"ӘДЕТІ ЕДІ": ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ КҮНІНЕ 200 БЕТ КІТАП ОҚЫҒАН

Уақыты: 12.01.2020
Оқылды: 1984
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мұқан Төлебаев көшесіндегі №117 үйге бару бақыты бұйырды. Бақыт дейтініміз бұл - ұлы тұлғаның музейіне бас сұққанымыз. «Бісміллә» деп қасиетті қара шаңыраққа аяқ бастық. Кіреберісте бар қазаққа таныс кісінің суреттегі келісті келбеті бізді қарсы алды. Ол аты аңызға айналған – Дінмұхамед ҚОНАЕВ еді.

Дүние-мүлік жинамай, меншігіне көлік те иеленбей өмірден өткен қарапайым басшының мұражай-үйі бізді ерекше таңғалдырды. Тіпті, Леонид Брежнев Алматыға келген сапарында Дінмұхамед Ахметұлының үйіне тоқтап, пәтерін ары-бері аралап: «Бар болғаны осы ма?» деп таңданысын жасырмапты. Дәл осы сұрақты мұражайға барған сіздің де қоятыныңыз анық.

Бұл үйде Дінмұхамед Ахметұлы мен Зухра Шәріпқызы 1969 жылдан өмірінің соңына дейін ғұмыр кешкен. 200 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтердің есігін ашқан бойда бірден Кеңес дәуіріне тап болғандай күй кешесіз. Құдды үй иелері әлі де бар, бірақ, қонаққа не қызметке кеткен тәрізді.

Атамыздың өткен өмірін, жүріп өткен жолын көріп, білуге келген бір топ қонақ жұмыс кабинетіне бас сұқтық. Музей қызметшісінің айтуынша, үйдегі ең бағалы бөлме – осы. Қоғам қайраткері уақытының көп бөлігін кітапханасында өткізген. Сөресіне қазақ, орыс, шетел авторларының 5 мыңға жуық кітабы жинақталған. Үй иесі олардың барлығын оқып шыққан. Cтудент кезінен өмірінің соңына дейін күніне 200 бет оқуды әдет еткен. Сөресінен Құран кітапқа да орын берілгенінің өзі дінге деген көзқарасының оң екенін байқатады. Оның ішінде діндар әкесі Меңліахмет пен жары Зухраның да жинағаны бар. Сөреде тізілген кітаптардың қатарында көлемі кішкентай кітаптарды байқадық. Қалыңдығы адам бармағындай болған Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» кітабы жоғарыдан орын алған. Жұмыс үстелінде көзілдірігі, қаламы, «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты мемуар кітабының аяқталмаған екінші бөлімі иесін сағынышпен күтетіндей.

Аруақты сыйлайтын қазақылық қалыптан аттамай, Құран бағыштадық. Сәлден соң қоңырау сағаттары шырылдай бастады. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, сағаттар Дінмұхамед Қонаев қайтқалы қуатталмаған. Кейде өздігінен қосылып кететіні де содан екен. Мүмкін, атамыздың аруағы жас ұрпақтың келіп, тәу еткеніне қуанған болар.  Бәріміз мұны жақсылыққа жорып, өзімізше ырым еттік.

Оттық жинайтын коллекционердің қоржынында 467 данасы бар екен. Олардың бәрі әлі де істеп тұр. Ұлыбритания Премьер-министрі “Ромео-Джульетта” кітабының мұқабасы тәрізді оттық сыйлаған. Түрлі дизайндағы оттықтың қатарында Джон Кеннеди, Саддам Хусейн, Леонид Брежнев тәрізді тарихқа белгілі тұлғалардың сыйға тартқаны да құнды жәдігер болып сақталған.

Бір қызығы, мұндағы барлық зат осы күнге дейін өз орнынан қозғалмаған. Дінмұхамед Қонаев пен жары Зухра Шәріпқызы дүние жинамаған. Үйдегі ыдыс қоятын сервант, теледидар, тоңазытқыштан өзгесінің барлығы сыйға келген. Әлі күнге дейін сол техникалық жиһаздардың істен шықпай істеп тұруы иесіне деген адалдықты аңғартып тұрғандай. Егер де ол үйдегі әр затқа тіл бітсе, шаңырақ иесінің қандай азамат, басшы, отағасы болғанын таңды таңға ұрып айтып берер еді. Елін сүйген, елі сүйсінген ұлдың аяғы тиген шаңырақтағы бағалы сыйлықтар өз иесін сағынып, үнсіз тұнжырап тұрғандай көрінеді.

Мұражай қызметкерлері пәтердің есігі ашылмай қалған күн болған емес дейді. Қазақтың маңдайына біткен қадірлі перзенттің шаңырағынан әлі күнге дейін қонақ үзілмейді. Демек, аты аңызға айналған ақсақалын бүгінгі ұрпағы үнемі сағынады, ойлайды, құрметтейді.

Дінмұхамед Қонаевтың ұзын үстелі келушілердің басым бөлігін таңғалдырады екен. Себебі, ол кісінің креслосы да қарапайым ағаштан жасалған. Бұл ұлы тұлғаның «Басқалар менің алдыма келгенде өзін тең ұстасын» деген ниетпен таңдағаны екен. Ал есімхатын көргенде бәріміз нар тұлғаның қарапайымдылығына бас идік. Кезінде есімхатын алған бір кісі таңырқап, не себепті атағының жазылмағанын сұрапты. Сонда Меңліахметтің дара ұлы: «Атақ та, даңқ та уақытша. Ал адамгершілік, қарапайымдылық мәңгі биік әрі асыл қасиет болып қалады», - деп айтқан екен. Өкінішке қарай, дәл бүгінгі қоғам осындай арда азаматтарға зәру.

Зухра Шәріпқызы тоқымалықты, ас бөлмедегі жұмыстарды көбіне өзі атқарған. Қонаевтар отбасы жент, құрт, науат және чак-чак дәмдерін дастарқаннан ешқашан үзбеген.

Мұражайға келушілер талап-тілектерін, ыстық ықыластарын кітапшаға жазып қалдырады. Олардың негізгі айтар тілегі өткен ғасыр шежіресіндей болған құнды мұражайдың іргесі кеңіп, жәдігерлері молайып, халқымызға мәдени қызмет көрсетудегі игі дәстүрін жалғастыра берсе екен деген ниет қана. Біз де соған қосылдық. 

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы