"МОЙЫНДАМАДЫҚ": ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ОТЫЗҒА ЖУЫҚ ЖЕЛТОҚСАНШЫ ТҰРАДЫ

Уақыты: 17.12.2019
Оқылды: 1019
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Желтоқсан көтерілісіне  қатысқандардың отызға жуығы осы күні Талғар ауданында тіршілік етуде.

«Желтоқсан ақиқаты – патриоттық қозғалысы» ұйымының Талғар ауданы бойынша төрағасы Ондаш Есіркепов бастаған атпал азаматтар бүгінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосумен қатар, мәдени іс-шараларға атсалысуды айнымас дағдыға айналдырған. Кеудесіне азаматтық абыройын асқақтатар медальдарын жарқырата таққан аға буынның өткен күннің өшпес тарихына айналған Желтоқсан көтерілісі жайында айтылар естеліктері аз емес.

– Алматыдағы Ауылшаруашылық институтында инженер-механик мамандығы бойынша 4 курста оқып жатқан кезім. Желтоқсанның 16-нда «Қонаевтың орнына Колбин келді» деген сөз желдей есіп, лезде отаншыл, ұлтшыл жастарды аяғынан тік тұрғызды. Үдере көшіп, орталық алаңға біз де бардық. Ығы-жығы халықтың арасына кіріп кеттік. Алаңнан ұрыс машиналары мен қаруланған әскерді, милиция батальондарын көрдік. «Қазақ басшы керек!» деп ұран салған жастарды аяусыз ұрып-соққан қызылжағалылардың тоқпағына түстік. Ертесі жатақханадан желкелеп әкетіп, бас прокуратураға бір апта қамап, ұрып-соғып, тергеуге алды. Тергеу барысында «Совершенно секретно» деген жазуы бар қалың альбомды парақтағанда, суретім шықса құрыдым деп ойладым. Себебі, ол кезде әкеден қатты қаймығатынбыз, жоғары оқуға түсу деген де оңай емес еді. «Сотталу, оқудан шығу» деген сұмдық дүние болатын. Қысастық көрсеткендеріне қарамай, мойындамадық. Соның нәтижесінде оқуды бітіріп шықтым. Дегенмен, оспадар саясаттың бұл қанды қырғыны тәуелсіздік таңын атыруға бір табан жақындата түскені анық еді. Содан кейін-ақ мызғымас кеңестік империя ұзаққа бармай ыдырап, қазақ елінің тәуелсіздігін жариялауы ұлтымыздың маңдайын жарқырата түсті, – дейді Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Ондаш Есіркепов.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Қаһарлы қыста қар кешіп, мұз жастанып, итке таланып, ел мен жер тағдыры үшін белін бекем буған жастардың көзсіз ерліктері мен отаншыл іс-әрекеттері өскелең ұрпаққа өшпес өнеге боп қалары сөзсіз. Солардың қатарынан көрінген Ондаш Жұбаниязұлы бұл күнде өзінің қалаған мамандығы бойынша елге қызмет етіп, ұлағатты ұрпақ өсіруде.

Ұ. БӨРІБАЙҚЫЗЫ

Талғар ауданы