"МҮЛДЕМ БАСҚА ӘЛЕМ": ФОТОГРАФ БОЛУ - ҚЫЗЫҚТЫ ӘРІ ҚАУІПТІ МАМАНДЫҚ

Уақыты: 07.04.2020
Оқылды: 1546
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жетісудың әр тауында тарих тұнып тұр. Қолымыз жұмыстан босай қалса, сол жұмбақ жаратылыстың тылсым сырына қанығып, басқа қырынан тануға асығамыз.

Тау – тұнып тұрған философия. Бір-бірін қайталамайтын құбылыстары адамға ой салады. Оны ары қарай ғылыми түрде түсінгің келеді, барынша тани түскің келеді. Әуел баста философия табиғатты танудан басталды. Табиғат адамға тіршілікті үйретті. Адамзат – табиғаттың бір бөлшегі. Біздің әр сапарымыздан түйетін түсінік те осы. Біз адамзаттың табиғаттан ажырап қалмауын мақсат етеміз.

Табиғи жаратылысқа сүйіспеншілікпен қарап, болашаққа аманаттаса дейміз. Қазір ормандарымыз оталып, сирек кездесетін ағаш, өсімдік түрі жойылып барады. Адамзат табиғат әлеміне елеулі зиян келтірді. Ғаламдық жылыну да осының салдарынан. Біздің табиғатқа жанымыз ашыса, ол, түптеп келгенде, өзімізге деген жанымыздың ашуы. Сондықтан, біздің суреттегі сұлу табиғат бірінші кезекте қоғамға сол кереметті сақтап қалуға шақырады. Бұл бірінші мақсат болатын.

Екіншіден жер жаннаты Жетісу жері – туристік аймақ. Бізде әлі сыры ашылмаған мекендер көп. Жер-су атауларының бәрі орысшаланып кетті. Алматы төңірегінде бұл тіпті анық байқалады. Қазақ шың тұрмақ, әр төбенің биігіне атау қойылған. Ал ендеше біз неге тарихи атауларымызды ұмыттық, шыңдарымыз неге өзге тілде, шетелдіктерге өз атауымен таныстыра алмасақ, несіне туризм жасап отырмыз деген сауалдарға ойланамын. Шетелдіктер тарихи негізіне қызығады. Әсіресе, тарихи атауы, қазақтардың өздері қойған ежелгі атауына, аңызына мән бергісі келеді. Соны тыңдағысы келеді.

Десек те, көне атауын сақтап қалған мекендеріміз баршылық. Бірақ аңыздары, тарихы ұмыт болған. Жұрт сол жердің атын таза қазақы атаумен айтқаныммен, арғы жағынан хабарсыз. Шетелдік туристер тұрмақ, өзім де бұл жер, неге бұлай аталады деген сұрақпен қызыққан қалпы үйге жауапсыз талай қайтқанмын. Өйткені, оны тарқататын көне көз қарияларымыз азайып барады. Біздің сан мың жылдардағы байлығымыз, толық қағазға түсіп болмады, бұл жер су атаулары төңірегінде.

Бірнеше жыл бұрын төтенше жағдай қызметкерлерінің қолдауымен Жоңғар Алатауын әуеден суретке түсіру мүмкіндігіне ие болдым. Негізі сол саладағы мықты гидрологтардың көмегімен Жетісу жеріндегі Іле, Күнгей, Теріскей Алатауы, Сарыжаз жотасы, Үлкен және Кіші Бұғыты тауларын көктен аралап шықтық. Көп сурет түсірілді. Әр таудың бір-біріне ұқсамайтын келбеті бар. Бір кітапқа жүк болатын еңбек дайын тұр. Өйткені, мұнда сіз әлі көрмеген тың жерлердің суреттері бар. Әсіресе, Жоңғар Алатауының биіктегі көлдері мен Мұздықтарын, терең шатқалдарын қамтиды. Жоңғар Алатауына Жаркент жақтағы Еңбекші ауылынан тікұшақ арқылы көтерілдік. Бұрхан Сарытау деген таудың массиві ерекше қызықтырды. Тышқантауды да түсірдік. Қақпан көлдерінің сұлулығы баурап алды. Жасылкөлдің алып айдынын да көрдік.

Ең ғажабы, тау шатқалдарының іші бейне бір мүлдем басқа әлем дерсіз. Амазонкаға кіріп шыққандай болдым. Биік сарқырамаларды тамашаладым. Әдетте, біз білетін Бұрханбұлақтан да биік сарқырамалар көрінді. Жартастардан төменге төгілген сарқырамаларға жиі жолықтық. Кей тауларда 3000, тіпті, 2500 метр биіктікте мұздықтар жатыр. Ал Іле Алатауында 3600-ден ары қарай басталады. Сосын шыңдары дөңес, тіпті, жалпақ. Қызық. Жоңғар Алатауы мореналық көлдерге бай. Өте көп. Қазақы атаулары да баршылық. Әлі де ат қоюға сұранып тұрғандары да бар. Өйткені, атауы жоқ көлдер тек таңбаланып қойылады.

Мұның барлығы "Алатауды аралағанда" атты еңбегімде топтастырдым. Өкінішке қарай, демеуші болмағандықтан шықпай тұр. Алматы қаласы, Алматы облысы әкімдігіне де, бірқатар қордан да қолдау сұрадық. Бірақ әзірге ешқайсысынан қолдау көрмедік. Бұл фотожинақ тек Алматы облысының таулы аймағын қамтитын 5 тілде анықтамасы жазылған дүние. Туристерге де, ғалымдарға да, оқырмандарға да қызықты кітап болады деген ойдамын.

Фотографияға бет бұрып кетуіме Жетісудың көркем табиғаты әсер етті. Тауда түрлі жағдайларға тап боласың. Биік шыңдарда жүріп, фотографиямен айналысу бір жағы қызықты, екінші жағы қауіпті. Наурыз айының басында Жамбыл ауданындағы Суықтөбе шыңына өрледік. Бұл Суықтөбедегі бірінші сапарым. Аты айтып тұрғандай, шыңның төбесіне жақындағанда боран болып, қар ұшқындап, тұман түсті. Суық жел тағы бар. Алда осы жердің жазғы сәтін түсіру жоспарда тұр.

Суреттер өте көп. Біз кез келген фотосапарымызға өз қаржымызбен шығамыз. Сондықтан, кейбір сапарлардың уақыты қысқа болады. Табиғат үшін уақыт көп керек. Бұл саламен толық айналысып кету үшін толық мүмкіндік болғаны жөн.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

жас фотограф, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі