынының қасиеті. Журналистер ел Президенті мінген ұшаққа отыра алады. Әлемдік сарайларда қалтасының жұқалығына қарамай алшаң басып жүре алады. Журналистика – патша тағына айырбастамайтын мамандық. Талғат әріптесіміздің сүйікті жұмысы жайлы ойы осылай түйінделеді.

Ел газетінде тер төккен жетісулық тілшілердің қатарында арғы алыптардан бөлек, кейінгі толқыннан Қалмаханбет Мұхаметқалиді, жазушы Алмас Нүсіпті де айта кету орынды. Олардың қазақ баспасөзінің қара шаңырағында қалдырған қолтаңбасы өзіндік стилімен, өткірлігімен, публицистикадағы тың ізденістерімен ерекшеленеді. Алматы облысы журналистика мектебінің басында жүз бір белестен асқан «Жетісу» газеті тұрса, одан түлеп ұшқан әрбір түлектің мақтан тұтар кәсіби маманға айналып, еліміздің әр аймағында ат оздырып жүргені - біз үшін үлкен абырой. Біз қарт «Егемен Қазақстанда» қалам тербеген әр түлегімізді мақтан етеміз.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы