"ЕҢБЕКҚОР БАСШЫ": КӨҢІЛІ КӨЛДАРИЯ АЗАМАТ 60 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Уақыты: 20.12.2019
Оқылды: 1569
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жанарына жылылық, жүзіне мейірім ұялаған Айдар Әліпбаевты үнемі келелі істердің басынан көреміз. Тұла бойына байыптылық пен байсалдылық тұнған, жүрегіне парасат қонақтаған азаматты бүкіл Балқаш өңірі құрмет тұтады. Әр ісі толымды нәтижеге ұласқан осынау абзал ағаны үлкенге де, кішіге де сыйлы еткен аппақ қардай ниеті, балаша аңқылдаған көңілі мен терең білімі дер едік.

Терең білімі дегеннен шығады, «Болар бала бесікте бұлқынады» дегендей, Айекең мектепте жүргеннен-ақ озат оқып, үлгілі тәртібімен ұстаздар қауымының назарын аударды. Мұғалімдерінің үмітін арқалап, назарын өзіне аударған алғыр бала Бақбақты ауылындағы №1 Жамбыл атындағы орта мектепті бітіріп, Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитарлық-гигиеналық факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында терең білім алумен бірге студент кезінің өзінде ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартылады. Сөйтіп білімін жан-жақты дамытады.

Жоғары оқу орнын тамамдаған бетте ғылым жолын қууына да болар еді. Бірақ жас жігіттің албырт көңілі аңқылдап, туған жерге алып-ұшады. Сөйтіп, жас маман еңбек жолын аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансысының санитария бөлімінің меңгерушісі болып бастайды. Осы қызметті 1997 жылға дейін атқарып, сол жылы Талдықорған обаға қарсы күрес стансысының Бақанас обаға қарсы күрес мекемесіне дәрігер эпидемиолог болып орналасады. Келесі 1998 жылы осы мекемеге бөлім бастығына тағайындалып, осы күнге дейін, яғни, 21 жыл бойы аталған мекеменің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Аталған мекемеде жұмыс істеу, бір қарағанда, оңай сынды көрінеді. Ал жұмыс сырына тереңірек үңілген жан болса жауапкершілік жүгінің өте ауыр екендігін, тіпті бұл мамандықтың белгілі бір дәрежеде қауіпті екендігін де байқар еді.

Оба ауруы жұғуы жылдам, жазылуы өте қиын дерт. Әлем халқы жеті жұттың бірі санаған оба дертімен сан ғасырлар бойы күресіп келеді. Бірақ алдын алуға көп жағдайда мүмкіндік те болмай қалады. Қапылыста жұғады.

Ұлы суретші Леонардо да Винчидің әлемді таң қалдырған «Жаконда» шығармасына арқау болған Мона Лизаның оба дертіне шалдығып, қайтыс болғанын көп адам біле бермеуі мүмкін. Ал бұл аурумен сырқаттанғандарға қол ұшын созамын деп қанша адамның жер жастанғаны тарих үшін әлі жұмбақ. Қытайда ХІХ ғасырда осы дерттен 25 миллион адам көз жұмды. 25 миллион... Айтуға ғана оңай. Біздің Қазақстандағы отандастарымыздың жаңадан 18 миллионға жеткенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші.

Айдар Кеңесбекұлы басқарып отырған ұжым мүшелері осы алапатпен бетпе-бет келіп отырған мекеме штатын құрайды. Бейнелі сөзбен айтқанда, аталған ұжым қызметкерлері қатерлі аурумен, сол ауру тудыратын ажалмен күнде бетпе-бет келеді. Бұл орайда Айдар Кеңесбекұлының әріптестерін бейресми түрде батыр дәрігерлер деп неге атамасқа?!

2010 жылы Ақкөл ауылдық округіне қарасты Көкжиде ауылының солтүстік беткейінде 30 шақырымдық қашықтықта орналасқан, бүгінде «Қырғын қыстақ» атанған жерде қайтыс болған адамдарға ескерткіш орнатылса деген ұсыныс түсті. Көп уақыт өтпестен ұйымдастыру алқасы құрылып, басшыларының біріне Айдар Кеңесбекұлы сайланды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына о бастан бейім Айдар ағамыз жан-жақты ізденіс танытып, Көкжиде аймағында қайтыс болған 54 адамның, соның ішінде Қарағаш жаққа барып қайтыс болған адамдардың да деректерін тауып, тізімін дайындады.

Ұйымдастыру алқасындағы Айдар Кеңесбекұлы мен Нарымбет Тұлғабайұлы, Асқар Серікжанұлы секілді азаматтардың арқасында оба ауруынан құрбан болғандардың рухына арнайы ас берілді. Асқа облыстық обаға қарсы күрес басқармасының бастығы В.Сапожников арнайы қатысып, естелік айтты. Аталған шара жас ұрпақтың бойына имандылық пен патриоттық сезімін қалыптастыруға үлкен септігін тигізді деуге болады.

Айдар ағамыздың ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына да қосқан үлесі зор. Ұлтымыздың мақтанышына айналған ұлы тұлға Д.Қонаевқа арналған іс-шаралардың да, жас дарындарды қолдау жұмыстарының да басы-қасынан дәйім Айдар Кеңесбекұлын көреміз. Абзал азамат осындай белсенділігімен, еңбекқорлығымен ауылдастарының арасында ерекше абыройға бөленген.

Әңгіме кейіпкері еңбек еткен жылдар бедерінде Талдықорған обаға қарсы күрес стансысының мамандарымен біріге отырып оба ауруы, оның таралуы жайын ғылыми тұрғыдан негіздеп, қаншама шетелдік әріптестеріне ауру ошақтарын залалсыздандыру әдістерін үйретті және осы мамандармен бірігіп жазған 12 ғылыми мақаласы жарық көрді.

Естеріңізде болса, профилактика ретінде егілетін оба вакцинасы 2000 жылдарға дейін адамдардың жота тұсына салынатын.  Бұл шара оқушылар мен жұмыс істейтін азаматтарға өте қолайсыз болды. Мұның салдары көп адамдарды еңбекке, оқушыларды сабаққа уақытша жарамсыз етті. Айдар Кеңесбекұлы осы жайтты  зерттеп, саралай келіп оба вакцинасын тек білекке егу қажеттігін ұсыныс ретінде енгізді.  Нәтижесінде  қазір оба вакцинасы тек білекке ғана егіледі.

– Айдар Кеңесбекұлы шаршау дегенді білмейді. Мекемесінің айналасын қараңызшы, құдды бір Көкшетаудың айналасы секілді. Өзі бас болып өсірмеген гүлі жоқ. Алқызыл гүлдер мен жапырағы жайқалған ағаштарды көргенде еріксіз риза боласың. Осындай еңбекқор басшы елге үлгі, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Айман Аймұханбет бұл азамат жайында.

Еңбекқор азаматтың бір ерекшелігі – осы бір жақсы қасиеттер өзгенің бойында да болса деген ақ ниетінде тәрізді. «Мына ағашты былай, ана гүлді олай баптайды» деп үйретуден де шаршамайды. Құдды Мичурин дерсің. Осындай ізденісі де ерек.

Ағамыздың тағы бір жақсы қасиеті – қарапайымдығы. Үлкенге де сіз, кішіге де сіз деп көзінен мейірім, жүзінен нұр төгіліп тұрады. Кейіпкеріміздің ерен еңбектері басшылары тарапынан да еленіп, 2000 жылы «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, ҚР Денсаулық сақтау министрінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің Мақтау қағаздарымен марапатталған. 2004 жылдан бері жоғары санаттағы дәрігер.

2012 жылдан Балқаш аудандық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының жетекшісі. Айдар Кеңесбекұлы 1982 жылы Ғалия Жұмабайқызымен отау құрып, 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеген, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты әке, 8 немеренің атасы, өнегелі отбасының отағасы.

Көңілі көлдария, көкірегі ояу, ақылы кемел, жүрегі жомарт Айдар ағамыз бүгінде 60 жастың асқарына шығып отыр. Жанары туған еліне деген сүйіспеншілікпен жалын атқан, ұлт дегенде тау қопарар қайраты тасқындаған асыл ағамыздың бойынан әлі де талай биікті бағындырар жігерді байқау қиын емес. Қойнауына құт қонған, жеріне кие дарыған Балқаш өңірі осындай асыл азаматтарымен асқақ, білікті мамандарымен биік, қарапайым ағаларымызбен сыйлы.

Күмісбек ЕРБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы